Оралда бір компания құны 155 млн теңге мемлекеттік тапсырысты алу үшін жалған банк кепілдігін пайдаланбақ болған. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті хабарлады.
Департаменттің қызметкерлері мемлекеттік сатып алу веб-порталына мониторинг жүргізген. Сол кезде «Е» ЖШС-ның Орал қаласындағы ағаштарды күтіп-баптау қызметіне арналған құны 155 миллион теңге мемлекеттік сатып алу шартын алу үшін жалған банк кепілдігін ұсынғанын анықтады. Жүргізілген тексеріс барысында бұл кепілдікті қаржы ұйымы бермегені белгілі болды. Батыс Қазақстан облысы бойынша ЭТД осы дерек бойынша Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне тиісті хат жолдады.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз жасалған шарт бұзылды. Ал жосықсыз компания екі жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізілді. Осылайша, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуге қатысты жалған құжат ұсынған жеткізушімен шарт жасасу тәуекелінің, мемлекеттік тапсырыстың тиісінше орындалмауының жолы кесілді.
Ясипа Рабаева
Парақшамызға жазылыңыз
