//

«Қыркүйек» пе, «қыргүйек» пе: сөздіктер неге бірізді емес?

151 рет қаралды
фото: ЖИ

2013 жылғы «Орфографиялық сөздікте» күздің алғашқы айы «қыргүйек» деп берілген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті де қазіргі дауда осы басылымға сүйенді. Алайда 2026 жылы «қыркүйекті» «қыргүйекке» ауыстыратын жаңа ереже қабылданған жоқ. Ал бұрынғы сөздіктерді салыстырсақ, екі нұсқа бірнеше рет алма-кезек қолданылған. Minber.kz даудың қайдан шыққанын және әр тараптың уәжін деректер арқылы саралады.

Тіл саясаты комитеті: 2013 жылғы сөздікте – «қыргүйек»

Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне осы мәселеге қатысты сауал жолданған. Ведомство 2013 жылы жарық көрген «Орфографиялық сөздікке» сүйеніп жауап берген.

«Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген, 2013 жылы жарық көрген Орфографиялық сөздікке сәйкес, қазақ тілінде сентябрь айы «қыргүйек» деп жазылады», – деп хабарлады Тіл саясаты комитеті.

Бұл жауап 2013 жылғы сөздіктегі нұсқаны нақты көрсетеді. Бірақ оны 2026 жылы енгізілген жаңа емле деп түсінуге болмайды. Ғылым және жоғары білім министрлігі кейінірек жекелеген сөздердің жазылуын өзгерту үшін орфографиялық ережелерге тиісті тәртіппен өзгеріс енгізілуі қажет екенін, ал биыл «қыркүйек» сөзін орталықтандырылған түрде «қыргүйекке» ауыстыратын жаңа шешім қабылданбағанын түсіндірді.

Ерлан Қарин: «Мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды»

Пікірталас мемлекеттік деңгейге де жетті. Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин тіл саясатына жауапты мекемелер басшылары мен ғалымдармен мәселені талқылағанын және жаңа Орфографиялық сөздік әзірленетінін мәлімдеді.

«“Қыркүйек” пен “қыргүйекке” қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас. Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық. Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі. Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ. Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», – деп жазды Ерлан Қарин.

Дихан Қамзабекұлы: «Бұл – кемі 60–70 жылдан бері келе жатқан ғылыми пікірталас»

Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы бұл мәселені тіл мамандарының кездейсоқ қатесі деп қарастыруға болмайтынын айтады. Оның пайымынша, даудың өзегі – жазуда түбір тұлғасын сақтау мен сөздің табиғи дыбысталуын көрсету қағидаттарының арақатынасы.

«Қыркүйек пен қыргүйек – қазақ тіл білімі мамандарының масқара қателігі емес, бұл – кемі 60–70 жылдан бері келе жатқан ғылыми пікірталастың кітапқа еніп кеткен жайы (фактісі). Әдебиет классиктері Мұхтар Әуезовтің “Қаракөз” атты драмасы, Сәбит Мұқановтың “Ботагөз” атты романы бар. Жазылу дәл осылай екі түрлі қалыптасқан. Бұған әбден көзіміз үйренген. Бірақ ғылым тұрғысынан келсек, екеуінің жазылуы бір қағидатқа бағынуға тиіс еді… Бұл қалай? Сәбең жарықтық айтты деген сөз бар: “Мұқаңнікі көз болғанда, менікі неге гөз?..”.  Қыста бәріміз қолғап (осылай жазылады) киеміз, мына заманда “наушникті” – “құлаққап” дейтін болды… Түрлі жазылуына көз үйренді. Осылай кете береді. Филологтер жақсы біледі, әлем елдерінің біразында жазу фонетикалық қағидатқа (қалай естиді – солай жазады), енді біразында морфологиялық қағидатқа бағынады (түбірді, қосымшаны сақтап жазады). Жоғарыдағы қыркүйек пен қыргүйек дауының өзегі осында. Фонетикалық қағидатты ұстанатындар айтады: “Бүгінгі бала – ана тілі заңдылығынан тамырын үзген бала. Ол қалай жазылса, солай оқиды. Ертең әуезді тіліміздің нәрі де, бояуы да қалмайды. Бұл музыкада, поэзияда қиындыққа апарып соғады…” деп. Бұдан қандай қорытынды шығады? Біз морфологиялық қағидатты ұстанып “қыркүйек” деп жазсақ, оның оқылуы мен айтылуы “қыргүйек” болатынын бала құлағына құюға міндеттіміз», – деп жазды Дихан Қамзабекұлы.

Ғалым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Ана тілі» газетінде қызмет еткен кезеңін де еске алады:

«Азаттықтан соң қазақша ай аттары ресми енген шамада біз “Ана тілі” газетінде қызмет істедік. Басылымда орфография мен орфоэпия мәселесі көтерілгенмен, бірде-бір ғалым “қыргүйек” деп жазайық деген емес. Бұл шақта марғасқа тіл академиктерінің бәрі тірі еді…»

Рәбиға Сыздықтың өз еңбегінде не жазылған?

Дауда академик Рәбиға Сыздықтың аты жиі аталады. Сондықтан оның өз еңбегіне қарау маңызды. 2000 жылы шыққан «Қазақ тілінің анықтағышында» ғалым орфография мен орфоэпияны бір ұғым ретінде қарастырмайды. Кітаптың алғысөзінде емле ережелерінің «ортақ, әрі тұрақты болуға тиіс» екенін ескертеді. Сондай-ақ ресми ереже күшінде тұрған кезде жеке автордың не редакцияның сөз тұлғасын өз қалауынша өзгертуі жазуда бейберекеттік туғызатынын жазады. Ең маңыздысы – осы еңбектің емле бөлімінде «қыркүйек» нұсқасы бірге жазылатын сөз ретінде көрсетілген. Ал «Сөз сазы» бөлімінде «шекара», «көк ала», «көкөніс» сөздерінің жазылуы сақталып, олардың ауызша тілде «шегара», «көгала», «көгөнүс» болып айтылуы қазақ тілінің дыбыстық заңдылығы ретінде түсіндіріледі.

Яғни Сыздықтың бұл еңбегінде жазылым мен айтылым әдейі ажыратылған: сөздің жазудағы тұлғасы бір басқа, сөйлеудегі дыбыстық өзгерісі бір басқа. Бұл дерек кейін «қыргүйек» нұсқасының сөздікке ену тарихын қарастырғанда маңызды. Өйткені 2000 жылғы «Анықтағышта» – «қыркүйек», ал 2001 жылғы орфографиялық сөздікте – «қыргүйек» берілген.

Тіл білімі институты «қыргүйекті» қалай түсіндіреді?

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли бұл өзгерісті қазақ сөзінің табиғи әуезін сақтаумен байланыстырады. Оның айтуынша, 1963 жылғы толық ғылыми орфографиялық сөздік негізінен түбір сақтау ұстанымына сүйенген. Алайда 2025 жылғы тарихи-салыстырмалы зерттеу көрсеткендей, сол 1963 жылғы сөздікте ай атауы әлі «сентябрь» түрінде берілген; қазақша «қыркүйек» нұсқасы сөздікке кейін енген.

«Бірақ мәселенің барысы бір ғана Қарагөз деп жазумен тына қоймаса керек. Ғалым Рәбиға Сыздық атап көрсеткендей, радионың құлағын бұрап қалсаңыз да, телевизордың тетігін басып қалсаңыз да қыздарымыздың әп-әдемі әуезді есімін әншілеріміздің өзі Меңді[қ]ыз-ау, Меңдіқыз деп “қақалып” айтатыны әдетке айналған еді. Сөз ішіндегі дыбыстардың үндесім мен үйлесімі бұзылды. Осы тұста сөздің айтылу нормаларын көрсететін Р.Сыздықтың “Сөз сазы”, Қ.Неталиеваның “Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігі” де жарық көрді», – дейді Нұргелді Уәли.

Институттың кейінгі түсіндіруінде жиі қолданылатын кей сөздердің жазылуында түбір сақтау қағидатынан шегініп, табиғи айтылымға жақын тұлғаларды сөздікке енгізу қажеттігі туғаны айтылады. Осы уәж бойынша 2001 жылғы орфографиялық сөздікке «қыргүйек», «шегара», «көгөніс» нұсқалары енгізілген.

Мұнда бір нәрсені ажырату қажет: «қыргүйек» нұсқасын институттың кейінгі еңбектері қолдағанымен, ол барлық кезеңде үздіксіз сақталған норма емес. 2007 жылғы сөздік қайтадан «қыркүйек» нұсқасына оралған.

Сөздіктер не дейді: норма бірнеше рет өзгерген

2025 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология сериясында жарияланған Ұлжан Анарбекованың зерттеуінде 1941–2013 жылдардағы орфографиялық сөздіктер салыстырылған. Зерттеу дерегінше, 1941, 1948, 1963 және 1978 жылғы сөздіктерде ай атауы «сентябрь» деп берілген. 1988 жылғы сөздікте «қыркүйек» («ескіше ай аты») нұсқасы көрсетілген. 2001 және 2005 жылғы басылымдарда – «қыргүйек», 2007 жылы – қайтадан «қыркүйек», ал 2013 жылғы сөздікте – тағы да «қыргүйек».

Бұл хронология қазіргі даудың аяқ астынан шықпағанын көрсетеді. Бір сөздің нормативтік тұлғасы бірнеше басылымда алма-кезек өзгеріп отырған. Сондықтан бүгінгі түсінбеушілікті тек қоғамның «ережені білмеуімен» түсіндіру жеткіліксіз – сөздіктердің өзінде де тұрақсыздық болған. Тағы бір деталь бар. Тіл білімі институтының 2026 жылы БАҚ-қа берген жауабында 1988 және 2007 жылғы нұсқалар кей материалда «қыр-күйек» түрінде көрсетілген. Ал 2025 жылғы зерттеу түпнұсқа сөздіктердің нақты беттеріне сүйеніп, оларды «қыркүйек» деп береді.

Сонымен, бүгін қай нұсқаға сүйенеміз?

Қазіргі жағдайды үш факт арқылы түйіндеуге болады. Біріншіден, соңғы жарық көрген 2013 жылғы «Орфографиялық сөздікте» «қыргүйек» нұсқасы берілген және Тіл саясаты комитеті ресми жауабында осы басылымға сүйенеді. Екіншіден, 2026 жылы «қыркүйекті» «қыргүйекке» ауыстыратын жаңа жеке ереже қабылданған жоқ. Үшіншіден, жаңа Орфографиялық сөздік әзірленетін болды, демек даулы сөздердің нормасы тағы да ғылыми талқылаудан өтеді. Сондықтан «қыргүйек – биыл пайда болған жаңа сөз» деу дұрыс емес: ол кемінде 2001 жылғы сөздіктен бері бар. Сол сияқты «қыркүйек бұрыннан қате болған» деуге де негіз жоқ: 1988 және 2007 жылғы орфографиялық сөздіктерде осы нұсқа берілген, ал Рәбиға Сыздықтың 2000 жылғы «Қазақ тілінің анықтағышында» да «қыркүйек» жазылған.

Даудың түйіні бір ғана «к» мен «г»-де емес. Негізгі мәселе – қазақ орфографиясы түбір тұлғасын сақтау мен табиғи айтылымды таңбалаудың арасындағы шекараны қай жерде белгілейді және сол норманы қаншалық тұрақты ұстайды? Жаңа Орфографиялық сөздік осы сұраққа бірізді әрі түсінікті жауап беруге тиіс.

Фактчекке пайдаланылған негізгі деректер

  • Рәбиға Сыздық. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана: Елорда, 2000.
  • Ұлжан Анарбекова. «Kazakh Orthography: A Study on the Normative Forms of “Kyrkuiek/Kyrguiek”». Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті хабаршысы, Филология сериясы, №2, 2025, 22–35-бб.
  • Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Қыркүйек/қыргүйек; көкөніс/көгөніс; шекара/шегара сөздерінің емлесі жайында» түсіндірмесі.
  • Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің 2013 жылғы Орфографиялық сөздікке қатысты жауабы.
  • Ерлан Қариннің 2026 жылғы 10 қыркүйектегі жаңа Орфографиялық сөздік туралы мәлімдемесі.
Парақшамызға жазылыңыз

Бегім Көктүрік

Бегім Көктүрік — журналист. 2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдады.

Маманданатын салалары: тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, зерттеу журналистикасы, медиасауат.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар