///

Қоршаған ортаға деген қамқорлық: Алматыдағы кезекті экоакция

732 рет қаралды

«Адамдардың басын қосамыз, қалдықтарды сұрыптаймыз!» Бұл  «Recycle Бірге» экологиялық қозғалысы ның ұраны.  2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қозғалыс қыркүйектің 6-сы кезекті экоакциясын өткізді. Қазақ мемлекеттік циркінің аумағында өткен акцияға бұл жолы Алматы қаласы Бостандық ауданының әкімдігі мен цирк әкімшілігі қолдау көрсеткен.

Ай сайын өтетін акцияда экологиялық қозғалыс макулатура, картон, пластиктің 01 РЕТ, пластиктің 02 (HDPE), 04 (LDPE), 5 (PP) түрлерін, шыныларды (түссіз, қоңыр, жасыл), алюминий қалбырлар, консервілер, электрондық қалдықтар, құрамында сынап бар қалдықтар мен жарықдиоды шамдар, батареялар, пайдаланылған өсімдік майы, мерзімі өткен дәрілік заттарды, шүберектің барлық түрін (тек таза болуы керек деген шартпен), шиналар (автомобильдікі, арнайы техниканікі, ауылшаруашылық техникасынан басқа), мамық пен қауырсын (жастық, көрпе, қауырсын түрінде де, қаптамасыз да), синтетикалық бұйымдар, ойнауға жарамсыз ойыншықтарды қабылдады.

Осы жолғы шараның бір ерекшелігі екінші рет пайдалануға жарамайтын, қайта өңдеуге келмейтін қалдықтарды ақылы түрде қабылдады. Ақылы болатыны қабылдау, өлшеу, сұрыптау жұмыстарының шығыны өтелуі тиіс.

Экологиялық қозғалыспен бірнеше жыл тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келе жатқан «Арғымақ» әлеуметтік қоймасы мен Аналарды қолдау орталығы «REUSE» аумағында киюге жарамды киімдер мен ұстауға болатын түрлі заттарды қабылдады. Орталық өкілдері бұл заттарды сұрыптап, реттеп, еліміздің әр аймағындағы Аналарды қолдау орталықтарына, одан әрі қарай осы заттарды керек ететін әлеуметтік топтарға береді.

Ал жануарларды паналататын Amigo ұйымы тұрғындар енді пайдаланбайтын, бірақ жануарларға қажет заттардың бәрін алды. Ерекше балалармен және ересектермен жұмыс істейтін инклюзив шығармашылық шеберханасы тоқыма жіптерін, кез келген әшекейлерді, қолөнерге керек басқа да заттарды қабылдады.

Өсімдік алмасу аймағында акцияға қатысушылар өзара өсімдік алмасып, шеберлік сағаттарын өтіп, тәжірибе бөлісті. Кітап сүйер қауым да өзара кітап алмасып, рухани көкжиегін кеңейтті. Ол жерге жиналған кітаптар «Ауылға кітап» жобасының аясында ауыл кітапханаларына жеткізіледі.

Ал денсаулық аймағында Гедеон Рихтер.кз-тің серіктестігімен шағын-чек-ап ұйымдастырылып, акцияға қатысушылар кардиолог, терапевт, невролог мамандардан жедел-кеңес алды. Сондай-ақ қан қысымын, қандағы қант мөлшерін, липидтік спектрді, бүйрек функциясының көрсеткіштерін өлшетуге мүмкіндік алды.

Ендігі бір аймақ – «Дармарка» аймағында киім-кешектер қабылданып, олардың жарамдысы мұқтаж жандар үшін, жарамсызы қайта өңделу үшін «Фабрика» жобасына, қалғаны кәдеге жаратуға жөнелтілді.

«Шеберлік сыныптар» аймағында күнделікті экологиялық әдеттер туралы айтылған шеберлік сағаттары өтіп, Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері өнер көрсетті.

 

Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат ЖАЙЫҚОВ:

 

  • Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясының аясында Бостандық ауданының әкімдігі және Қазақ Мемлекеттік циркінің қолдауымен «Recycle Бірге» экологиялық қозғалысы ұйымдастырған экоакция өтіп жатыр. Мұнда қала тұрғындары қатты қалдықтарды әкеліп өткізуде. Бүгінгі шарада бес тоннаға жуық қалдық жиналады деген болжам бар, оның барлығы өзінің ерекшелігіне қарай сұрыпталып, қайта өңдеу үшін тиісті орындарға жіберіледі. Бүгінгі шара цирк аумағында өтіп жатқандықтан, біз ұйымдастырушыларға қажетті жағдай жасап, өз кезегінде цирк қызметкерлері оларға көмектесіп, колледж студенттері өнер көрсетіп жатыр.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында цирк әкімшілігі пластик бөтелкелер мен шыны қалдықтарды әкелген адамдарға билет таратқан болатын. Бүгінгі шара одан гөрі ауқымдырақ болды, алда өзге де шараларды өткізуге ниеттіміз.

Темірлан, қала тұрғыны

  • Бұған дейін мұндай акция болатынын білмеген едім. Акция туралы инстаграмнан көрдім. Бүгін бірінші рет келіп пластик, макулатура секілді қалдықтарды алып келдім. Бірнеше кітапты кітап алмасу аймағына өткіздім.

Адамдар өздері пайдаланған заттардың қалдығын өз игілігі үшін қайта өңдеуге өткізуге тиіс, өйткені оны бейберекет тастай беру адамзаттың өзіне зиян.

Әмина САНАТҚЫЗЫ, қала тұрғыны (13 жаста)

  • Мұнда анам, ағам үшеуміз келдік. Қалдықтарды сұрыптап тастауды әдетке айналдырғанымызға жарты жылдан асты.

Осы уақыт ішінде мен Қазақстанда қандай қалдықтардың қайта өңделетінін, қайсысының қайта өңделмейтінін білдім. Олардың белгісін де ажыратуды үйрене бастадым. Күнделікті целофан деп атайтын пакеттер пластиктің 04 түріне жатады әрі ол жұмсақ болады, қолмен мыжығанда дауысы қатты емес. Ал пластиктің 05 түрін қолмен мыжығанда шытырлайды.

Қоқысты сұрыптап, оны тиісті пункттерге апарып тастау арқылы біз оны қайта өңдеуге жібере аламыз. Қайта өңделген зат бір пайдаға жарайды әрі қоқыс азаяды. Меніңше, бүгінгі акцияға жиналған адамдардың барлығында бір мақсат бар. Ол қалдықты қайта өңдеуге тапсыру арқылы экологияны мейілінше тазартуға үлес қосу.

«Таза Қазақстан» аясында өткен шілде айындағы экоакцияда экологиялық қозғалыс өкілдері қайта өңдеуге 3 993 кг зат берген. Оның ішінде түссіз шыны – 750 кг, картон – 535 кг, макулатура – 420 кг, жасыл шыны – 400 кг, қоңыр шыны – 340 кг, пластик 1 – 331 кг, пластик 5 – 249 кг, пластик 4 – 200 кг, электрондық қоқыс – 155 кг, консервлер – 122 кг, батарея – 85 кг, пластик 2 – 73 кг болды. Одан бөлек өңдеуге бірген медициналық қоқыс – 68 кг, алюминий банкалар – 32 кг, синтепон – 1 кг, сұрыпталмаған шүберек – 232 кг, шамдар – 340 дана болған.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА
 
Суреттерді түсірген автор
Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар