///

«Қайрат» командасының » 0:3 есебімен жеңілуіне не себеп болды?

70 рет қаралды

 «Қайрат» командасы УЕФА Еуропа лигасының плей-офф кезеңіндегі алғашқы кездесуде «Андерлехттен» 0:3 есебімен жеңілді. Матчтың тағдырын алғашқы минуттағы қателіктер мен Александр Широбоковтың қызыл қағазы шешті. Алайда екі команда бапкерлерінің пікірінше, бұл кездесудің әлі де соңғы нүктесі қойылған жоқ.

Матчтың алғашқы минуттарынан-ақ «Андерлехт» ойынға белсенді кірісті. Екінші минутта бұрыштамадан кейін Яакко Оксанен есеп ашты. «Қайрат» өз алаңында есепті теңестіруге тырысқанымен, 23-минутта Лукас Амброс соққы жасап, есепті 0:2-ге жеткізді.

Алғашқы таймның соңына қарай Қайраттың жағдайы қиындай түсті. Александр Широбоков қызыл қағаз алып, «Қайрат»  алаңда бір ойыншыдан айырылды. Үзіліске дейін Даниил Сикан үшінші голды соғып, бельгиялық клубтың басымдығын еселеді.

Осылайша «Қайрат»  бірінші таймда үш голға есе жіберіп, екінші таймға он ойыншымен шығуға мәжбүр болды. Команданың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин матчтан кейінгі кездесуде осы қателіктерге тоқталды.

«Бұл мүлде басқа деңгей. Мұндай қарапайым қателіктер жіберсең,  әрине жазасын аласың. Қазақстан чемпионатында қарсылас кейбір мүмкіндіктерді пайдалана алмауы мүмкін, ал еурокубоктағы команда бұл қателіктер үшін бірден жазалайды. Менің ойымша, алғашқы екі голды өзіміз алып келдік. Қызыл қағаз да қажетсіз болды», – деді Уразбахтин.

Бапкердің сөзіне қарағанда, «Қайрат» бірінші таймда қарсыласқа өз қателіктері арқылы мүмкіндік берген. Әсіресе еурокубок деңгейіндегі ойындарда мұндай қателіктердің құны жоғары. «Андерлехт» өзіне берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қысқа уақыттың ішінде есеп бойынша үлкен басымдыққа ие болды.

Уразбахтин үзілісте футболшыларға ең алдымен шашырап кетпеуді тапсырғанын айтты.

«Екінші таймда бірінші таймда ойнауымыз керек болғандай ойнадық, қателіктерге жол бермедік. Әрине, мұндай қарсыласқа қарсы он ойыншымен ойнау қиын. Үшінші голдан кейін біз үшін ойын іс жүзінде аяқталды», – деді «Қайрат» бас бапкері.

Шынымен де, екінші таймда “Қайрат”командасы жақсырақ ойнады, бір ойыншының кем болғанына қарамастан қақпасына гол жібермеді. Алайда екінші таймда бірінші таймда кеткен есені қайтарып алу мүмкін болмады.

Ал «Андерлехт» бас бапкері Витор Бруну қонақтардың сенімді жеңісін кездейсоқ нәтиже деп санамайды. Оның айтуынша, бельгиялық клуб «Қайратқа» үлкен құрметпен қарап, ойынға арнайы дайындалған.

«Бұл – біз “Қайратты” өте қатты құрметтегеніміздің нәтижесі. Дайындалдық, видеоанализ жасадық, қарсыласты жан-жақты талдадық. Әрине уақыт жеткіліксіз болды, ұшулар мен күрделі логистика әсер етті. Бірақ жігіттер өздерін барынша көрсете алды деп ойлаймын», – деді Витор Бруну.

Бас бапкердің сөзінен-ақ «Андерлехт» матчқа дейін қарсыластың әлсіз және мықты тұстарын алдын ала зерттеп келгенін аңғаруға болады. Команда бірінші таймда осы дайындықтың нәтижесін көрсетті, алғашқы минутта гол соқты, алыстан соққы арқылы есепті еселеді және «Қайраттың» қызыл қағаз алған сәтінен кейін үшінші голды пайдаланды.

Дегенмен «Андерлехт» бапкері қарымта кездесуге дейін босаңсуға болмайтынын атап өтті.

«Біз “Қайратқа” құрметпен қараймыз. Бірінші ойынға қалай дайындалсақ, бір аптадан кейінгі келесі ойынға да солай дайындаламыз. Команда өз алаңында 1:4 есебімен жеңіліп, кейінгі матчта жағдайды өзгерткен мысалдар көп. Сондықтан бұл ойында ештеңе аяқталған жоқ», – деді Бруну.

Оның айтуынша, қарымта кездесуде есепке емес, жаңа ойынға назар аударылады.

«Ойын басталады, төреші ысқырық береді, содан кейін бәрін нөлден бастаймыз», – деді «Андерлехт» бапкері.

Екі бапкердің пікірін салыстырсақ, матчтың негізгі айырмашылығы дайындық пен қателіктерді пайдалана білуден көрінді. «Қайрат» алғашқы таймда қарапайым қателіктер жіберіп, соның салдарынан қысқа уақытта үш гол өткізіп алды. Ал «Андерлехт» қарсыластың әлсіз тұстарын пайдаланып, өз мүмкіндіктерін барынша тиімді жүзеге асырды.

Екінші таймда «Қайрат» қорғаныста тәртіпті ойын көрсете алғанымен, бірінші таймдағы нәтижені өзгертуге уақыт та, мүмкіндік те жеткіліксіз болды. Әсіресе команда он ойыншымен қалғаннан кейін үш голдық тапшылықты өтеу іс жүзінде мүмкін емес жағдайға айналды.

Рафаэль Уразбахтиннің айтуынша, команда келесі кездесуге әдеттегідей дайындалады және матчтарды маңызына қарай бөліп қарамайды.

«Келесі ойынға біз барлық матчқа дайындалғандай дайындаламыз. Біз ойындарды категорияларға бөлмейміз», – деді бас бапкер.

Алматыдағы алғашқы кездесудің нәтижесі «Қайраттың» жағдайын айтарлықтай қиындатқанымен, қос матчтың қорытындысы әлі анықталған жоқ. Қарымта ойында алматылықтардың басты міндеті  алғашқы кездесуде кеткен қателіктерді азайтып, ойынның алғашқы минуттарынан-ақ өз жоспарын жүзеге асыру.

Жанерке Қуаныш

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар