«Қазақ болу зор бақыт»

8557 рет қаралды

Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» атты атақты дастанының “Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген” деген атышулы жолын «қазағым» деген жандарда екінің бірі айтады. Ұлтжанды саналы, сапалы ұлыларымыздың өзі аузынан тастамайды, әрі осыны асқан ерлік, мықтылық пен қайсарлықтың нышаны деп көреді. А, несі бар?! Бұлай деуіме таңданбаңыз. Менің айтар уәжім бар.

«МЫҢ ӨЛІП, МЫҢ ТІРІЛДІК» ПЕ?

Жұбан дау жоқ – бір туар ақын. Ал, сол асқаралы ақынның ажарлы жырының тек қана осы жолын бөле-жара ұрандатуымызбен келісе алмаймын. Меніңше тап осы жолды осыншама биіктетудің, ауыздан тастамай асқақтатудың қажеті шамалы? Ол егер асқақтату болса игі?! Осы жолдарға көңіліміздің толмауының себебі мынада: бұл жолдар сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында дастан жарық көрісімен ауызға іліге бастаған еді. Өйткені, дастанның дәл осы бір тіркесі Кеңестік билеушілердің көктен тілегенін жерден беріп, саясатына сайма-сай келіп, оның идеологиясымен жымдаса қабыса кетті. “Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген!” Қандай сөз?!. Керемет пе? Ғажап! Қажет пе? Қажет болғанда қандай, большевик партиясының басы қатып, айтқыза алмай жүрген адуынды ұраны да осы емес пе еді. Бұдан артық бұратана халықтың өз баласының жөргегін жардырып отырып, не айтқызуға болады. Өз ұлы, ұлы болғанда аузы дуалы ұлы “Мен – қазақпын, мен – өлгенмін!” деп тұрсашы!.. Бәрекелді! Алақаның қолдырағанша қол соқ ендеше.

“Мен тірілгенмін!” дейді жәнеде. Ой, пәлі, өлгенге жан салған кім еді, сондағы құдайдан құдіретті? Иә, ол құдірет лениндік компартия болатын. Өлгенді тірілткен теңдесіз құдірет сол еді. Міне, асқақ амбиция, менмендік. Бұған «міне иманым, міне жаным» деп құдайдай сенген халық, өлсе қайта тірілетіндей сенген утопия.

Бұған уәж айтып, ақындық шабыттың асқақ қиял мұнарасымен астастыратындар шығатынын да білем. Ия, бұл ақындық шабыттың шындық шеңберінен алып қашқан арғымақтай шектеусіз кеткен өтіріктің шыңы еді. “Жеткізу өшін шындықты өтірік қостым ішіне” дегендей өтірігі өз басына тиген. Рас, ата-бабаларымыз атам заманнан бері талай рет жан беріп, талай рет жан алысқан қырқысуды басынан кешірген тар жол тайғақ кешулерден өткені ақиқат болағымен, қазақтың өлгені құйдай өтірік еді. Қазақтың терең тарихына бойласаңыз қандай зұлмат заман, қилы кезеңдерді көрсе де өлмегеніне, өшпегеніне көзіңіз әбден жетеді. Қиын қыстау кезеңдермен алмағайып заман, аламан майдан, ақтабан шұбырынды Алқакөл сұламаның қасіреттерінің түйіні Өлім емес! Керісінше… керісінше, жұлып жатса да, жеп жатса да, бырт-бырт үзіп жатса да дес бермейтін Көк еді.
«ЕЛ ҚҰЛДЫҚТЫ БІЛМЕСІН, ЖЕР КҮҢДІКТІ»

Керісінше сол жеген ауыз мүжіліп, тістеген тіс сынды. Ал, жегізген көк көктеді. Енді келіп неге бәрін теріс айналдырып, бұрыс дәріптейміз. Ақынның өңменінен өткізіп, ет пен сөйегіңді қабат түйреп, жетеңе жеткізе айтуға ұшқыр ойы кәміл. Бірақ, жалпы ұлттық жоқтауда мұндай әсіреліктен аулақ болмас па?

“Жөргегімде таныстым мұң тіліммен” деген қазақ, “қуанғанда күлкімнен күн төгілген” деп халқының бойындағы аса қуатты күшін асқақтата айта алған.

Жұбанның осындай шексіздікке ұмтылған биіктігін кішірейтіп, айтқанда әлдеқандай болып, шынында жасып ойланып қалатын “мың өліп, мың тірілген” деген тіркесінен гөрі жалыны жалау, от ақынның ұрпағын ерлікке шақырып, еңсесін көтеруді діттеген, халқының қайсарлығын, батырлығын айтқан айбаты асқақ, мәртебесі биік, буырқанған қуат-күшке толы өр серпіген жолдарын неге дәріптемеске. Ондай жолдар, мақал-мәтелге, қанатты сөзге айналатын, атаған жерде рухыңды шыңдайтын шымыр-шымыр шумақтағы шуақты жолдар толып жатқан жоқ па? “Мың өліп, мың тірілдім”-ді Үлкен-кішінің құлағына күндіз-түні құя бергенше “Мен қазақпын, ажалсыз анамын мен” десек, немесе “Жанартаудай жойқынмын жұлынғанда, шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым” деген жолдар дәріптелсе, ет пен сүйекке сіңіп кеткен жасқаншақтық, жалтақтық, қала берді құлдық сезім серпіліп, бойдағы әлжуаз қан туламас па?

“Мың өліп, мың тірілдім” дегеннен гөрі Жұбанның “Мен қазақпын” деген бір ауыз сөзінде қаншама күш, қаншама қайрат, қаншама қуат жатыр. Бұл күнде “Мен қазақпын” деп айта алатын ұл мен қыз қанша? Қандай да бір ұлт өзінің екінші бір ұлтпен терезесі тең өзге ұлттан даралығын, мәңгліктік құндылықтарын сезіне алмаса, ол онда өзінің өмір сүру қабілетін де жоғалтады.

Өзіңмен өзіңнің мақтана алудың өзі мықтылықтың ісі. Жаман адам, жасық адам, өзімен ұлтымен мақтана алмайды. Бар қазақ бір ауыздан “Мен қазақпын!” деп айтуға әлі жете алмай жүрміз.
Ж.Молдағалиевтің енді бір айшықты ұранға айтылуға тиіс сөзі “Ел құлдықты білмесін, Жер күңдікті!”. Көшелердегі кім көрінгеннің тілінде түсінікті-түсініксіз етіп жазылған алабажақ жазулардың орнынан айдарлы рухы биік осы жолдар тұруы керек.

ҚАЗАҚ БОЛ!

Қазір біз ұлтты қалай біріктіреміз? Ұлттық иедологиямыздың басты ұраны не, Қазақстандағы 130 ұлт өкілдері кім болуы керек? Оларды ұйыстыратын жалпы атау бар ма? деп жауап таппай дал болудамыз.

Ендеше бұл жауапты Жұбан береді: “Қазақ болу – зор бақыт!”
Міне бүгінгі қазақ елінің бүкіл халқы ұлт-ұлысына, ұстанған дәстүр-салтын, дін-нәсіліне қарамай, бір атаның баласындай осы ұранға ұюы керек. Ол, ең әуелі қазағым, сенің өзің қазақ болуың зор бақыт екенін жан-тәніңмен сезініп, Тәңірге шүкірлік етуің керек. Сонда ғана басқа ұлт өкілдері сенің қанатыңның астына өзінен өзі біртіндеп жиналады.

Рас, қазақта “өшкенім жанып, өлгенім тірілді”, я болмаса “өшкенім жанғандай, өлгенім тірілгендей” (дұрысы соңғысы) деп айтылатын тұрақты тіркес мәтел сөз бар. Өлдім демейді. «Өлгенім жанды, өшкенім тірілді» дейді.

Бірақ ,бұл жалпылық ұран емес. Айрылып қап, қан төгіп қайтарып алған тәуелсіздікті солай атап жүрміз. Тәуелсіздік – ұлттың бостандығы, азаттығы, егемендігі, құқы. Тәуелсіздік ұлттың жаны емес. Бодан болу – бүкіл жұрттың түрмеде тірлік кешуі, мәртебесі – тәуелсіздігенен ажырауы. “Мың өліп, мың тірілдім” деп жер бетінде біреу айтса, жебірей айтуға керек-ті. Өлсе де айтпапты. Бізге айтқызыпты. Лениндік партия.

Біз өткен тарихтың сары сүреулерін қайта жаңғыртқанымызды, қасақана көміп, қасақана өшіргендерін сергітіп, сара жолымыздың аңғарлы арнасына әкеп қосқанымызды, осы ұланғайыр даламыздың ұзын-сонар ізінде халқы, ұлты өшін табанын тіліп, терін төгіп қамын жеген қайраткерлеріміз бен біртуар боздақтарымыздың еңбектерін ел сахнасына қатарға қосқанымызды солай айтамыз. Олар халықтық тұлғалар, жеке адамдар болмаса, жалпы атау – ұлт, я халық емес. Құдайға шүкір, ел-жерінде, халқы аман отырған. Өлгеннен аман еді, ендеше бүкіл-бүтін тірі халықты қалайша біз өлді деуге қиямыз. Демек, бұл – өтірік. Ұлы Абай, “Өлді деуге болама ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” демеді ме?! Қандай да бір халықтың (ұлттың) тарихтың тарлан жолында тағдырдың талай тауқымет, қасіретін кешіп, қан жұтып қаралы болғаны, қайғы-мұңға батқаны, шері-шерменге айналғаны тозаққа бергісіз азапты жылдардан өткені рас. Алайда, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі демей ме? Олай болса, қазақ сол ажалды ауыздықтаған, өлген емес, өлермен халық, Ұлы Ұлт еді. Ендеше біз осы халықтың өлермен ұлылығын дәріптеуіміз қажет. Сонда құлдық психологиядан құтылып, сонда ұлтық рух, ұлттық сана-сезімімізді оята алмақ керек.

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері