///

Ақтөбедегі су мәселесі: үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ

119 рет қаралды
Ақтөбедегі су мәселесі:  үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ

Қазірдің өзінде 600 мыңнан астам халқы бар Ақтөбе қаласында жаңа тұрғын алаптар бой көтеріп жатыр. Осы аумақтарды орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Құндақтықыр және Сарбұлақ жерасты су кендерінен қалаға дейін ұзындығы шамамен 53 шақырым су құбыры тартылмақ. Бұл жоба 10 мыңнан астам жер учаскесін сумен қамтамасыз етеді.

“Мінбер” сайты аталған мәселеге қатысты құзырлы мекеме өкілдерінің пікірін сұрап көрген еді.

Ақтөбедегі су мәселесі:  үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ

 «Ғылым және инновация» қоғамдық қорының атқарушы директоры, эколог Мұрат Жакиев:

ҚАЛА ҮЛКЕЙІП КЕЛЕДІ, АЛАЙДА АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІҢ НАҚТЫ ЖОСПАРЫ ЖОҚ

– Мұрат Жолдыбекұлы, сіздің ойыңызша, қаланың жедел өсуі су тұтыну балансына қалай әсер етуде?
– Инфрақұрылым тұрғын үй құрылысынан қалыс қалып отыр. Қала әкімінің өзі мамыр айында Бауырластар-3, 5 және Жаңақоныс-3, 4 алаптарында су тапшылығы барын мойындады. Үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ. Бұл – жоспарлаудың сәтсіздігі. Ақша мәселесін бөлек айту керек: суды үш кен орнынан тасымалдауға 78,4 млрд теңге қажет, ал бөлінгені 5 млрд қана, яғни қажетті қаражаттың 16-дан бірі.

Ақтөбедегі су мәселесі:  үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ
Табиғи толығу туралы айтсам, жаңа аудандарды асфальт пен бетон жауып жатыр, жауын-шашын жерге сіңбейді. Ал ұңғымалар толығу қарқынынан жылдам сорылса, деңгей төмендейді. Мұны ешкім ашық деректермен бақылап отырған жоқ.
– Су тапшылығы неге пайда болды, мәселені қалай шешу керек?
– Тапшылықтың себебі суда емес, басқаруда:
Біріншіден, құрылысқа рұқсат судың бар-жоғына қарамай беріледі. Әрі әрбір инвестициалық немесе жер қойнауын пайдалану жобаларында жер асты суларын пайдалану деп көрсетіледі, яғни бақылаусыз және өлшемсіз. Екіншіден, желілердің тозуы мен шығындары жылдар бойы қордаланып келді. Үшіншіден, кәріз жоқ, сондықтан жерасты суларын өз қолымызбен ластанып жатыр. Төртіншіден, суды қайта пайдалану процесі монша, көлік жуу сияқты орындарда енгізілмеген. Бесіншіден, мониторинг жабық, халық нақты жағдайды білмейді. Десе де, жақсы жаңалық та бар. Сарыбұлақ жобасы басталды. 20 артезиан ұңғымасы мен 26 шақырым су құбыры салынып жатыр. Бірақ бұл бір ғана шара, ал түйінді мәселелер шешілген жоқ.

Ақтөбедегі су мәселесі:  үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ
Біздің талаптарымыз:
• Мораторий. Жаңа тұрғын үй кешендеріне рұқсат тек расталған су көзі мен кәріз болған жағдайда ғана берілсін.
• Кәріз. Жеке секторды кәрізге қосу бойынша мерзімі нақты жоспар қабылдансын.
• Көкжиде. Мұнай өндіруге тыйым салынсын және ерекше қорғалатын мәртебесі қалпына келтірілсін.
• Хром мен бор. Ластанудың көздері анықталып, тазарту жұмыстары қайта басталсын.
• Ашықтық. Жерасты сулары мониторингінің деректері ашық жариялансын. Бұл — Орхус конвенциясы бойынша азаматтардың құқығы.
• Тәуелсіз аудит. Барлық кен орындарының қорына тәуелсіз гидрогеологиялық аудит жүргізілсін.
• Кәсіп орындар суды қайта пайдалану жүйесін енгізу қажет.
– Қаланы ауыз сумен қамтып отырған негізгі жерасты су қорларының жағдайы қалай, оларға толық зерттеу жүргізіле ме?
– Ақтөбені ресми түрде 30-дан астам жерасты су кені қамтып отыр. Оның ішінде негізгі төртеуі – Құндақтықыр мен Електің оң және сол жағалауындағы кендер. Бірақ «30 кен» деген сөз сусыздықтан құтқармайды. Жүйелі зерттеудің жоқтығын әкімдіктің өз құжаттары көрсетеді. Мысалы, Ақжар-2 елдімекеніндегі су жинағыш жерасты суларының қорын есептемей салынғаны ресми түрде мойындалды. Яғни ұңғыманы алдымен бұрғылайды, қорды кейін есептейді.
Құндақтықыр суының сапасы да мінсіз емес: тазарту құрылыстары оны темір мен марганецтен арылтуға арналған. Министрліктің өзі жерасты су қорының едәуір бөлігі әлі толық зерттелмегенін мойындайды. Қойылатын талап – әр кен бойынша қорды қайта бағалау, мониторинг ұңғымаларының деректерін ашық жариялау, санитариялық қорғау аймақтарына тексеру жүргізу.
– Қаладағы өндіріс орындары мен кәріз жүйелерінен шығатын қалдықтардың жерасты су көздеріне сіңіп, оларды ластау қаупі қаншалықты жоғары?
– Қауіп жоғары және ол болжам емес, тіркелген факт.
• Хром. Ластану 1957 жылы іске қосылған Ақтөбе хром қосылыстары зауытымен тікелей байланысты. Бұрынғы Алға химзауыты да ізін қалдырды. Ол 1964 жылға дейін ластанған өндірістік суын Елекке тікелей төгіп келген. Әлі күнге дейін хром мен бордың грунт суларына қай көздерден түсетінін зерттеу қажет деп айтылуда. Ластанудың көзі де толық анықталмаған. Бірақ хром ластанудың қайнар көзі екені рас!
• Кәріз. Бұл – ең күрделі мәселе. Қазіргі кәріз тазарту құрылыстары 1981 жылдан бері жұмыс істейді, тозуы шамамен 70%. Ал орталықтандырылған кәрізге халықтың тек 62%-ы ғана қосылған. Демек, қала тұрғындарының үштен біріне жуығы шұңқыр мен септикті пайдаланады. Олардан шыққан ағын су тікелей жерге сіңеді, ал біз сол жерден ауыз су аламыз.
• Көкжиде. Резервтегі ең ірі қорға да қауіп бар. Көкжидедегі бес жер қойнауын пайдаланушының бәрінің сынамаларынан мұнай өнімдерінің нормадан асуы анықталған, ал үш компанияда бұл әр маусымда қайталанған. Болашақ ауыз су көзінің үстінде мұнай өндіру — қылмыс, немқұрайлылық.

«Aqtobe su-energy group» АҚ Сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі бас инженері Данияр Азамат: 

ҚАЗІРГІ УАҚЫТТА ШАҺАРДА ТҰТЫНУШЫЛАР ҮШІН СУ ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Келесі кезекте біз «Aqtobe su-energy group» АҚ Сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі бас инженері Данияр Азаматтың мәліметіне жүгіндік. Оның айтуынша, қазіргі уақытта шаһарда тұтынушылар үшін су тапшылығы жоқ. Қаланың барлық ауданына су штаттық режимде берілуде.
– Негізгі мәселе – жаңа нысандарды қосу және қаланың перспективалық
дамуын қамтамасыз ету үшін бос өндірістік қуаттардың болмауы. Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласын сумен жабдықтау бес қалалық су алу нысаны арқылы жүзеге асырылады. Олар – Жоғарғы Қарғалы, Тамды, Елек өзенінің сол және оң жағалауындағы су алу нысандары, Құндақтықыр су алу нысаны, сондай-ақ жергілікті су алу көздері.

Су тапшылығының алдын алу және қаланың ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында екі негізгі инфрақұрылымдық жобаны – Моисеев және Сарыбұлақ су жинау құрылыстарын салу қажет. Сонымен қатар, Құндақтықыр су құбырының екінші желісін салу, Құндақтықыр су жинау құрылыстарын реконструкциялау және кеңейту, сондай-ақ су тазарту құрылыстарын (СТҚ) салу жобалары әзірленуде. «Ақтөбе қаласының Құндақтықыр су жинау құрылысына дейін Сарыбұлақ 1-көтеру сорғы станциясы мен су құбырын салу» жобасы аясында жалпы өнімділігі тәулігіне 25 мың м³ болатын 20 ұңғыма, оның ішінде 3 резервтік ұңғыма, сондай-ақ ұзындығы 26,6 км су құбырын салу көзделген.

Тапсырыс беруші – «Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімі» ММ. Қазіргі уақытта Сарыбұлақ су жинау құрылыстарын салу жобасын іске асыру үшін қаражат бөлініп, мердігер ұйымдар анықталды. Биыл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Құндақтыкыр су жинау құрылысының № 7, 8б, 13, 14, 16, 18, 21 ұңғымаларын қайта бұрғылау жұмыстары жүргізілуде, – дейді Данияр Қуанышұлы.
Бас инженердің айтуынша, қаланың сумен жабдықтау жүйесіне берілетін судың орташа тәуліктік көлемі – шамамен 90–110 мың текше метр. Қолданыстағы бастоғандардың қуаты қаланы, елді мекендерді қажетті мөлшерде ауыз сумен қамтамасыз етеді. Алайда, қазіргі таңда қала халқы санының күрт өсуіне байланысты, жаңадан құрылған шағын аудандарды жеткілікті сумен қамтамасыз ету үшін қосымша су көздерін тауып, жаңа су қоймаларын салуды қарастыру қажет.

Яғни қаланың жедел өсуі қолданыстағы су жинау құрылыстарына түсетін жүктемені арттырып, әсіресе жазғы кезеңде суға деген сұраныстың өсуіне әкеледі. Ол Ақтөбе қаласының орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау жүйелерінің ауыз су сапасы 2023 жылғы 20 ақпандағы №26 санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес келеді дейді.

Ақтөбе облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Оксана Сопрун:

ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІН БЕС ЖОБА ШЕШПЕК

Ақтөбе қаласын жеткілікті көлемде сумен қамтамасыз ету барысын зерделеу мақсатында облыс әкімдігіне сұрақтар жолдаған едік. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Оксана Сопрунның мәліметінше, мәселе кезең-кезеңімен шешілмек.
Ақтөбе қаласы мен жаңадан салынған тұрғын алаптарды, яғни Батыс-3, Бауырластар-3, Бауырластар-5, Жаңақоныс-3, Жаңақоныс-4, Сазды-3-ті сапалы әрі үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін 5 маңызды жоба жүзеге асырылуда. Олар – Сарыбұлақ (тәулігіне 25,0 мың текше метр) және Моисеев (тәулігіне 45,0 мың текше метр) жер асты су кен орнын игеру, Құндақтықыр су станциясын жаңғырту және кеңейту, Құндақтықыр су станциясынан келетін су құбырының 2-желісін салу және Ақтөбе қаласының су тазарту құрылыстарын салу.

Ақтөбедегі су мәселесі:  үй салуға рұқсат беріледі, бірақ су жоқ
Сарыбұлақ және Моисеев жер асты су кен орнын игеру үшін жобалық-сметалық құжаттама дайын. Бүгіндері «Сарыбұлақ жер асты су кенорнын игеру» жобасы бойынша Арнаулы мемлекеттік қордан 5 млрд теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау басталды. О. Сопрунның мәліметінше, бұл жобалар іске асырылғанда облыс орталығына тәулігіне қосымша 70 мың текше метр су беріледі. Ақтөбе қаласындағы ауыз су мәселесі толықтай шешілмек. Жоғарыда айтылған қаражат қайтарылған активтер қаражаты есебінен бөлінбек.
2025 жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы Сарыбұлақ жер асты су кен орнын игеруге 13,1 млрд теңге қажет екенін жазған еді. Сондықтан облыстық әкімдіктен арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 5 млрд теңге жобаны іске асыруға жететін-жетпейтінін сұрадық. Қосымша қаражат қажет бола ма? Әкімдік қалған қаражатты 2027 жылы республикалық бюджеттен қарастыру жоспарланғанын ғана айтты.

Ясипа РАБАЕВА

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар