«Атырауға ауа керек!», «Иісі жаман, ауа жетпейді!», «Таза ауа қажет!». Бұл жай ұран емес, атыраулықтардың жанайқайы.
Биыл қыркүйек айының басында Атырау қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде күкіртсутектің шекті рұқсат етілген концентрациясынан (ШРК) бірнеше есе асып кеткенін айтып, жаппай шағымдана бастады. Кейбіреулер денсаулықтарының нашарлағанын айтты. Ауа сапасын мониторингтеу сервисінің скриншотынан H₂S мөлшері 96,7 мкг/м3 немесе 12 ШРК-ке жеткенін көрсетті.
Біз Атырау қаласының тұрғыны, осы мәселені көтеріп, мақалалар жариялап жүрген жергілікті журналист Айнұр Сапарованы сөзге тарттық.
Айнұр Сапарова, журналист: АУАНЫҢ ЛАСТЫҒЫНАН КЕЙДЕ АТЫРАУДАН КӨШІП КЕТКІМ КЕЛЕДІ

фото: жеке мұрағаттан
– Айнұр ханым, қыркүйектің соңында әлеуметтік желілерде Атырауда ауаның ластануына қатысты шағым көбейді. Сіз қала тұрғыны ретінде не айтар едіңіз?
– Мен экология саласының сарапшысы емеспін. Жалпы өзімді Атырау экологиясы жөнінде тұрақты жазып жүрген, осы саланың маманданған журналисі деп айта алмаймын. Атмосфералық ауаның ластануы атыраулықтарды көптен бері мазалап жүрген өзекті мәселелердің бірі болғандықтан журналист әрі тұрғын ретінде мені де толғандырады.
Сондықтан жиі-жиі мақала жазуға тура кеп тұр. Соңғы жылдары, әсіресе жаздыгүні, күз мезгілінде ауаны сасық иіс жайлап кетеді. Жағымсыз, өткір иістен басың ауырып, еріксіз лоқсисың. Ара-тұра көктемде, кейде күзде қамыс өртенген кезде ауаны түтін жайлап кететін еді. Бірақ бұдан бөлек бензин бе, керосин бе, газ ба, қолаңса иіс пе, канализация ма, тіпті шіріген жұмыртқаның иісі сияқты жүректі айнытатын түрлі-түрлі жағымсыз иіс жайлайтын болды. Бұл жайт талай айтылып та, жазылып та жүр.
Халық шулап, мәселе көтереді, олардың үні министрліктерге жетеді, бірақ бір нақты шешім жоқ. Жалпы ауаға таралып жатқан иістің азайып жатқанын байқамаймыз. Керісінше, жиілеп кетті. Мысалы, соңғы рет тамызда жиі-жиі байқалды. AirKZ қолданбасы күкіртсутектің шекті мөлшерден асып кеткенін тіркеген. Одан кейін өте қатты иіс білініп, бүкіл тұрғын шулаған, тредсті шулатқан кез – қыркүйектің 6-нан 7-не қараған түн мен таң.
Ол кезде қаланы кәдімгідей тұман басып, тек таңда ғана сейіле бастады. Бірақ бұл кәдімгі табиғи тұман емес. Ауаға таралған шығарындылардан кейін түзілген тұман болды. Экология департаменті сол күндердегі жағымсыз иісті желдің бағытына қарай қарап, Атырау мұнай өңдеу зауытынан болуы мүмкін деген жорамал жасады. Жақында зауытты тексеру кезінде бірнеше заң бұзушылық анықталды деген ақпарат шықты. Бірақ АМӨЗ бұған келіспей, тұжырымды негізсіз деп санап отыр. Заңнамада көзделген рәсімдердің аяқталып, соттың тиісті құқықтық баға беруін күту қажет дейді.
– Сіз қаладағы ауаның ластануына қатысты журналистік зерттеулер жүргізіп жүрсіз. Түрлі өндірістік компанияларға сұрау саласыз. Сол кезде олар қандай уәж айтады?
– Компаниялар үнемі мойындамайды. Биыл қаңтарда экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытынан зиянды шығарындылар тараған деп тіркеген. Бірақ ол кезде зауыт басшылығы айыппұл салынғанына қарамастан келіспей, соттасты. Сот процесі әлі де жүріп жатқан болуы керек.
Экология департаменті осы уақытқа дейін ауаны негізгі ластаушы көздер деп бірнеше өндіріс орнын айтты, ірі мұнай компанияларын көрсетті. Соның ішінде булану алаңдары, өнеркәсіптік кәсіпорындар, АМӨЗ бар. Мен жуырда жариялаған мақаламды жазарда осы мекемелерге ресми сұрау салдым. Сол кезде олардың бәрі «Біз емес» деп кесіп айтты. Олар өздеріне рұқсат етілген лимиттен аспай отырмыз деді. Жалғыз ластаушы көз деп өздерін ғана емес, басқа да нысандарды назарға алыңыздар деген сыңайда жауап қатты. Ешқайсысы мен, біз деп мойындамайды.
Қалада мерзімі өтіп, ескірген қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Жаңасы салынуы керек деп жатыр. Сонымен қатар булану алаңдары бар. Оң жағалаудағы «Квадрат» булану алаңында рекультивация жүріп жатыр. Бірақ мерзімінен кешігіп жатыр. Жоба құны – 40 млрд теңге. Жақында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев келгенде де бұл нысан әлі тапсырылмайтыны туралы ақпарат шықты. Бір кездері экология департменті ауаға тараған зиянды шығарындылар сол жақтан шығып жатыр деп те қорытынды шыға
рған еді. Онда да ауада күкірсутегі шектен тыс мөлшерде таралды деп айтылды.
– Экологиялық жағдайдың жергілікті тұрғындардың денсаулығына әсері туралы ресми деректер мен шынайы көрініс каншалықты сәйкес келеді? Журналистік зерттеулерінізде бұған дәлелдер таптыңыз ба?
– Әлеуметтік желі қолданушылары Атыраудағы ауаның сапасына қатысты шағымданып, өздерінің денсаулығына әсерін сипаттап жазды. Біреуі баламда аллергия пайда болды деді. Бірі демалуы қиындап, беті ісіп, ауруханаға түскенін жазды. Мен ол кісіге хабарласықанымда ауруханада жатқанын растады. Аллергиясы ушығып кеткен. Өзінің әлеужеліде жазғанын да айтты. Одан бөлек бұрынғы журналист, қала тұрғыны Лаура Сүлейменовамен сөйлескенімде бронха демікпесімен ауыратынын, ауа ластанған кезде ауруының күшейетінін айтты.
Былтыр облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің мамандары Атыраудың экологиясы, ауаның ластануы тыныс алу жолдарының көбеюіне алып келуі мүмкін деген мәлімдеме жасап жүрді. Мақала дайындау барысында статистиканы қарағанымда жыл бойы өсім бар екені анықталды. Жақында мен сөйлескен СЭС мамандары жағымсыз иістің денсаулыққа тек жанама түрде әсері болуы мүмкін екенін айта аламыз деді.
Қала тұрғындары, экобелсенділер Атырауды экологиялық жағынан қауіпті аймақ деп тануды талап етіп жүр. Соған байланысты денсаулық сақтау ұйымының ұсынысымен бағдарламалар дайындалып жатса керек. Қаланы экологиялық қауіпті аймақ деп тану үшін экология министрлігінен де кешенді зерттеу қажет екені айтылады.
– Атырау тұрғындарының экологиялық мәдениеті қандай деңгейде деп ойлайсыз? Қала халқы тек әлеуметтік желіде шағымданумен шектеле ме, әлде нақты эко-акцияларға (ағаш егу, қоқыс тазалау) белсенді қатыса ма?
– 2023 жылы сәуірде қамыс өртеніп, қаланы қою көк түтін басты. Сол кезде халық эко-митингке шықты. Алайда, менің байқауымша тұрғындардың экологиялық мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Себебі тазалық акциясы жекелеген компания немесе шағын ғана экобелсенділердің ұйымдастыруымен өтіп, он шақты адам жиналады. Жайық жағасын әлде өздері белгілеген аймақтарды тазалап қайтады.
Әрине мұндай іс-шара ештеңе шешпейді деп айта алмаймын. Бірақ бұл өте аз жұмыс. Қарапайым ғана мысал, халық көп жиналған жерді қарасаң, неге қоқыс жиналып қалады? Жерде кофенің ыдысы, чипсидың қабығы шашылып жатады. Кейбір тұрғындар тазалықты сақтау қаланың тазалығына жауап беретін мекеменің жұмысы деп санайды. Мен осы жайттарды көріп, экологиялық мәдениет қалыптаспады деп есептеймін. Егер де мәдениет болса, қоршаған ортаға жанашыр болса, босаған ыдысты өзімен бірге алып кетер еді немесе арнайы жәшікке салар еді. Өте қарапайым нәрсе, бірақ бәрі осындай ұсақ-түйектен басталады. Әркім өзінің айналасын таза ұстап жүрсе, нәтижесі болады.
Ірілі-ұсақ мекемелер қоршаған ортаға жанашырлық танытса, ауаға зиян шығарындылар тарамас па еді деп ойлаймын. Шығарындыларды азайтатын технологияларға көбірек мән берсе, қаражат бөлсе, басқаша болар ма еді. Технология қымбат тұрады деп сылтау айтуы мүмкін. Бірақ ақыры өнеркәсіп бастадың ба қоршаған ортаны барынша ластамауға болатын жағын ескеруі керек сияқты. Бірақ бұны кім ойлап жатыр? Табыс тапсам, жағдайымды жасасам деген азаматтар бұл мәселеге бас қатырмайды.
Қарапайым тұрғын ретінде айтарым, ауаға тараған қатты жағымсыз иістен бас ауыра бастайды. Тіпті жабық тұрған терезенің өзінен ішке кіреді. Жасыратыны жоқ, тұрғындар арасында паника бар. Естіп те жүрмін, сұхбаттасқан адамдар да бар, ауаның сапасына байланысты өзге облысқа көшкілері келеді. Астана, Орал қалаларына қоныс аударып жатыр. Бір танысым ата-анасын мұндағы ауаның нашарлығына байланысты Алматыға көшіріп алғанын айтты. Атмосфералық ауа ластанған күндері мені де осы ой жиі мазалайды. Денсаулықтарын бағып отырған үлкен кісілерге мұндай жағдай өте қиын. Ауаның ластануы қашан тоқтайтыны белгісіз.
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев:
АУАНЫ ЛАСТАУШЫ НЕГІЗГІ КӨЗДЕР КӘРІЗ СУ ТАЗАРТУ ОБЪЕКТІЛЕРІ МЕН«КВАДРАТ», «ТУХЛАЯ БАЛКА» БУЛАНУ АЛАҢДАРЫ
Атыраулықтардың мазасын қашырған мәселенің мән-жайын зерделеу үшін бірнеше мекемеге сұрау салып, хат жолдадық. Табиғат жанашыларын да сөзге тарттық.

фото: primeminister.kz
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Атыраудағы атмосфералық ауаны ластаушы көздердің бірі ретінде кәріз су тазарту объектілері мен «Квадрат», «Тухлая балка» булану алаңдарын атады. Бүгіндері «Квадрат» булану алаңын қалдық шөгінділерден тазартылып жатыр. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қаладағы «Тухлая балка» булану алаңының өзіне тиесілі бөлігінде «TAZALYQ» жобасы аясында рекультивация жүргізуде екен. Сондай-ақ жаңа булану алаңын салу бойынша жоба жасақтауда. Аталған алаңның қалған бөлігінде Атырау қаласының әкімдігі рекультивация жасаған. Соңғы 5 жылда «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ға қатысты тексеру жүргізілмеген.
– Биыл қыркүйек айында «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеру өткізілді. Соның нәтижесінде атмосфералық ауаға шығарылған шығарындылар көлемінің белгіленген нормативтен асып кетуі, қолайсыз метеорологиялық жағдайларды реттеу бойынша іс-шаралардың сәйкессіздігі және мониторингтің автоманттандырылған жүйесін қолдануда бұзушылықтар анықталды. Соңғы үш жылда ЖШС-ға қатысты 21 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 10,6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, – деді вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
Атырау облысында жалпы шығарындылардың шамамен 90%-ы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Бұл ретте айыппұл төлеу экологиялық талаптарды орындаудың баламасы ретінде қарастырылмайды. Кәсіпорындар үшін негізгі талап – шығарындыларды нормативтерге дейін төмендету, тазарту технологияларын енгізу, өндірістік процестерді жаңғырту және қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайту. Сондықтан «айыппұл төлеу технология енгізуден арзан» деген салыстыруды тек айыппұл сомасымен бағалау дұрыс емес.
Бұл өңірдің экономикасында мұнай-газ секторының рөлі айрықша. Былтыр облыстың жалпы өңірлік өніміндегі өнеркәсіптің үлесі 52,9%-ды құраса, оның ішінде тау-кен өнеркәсібінің үлесі – 47,5%. Облыстың республикалық ЖІӨ-дегі үлесі – 10,4%. Сондықтан қазіргі кезеңде мәселе өндіріс көлемін қысқартуда емес, экономикалық өсуді қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту арқылы қамтамасыз етуде болуы тиіс.
АУА ҚАНДАЙ МӨЛШЕРДЕ ЛАСТАНҒАН?
Жыл басынан бері Атырау қаласында атмосфералық ауаның күкіртсутекпен жоғары деңгейде ластанғаны тіркелген. Мысалы, 7 қыркүйекте № 111 және 113 экологиялық бекеттер ауданында күкіртсутек мөлшері 10,3-тен 15,0 ШЖШ-ға дейін жеткен. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Қазгидромет» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Манас Орынбасаровтың мәліметінше, ауаның экстремалды жоғары ластануы байқалмаған.
Ол 2021-2022 жылдары Атырау қаласының атмосфералық ауасының сапасы ластанудың жоғары деңгейіне сәйкес келді дейді. Ал одан кейінгі үш жылда ластану деңгейі көтеріңкі деп бағаланған. Атырау облысы бойынша «Қазгидромет» РМК филиалының дерегіне сүйенсек, 2024 жылы облыс орталығында атмосфералық ауа 223 рет жоғары деңгейде ластанған болса, былтыр осындай 135 жағдай тіркелген. Бір рет ластану экстремалды түрде жоғары болған. Биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында ауа 28 рет жоғары дәрежеде ластанған.
Қазақстандағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты «Қазгидромет» РМК-нің AirKZ мобильді қосымшасынан білуге болады. Онда барлық экологиялық бекеттен алынған «Ecoweb» ақпараттық жүйесінің деректері интеграцияланған.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Мұратжан Мұсайбеков:
ЛАСТАУШЫ ЗАТТАРДЫҢ КОНЦЕНТРАЦИЯСЫ КӘСІПОРЫННЫҢ ҚЫЗМЕТІНЕБАЙЛАНЫСТЫ АРТТЫ ДЕП АЙТУҒА НЕГІЗ ЖОҚ
– Тұрғындардың жағымсыз иіске қатысты өтініштерінің түсуіне байланысты «АМӨЗ» ЖШС кәсіпорын аумағында ықтимал иіс көзін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. 7 қыркүйекте кәсіпорында арнайы жұмыс тобы құрылды. Ластаушы заттардың концентрациясы кәсіпорынның қызметіне байланысты артты деп айтуға негіз жоқ. Тиісті зерттеулер мен оның талдау нәтижесіне жүгінген жөн, – деді «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Мұратжан Мұсайбеков.

Қазанның 6 күні ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі ресми парақшасында АМӨЗ-де жоспардан тыс тексеру кезінде бірқатар экологиялық бұзушылықтар анықталғанын жариялады.
Биыл 25 тамызда және 2-7 қыркүйек аралығында күкіртті қалпына келтіру қондырғысы мен каталитикалық крекинг қондырғысында болған төтенше жағдайлар нәтижесінде алау қондырғысында апаттық газ шығарындылары болғаны анықталған. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асқан. Кәсіпорындағы ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларының жекелеген технологиялық пештері бойынша шығарындыларға есептеулер жүргізілмегені және шекті рұқсат етілген шығарындылар (ШРШ) нормативтері белгіленбегені айтылған. Алайда Атырау МӨЗ бұл тұжырымды негізсіз деп санайды. Әрі бұл ШРШ жобасы аясында орындалған есептеулердің нақты мазмұнына сәйкес келмейді деп есептейді. Сондай-ақ зауыт басшылығы заңнамада көзделген рәсімдердің аяқталып, соттың тиісті құқықтық баға беруін күтуді қажет деп санайды.
Жуырда АМӨЗ жалпы құны шамамен 174 млрд теңгені құрайтын 18 іс-шарадан тұратын экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасын таныстырды. Онда атмосфераға шығарылатын ластаушы заттар шығарындыларының лимитін 2020 жылғы шамамен 20,1 мың тоннадан 2030 жылға қарай 12,6 мың тоннаға дейін кезең-кезеңімен төмендету көзделген.
Ғазиз ҒАБДУЛЛИН, ҚР Президентінің сенімді өкілі, «AQIQAT» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Жұртшылық Атырау облысының экологиялық ахуалының бүлінуін АМӨЗ-ден көреді. Дұрыс көруі. Мұнда соңғы бес жылда бес бас директор ауысты. Ал кімнен сұраймыз? Жауапкершілік жоқ ешқандай. АМӨЗ-ге келген бас директор кемінде бес жыл отыруы тиіс және бас директордың тағайындалуына Атырау облысы әкімінің араласуына құзырет берілуі тиіс.
Атырау қаласының айналасындағы басқа да ірілі-ұсақты шағын завод-цехтарды көшпелі түрде зерттеп, зерделеп, тиісті шаралар алынуы қажет. Ахуалды барлығы жабылып бүлдіруде. Атырау облысында, соның ішінде Атырау қаласында экологиялық ахуалдың бүлінуіне қоғамдық тыңдаулардағы қойылған талаптардың, ұсыныстардың орындалмауы себеп болуда. Сонда қоғамдық тыңдаулар не үшін, кім үшін жасалады? Мүдделерді қорғау (Лоббирование интерес) үшін жасалады деп айтуға болады.
Галина ЧЕРНОВА, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының директоры:
ҚАЛАНЫ БАСТЫ ЛАСТАУШЫНЫ АНЫҚТАЙТЫН КЕЗ КЕЛДІ
– Әсіресе тамыздың соңы мен қыркүйектің басында Атырау қаласында күкіртсутек, азот оксиді, күкірт диоксиді, көмірсутектер және басқа заттардың өте жоғары мөлшерде шыққаны байқалды. Халық айтарлықтай шулады.
Көпшілік қалада тұру мүлдем мүмкін емес болып кеткенін айтты. Себебі терезе желдеткішін ашу, сондай-ақ балалармен сыртта серуендеу мүмкін болмай қалды. Бұл мәселені біз, экологиялық белсенділер, көптен бері көтеріп келеміз. 2023 жылы алғашқы экологиялық форумды өткізіп, резолюция қабылдадық. Сол құжатта ең алдымен қаламызды, әсіресе атмосфералық ауаның күкіртсутегімен ластануына байланысты, экологиялық апат аймағы деп тануды талап еттік. Ол кезде күкіртсутегінің экстремалды жоғары ластану деңгейі анықталды.
«Қазгидрометтің» және бақылау станцияларының дерегінше жоғары шығарындылар анықталды. Күні бүгінге дейін күкіртсутектің және өзге де химиялық заттардың өте жоғары шығарындылары байқалады. Өкінішке қарай «Қазгидрометтің» AirKZ мобильді қосымшасына атмосфералық ауадағы күкіртсутек, азот диоксиді, күкірт диоксиді және өзге де зиянды заттардың мөлшері жөнінде ғана ақпарат береді. Зиянды химиялық заттардың көп шоғырланған жерін картадан көрсетеді, бірақ нақты қай мекеме, қандай территория екенін білу мүмкін емес.
Сондай-ақ ауаны ластаушы заттарды кім ұдайы шығаратынына талдау жасалмайды. Міне, осы бір кемшілікті қалыпқа келтіріп, талдау жүргізу қажет. Мен Атырау қаласының бас даму жоспарын талқылауға қатыстым. Сонда шаһарда мұнай өнімдерін өңдеп, тасымалдаумен байланысты жұмыс істейтін 327 кәсіпорын бар екені айтылды. Яғни қала өнідірістік аймақтың шеңберінде орналасқан. Экологиялық қылмыскерді нақты айту үшін облыстық экология департаментіне, қадағалаушы органдарға өте маңызды талдау жүргізген жөн.
Қаланы басты ластаушыны анықтайтын кез келді. Атырау мұнай өңдеу заводы республикадағы елу басты ластаушының қатарына кіреді. Бірақ ең негізгі ауа ластаушылардың барлығын анықтау үшін бақылаушы органдар маңызды сараптама жасауы тиіс. АМӨЗ-ден басқа тағы қандай кәсіпорындар қоршаған ортаны ластайтынын анықтау керек. Бұл жерде ауыз су көзі – Жайық өзенінің ахуалын айтып отырған жоқпын. Алайда болашақта таза су мәселесі қалай шешілетіні де өзекті боп тұр. Бізді Каспий теңізінің таяздануы да алаңдатады. Жел тұрғанда қаланы тұзды шаң басады. Қаланың қазіргі экологиялық ахуалы күрделі. Балалар гендік мутациялармен және хромосомалық өзгерістермен тууда. Яғни табиғаттың өзі ахуалы қандай екенін айқайлап айтып тұр.
Қоршаған ортаны ластаушының бірі ретінде «Квадрат» ағынды сулардың булану алаңын айтуға болады. Оны экология және табиғи ресурстар министрлігінің өзі биыл атап өтті. Оң жағалаудағы нысандар ағынды суды осы алаңға құяды. 2021 жылы 15 сәуірде бұл жер қалыпқа келтірілгенше сот шешімімен жабылып қалды. Соған қарамастан ол әлі жұмыс істейді. Ағынды сулар қабылданып жатыр. Әрине оның жұмыс істегеніне қарсы емеспіз. Өйткені қала мәжбір боп тұр.
Екінші жағынан ағынды суды қабылдайтын оператор «Атырау облысы су арнасы» коммерциялық келісімшарттар жасасады. Химиялық тазалау жасайтындар, кір жуатындар, асханалар мен мейрамханалардың суы осында ағызылады. Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріз суларын тазарту қондырғысының құрылысы әлі толық аяқталған жоқ. Алайда экологиялық мәселелерді шешудің жол картасына сәйкес былтыр қарашада салынуы тиіс еді.
Қаладағы 84 кәріз-сорғы станциясының жартысы апаттық жағдайда тұр. Бүгіндері жөндеу қолға алынып жатыр. «Қазгидрометтің» AirKZ мобильді қосымшасындағы картада осы кәріз-сорғы станциясының аумағы қызылмен көрсетіліп тұр. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жуырда «Атырау жылу электр орталығын» және жылу қазандықтарын негізгі ластаушы көздердің бірі ретінде атады. Ол Жайықтан мол су жинайды, әрі шығарындылары да мол. Кәсіпорын АМӨЗ орналасқан өндірістік аймақта тұр. Яғни Атыраудағы ауаның ластануына қатысты жиналған барлық сұрақ мазмұнды, жүйелі түрде шешілуі және өте байыпты талдау жүргізілуі тиіс.
Ясипа Рабаева
Парақшамызға жазылыңыз


