///

Азиада-2026: Қазақстан спортындағы жетістік пен әттеген-ай

60 рет қаралды

Қазақстан құрамасы Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарын жалпыкомандалық есепте сегізінші орынмен аяқтады. Ұлттық құрама қоржынына 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медаль түсті. Барлығы — 84 жүлде.

2023 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада Қазақстан 11-орынға тұрақтаған еді. Бұл жолы үш саты жоғары көтерілгенімізбен, нәтиженің екінші қырына да назар аударған жөн. Себебі жалпы медаль саны бойынша үздік бестікке енген Қазақстан алтын жүлде тұрғысынан Таиланд, Өзбекстан және Ираннан қалып қойды.


Мәселен, Таиланд 52 медальмен жетінші орынға жайғасса, оның 18-і — алтын. Ал Қазақстан 84 медаль жеңіп алғанымен, алтын саны небәрі 12 болды. Өзбекстан 70 жүлдемен бесінші орынға тұрақтап, 21 алтын иеленді. Демек, біздің елде жүлдегер көп болғанымен, чемпиондар аз.

 

АЛТЫНМЕН ҚУАНТҚАН СПОРТ ТҮРЛЕРІ


Азиаданың жағымды жаңалықтарының бірі — бокстағы нәтиже. Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, Қазақстан 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарында бокстан алтын медаль жеңіп алды. Дегенмен 2014 жылы Инчхонда алты алтын алғанымызды ескерсек, бұрынғы деңгейге әлі жеткен жоқпыз.
Семсерлесуден Руслан Құрбанов, Кирилл Проходов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов финалда Оңтүстік Кореяны 43:42 есебімен жеңді. Қазақстан бұл спорт түрінен Азиада алтынын 24 жылдан кейін қайта иеленді. Бір маусым ішінде Азия чемпионаты, әлем чемпионаты және Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсетуі команданың жүйелі жұмысының жемісін аңғартады.
Семсерлесуден алтын алған команда

Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Қазақстанға Азиада тарихындағы алғашқы алтынды сыйлады. Таеквондошы Тамирлан Төлелес те тарихи жетістікке жетті. Каратэшілер Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева чемпион атанды. Аралас жекпе-жектен Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев алтын алса, Санжар Әділов қола медаль иеленді.

Велоспортта Алексей Луценко Азия ойындарындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізді. Рината Сұлтанова жеке жарыстан Азиада чемпионы атанған алғашқы қазақстандық велошабандоз болды.
Бұл нәтижелер Қазақстанда чемпион даярлайтын спорт түрлерінің ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

ЯСМИНА ТОҚСАНБАЕВАНЫҢ ЖОҒАЛҒАН АЛТЫНЫ: МАМАНДАР ҚАЙДА ҚАРАДЫ?


Азиаданың ең өкінішті оқиғаларының бірі жеңіл атлетикада тіркелді. 21 жастағы Ясмина Тоқсанбаева 42,195 шақырымдық спорттық жүрісте 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен бірінші болып мәреге жетті. Ең жақын қарсыласынан төрт минутқа жуық озып, Қазақстанға тарихи алтын әперетіндей көрінген.

Алайда мәреден кейін спортшының аяқ киім үлгісі World Athletics ұйымының рұқсат етілген тізімінде жоқ екені анықталып, нәтижесі жойылды. Алтын медаль Қытай өкілі Даньцзэн Цюйцзунға берілді.
Мұнда басты мәселе жас спортшыны кінәлауда емес. Керісінше, оның дайындығы мен жарысқа қажетті жабдықтарына жауапты мамандардың жұмысын саралау қажет. World Athletics ұйымының аяқ киімге қатысты талаптары 2026 жылдың көктемінде жаңартылып, ұлттық федерацияларға жеткізілген болатын.
Осындай жағдайда спортшының аяқ киімін алдын ала тексеріп, ережеге сәйкестігін растау кәсіби штабтың міндетіне жатады. Құрлықтағы ең ірі жарысқа баратын атлеттің нәтижесі жарыс аяқталған соң осындай себеппен жойылмауы керек еді.
Бұл жағдай Қазақстан спортына білікті спорттық менеджерлер мен сауатты сервистік мамандардың қажет екенін тағы бір мәрте көрсетті. Олар спортшының физикалық дайындығымен ғана шектелмей, жабдықтардың талапқа сәйкестігін, құжаттарын, жарыс регламентін және ұйымдастыру мәселелерін де қадағалауы тиіс. Жоғары деңгейдегі спортта бір ғана назардан тыс қалған деталь бірнеше жылдық еңбекті жоққа шығаруы мүмкін.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы наразылық білдіріп, спортшыға алтын үшін берілетін сыйақыны төлейтінін мәлімдеді. Бірақ бұл шешім жалпыкомандалық есепке әсер еткен жоқ. Ал Қазақстанға Таиландтан озып, жетінші орынға көтерілу үшін алты алтын медаль жетіспегенін ескерсек, мұндай жоғалту тіпті өкінішті.

ЖҮЗУ МЕН КҮРЕСТЕГІ ДАҒДАРЫС

Жүзуден Қазақстан бірде-бір медаль жеңіп ала алмады. Мұндай жағдай жазғы Азия ойындарында соңғы рет 2002 жылы Пусанда тіркелген еді. Аралас және ерлер арасындағы 4×100 метрлік кешенді эстафетада құрамалар төртінші орын алды. Алайда төртінші орын медальға айналмайды.
2014 жылы Дмитрий Баландиннің өзі үш алтын медаль иеленгенін ескерсек, кейінгі жылдардағы төмендеу анық байқалады. 2018 жылы төрт қола алған Қазақстан бұл жолы жүлдесіз қалды.
Күресте де жағдай көңіл көншітпейді. Еркін және грек-рим күресінен ерлер арасында бірде-бір финалист болған жоқ. Еркін күрес шеберлері үш қола, грек-рим күресінің өкілдері бір қола медальмен шектелді. Ал Өзбекстан грек-рим күресінен бір алтын және екі күміс алды.
Кезінде Қазақстанның негізгі алтын көздерінің бірі болған күрес түрлерінде көшбасшылардың аздығы, салмақ таңдауға қатысты сұрақтар мен легионерлердің нәтижелілігіне байланысты мәселелер қайта қарауды қажет етеді.

ДЗЮДО МЕН АУЫР АТЛЕТИКА: КҮМІС КӨП, АЛТЫН ЖОҚ


Дзюдодан Абиба Абужақынова, Елдос Сметов, Әділет Алмат және Ажар Асхат финалға жеткенімен, барлығы күміс медальмен шектелді. Қазақстан бірде-бір чемпион шығара алмады.
Абиба Әбужақынова күмісті қанағат тұтты

Төрт финалистің болуы спортшылардың әлеуетін көрсетеді. Бірақ шешуші белдесулерде жеңіске жете алмау дайындық жүйесі мен тактикалық жұмысты тереңірек талдауды талап етеді.
Ауыр атлетикадан Аянат Жұмағали, Алексей Чуркин және Нұрғиса Әділетұлы күміс медаль жеңіп алды. Бұл — оң нәтиже. Дегенмен бұрын әлемдік деңгейде үстемдік танытқан Қазақстан ауыр атлетикасы әлі де сол биігіне оралған жоқ.
Елдос Сметов күмісті қанағат тұтты

Су добынан ерлер құрамасы финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Бірақ алаң иелері Жапониядан 7:24 есебімен жеңілді. 2018 жылы қатарынан үшінші рет Азиада чемпионы атанған құрама үшін бұл нәтиже бұрынғы үстемдіктің әлсірегенін аңғартады.

БАСТЫ МӘСЕЛЕ — МЕДАЛЬ САНЫ ЕМЕС, САПАСЫ


Азиада-2026 қорытындысы Қазақстан спортының қарама-қайшылыққа толы екенін көрсетті. Бір жағынан, жалпыкомандалық есепте 11-орыннан сегізінші орынға көтерілдік, 84 медаль алдық, бірнеше спорт түрінде тарихи жетістікке жеттік. Екінші жағынан, жүзу жүлдесіз қалды, күресте ерлер арасында финалист болған жоқ, дзюдошылар төрт финалда жеңілді, ал жеңіл атлетикадағы тарихи алтын аяқ киімге қатысты талаптардың салдарынан жойылды.
Тамирлан Тілеулес Таеквондадан алтын алды

Қазақстанның 84 медалінің 48-і — қола, 24-і — күміс. Яғни 72 жүлде алтын емес. Ал Өзбекстан 14 медальға аз алғанымен, тоғыз алтынға артық алды.
Бұл — жалпыкомандалық есепте медаль санына ғана сүйеніп баға беруге болмайтынын көрсететін айқын мысал.
Әсіресе спортшыларды даярлаумен қатар, олардың жарысқа дайындығын жан-жақты қамтамасыз ететін кәсіби жүйе қажет. Білікті жаттықтырушылармен бірге спорттық менеджерлер, медициналық және сервистік мамандар, жабдық пен регламентке жауапты қызметкерлер де нәтижеге тікелей ықпал етеді. Ясмина Тоқсанбаевамен болған жағдай осындай қызметтердің маңызын айқын көрсетті.

СЕГІЗІНШІ ОРЫН — ІЛГЕРІЛЕУ, БІРАҚ ТОҚМЕЙІЛСУГЕ НЕГІЗ ЕМЕС

Қазақстанның Жапониядағы нәтижесін толықтай сәтсіздік деуге болмайды. Боксшылардың алтынға оралуы, семсерлесушілердің жеңісі, академиялық ескек есу мен таеквондодағы тарихи жетістіктер — үлкен еңбек пен жүйелі дайындықтың жемісі.
Алайда жалпы нәтиже ел спортының шешілмеген мәселелерін де ашып берді. Жүзудегі құлдырау, күрестегі финалистердің жоқтығы, дзюдодағы жеңілістер мен жеңіл атлетикадағы жоғалған алтын — жеке-жеке талдауды қажет ететін бағыттар.

Қазақстанға Таиландтан озып, жетінші орынға көтерілу үшін алты алтын медаль жетіспеді. 24 күміс пен 48 қола медаль — әрі мәселенің ауқымын, әрі пайдаланылмаған мүмкіндіктерді көрсетеді.
Сондықтан ендігі міндет — сегізінші орынға қанағаттану емес, чемпиондар санын көбейтудің нақты жолын табу. Спортшының алаңдағы дайындығынан бастап, аяқ киімінің ережеге сәйкестігіне дейінгі әр деталь ескерілуі керек. Өйткені жоғары деңгейдегі спортта алтын медаль тек талант пен еңбектің ғана емес, бүкіл команданың сауатты әрі үйлесімді жұмысының нәтижесі.

Түгелбай Бисен
фото: olympic.kz
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар