//

Президенттің Германияға сапарының стратегиялық мағынасы  медиада шыққан ақпараттан кеңірек

64 рет қаралды
photo: Gemini AI

28-30 қыркүйек аралығында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Германияға ресми сапармен барды. Бұл сапар екі ел арасындағы стратегиялық және экономикалық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге бағытталды .

Мемлекет басшысының Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аталған елдің жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесуден басталды. Президент Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы және Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі болуға ұмтылатынын мәлімдеді.  

Сапар барысында Берлин мен Мюнхен қалаларында жоғары деңгейдегі саяси кездесулер мен ірі бизнес-форумдар өтіп, 2 миллиард долларға жуықтайтын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.   Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетен. Жыл басынан бергі 7 айда өзара сауданың көлемі 2,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. Жиырма жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құрады.

Германияның Deutsche Welle басылымы Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен өзара ынтымақтастықтың болашағы жөнінде мақала жариялаған. Онда  Қазақстанның Германияның Орталық Азиядағы басты серіктесі екені және екі елдің шикізат пен энергетикалық қауіпсіздік саласындағы байланыстары жан-жақты қарастырылады. Германия экономикасының Шығыс комитетінің (Ost-Ausschuss der Deutschen Wirtschaft) атқарушы директоры Михаэль Хармстың (Michael Harms) ұйым таратқан баспасөз хабарламасындағы сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан ГФР-дың Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі саналады.

Германияның аймақ елдерімен жалпы тауар айналымының шамамен 80%-ы Қазақстанға тиесілі. Былтыр Германияға 10,3 млн тонна мұнай жеткізген Қазақстан Норвегия, АҚШ және Ливиядан кейінгі төртінші ірі мұнай жеткізушісі болды. Мақалада ГФР-дың Қазақстан экономикасына салған негізгі инвестициялары шикізат секторына бағытталмағаны айтылған.  2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына шамамен 7,2 млрд доллар көлемінде тікелей неміс инвестициялары салынған. Оның ішінде 90%-дан астамы шикізаттық емес секторға тиесілі. Олар – өңдеу өнеркәсібі, химиялық өнімдер, құрылыс материалдары өндірісі, көлік және ауыл шаруашылығы. Бұл деректерді былытыр мамырда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Германия Федеративтік Республикасы Бундесратының сол кездегі Президенті Анке Релингермен кездесуде айтқан.

Біз сарапшыдан Мемлекет басшысының ГФР сапарының басты геосаяси мақсаты,  Қазақстанның «көпвекторлы» сыртқы саясатына әсері қандай екенін сұрадық. Сондай-ақ Германия және жалпы Еуропалық Одақ үшін орталық азиялық бағыттың, әсіресе Қазақстанмен серіктестіктің стратегиялық маңызы қаншалықты артқаны жөнінде пікірін білдік.

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,  Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті лекторы, саясаттанушы:

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ГЕРМАНИЯҒА САПАРЫНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҒЫНАСЫ  МЕДИАДА ШЫҚҚАН АҚПАРАТТАН КЕҢІРЕК

– Меніңше, Тоқаевтың Германияға сапарының стратегиялық мағынасы  медиада шыққан ақпараттан кеңірек. Германия Қазақстанға енді Орталық Азиядағы Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігі, критикалық шикізатқа қол жеткізуі және Азия-Еуропа арасындағы жаңа көлік байланыстары тұрғысынан маңызды мемлекет ретінде қарап отыр. Бұл ретте Қазақстан мен Германияның мүдделері бір-бірімен жақсы қабысады.

Германияға энергия ресурстары, мыс, литий, вольфрам және басқа да критикалық минералдардың тұрақты жеткізу маңызды.  Сондай-ақ немістерге Қытай мен Ресейге тым тәуелді емес жаңа жеткізу тізбектері қажет. Ал Қазақстанға, немістің технологиясы, капиталы, инженерлік тәжірибесі және өңдеу өнеркәсібі қажет. Тоқаевтың Германияға ұсынған қатынас моделі «шикізатқа инвестиция» формуласынан өзгешелеу.

Қазақстан тек шикізат өндіріп, сыртқа шығарумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және неміс компанияларын осы өндірістік тізбекке тартуға мүдделі. Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық 34 шикізаттың 21 түрін өндіреді. Осы әлеуетті технологиялық, индустриялық серіктестікке айналдыру – осы сапардың ең маңызды бағыттарының бірі.

Германия үшін екінші маңызды мәселе – Қазақстаннан мұнай жеткізілімін арттыру. Украина соғысында Германия Ресейдің энергиясына тәуелділігін азайтып, қазақ мұнайы Германияға балама жеткізу көзі болуы мүмкін. Қазақстанның ұзақ мерзімді мақсаты Германияға көбірек мұнай сату ғана емес. Мұнай экспортынан бөлек, болашақ стратегиялық серіктестік бағыты критикалық минерал, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, технология және жасыл энергетикаға сүйенуі өзекті. Қазақстан шикізатты сыртқа шығарып, дайын технологияны қымбатқа сатып алатын ел болып қалғысы келмейді.

Үшінші бағыт, Қазақстан мен Германияның мүддесі тоғысатын Орта дәлізді дамыту. Еуропа Ресейді айналып өтетін және Азиямен саудада қауіпсіз жолдарды кеңейтуге ашық қызығушылық білдірді. Германия Каспий маңында инфрақұрылым салуға мүдделі. Қытайдан Еуропаға баратын көлік дәліздерін әртараптандыру – Қазақстанның экономикалық егемендігі мен стратегиялық автономиясын күшейтудің мықты бір құралы. Егер экспорт пен импорт бір ғана бағытқа тәуелді болса, сыртқы саясаттың да маневр жасау мүмкіндігі шектеледі. Сондықтан Ақтау мен Құрық порттары, теміржолдар, Каспийдегі тасымал және кедендік цифрландыру – Қазақстан үшін экономикалық әрі геосаяси маңызы бар инфрақұрылым.

Сапардың тағы бір маңызды, бірақ көп айтыла бермейтін бағыты – білім мен кадр даярлау. Ресми мәлімет бойынша, 45 қазақстандық университет Германиядағы жүзге жуық әріптеспен байланыс орнатқан, ал Германияда екі мыңға жуық қазақстандық студент білім алып жүр. Мұны мәдени-гуманитарлық байланыстың индустрияландыру саясатымыз үшін аса маңызды бір бөлігі ретінде қарастыру қажет. Қазақстан неміс технологиясын және өндірісін тарту үшін, сол технологиямен жұмыс істей алатын инженерлер, техниктер, металлургтер, химиктер мен менеджерлер қажет.

Геосаяси мәніне келсек, Қазақстанның Германиямен қарым-қатынасты күшейтуі Ресейден алыстауды білдірмесе керек. Бұған Тоқаевтың Украина қақтығысына қатысты мәлімдемесі куә. Бұл – Қазақстанның дәстүрлі көпвекторлы саясатының жалғасы. Бірақ көпвекторлық бұрынғыдан прагматикалық сипат алып келеді. Оның мақсаты – бір күш орталығына шамадан тыс тәуелді болмай, әртүрлі ықпалды серіктестермен қатар жұмыс істеу. Сол себепті Германия бағыты Қазақстанның стратегиялық автономиясын кеңейтетін маңызды еуропалық векторға айналып отыр.

Мен сапардың нәтижесін қысқаша былай бағалар едім: Тоқаевтың Германия сапары тек екі миллиард долларлық келісіммен өлшенбейді. Қазақстан Еуропаға өзінің түпкі көзқарасын жеткізді: біз тек мұнай мен метал сататын шикізат елі емеспіз, Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігіне, критикалық минералдарға, өндірістік кооперацияға және Азия-Еуропа логистикасына қажет серіктес болғымыз келеді деп айта білдік.

Бірақ енді одан да маңыздысы – осы саяси келісімдерді экономикалық нәтижелерге айналдыру. Сапардың шынайы нәтижесін үш-бес жылдан кейін Қазақстанда жұмыс істейтін неміс кәсіпорнының санымен, қанша шикізат өзімізде өңделіп, қанша, қандай технология келгенімен, қанша маман даярланғанымен және Орта дәліз арқылы өтетін жүк көлемінің қаншалықты өскенімен өлшеген дұрыс. Сол кезде ғана өткен сапарды Қазақстан-Германия қатынасын жаңа деңгейге шығарған бетбұрыс деп нақты айта аламыз.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар