///

Оралда дзюдодан әлем чемпионы Фатима Сұпығалиеваға пәтер берілді

75 рет қаралды

Батыс Қазақстан облысында дзюдодан қыздар арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанған Фатима Сұпығалиеваға пәтер берілді. Жас спортшыға жаңа баспананың кілтін облыс әкімі Нариман Төреғалиев табыстады.

Пәтер кілті Орал қаласында өтіп жатқан ерлер мен әйелдер арасындағы дзюдодан Қазақстан чемпионатының ашылу салтанатында тапсырылды.
Облыс әкімі жас чемпионды тарихи жеңісімен құттықтап, туған жердің атынан көрсетілген бұл құрмет оның спорттағы еңбегіне берілген баға екенін атап өтті.
– Фатиманың жеңісі – Батыс Қазақстан ғана емес, бүкіл Қазақстан спорты үшін үлкен жетістік. Жас спортшыларымыздың халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғауы – біз үшін зор мақтаныш. Бұл жеңіс өскелең ұрпаққа үлгі болады. Алдағы уақытта да спортшыларымызға қолдау көрсетіле береді»,– деді Нариман Төреғалиев.
16 жастағы Фатима Сұпығалиева биыл Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Финалдық белдесуде украиналық Ксения Кирильчуктен басым түсіп, Қазақстан тарихында әйелдер арасында дзюдодан тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Әлем чемпионатындағы тарихи жеңісі Фатиманың спорттық мансабындағы ең ірі жетістігі.
Жас чемпионның айтуынша, әлем чемпионатында Қазақстанның Әнұраны шырқалған сәт ерекше сезім сыйлаған.
«Мен үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Қазақ елінің атынан татамиге шығып, Әнұранымызды шырқату – бала кезімдегі арманым еді. Жеңісімді туған жеріме, ата-анама және мені қолдаған барша жанға арнаймын», – деді Фатима Сұпығалиева.
Айта кетейік, Оралда 29 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында ерлер мен әйелдер арасындағы дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ел біріншілігіне еліміздің барлық өңірінен 600-ге жуық спортшы қатысуда.
Төрт күнге созылатын жарыста 14 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталады. Бәсекенің қорытындысында үздік атанған спортшылар Қазақстан ұлттық құрамасының сапына еніп, алдағы халықаралық жарыстарда ел намысын қорғауға мүмкіндік алады.
Орал төрінде өтіп жатқан ел чемпионатының ашылуында әлем чемпионына пәтер кілтінің табысталуы – туған жердің өз спортшысына көрсеткен құрметінің айқын көрінісі болды.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Дзюдодан ел чемпионаты басталды

Орал қаласындағы «Жайық Арена» спорт кешенінде дзюдодан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Ел біріншілігінің алғашқы

Дәнештің дара мектебі 

Фото: Н. Жанпейісовтың архивінен Дәстүрлі ән мектебінде ұстазы шәкіртінің орындаушылық шеберлігін шыңдау үшін түрлі концерттерге шығаратын