//

Ерлан Қарин, Вице-президент: Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық

128 рет қаралды
Ерлан Қарин, Вице-президент: Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық
фото: Ақорда

Вице-президент Ерлан Қарин 2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияның шешіміне түсініктеме берді. Комиссия төрағасы конкурсқа ұсынылған бірде-бір туынды мүшелердің басым дауысын жинай алмағанын айтып, сыйлықты тұтастай реформалау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.

Ерлан Қариннің айтуынша, комиссия конкурсқа қатысқан үміткерлердің барлығын сыйлайды. Дегенмен ол сыйлық кімге берілетінін нақты ажырату керек екенін атап өтті.

«Олар төл руханияттың дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан белгілі тұлғалар. Өзім де бірқатарын жеке танимын. Бірақ Мемлекеттік сыйлық – тұлғаға емес, туындыға берілетін сыйлық. Атақты біреуге ұнау немесе жағу үшін, ренжіп қалмасын деген себеппен беретін болсақ, өнер одан дамымайды, бұл атақтың мәртебесі артпайды», – деп жазды Вице-президент.

Бірде-бір туынды басым дауыс жинамады

Комиссия төрағасының сөзінше, ұсынылған туындылардың бәрі дауысқа салынған. Алайда дауыс беру қорытындысында бірде-бір жұмыс айқын басым дауысқа ие бола алмаған. Керісінше, қолдамағандар мен қалыс қалғандар көп болған.

Ерлан Қарин мұндай жағдай бұрын да болғанын еске салды. 2023 жылы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік сыйлық лайықты жұмыс табылмағандықтан берілмеген.

«Конкурс болғасын оның нәтижесі де әртүрлі болуы мүмкін, оны дұрыс қабылдау керек», – деді ол.

Сыйлық тәртібі өзгереді

Вице-президенттің айтуынша, комиссия отырысының соңында Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа тұтастай реформа керек екені айтылған. Бұл пікірді желі қолданушылары да қолдап жатыр. Ерлан Қарин сыйлықты беру тәртібі қазіргі талаптарға сай келмейтінін мойындады.

«Сыйлықтың талап, тәртібі ғана емес, мазмұны мен сипаты да өзгеруі керек. Мысалы, әлемдегі ең беделді Нобель сыйлығы 50 не 70 жасқа толғаны үшін емес, жаңалық пен жаңашылдық үшін беріледі. Сол сияқты Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты мерейтой иесіне, үміткердің материалдық жағдайына және басқадай себептерге байланысты ұсыну жалпы дұрыс емес», – деп жазды ол.

Осыған байланысты мемлекеттік сыйлықтың тәртібі мен ережесіне үлкен өзгеріс енгізілмек.

Ерлан Қарин келтірген дерекке қарағанда, 2000 жылдан бері Абай атындағы мемлекеттік сыйлық 60-қа жуық адамға берілген. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен сыйлық иегерлеріне берілетін қаражат көбейген.

«Демек, беделді сыйлыққа ұсынылатын туындылар да осыған лайық болуы шарт», – деп түйіндеді Вице-президент.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар