///

Бақытбек Бәмішұлы. Көші-қон этюдтерінен

74 рет қаралды

Өскеменде тұратын нағашым әрі құдам кенеттен қайтыс болып, марқұмның орнына барып бата жасап, топырақ салып қайту үшін 28.09.2026 жылы таңертең он сағат мезетінде жолға шықтым. Жол ұзақ, Алматыдан мыңнан астам шақырым. Жол серіктерім: інім Жанарбек, бөлем Арқалықтың ұлы Рашид, бөлем Мақмаден Зұлпықарұлы. Мақмаден кеңеске жұрдай, тұйық адам. Бұрын да оның көп сөйлемейтін, біртоға жан екенін білсем де, дәл осындай үндемейтін кісі деп ойламаппын.  Ұзақ жолда, бір мәшиненің ішіндегі кісілер өз ара әңгімелесіп отырған жақсы ғой. Біріншіден, жол қысқарады, екіншіден тізгіндегі адамды шаршатпайды. Рашидтің аздап әңгімесі бар екен де, ал ана екеуі қой аузынан шөп алмас, аузын буған өгіз. Тіпті олардың үнсіздігіне қарап ішің пысады. Тап бір ұрсысып қалған жандардай күні бойы тіл қатпай отыру деген не сұмдық?!   Ақыр сөзді өзім тиісіп бастадым:

–   Мақмаден, сөйлеп отыр. Жол қысқарады.

–   Ой, бізде не әңгіме бар дейсіз. Айтарымыз бастамай жатып таусылып қалады, –   деді де үнсіз қалды.

–   Мақмаден сен, осы қандай мамандықпен институт бітірдің? –   дедім шынында да оның мамандығы есіме түспей.

–  Мен бе? –   деді ақырын ғана. Даусы да қатты шықпайды. Желке тұсыңнан шыққан әлсіз дауыс жақсы естілмейді де. Тақтайдай тегіс жолда зуылдаған мәшиненің табан астынан шыққан ысылған жұтылып кете барады.

–   Иә, сен! –  дедім қатқыл үнмен. Ондағы ойым қаттырақ сөйле деген бұйрық райлылылау зіл еді.  Жасым үлкен болған соң жолсеріктерімнің қай-қайсысына сен деп батыл сөйлеуге қақым бар.

–   Мен ХААДС-ты бітірдім ғой, – деді сол баяғы бәсең дауысын өзгертпей.

–   ХААДС-ымыз не?

–   Ол –  Ауылшаруашылығы институты.

–   Е, зоотехниксің бе?

–   Жоқ, қыршаруашылығы техникаларының инженері, инженер-механик.

–   Жақсы мамандық екен. Оны қанша жыл істедің?

–   Бес-алты жыл. Осында көшіп келгеннен кейін оның бәрі қалды ғой…

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдардың басында Моңғолиядан көшіп келген көптеген жоғары білімді азаматтардың мамандықтары бойынша қызмет атқара алмағаны маған мәлім жағдай әрі Мақмаден әуелі Ақмола облысының бір ауданына келіп, мал бағып, колхоз бен совхоздар таратылып, жекешелендіру жүрілген жылдары Алматының Үшхоз, кейін Қырғауылды аталған ауылына қоныстанып,  жер телімін сатып алып, үй салып, үй жиһаздарын жасаумен айналысқанды. Қазір – өзіндік азын-аулақ шаруашылығын дөңгелетіп отырған, алты-жеті жұмысшысы бар кәсіпкерлігі есіме түсе қап,

–  Қалай жиһаздарың өтіп тұр ма? – деп қоймайтын сұрақты қойдым.

–  Болад, –  деді дік еткізіп. «Болады» деген кісіге қары қарай не дейсің, мен де тілімді тістей қойдым. Сөйтсе де тілім қышып болмады.

–  Әй, Мақмаден, осы ел ішінде көші-қонға байланысты көптеген қызықты әңгімелер айтылады, сенің де басыңнан небір таңғажайып оқиғалар өткен шығар,   солардан бірежарымынан есіңде қалған жоқ па? – деп айнадан қарап қоямын.  Дөңгелек жүзі күреңітіп, ақ қалпағын сұқ саусағымен түртіп, шекесін шұқып, селдір мұрты сәл жыбыр етіп, кәдімгідей қысылып қалған сыңайлы.

–  Әлде не есіңе түсті-ау, деймін?…

–  Ақмолада жүрген кез ғой, сонда естігенім, елден (Моңғолияны айтып отыр) Іркітбай деген кіс келіп, біраз жерді аралап қайтыпты…

–  Іркітбай дейсің бе?

–  Иә, Іркітбай.

–  Бегімханның баласы ма?

–  Иә.

–  Ойбай-ау, ол менің кіндік ағам ғой. Әкесі жарықтық менің кіндігімді кесіпті. Содан ол кісі менің кіндік ағам болып жүретін. Бір бейуаз жақсы адам еді. Олар қырда отырады да жазғытұрым сұмынға келгенде үш литер битонмен біздің үйге сүт әкелуші еді, қасиетіңе бас, «кіндік бауырым ішсін» деп, со кісі болды ғой, олар көшпеген екен ғой, –  дедім өзіме жақсы таныс адамның атын естігенде бала күнгі бір естеліктер есіме түсіп. –   Содан?

–   Содан Қазақстанның біраз жерін аралап елге оралған соң кезіккен ел сонырқалап сұрайды ғой, «Қазақстан қандай екен?» деп, сонда айтады дейді, «Қазақстан – Әліппе екен, Әліппе десең болды» деп.

–  Мәссаған, күшті жауап берген екен. Ұнаған екен ғой, –  десіп дабырласып қалдық. Әлгі жалғыз ауыз сөз көңілімізді көтеріп тастады. Оң қапталымда отырған Жанарбектің де тіл шықты.

–  Сол жылдары мына Жетісу облысының Сарқант ауданынада тұратын Мауқыш-Мауқара ағай қыдырып елге барғанда «Қазақстаныңыз қандай ел?» деп сұрағандарға айтады дейді, тілді-ауызды, шешен кісі еді ғой, «Қазақстан дегенің қатын семіртетін ел екен» деп.

–  Ойпырым-ай, екеуі де Қазақстанның диагнозын дөп қойған екен, – деп қарық болып қалдық.

Бақытбек Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар