Тергеу журналистерінің халықаралық консорциумы – ICIJ сайтында 14 тамызда жарияланған мақаланың атауын қазақ тіліне аударсақ: «Қазақстанның мәлімдеуінше, мұнай алпауыттарының жемқорлық әрекеттері құны 10,7 млрд$ болатын келісімшартқа нұқсан келтіріп, аса маңызды мұнай жобасының жүзеге асуын кешеуілдетті».
Осылайша, басылымның дерегінше Қазақстан Қашаған мұнай кен орнын игеріп жатқан NCOC консорциумын «жемқорлыққа барды» деп айыптап отыр. ICIJ жазуынша, Қазақстан халықаралық серіктестерімен «ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынаста қатаң ұстанымға көшкен».
Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісімнің жасалғанына келесі жылы 20 жыл толады. Ал, әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі Қашағанда мұнайды коммерциялық тұрғыдан өндіру басталғанына биыл 10 жыл ғана болды. Жалпы, Қашағанда мұнай өндіру бірнеше жыл бойы кейін шегеріліп келген еді. Өйткені, Каспий теңізі аймағының экологиялық ахуалы, ауа-райының қатал болуы (қыста -30, жазда +40 градус аралығы), мұнай өндірудің техникалық тұрғыда күрделі әрі өндіріс қауіпсіздігіне байланысты мұнда мұнай өндіруге қойылатын талап жоғары.
Содан да болар, Қазақстан үкіметі Қашаған операторының өндірісті бірнеше рет кейінге шегеруіне қатысты кеңдік танытып келгені де рас. Экс-президент Назарбаев басқарған жылдары ресми Ақорда тарапынан консорциум мүшелерінің жемқорлық әрекетке баруы мүмкін екені туралы қандай да бір күмән, туындаған емес. Ол туралы негізінен оппозиция өкілдері айтып келді.
Алайда, өнімді бөлу туралы келісім-шарттың талаптары құпия. Кейбір деректерге қарағанда, Қашағанға қатысты келісім мерзімі 2041 жылы аяқталады.
Осы тұста ескере кету керек, 2020 жылғы желтоқсан айында (бұл кезде мемлекетті Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын) Қазақстан Үкіметі мен Қарашығанақ кен орнын өндіріп жатқан Консорциум арасында «өнімді және сәйкесінше ақшалай кірісті тараптар арасында әділ бөлу» туралы “Аяқтау жөнінде келісімге” қол қойылды.
Консорциумның акционерлері – Эни, Шелл, Шеврон, Лукойл компаниялары. Оған сәйкес, Консорциум Қазақстан қазынасына 1 миллиард 305 миллион АҚШ доллары көлемінде төлем жасаған болатын. Сонымен қатар, тараптар өнім бөлудің түпкілікті әдістемесін келісіп, Қазақстан 2037 жылға дейін, мұнай бағасы 1 баррель үшін 40-50 АҚШ доллары болған кезде, қосымша тағы 600 миллион АҚШ долларын алатын болып келіскен еді. Қарашығанақ операторымен де бұл дау ұзаққа созылған. Десе де, Төрелік процесі жүріп жатқанда Астана мен Консорциум өзара мәмілеге келген еді.
Өнімді бөлу туралы келісім талатарын қайта қарауға қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев не деді?
2022 жылдың маусым айында (2022 жылдың басында «Қаңтар» оқиғасы болған) Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Россия 24» арнасына сұхбат береді. Сол сұхбатында ол 90-жж басында Қазақстанда шетелдік инвесторларды тарту талаптарын реттейтін заң болмағанын, сондықтан ол уақытта «өнімді бөлу туралы келісім» жасасу жеткілікті көрінгенін атап өтеді. «Қазір ойын ережесін өзгерту қисынсыз, тіпті еліміздің ұзақ мерзімді мүдделері тұрғысынан абсурд та саналуы мүмкін. Алайда, түзетулер қажет екені сөзсіз, қазір соны ақырындап қолға алдық», -деген еді Тоқаев, бұл сұхбатта.
Кейін, 2023 жылы наурызда VIII сайланған Мәжіліс депутаттары «Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім шарттарын» қайта қарауға қатысты бірнеше мәлімдеме жасады.
«Ақ жол» партиясынан сол кезде сайланған депутат Қазыбек Иса: «Өнімді Бөлісу Келісімі Парламентте талқыланбаған және ратификацияланбаған, халықтан жасырын жасалған, сондықтан олар біздің заңдарымыз бен Конституциямызға бағынуы тиіс», деп мәлімдеген.
Алайда, көріп отырғанымыздай бұл екі мәлімдеменің астарында да Қазақстан тарапынан Қашаған операторларына қатысты «жемқор» деген айыптау жоқ секілді.
Алайда, «Тергеу журналистерінің халықаралық консорциумы» өз дереккөздеріне сүйене отырып, тараптар арасындағы дауға басты себеп – сыбайлас жемқорлық екенін жазады.
«Қазақстан үкіметі құпия арбитраждық іс барысында халықаралық мұнай алпауыттары Қашаған мұнай кен орнында жалпы құны $10,7 млрд болатын келісімшарттарды өз мүддесіне сай мәмілелер жасау, шығындарды негізсіз көтеру немесе пара беру арқылы алған деп мәлімдеп отыр. Бұл туралы бірнеше дереккөз Халықаралық тергеуші журналистер консорциумына хабарлаған», деп жазады ICIJ.
Мақалаға сәйкес, Қазақстан тарапы бастамашыл болған құпия төрелік істе, он шақты келісімге қатысты талап-шағым жасалған. Яғни, Қашаған операторы «бұл келісімшарттарды 2000-жылдары Қазақстандағы алып кен орнының негізгі нысандарын салған бірнеше халықаралық инженерлік-құрылыс компаниясына берген». ICIJ бұл талапты «халықаралық төрелік дауда жасаған әзірге ең елеулі айыптауы» деп бағалап отыр.
Дегенмен, Тергеу журналистерінің халықаралық консорциумының өзі де талап-шағымға түрткі болған оншақты компанияның атын атап көрсетпепті.
Десе де, жемқорлық мәселесіне қатысты айыптаулар екі тараптан да бар, әрі негізсіз емес секілді. Өйткені мақалада: «консорциум ішінара Италияда жүргізілген парақорлық бойынша тергеулер сериясына сүйенетін кейбір қолда бар дәлелдер сыбайлас жемқорлыққа мұнай компаниялары емес, Қазақстанның мемлекеттік лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін екенін көрсететінін алға тартуда» делінген.
Сөйте тұра, мақала авторлары, «бұл шағым Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметі үшін үлкен тәуекел» деген сарапшылар пікірін де қосыпты. Өйткені бұл Қазақстанның елдегі «Big Oil» компаниялармен әрі жалпы шетелдік инвесторлармен «қарым-қатынасына салмақ түсіріп отыр».
Дереккөздердің ICIJ-ге хабарлауынша, «Қашаған төңірегінде қазір реттеу келіссөздері жүріп жатқан сыңайлы. Оның барысында мұнай компаниялары бірнеше нұсқа ұсынған. Соның бірі, коммерциялық мұнай өндіру кезеңі басталғанына 10 жыл өтсе де «әлі күнге дейін шығындарды өтеу кезеңінде тұрған бастапқы өнімді бөлісу туралы келісімнің күшін жою және кен орнын әрі қарай игеру үшін жаңа бірлескен кәсіпорын құру» екен. Басылымға NCOC тарапы дәл осы мәселе бойынша түсініктеме беруден бас тартқан.
Ал, Minber.kz тілшісіне Энергетика министрлігі берген жауапта бұл мәселенің «құпиялық режимде» екені басты аргумент болды.
«Көрсетілген арбитраж талқылауға қатысты барлық материалдар, оның ішінде нақты мән-жайлар туралы мәліметтер Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімнің, сондай-ақ дау тараптары арасындағы төрелік келісімнің құпиялылық режиміне жатады және іс жүргізуге қатысушылардың барлығы үшін міндетті болып табылады», делінген Энергетика министрлігінің жауабында.
Түсінгеніміздей, бұл іске қатысты Қазақстан үкіметі де, Қашаған операторлары да «құпиялық режимін» ұстануға міндеттелген.
Сондықтан осы шектеу алып тасталғанға дейін, «ақпаратты жария етуге, түсініктеме немесе пікір беруге не қаралып жатқан істің мән-жайларын қандай да бір түрде талқылауға құқылы емес. Құпиялылық режимі өзгергенге дейін қандай да бір қосымша ақпарат беру мүмкін емес», делінген Энергетика министрлігінің Minber.kz тілшісіне берген жауабында.
Төрелік іс бойынша түпкілікті шешім 2028 жылы шығарылады деп болжанып отыр. Ол уақытқа дейін тараптар өзара келісімге келуі де ықтимал. ICIJ мақаласында келтірілген «жемқорлық» бұл құпия істегі басты айып болса, онда «Қашаған» ісіндегі «парақорлардың» кім екенін төрелік ісі аяқталғанша біле алмайтынымыз анық. Жабулы қазан жабулы күйі қала ма, әлде нақты есімдер атала ма, ол есімдердің Назарбаев дәуірімен қандайда бір байланысы бола ма, бұл – уақыт еншісінде.
North Caspian Operating Consortium акционерлері – Shell(16,81%),ExxonMobil(16,81%), Eni(16,81%),TotalEnergies(16,81%), China National Petroleum Company (8,33%) және Жапонияның Inpex (7,56%)және ҚазМұнайГаз(16,88%) компаниялары.


