Кімнің ықпалында емессің, қазақ көрермені?!

3098 рет қаралды

«Қазақстан көрермендерінің 55 пайызына Ресей арналары ықпал етеді» деп жүргеніміз ештеңе емес екен дейтін халге жеттік. Өйткені біздің көрермен өзбекстандық БАҚ-тың да ықпалында қалып жатқаны ақиқат. Сондай-ақ бүгінгі таңда аспан асты елі посткеңестік мемлекеттер үшін Ұлттық холдинг құрып жатса керек. Таяу болашақта Қытай телевидениесі де қазақстандық көрермен үшін таласқа түсетін болады. Осы және өзге де жайттар таяуда Алматыда өткен ІІ Медиа Құрылтайда кеңінен сөз болды.
Кім тығырықтан қалай шығып жатыр?
«Интерньюс-Қазақстан» ұйымының атқарушы директоры Маржан Елшібаеваның келтірген деректерне сүйенсек, өңірдегі ақпарат құралдары да бейқам отырған жоқ. Жарнамадан түсетін табыс азайды, медиа өнім көлемі де кеміді. Аймақтық телерадиокомпанияларының берешектері тек арту үстінде екен. Мысалы қарағандылық телеарналардың бірі салмақты бағдарламалардан бас тартып, бірыңғай көңіл көтеру хабарларына ауысып жатса керек. Компания басшылығы реалити-шоу түсіруге мықтап бел буғанға ұқсайды. Әрі көп қаржыны да талап етпейтін көрінеді. Сол өңірдегі Бесінші арна басшылығы, мысал ретінде айтар болсақ, табыс түсіре қоймаса да, арна рейтингін жоғарылатуға септігін тигізуі мүмкін жобаларды жүзеге асыруға көшіпті. Эфирдегі жүгіртпе жол бойынша өтетін жарнама бағасын да төмендетіпті. Бірқатар аймақтық телеарналар көркем фильмдерді сатып алудан бас тартып, деректі түсірімдерді ғана «талғажау» етуді жөн көрген. Ал қостанайлық «Алай» телевидениесі жетекшілігі бау-бақша мен ем-дом жүргізуге қатысты бағдарламаларды түсіруге қамданыпты. Ал ақтөбелік жергілікті арналардың бірі бұрын негізгі клиенттерінің банктер мен құрылыс компаниялары екенін айта келе бүгінде жарнама берушілердің дені шағын бизнес субъектілері, оның ішінде шаштараздар мен шағын цехтар, мейрамханалар екенін жеткізіпті. Ал түркістандық телекомпания бірыңғай мемлекеттік тапсырыстар мен халықаралық ұйымдардың гранттарына күн кешіп жатқанын жасырмаған. Аймақтағы БАҚ басшыларының пікірлеріне құлақ аса келе Маржан Елшібаеваның айтуынша, дағдарыс салқынының жақсы тұстары да жоқ емес екен. Мысалы, бірқатар медиа-басшылар кадрлардың ешқайда кете алмайтынын қуана хабарлайды. Ал жарнама жағына келер болсақ, ақтөбелік арна басшысы екі жыл бұрынғы позицияға тұрақтағанын жеткізген. Тығырықтан шығу үшін өңірдегі ақпарат құралдары отырып алып, гранттар алудың да қамына кіріссе керек. «Біз бірнеше жылдан бері өңірдегі журналистерді кәсіби тұрғыда жұмыс жасауды үйретіп келеміз. Бізге оқуға келгенде бар талантын паш ете білген журналист аймаққа барғанда өз дарынын аша алмайды. Өйткені аймақты журналист өзінің кәсіби қасиетін аша алмайды», – дейді Елшібаева ханым.
Медиа-нарықты жарнама нарығымен шатастырамыз
Медиа-құрылтай барысына баға берген «Тәуекелдерді бағалау тобының» директоры Досым Сәтпаев бұл басқосуда «автомобильдің тек бір дөңгелегін қайткенде әдемілейміз» дегеннің кері келтіріліп жатқанын ашық айтты. «Біз бұл жерде жалпы машинаның нақ өзі туралы талқылап жатқан жоқпыз», – деп атап өтті ол. Досым Сәтпаевтың айтуынша, біздегі ақпарат кеңістігінің 80 пайызы саяси факторларға бағынышты. Қалған 20 пайызы – бизнес.
Сәтпаевтың пайымынша, бүгінгі таңдағы ақпарат кеңістігіндегі ауыртпалықтарға дағдарысты кінәлай беруге де болмайды. «Дағдарыс болмағанда біздегі БАҚ деңгейі қандай бағытта өзгерер еді» деген сауалға мен «ешқандай» деп жауап қатар едім», – дейді «Тәуекелдерді бағалау тобының» жетекшісі.
– Таяуда үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімов қазақстандық көрерменнің 55 пайызының Ресей БАҚ ықпалында екенін айтты. Мен бұл көрсеткішті оптимистік дер едім. Қазақстан көрермендері тек Ресейдің ғана емес, Өзбекстанның ақпарат құралдарының да ықпалында деп айтар едім. Ал алдағы 10-15 жылда, менің күмәнім жоқ, біздің ақпарат кеңістігінде Қытай ақпарат құралдары өз әмірліктерін жүргізуі мүмкін. Қазірдің өзінде Қытай мемлекеті посткеңестік кеңістікте ұлттық холдинг құруды жоспарлап жатыр, – дейді Досым Сәтпаев. – Меніңше, біздегі БАҚ дағдарысқа дейін де ақпарат кеңістігін уысынан шығарып отырды. Ал оған дағдарыс кінәлі емес. Сыртқы күштердің де ықпалы болмады. Тек ішкі факторларды ғана айыптауға болады. Егер БАҚ тұтынушыларының 55 пайызы өзге елдің ақпарат нарығының ықпалында қалды десек, оған біз бірден келген жоқпыз, бірнеше жылдар бойы қалыптасқан тенденция бұл.
Сәтпаевтың пайымдауынша, қазіргі керағар жайттардың бірі Қазақстанның ақпарат кеңістігінде монополизация жұмыстары.
– Тағы бір мәселе мемлекеттік тапсырыс жағдайы. Дағдарыс салқыны соқсын, соқпасын, бірақ мемлекеттік тапсырыс ауқымы артты. Бұл ретте БАҚ секторының үлкен қару екенін де айтқан жөн. Ал ол қаруды, әрине билік уысынан шығармайды. Оны жай бизнес құралы ретінде де бере алмайды, – дейді саясаттанушы. – Сондай-ақ бүгінде ақпараттық-сараптамалық жобалардың тынысы тарылып бара жатқаны жиі айтыла бастады. Ақпарат құралдары негізінен Елордадан шыққан мәлімдемені таратумен ғана шектеледі. Мұның өзі қазақстандық көрерменнің өзге елдің ақпараттың нарығына мойын бұруына итермелейді емес пе?! Ал отандық өнімді қарағысы келмегеннен ондай қадамға бармайды, мәртебелі көрермен жан-жақты дүниені көргісі келеді.
– Сондай-ақ, менің келіспейтінім, Қазақстанда медиа-нарық болды деген түсінікті болдырмауымыз керек. Бізде медиа-нарық болмады. Біз медиа-нарықты жарнамамен шатастырып келеміз. Осы құрылтайда Қазақстандағы жарнама нарығының көлемі 200 миллион доллар көлемінде болғаны естілді. Бұл тек жарнама нарығының көлемі. Ал контент бәсекелестігі өз алдына, – деп мәлімдейді Сәтпаев. – Елде сондай-ақ небір заңнамалар қабылданып жатыр. Ал мұның барлығы БАҚ саласын дамытуға кері әсерін тигізуде. Жеке бастың құпиялылығына қатысты заңнаманың қабылдануы да журналистік зерттеу жанрының құлдилауына септігін тигізетіні анық. Бұл проблемаларға мен кеңінен қараса дегім келеді. Талды емес, орманды көруіміз керек.
КТК-ның көш басында болғанына Шораев неге мәз емес?
Ал КТК телеарнасының Бас директоры АРМАН ШОРАЕВтың пікірінше, мемлекет, билік журналистиканы қолдауға міндетті.
– Санаулы күндер бұрын Кәрім Мәсімов ақпараттық тұрғыда Қазақстан көрермендерінің Ресей колониясында екенімізді айтты. Шын мәнінде солай. Бүгінде Қазақстандағы ең табысты арна – ол «Орт-Евразия» арнасы. Қазақстан көрермендерінің жартысы соның «уысында». Сондай-ақ қазақстандық көрермендердің бағалауынша, корей және түрік сериалдарының рейтингтері аса жоғары. Өкінішке қарай біз дағдарысқа дейін-ақ Ресей ақпарат колониясында едік. Мемлекет дұрыс қолдау көрсетпейінше біз әлі осы күйде қала беретін түріміз бар. Біздегі мемлекеттік тапсырысты сантиметрмен, минуттармен өлшей беретін болсақ, бізде ештеңе болмайды. Түкке қажетсіз дүниелермен ғана шектелетін боламыз. Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бөлінетін миллиардтаған теңге желге шашылып жатыр, – деді Шораев мырза. – Ал Ресейде жағдай керісінше. Мемлекет алда тұрған мәселелердің ара жігін тарқатып береді де, тапсырма береді. Стратегиялық мәрені көздейді де, медиаменеджментке жүгінеді.
Өкініштісі, КТК телеарнасы басшысының топшылауынша, «біздің министрлікте отырған жігіттер тек «топиктер» (шағын әңгіме) жазумен айналысады да, сонысын газеттерге жариялайды. Сондықтан мемлекеттік тапсырыс мәселесін дұрыс шешпейінше, біздің қолымыздан түк шықпайды».
– Ал өз арнамыздағы (КТК) жайтқа келер болсақ, ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды күшейтудеміз. Рейтингісі жоғары корей не түрік сериалдары емес, керісінше, ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды. Екінші сегмент – көңіл көтеру бағдарламаларын да шығарып келеміз. Ал бірқатар төлемдерден босату жөніндегі бастамаларға қатысты айтарым, телеарна бюджетінің жартысы аппаратуралардан тұрады. Екі жыл бұрын сатып алған бейнекамера бүгінде түкке жарақсыз болып қалады. Бүгінде техника жарты жыл сайын жаңарып отырады. Төлемдерден босату туралы пікірге қатысты ұсынарым осы, – дейді Шораев.
БАҚ саласындағы тағы бір проблема, Арман Шораевтың пікірінше, мейлің ол өңірде ме, мейлің орталықта ма, журналистиканың бет-бейнесін негізінен нәзік жандылар құрайтын болды. Үлкен жалақы болмағандықтан жігіттер жағы көп келіңкіремейтін болды.
– Ал рейтингтік көрсеткіштер бойынша КТК арнасының «Орт-Евразиясы» арнасынан кейін орнығуы, меніңше дұрыс жағдай емес. Меніңше, ең жоғары сатыда негізінен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасайтын БАҚ, оның ішінде «Хабар», «Қазақстан» арналары тұру керек те содан кейін ғана, КТК, СТС секілді арналар жалғасуы керек еді, – дейді Арман Шораев. – Өкінішке қарай…
Өзге елдің тапсырысы бойынша түсірілген сериалды біз ретрансляциялаймыз
«Біздің көрермендер мүмкіндігінше біздің арналардың өнімдерін қарайтындай болу үшін не істеу қажет?». Бұл сауалға Қазақстан Телерадиохабарларын тарату қауымдастығының өкілі ШОЛПАН ЖАҚСЫБАЕВА өзінше жауап іздейді.
– Қазақстандық контентке қолайлы жағдай туғызу керек. Тағы да сол Ресейді мысалға алар болсақ, ондағы мемлекеттік тапсырыс аймақтық, мемлекеттік, ұлттық арналарға үлестіріледі. Айта кетер бір жайт, сол арналардың мемлекеттік тапсырыс бойынша түсірген сериалдарын бүгінде біздер, жасыратыны жоқ, қызықтап келеміз. Эфир арқылы сол тапсырыстар бойынша түсірілген телеөнімдерді ретрансляция арқылы өз арналарымызда көрсетеміз, – деп мәлім етті Шолпан Жақсыбаева.
– Ал біздегі, елдегі жағдайға нақты бір мысал келтірсем: мысалы, өңірдегі бір арнаға көгалдандыру мәселесін көтерсін деп 10 миллион теңге бөлдік делік. Ал осы соманы жылдағы күндер санына бөлейік. Осылайша, жалпы арифметикаға жүгіну арқылы эфирдің бір минутына шамамен 300 теңгеден келетінін де есептеп шығаруға болады. Немесе бір күнде көгалдандыру мәселесін 6-8 сағаттан көтеру керек болып шығады. Смета, тағы басқа есептеулер де бар, айналып келгенде, осы өңірдегі телеарна не істеуі мүмкін дейсіз ғой. Өткен жылы аймақтағы билік органының тапсырысы бойынша әзірленген бағдарламаның «жыртығын» «жамап», әйтеуір эфирге бірдеңені шығарған болады. Ақылса салып жұмсауға болатын қаржыны мұндайда желге тастады демегенде не деуге болады?!.
Шолпан Жақсыбаеваның айтуына қарағанда, әдетте, біздер, жан-жақтан шетелдің арналары «қоршап» алып жатыр деп байбалам саламыз.
«Ешкім бізді қоршап жатқан жоқ. Кінә өзімізден. Біз қарсы тұратындай ештеңе ойлап таппадық. Мәселені қазбалай берсек, мұның соңы мемлекеттік саясатқа тірелу керек. Әрі-беріден соң идеология емес пе бұл?!, – дейді Жақсыбаева ханым.
– Бір мысал, «Интерньюс» халықаралық ұйымы 15 жыл көлемінде өңірлердегі журналистерді үйретіп, бағдарламалар әзірлетеді. Әрі осы хабарларды ортаға жинап, бір облыстың әзірлеген хабарларын өзге облыстың арналарына шығарады. Мемлекеттің тапсырыс аясында түсірілген хабарларды да неге осылай таратпасқа?! Ақтөбелік арнаның өнімін қызылордалықтар тамашаласа жаман емес қой.
Өз кезегінде Қазақстан БАҚ саласындағы мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатысты болған сөз-тартыста ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев мемлекеттік тапсырыстардың сантиметрмен, минутпен өлшенетінін мойындай келе, мұның дұрыс еместігін, әрі тапсырыс нәтижесінің қандай да бір телевидение жанрының дамуын, басылым таралымының ұлғаюына әкеп соғу керек екендігін де тілге тиек ете кетті. Ал әзірге мемлекеттік тапсырыстың өзі-ақ қазақстандық БАҚ тұтынушыларын Ресей медиасының ықпалына жығып беріп жатқанға ұқсайды. Бұлай жалғаса берер болса, әңгіме басында сөз болғандай біз Өзбекстан, Қытай ақпарат құралдарының отарына айналып кетуіміз ғажап емес.
Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе-Алматы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі