Қазақстанда отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес қоғамды дүр сілкіндірген ауыр трагедиялардан кейін жаңа арнаға бұрылған еді. Яғни экс-министр Бишімбаев сотталғаннан соң халықтың қатаң талабымен 2024 жылы «Салтанат заңы» қабылданды. Заңдағы басты өзгеріс тұрмыстық зорлық криминализацияланып, агрессорлар қатаң жазалануы керек.
Арада екі жылдан аса уақыт өтті бұл заң іс жүзінде қаншалықты іске асып жатыр? Зорлыққа ұшыраған әйелдер мен балалар кімнен барып көмек сұрайды? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты дағдарыс орталықтары жәбірленушілерге қандай көмек көрсетіп жатыр? Көмекке мұқтаж жандар бұл орталықтар туралы біле ме, әлде полиция бөлімшесінен үйіне қайтып кетіп жатыр ма? «Мінбер» редакциясы бұл мәселені мемлекеттік мекемелердің ресми деректері мен тәуелсіз сарапшылардың пікірін және кейіпкерлердің шынайы оқиғасымен салыстыра отырып зерттеп көрді.
“Балаларыммен жертөледе түнедім”
35 жастағы Людмила Огневаны күйеуі екінші әйел алып, қыстың күні үш баламен үйінен қуып шығады. Ол кезде Людмиланың үшінші қызына аяғы ауыр еді.
– Күйеуімнен көп таяқ жедім. Балалар үйінде өскендіктен кішкентайымда басымнан талай соққы алғам. Бір күні күйеуім сол жарақатымнан қатты ұрып, миым шайқалып, маңдай тұсым жарылып кетті. Көзім көгеріп, бетім ісіген. Көшеге шығуға ұялатынмын. Полицияға барайын десем, балаларымды тартып алып, өзім сияқты балалар үйіне өткізіп тастай ма деп қорықтым, – дейді Людмила.

Ешқандай туыстары болмағандықтан қайда барып, паналарын білмеген. Қыстың суығында қаңырап бос тұрған үйдің жертөлесінде екі-үш күн түнеген кездері де болған. Кейін Людмила Алматы қаласындағы Жан-Сая мемлекеттік дағдарыс орталығында 3 ай тұрады. Орталықтың мамандары қысым көп көрген анаға көмектескен.
Людмила Жан-Саяда жүріп өз өзіме келе бастадым дейді. Алайда белгіленген мерзім тек үш ай болғандықтан, ол орталықтан да кетуге тура келген. Қайда барарын білмей, балаларын жетектеп жүріп, аш қалмау үшін дәретхана тазалаудан бастап түрлі қара жұмыстар істейді. Оның үйсіз жүргенін байқаған бір әйел Людмиланы “Мейірім мекені” атты орталықпен таныстырады. Бүгінде Людмила сол жерде балаларымен бірге қауіпсіз өмір сүріп жатқанына екі жылдан асқан.
“Мейірім мекені” бір күнде пайда болған жоқ. Оның ашылуына кәсіпкер Қайрат Реимовтің бала күнгі тағдыры мен өмірлік ұстанымы түрткі болған. Қайраттың өзі де кезінде жалғызбасты ананың тәрбиесінде өсіп, жоқшылықтың ауыртпалығын көріп өскен жан. Өмірдің қатал сынын өз басынан өткерген ол басқа аналар мен балалар мұндай қиындықты көрмесе екен деген мақсатпен осы мекенді құрған.

Орталық 2020 жылы желтоқсан айында ашылған. Осы уақыт аралығында бұл орталық 97 ана мен 291 балаға пана болған. Жатақхана үлгісінде салынған екі қабатты ғимараттың әрбір бөлмесі бір үй болып есептеледі. Яғни әр бөлмеде жуынатын бөлмесі мен дәретханасы, ас үй мен жатын орны бар. Мұнда келген аналар балаларымен 3 жыл тегін тұра алады.
Орталықтың мақсаты — онсыз да тағдыры ауыр аналарды коммуналдық қызмет, пәтер ақысы деген шығындардан босатып, 3 жылда қаражат жинап, аяққа тұрып кетуіне жағдай жасау. Әрі бұл жер тек уақытша паналатып қоймай, қолдан келгенше аналардың құжаттарын реттеп, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастырады, психологиялық-құқықтық көмек беруге тырысады.
Дегенмен, мемлекеттік емес орталықтардың өзіндік қиындықтары да аз емес Оның ең негізгісі қағазбастылық пен бюрократия. Соңғы кездері лицензиялау және құжат рәсімдеу талаптары күшейіп, бұл салада жұмыс істеу едәуір қиындап кеткен. Әрине, аналар мен балалардың қауіпсіздігі үшін белгілі бір бақылаудың қажет екені түсінікті, бірақ талаптар тым күрделі болса, ол жеке бастамамен жұмыс істейтін орталықтарға үлкен қаржылық әрі әкімшілік салмақ түсіреді.
Орталық басшысы Нұрсұлтан Қабиевтің айтуынша, «Мейірім Мекені» орталығы 5 жылдан бері ешқандай мемлекеттік қаржыландырусыз, тек құрылтайшының жеке қаражаты мен қолдауының арқасында жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде жүздеген отбасыға пана болған ұжым мемлекет тарапынан жіберген жандарды да қабылдап, өз тарапынан қолдау көрсетіп жатыр. Алайда ол бұл салада тек қағаз жүзіндегі есеп пен қатаң талаптар емес, шынайы көрсетілген көмек пен адам өміріне тиетін оң әсер бағалануы тиіс деп есептейді.
– Мемлекеттік органдар бізге көмекке мұқтаж адамдарды жіберіп жатады, олардан бас тартпаймыз. Бірақ лицензиялау талаптарын түсінікті әрі қолжетімді етіп, құжат рәсімдеу процестерін жеңілдетсе, жұмысымыз әлдеқайда нәтижелі болар еді. Өйткені біздің ортақ мақсатымыз қағаз жинау емес, қиын жағдайға тап болған аналар мен балаларға қауіпсіз баспана беріп, оларға жаңа өмір бастауға мүмкіндік жасау», — дейді орталық басшысы Нұрсұлтан.
ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҚТАРЫ ПРОБЛЕМАНЫ ШЕШУГЕ НЕГЕ ҚАУҚАРСЫЗ?
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар жауапты.
Министрліктің редакцияға берген жауабына сәйкес Қазақстан бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін барлығы 31 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Ал ресми статистикаға қарасақ 2023–2025 жылдар кезеңінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен 13 мыңнан астам адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Мемлекеттік дағдарыс орталықтары 8 түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Яғни жәбірленушілер әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық және құқықтық қызметтерге тегін жүгіне алады. Ең бастысы баратын жері болмаған жағдайда 3 айдан 9 айға дейін кәмелетке толмаған балаларымен орталықта тұра алады.
Жан-Сая Алматы қаласындағы жалғыз мемлекеттік дағдарыс орталығы. 52 жатын орын бар. Жоғарыда айтылған 8 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. 2021 жылдан бастап Орталықты әйелдер мен балаларды қоса алғанда, барлығы 2 612 адам паналаған.

- Бізге тек Алматы қаласының тұрғындары келмейді Қазақстан бойынша көмек көрсетеміз. Көмек сұрағандарға өз өңіріндегі дағдарыс орталықтарын ұсынып жатамыз. Бірақ өмір қауіпсіздігіне алаңдап, басқа қаладан көшіп, біздің орталықты паналап тұрып жатқан аналар да бар. Кейде орын тапшылығы боп қап жатады, – дейді Жан-Сая орталығының психологы Мадина Мағауия.

Алматы облысында да жалғыз дағдарыс орталығы бар. Ол Қонаев қаласындағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мекемесі. Орталық 50 орынға арналған. Жатын орыннан бөлек психологиялық, құқықтық көмектер көрсетеді.
Соңғы 4 жылда 1142 адам көмек алған.

Бірақ дағдарыс орталығының орынбасары Е.Байқоныс қаржыландыру мен өңірлік инфрақұрылымға келгенде бірақатар мәселелер бар дейді:
- Ең негізгі қиындықтардың бірі облыстың шалғай аудандары мен елді мекендерінде тұратын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды орталыққа жеткізу мүмкіндігі шектеулі. Қажетті көлік құралдарының болмауы тиісті көмекті уақтылы алуға кедергі болып жатады. Жәбірленушіге уақытылы көмек көрсету, зорлықтың қайталану қауіпін төмендетеді, – дейді орталықтың орынбасары.
“Алты жыл малай болдым”
Мемлекеттік есептерде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар күшейтіліп, әйелдердің құқығы қорғалып жатыр деген мәлімдемелер жиі айтылады. Алайда бұл «идеалды статистиканың» артында тас-талқаны шыққан тағдырлар мен көмекке зар болған аналардың даусы жатыр. Соның бір мысалы, 43 жастағы 7 баланың анасы Анар Боранбаеваның басынан өткерген оқиғасы.

Анар тоғыз жылдық некенің алты жылында малай болдым дейді. Күйеуі оны үйден сыртқа шығармай, еркінен тыс зорлап, аяусыз сабайтын. Тіпті жүктіліктің 30-32 апталарында да аямай таяқ жеген кездері болған. Анар жүктілік кезін бір рет те емханаға барып, УЗИ-ге түсіп көрмеппін деп еске алады. Туыстары басқа қалада болғандықтан, күйеуі олармен байланыс орнатуға мүмкіндік бермеген. Үш рет қашып шыққанымен, балаларын асырайтын жағдайы болмағандықтан, амалсыздан қайта оралуға мәжбүр болған.
Әйел бұл қорлықтан құтылу үшін Дина Таңсәрінің “Не молчи” қорынан көмек сұраған. Кейін ол Алматыдағы дағдарыс орталығын паналайды. Сонда жүріп бір қайырымдылық қоры оған Алматы облысынан шағын үй береді. Алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмай, күйеуінің туыстары балаларын жетектеп соңғы қоңырауға кеткен Анардың үйін түгін қалдырмай өртеп жібереді.
Қайда көшіп барса да, агрессор тауып алып, мазасын алған. Бірде жалдап тұрған пәтерінің терезелерін шағып кеткен. Анар оны 600 мың теңге несие алып жөндеттім дейді. Жұмыс істеп жүрген сән салонының да есік-терезесін қиратып кеткен. Осы қорлықтан кейін Анар амалсыздан Астанаға көшуге мәжбүр болады. Қоныс аударуға қаражатты “Не молчи” қоры жылу жинап, көмектескен.
Бас қалаға көшкеннен кейін де жанұяның күйбең тірлігі жеңілдеген жоқ. Көпбалалы ана ретінде бес жыл бойы «Алтын алқаға» тапсырғанымен, нақты себебін түсіндірместен мемлекет 5 рет бас тартқан. Тек «Не Молчи» қорының көмегімен мәселе реттелді. Қазір Анар мемлекеттен 205 мың теңге әлеуметтік көмек алады. Бірақ оның 200 мың теңгесі ай сайынғы пәтер жалдауға кетеді дейді.
Қазіргі таңда Анардың жағдайы мүшкіл. Оған үшінші дәрежелі “Агрессивті лимфома” (лимфа жүйесінің қатерлі ісігі) диагнозы қойылған. Сирек кездесетін дерт болғандықтан Қазақстан емдей алмайды. Анардың жалғыз үміті Қытай клиникаларында ем қабылдау болып отыр. Бүгінде еміне жылу жинап бастаған.
Осы жылдар ішінде Анар талай рет полицияға шағымданған. Алайда тәртіп сақшылары бұл отбасын толыққанды қорғай алмады.
– Полиция статистиканы бұзбау үшін, мәселені жауып тастау үшін көп нәрсеге көз жұма қарайтынына талай көзім жетті. Қанша рет көмек сұрап жүгіндім, бірақ бізді қорғай алған жоқ, — дейді ол.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту үшін қабылданған «Салтанат заңы» қоғамда үлкен үміт оятқаны рас. Қоғам бұл заң қабылданып, өзгерістер болады деп қуанғанымен, Анардың тағдыры бұл қағидалардың әлі де тек қағаз жүзінде қалып қойып жатқанын көрсетті. Іс жүзіне келгенде полицияның әрекетсіздігі мен жүйенің салғырттығы әйелдерді тағы да қорғансыз қалдыруда.
«Салтанат заңы»: Қағаздағы қатаңдық пен істегі қауқарсыздық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға 2024 жылдың сәуір айының ортасында қол қойды. Қоғамды дүр сілкіндірген Қуандық Бишімбаевтың сот процесінен кейін қабылданған бұл түзетулер пакеті тұрмыстық зорлықты түбегейлі криминализациялап, ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендерді әкімшілік баптан қылмыстық бапқа өзгертті. Алайда, заңның іс жүзіндегі жұмысы мен қағаздағы көрінісі екі бөлек болып тұр.
Әкімшілік кодекстің 73-бабына сәйкес, отбасылық жанжал шығарғандарға алғашқы құқық бұзу кезінде 5 тәулікке дейін қамауға алу немесе 20 сағат қоғамдық жұмыс қарастырылған. ІІМ мәліметі бойынша, соңғы жылдары бұл бап бойынша тіркелген істер саны күрт өскен:

Алайда бұл көрсеткіштердің артында үлкен қайшылық жатыр. Мысалы, 2020 жылы 25 844 іс тіркеліп, 25 028 адам жауапқа тартылған. Ал 2025 жылы 82 мыңнан астам іс тіркелгенімен, оның тек 34 059 адам ғана шамамен 45%-ы жауапкершілікке тартылған. Ал қалған істердің 55%-ы ешқандай санкциясыз немесе тараптардың татуласуымен жабылған. Жүйе зорлықты бұрынғыдан көбірек тіркегенімен, нақты жазалау деңгейі әлдеқайда төмендеп кеткен.
Тәуелсіз сарапшы, «Не Молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрі заңның қабылдануын құптағанымен, оның іске асу тетігіндегі өрескел қателіктерге тоқталады. Оның айтуынша, парламент депутаттары мықты заң қабылдап, агрессорларды 50 тәулікке дейін қамауға аламыз деп қуантқанымен, артынша изоляторларды салуды 2030 жылға дейін кейінге қалдыруға дауыс берген.
– Яғни, ресми түрде қамау үйлерінің тапшылығына байланысты 2030 жылға дейін қамауға алуды тоқтата тұратыны туралы жарлық шығады. Ол жерге дәл сол абьюзерлер де кіреді. Егер қамау үйлерін қорғай алмасаңыздар, қандай заңды алға тарттыңыздар?» — дейді құқық қорғаушы.

дереккөз: zoom платформасынан скрин
Дина Таңсәрінің айтуынша, жәбірленушілердің полицияға сенбеуінің басты себебі — тәртіп сақшыларының әрекетсіздігі мен жүйенің әйелдерді қорғауға дайын еместігі. Жылдар бойы полициядан қарапайым нұсқаулықтар сұралғанымен, нәтиже жоқ. Полицейлер заңның қалай жұмыс істейтінін толық түсінбей, көп жағдайда «статистиканы бұзбау» немесе «отбасын сақтап қалу» сылтауымен жәбірленушіні татуласуға мәжбүрлейді.
- Бізге барлық полицейлер құрамын қайта бейімдеу қажет. Онда тұрмыстық зорлық саласымен жұмыс істейтін, құрбанның психологиясын түсінетін адамдар болуы тиіс. Құрбан неге барып татуласады, неге “полиция ешнәрсе жасамайды” деп қорқады, осыны түсінетін маман керек. Егер зорлық көрсеткен адам әділ жазасын алса, бұл қылмыстар әлдеқайда қысқарар еді, — дейді Дина Таңсәрі.
Сарапшы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен ықпалды адамдардың жазадан сытылып кетіп жататындығы мәселені одан сайын ушықтырып отырғанын атап өтті. Көмек іздеп келген әйелдер полиция мен прокуратура табалдырығын тоздырып, айлап жауап күтеді, ал жүйедегі салғырттық пен агрессор тарапынан болатын қысым әйелдерді толығымен тығырыққа тірейді.

түсірген Ислам Аманқос
Әйелдер құқығын қорғап жүрген феминист, белсенді Камила Еңсеген тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық кодекске енгізуге әйелдерге керісінше кедергі болып жатыр деген пікірде.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық кодекске енгізу бұл мәселенің үлкен масштабын көрсетеді. Дегенмен, оның әлеуметтік өмірде қырсығы көп тиіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені бұрын учаскелік полицияға айтсаң агрессорды 2-3 тәулікке қамап, сабасына түскенде босататын. Әйелдер бұл уақыт арасында демалып алатын. Ал қазір бірден қылмыстық іс қозғайтындықтан жәбірленуші барынша шыдап отыруға тырысады. Өйткені іс қозғалса, күйеуі жұмыстан шығып кетеді, несие төлей алмайды деген сияқты қоғамда көзге көрінбейтін мәселелер өте көп, – дейді, Камила Еңсеген.
Қазақстанда үйдегі зорлықтан көбіне әйелдер зардап шегеді. Ресми деректер 18 жастан 49 жасқа дейінгі әрбір алтыншы қазақстандық қыз-келіншектің өмірінде кем дегенде бір рет жыныстық зорлық немесе таяқ жейтінін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, 2023 жылы Қазақстандағы әрбір төртінші өлім отбасы, тұрмыс саласына тиесілі болған.
Халықаралық ұйымның үндеуі
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған шараларға қарамастан, халықаралық ұйымдар бұл мәселені әлі де түбегейлі шешу қажеттігін айтып отыр. БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты алалауды жою жөніндегі комитеті (CEDAW) Қазақстанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты Қылмыстық кодексте жеке қылмыс ретінде бөлек заң қабылдауға шақырды.
Халықаралық ұйым былтыр қыркүйекте Астанада орын алған қайғылы оқиғаны мысалға келтіреді: екі баланың анасы Жазира Адауова бұрынғы күйеуінің қолынан 16 рет пышақталып қаза тапқан болатын. Марқұмның туыстары полицияға бірнеше рет шағымданғанын, бірақ тиісті көмек алмағанын айтқан еді. Бұл жағдай құқық қорғау органдарының салғырттығы мен қорғау тетіктерінің әлі де әлсіз екенін көрсетті.
Human Rights Watch ұйымының мәліметінше, қазан айында комитеттің есебін қарау кезінде қазақстандық делегация тиісті заң қабылдауға уәде берген. Дегенмен, сарапшылар қолданыстағы реформалардың олқы тұстарына алаңдаушылық білдіреді. Мысалы, 2009 жылғы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң күшін жойып, оның орнына қабылданған жаңа заңдар бұл мәселені тек жалпы алдын алу шаралары аясында ғана қарастырады. Сондықтан құқық қорғаушылар зорлық-зомбылық асқынып, қайғылы жағдайларға әкелмес үшін мемлекет қағаздағы есептермен емес, әйелдерді нақты қорғайтын жұмыс істейтін тетіктермен қамтамасыз етуі тиіс деп отыр.
Әмина Кемелбай
Парақшамызға жазылыңыз
