Қазақстандық паратаеквондошы Мәлік Мұқашев әлем чемпионатында үшінші мәрте топ жарып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан паратаеквондодан XI әлем чемпионатында отандасымыз алтын медаль жеңіп алды.
K-41 санатында, 80 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мәлік Мұқашев алдымен түрік спортшысы Гокбаба Ясар Самиден басым түссе, әлем чемпионы атағы үшін өткен жекпе-жегінде Ирак спортшысы Әл Фаххамды жеңді. Бұл байрақты бәсекеге 62 елден 245 спортшы қатысуда.

Айта кетейік, Мәлік бұған дейін де әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсеткен. 2021 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен әлем чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді. Ал 2023 жылы Мексиканың Веракрус қаласында өткен әлем чемпионатында да топ жарып, екінші мәрте әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Муджудағы жеңісінен кейін жерлесіміздің әлем чемпионаттарындағы алтын медаль саны үшеуге жетті.
Айта кетейік, одан бөлек Мәлік бірнеше дүркін Азия чемпионы және жүлдегері. Бапкері Ербол Мерғалиев.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз
