2026 жылдың тоғыз айында мемлекеттік бюджеттің трансферттерсіз кірісі 20,2 триллион теңгеге жетті. Бұл – жоспардың 98,5%-ы. Қаржы министрі Мади Тәкиев 13 қазанда Үкімет отырысында осындай мәлімет берді.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджет кірісі жоспарға жақын орындалған. Ал жергілікті бюджеттерде кіріс пен шығыс бойынша жоспардан ауытқу бар. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда мемлекеттік бюджет кірісі 16,3%-ға, яғни 2,8 трлн теңгеге өскен.
Кірістің артуына экспорттық тауарлардың әлемдік бағасы, сауда айналымының өсуі және салық мөлшерлемелерінің өзгеруі әсер еткен. Кеден төлемдері 706 млрд теңгеге көбейіп, 3,9 трлн теңгеге жетті. Транзит те ұлғайды: 1,2 млн транзиттік декларация рәсімделіп, 19,4 млн тонна жүк тасымалданған. Бизнеске 811,5 млрд теңге ҚҚС қайтарылды.
Мади Тәкиев жыл соңына дейін басты назар салық базасын кеңейтуге және салық әкімшілігін жетілдіруге аударылатынын айтты.
Дереккөз: ҚР Қаржы министрлігі, ҚР Үкіметінің 13 қазандағы отырысы, Zakon.kz
Парақшамызға жазылыңыз
