//////

Оралдағы жедел жәрдем: кадр тапшы болса да, жаңа станциялар ашылмақ

90 рет қаралды
Оралдағы жедел жәрдем: кадр тапшы болса да, жаңа станциялар ашылмақ

Фото: Minber.kz

Станция басшысының айтуынша, шілдедегі «Жеделемес жәрдем» редакциялық тергеуінен кейін жөндеуде тұрған көліктер іске қосылды. Тамыз айынан бастап желіге 25 бригада шығады, қазір жұмыс күндері 25–26, сенбі мен жексенбіде 27–28 бригада жұмыс істейді. Алайда кадр тапшылығы шешілмеген: станция басшысы ұсынған деректерге сәйкес, тамызда 10 дәрігер мен бір психолог жетіспеді, содан бері бір дәрігер ғана алынды, қазір 9 дәрігер мен 1 психологтың орны бос. Осы және басқа да сұрақтарға нақты жауап алу үшін Батыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Ғабитжан Ислямовпен сұхбаттастық. 

Оралдағы жедел жәрдем: кадр тапшы болса да, жаңа станциялар ашылмақ

– Ғабитжан Капиевич, қазіргі уақытта желіде қанша жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр, қанша көлік бар?

– Жалпы желідегі көліктің саны – 35. Бригадаларға келетін болсақ, күнделікті жұмыс күндері қала ішінде 25-26 бригада тұрақты желіге шығады, сенбі-жексенбі күндері емханалардағы бригадалар болмаған кезде желіге шығатын бригада саны 27-28-ге дейін артады. Күзгі мезгілдегі тымау, жедел респираторлық-вирустық инфекциялар (ЖРВИ) кезінде шақырту саны артатынын есепке алып, 3-4 көлік резервте дайын тұрады. Көліктің басым көпшілігін жөндеуден өткіздік, соның арқасында бригада саны артты. Әрине арасында бұзылу, сыну, ұсақ жөндеулер болып тұрады.

– Қала бойынша бір тәулік ішінде қанша шақырту түседі? Жаз бен күз мезгілін салыстырғанда бұл шақырту саны қалай өзгереді?

– Негізінен шақыртулар саны бірқалыпты, тәулігіне шамамен 700-800 шақырту түсіп отырады.  Алайда қазіргі ауа-райының салқындауына және ЖРВИ-ге байланысты шақыртулар көбейді, тәулігіне 1000-ға жуық шақырту қабылдаймыз. Егер бұған аудандардағы шақыртуларды қосатын болсақ, тәулігіне 1200 шақыртуға дейін барады.

Оралдағы жедел жәрдем: кадр тапшы болса да, жаңа станциялар ашылмақ

– Жедел жәрдем уақытында келмейді деген шағым көп болды, қазір бұл жағдай өзгерді ме?

– Шағым ол тұрақты болады, бір айда көбейіп кетсе, келесі айда азаяды. Негізінен шағымдар 4-ші санаттағы шақыртуларға қатысты түседі. Қазір біз тұрғындарға шақырту санаттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, емханалармен байланысты күшейтіп жатырмыз. Созылмалы аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған науқастарға жоспарлы медициналық көмекті ұйымдастыру мәселесіне де аса назар аударылып отыр. Осыған байланысты емханаларға күн сайын есеп беріп отырамыз, емханалармен тығыз жұмыс жасай бастадық. Біздің жұмысымызға шағымданумен қатар, медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдіретін тұрғындар да хабарласады. Соңғы кезде науқастар алғысын білдіретін жағдайлар көбейді. Мысалы, тек соңғы айда 4 адам рақмет айтып, хабарласты. Кеше ғана біреуі «Мен фельдшерлерге алғыс айтып едім, неге Instagram-ға жарияламадыңыз» деп сұрады. Соған қарағанда біздің парақшамызды халық оқып отыр деп ойлаймын. 

– Жедел жәрдем көліктерін сатып алу мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– 2026 – 2027 жылдарға облыс әкімдігі арқылы лизингке 50 жедел жәрдем көлігіне тапсырыс берілд Оның ішінде 30 көлік сатып алу тәртібіне қарай үлгерсе, биыл алынуы мүмкін. Қалған 20 көлікті 2027 жылы сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, биыл тозығы жеткен 11 жедел жәрдем көлігі есептен шығарылады, есептен шығару тәртібі бойынша жұмыстар басталып кетті. 

– Жедел жәрдем станциясының жаңа ғимаратының құрылысы көп жылдан бері басталмай келеді Құрылыс қашан басталады?

– Біздің ғимаратты білесіз, 1948  жылы салынған, оны бұрынғы атқора деп те айтады. Биыл құрылысқа қаржы бөлінді. Бұрынғы ғимарат толығымен сүріліп, оның орнына жаңа ғимараттың құрылысы қазан айында басталып кетті. Жаңа жедел жәрдем станциясының ғимараты типтік, 3 қабатты, жертөле орынжайы бар, оның ішінде  асхана мен киім ауыстыру бөлмесі бар, 1-қабатта дәрігерлер, фельдшерлер мен жүргізушілердің тынығу бөлмесі, 2-қабатта толығымен диспетчерлік қызмет және барлық мамандар үшін кабинеттер қарастырылған. Бүгінгі таңда жертөле қабатын салып жатыр. Құрылыс 11 айдан кейін аяқталуы керек.

– Жазда жедел жәрдем станциясына 10 дәрігер қажет болған?   Бұл мәселе шешілді ме?

– Бүгінгі таңда 9  дәрігердің орыны бос, мамандар іздестіріліп жатыр. Заңға сәйкес бос орындар enbek.kz порталында жарияланады. Жарияланған бос орынға келген тек бір ғана дәрігер болды, сол дәрігерді жұмысқа алдық. Бірақ басқа өтініш түспеді, қызығушылық танытқан дәрігерлер болмады. Бұл бір жағынан, денсаулық сақтау саласындағы дәрігер тапшылығы мәселесі десек, екінші жағынан дәрігерлердің талапқа сәйкес сертификаттарының болмауы. Емханалар, ауруханалар болсын, жедел жәрдем болсын, медицина саласында кадр тапшылығы өте жоғары. 

– Есіңізде болса жедел жәрдем станциясының қызметкерлері үшін арнайы психологиялық қызмет туралы сөйлескен едік, психолог маманның орны бос болды Қазір психолог бар ма және психологиялық қызмет кабинеті ашылды ма? 

– Тағы бір өзекті мәселе психолог маман, ол маманның орны да әлі күнге бос тұр. Біз әлі психолог таба алмай отырмыз. Психологиялық қызмет кабинетіне келетін болсақ, жаңадан салынатын ғимарат құрылысында психолог үшін арнайы кабинет қарастырылған.

– Өткен жолы жүргізушілер қосымша төлемдерге қатысты шағымданды.-  Сіз қызметкерлермен жиналыс өткізуге уәде берген едіңіз. Ол мәселе қалай шешілді?

– Әр бригадамен, әр ауысымның жүргізушілерімен қосымша ақыға қатысты жиналыс өткіздім. Қызметкерлердің жалақысы, қосымша төлемдері, сыйақылары уақытында төленіп отыр, олардың сұрайтыны сараланған төлем. Сараланған төлем ол үнемделген қаржы болған жағдайда ғана қарастырылады, бұл туралы жүргізушілерге түсіндіріп айттым. Биылғы жылдың аяғында үнемделген қаржы көлемі болған жағдайда бағалау парағына сәйкес қарастырылады.

– Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

– Биылғы жылдың аяғы және келесі жылдың ішінде 50 жедел жәрдем көлігін сатып алу жоспарланған.-  11 айдан кейін құрылыс аяқталып, жаңа ғимаратқа көшеміз деп жоспарлап отырмыз. Жоспарда жаңадан салынған «Ақжайық» шағын ауданында және «Жұлдыз» шағын ауданында жедел жәрдемнің қосалқы станцияларын ашу ойы да бар. Ол шағын аудандарда үйлер көп салынған соң, халық саны да күннен күнге артып жатыр. Ақжайық, Жұлдыз шағын аудандарында тұратын халықтың шақыртуларына шұғыл жету, жедел көмек көрсету мақсатында қосалқы станция ашу мәселесін қарастырып жатырмыз.

Біз сонымен қатар, облыстық жедел жәрдем станциясының диспетчерлік қызметінің мамандарымен сұхбаттастық. Сұхбаттар келесі материалдарда жарияланады.

Парақшамызға жазылыңыз
Редакция участвует в сети «Все СМИ».

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар