Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін Украинадағы соғысқа тартылған жеті қазақстандықтың соғыс шебінен шығарылып, Воронеж қаласына жеткізілгені хабарланды. Заңгер Мейірман Шекеев 16 қазанда өзінің Instagram парақшасында азаматтардың қазіргі жағдайы туралы мәлімдеме жасады.
«Алла қалап балалардың қазіргі таңда жетеуі соғыс шебінен алдырылып, Воронежге жеткізілді. Алла қаласа елге келер күні де алыс емес сияқты. Лайым жақсы жаңалық көп болғай.🤲🏻» – деп жазды Мейірман Шекеев.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жеті азаматтың соғыс шебінен шығарылғанын әзірге ресми түрде растаған жоқ. Олардың елге қайтарылатын мерзімі де белгісіз.
«Мінбер» ақпарат агенттігінің 9 қазанда жолдаған сауалына берген жазбаша жауабында ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдегі қазақстандықтардың қарулы қақтығыстарға тартылуы мүмкін жағдайлар тексеріліп жатқанын хабарлады. Министрлік Ресейдің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатқанын растады.
«Министрлік шетелде жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелеріне ерекше назар аударады. Қазақстан азаматтарының қарулы қақтығыстарға қатысуға тартылуы мүмкін жағдайлар туралы ақпарат құзыретті органдарды тарта отырып, жан-жақты әрі объективті тексеруді талап етеді.
Министрлік өз құзыреті шеңберінде Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерімен бірлесіп, қазақстандық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға қажетті консулдық–құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша Ресей Федерациясының тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жүргізуде.
Сонымен қатар, азаматтарды қарулы қақтығыстарға қатысуға тартудың болжамды жағдайларының нақты мән-жайларын анықтау үшін тиісті фактілер туралы, оның ішінде азаматтардың жеке деректері мен олардың жүрген жері жөнінде сенімді мәліметтердің болуы қажет.
Министрлік Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелде жұмысқа орналасу туралы ұсыныстарды қарау кезінде сақ болуға, жасалатын шарттардың талаптарын мұқият тексеруге және қарулы қақтығыстарға қатысуға әкеп соғуы мүмкін әрекеттерден бас тартуға шақырады.
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі көмек сұрап жүгінген Қазақстан азаматтарымен, олардың туыстарымен және өкілдерімен тұрақты байланыста болып, оларға қажетті консулдық көмек көрсетуде. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы 2 қазанда Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қиын жағдайға тап болған азаматтарымыз туралы ақпарат жинау мақсатында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы шет елдердегі мекемелерінде жедел желі іске қосылғанын хабарлағанын атап өтеміз.
Осы жауапқа ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестіккодексінің 91-ші бабында көзделген тәртіппен шағымдануға құқылы екеніңізді хабарлаймыз», – делінген ҚР СІМ Баспасөз қызметінің «Мінбер» ақпарат агенттігінің 2026 жылғы 9 қазандағы сауалына жолдаған жазбаша жауабында.
Министрліктің жауабынан Ресей тарапымен байланыс орнатылып, азаматтардың жағдайын анықтау және консулдық көмек көрсету жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Алайда ведомство соғыс аймағында жүрген Қазақстан азаматтарының нақты санын, оларды қайтару жөніндегі келіссөздердің нәтижесін және елге оралу мерзімін көрсетпеген.
Бұған дейін, «Азаттық» радиосының хабарлауынша, 7 қазанда Астанада Ресейге нәпақа табуға барып, соғысқа тартылу қаупіне ұшыраған қазақстандықтардың жақындары Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналған. Олар туыстарының соғысқа жіберілуінен қауіптеніп, мемлекеттен көмек сұраған.
Заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, жиналған азаматтардың жақындарын сыртқы істер министрінің орынбасары қабылдап, ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдаған.
Бұған дейін Ресейге жұмыс іздеп барған бір топ қазақстандық бейнеүндеу жариялап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұраған еді. Азаматтардың айтуынша, оларға Ресейде жұмыс ұсынылғанымен, кейін әскери келісімшарттарға қол қоюға мәжбүр болған. Олар Украинадағы соғысқа жіберілу қаупі туындағанын мәлімдеген.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарды елге қайтару мәселесін Ресеймен дипломатиялық деңгейде талқылап жатыр. ҚР СІМ-нің 2 қазандағы ресми хабарламасына сәйкес, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Александр Комаровпен кездескен. Кездесуде соғыс қимылдары аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайы талқыланған.
Тараптар қазақстандықтарды елге қайтару жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге уағдаласқан.
2 қазанда СІМ ресми өкілінің мәлімдемесінде соғыс аймағындағы қазақстандықтардың жақындарынан өтініш қабылдау үшін арнайы жедел желі іске қосылғаны хабарланды. Министрлік азаматтарға құқықтық көмек көрсету үшін олардың аты-жөні, туған күні, болжамды орналасқан жері және жасасқан еңбек шарттарының талаптары туралы мәліметтер қажет екенін түсіндірген.
Сондай-ақ Қазақстанның Ресейдегі елшісінің Ресей Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктерінің басшылығымен кездесулері жоспарланғаны айтылған.
7 қазанда ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Үсенов соғыс аймағында жүрген қазақстандықтардың өтініштері қаралып жатқанын мәлімдеді. Министрліктің түсіндіруінше, жедел желіге келіп түскен әрбір өтініш жеке тексеріледі. Қажетті мәліметтер нақтыланғаннан кейін елге қайтарылуы тиіс азаматтардың тізімі Ресей тарапына жолданады.
8 қазанда әлеуметтік желілерде 14 қазақстандықтың Ресейдегі Қазақстан елшілігіне жеткізілетіні туралы ақпарат тараған. Алайда Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов аталған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген.
Министрлік азаматтардың туыстарын жаңылыстыруы мүмкін тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырып, Ресей тарапымен келіссөздердің жалғасып жатқанын хабарлаған. Ведомство мәселе тұрақты бақылауда екенін және келіссөз нәтижелері туралы қосымша ақпарат берілетінін жеткізген.
17 қазандағы жағдай бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейдің тиісті органдарымен өзара іс-қимыл жүргізіліп жатқанын, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі көмек сұраған азаматтармен және олардың жақындарымен байланыста екенін растаған. Алайда заңгер Мейірман Шекеев хабарлаған жеті қазақстандықтың соғыс шебінен шығарылғаны туралы министрліктің жеке ресми мәлімдемесі әзірге табылмады.
Азаматтардың Қазақстанға қашан оралатыны белгісіз.
Парақшамызға жазылыңыз
