Екеудің ойыны

5493 рет қаралды

Фотожурналистика басқа фотографиялық өнерге қарағанда күнделікті өмірде біз байқамайтын шынайылықты көрсетуге көбірек бағытталған. Дұрыс түсірілген сурет мәтіннен гөрі бәрін нақтылап айқындап береді. Себебі фотожурналистика – сөйлеп тұратын жанр. Фотожурналисттің объекті тек адамдар ғана емес, саяси толқулар мен көтерілістерден ғана да құралмайды; сурет арқылы әртүрлі кадрларды көрсетуге болады, идеясы сақталса болғаны.

Фотокорреспонденттің міндеті – оқиғаны дұрыс түсіну, көру, түймедей нәрсені түйедей қылмай, фактыны нақты көрсетіп, көрерменді толғандыру. Жақсы фотография визуалды түрде оқылуы тиіс. Сөзсіз, көріп – түсіну. Оны жоққа шығармау керек, алайда, репортаж жанры ашық, толыққанды пікірді талап етеді, яғни бейнеге байланысты ақпарат жазылып, оған қосымша «жүк» артылады.

Көрермен материалды оқып, сурет арқылы толық оқиғаны көріп тұрады, яғни мәтін суреттің шекарасын кеңейтеді. Таң қаларлық бір фотографиядан гөрі пікір мен көзқарастар бар фотоның эффектісі көбірек болады, себебі қиын жағдайды түсіндіретін мәтін бейненің мәнін ашады. Сонымен қатар, мәтінсіз «айқайлап тұрған» фото көрерменде психологиялық қорғанысты – қабылдамауды – қоздыруы мүмкін. Ал бейтарап ақпарат максималды түрде дұрыс нәтиже беруі қажет.

Фотожурналистиканың атасы Анри Картье-Брессон фотография әлеміне өз жаңалығын әкеліп, негізгі заңдылықтарды да құрған еді. Танымал фотограф фотоға түсіріп алған адамдар үшін «көрінбейтін» болып қала білді. Оның суреттері түсіру кезінде үнемі аяқталған болатын: фотоларын өзгертпейтін, жасалған суретті кадрламайтын. Сонымен қатар, оның есімі кез келген сценаның эмоциялық шарықтау шегіне жеткен кезді, яғни «шешуші мезетті» түсіріп алатынымен танымал. Фотография әлемінде Картье-Брессон оқиғаға экспрессия беретін мезетті тауып ала білді.


Ол қарапайым адамдар мен танымал тұлғаларды түсіретін. Мысалы: Альбер Камю, Жан Ренуар, Мэрилин Монро, Коко Шанель, Жан-Поль Сартр, Луи Арагон және т.б. Картье-Брессон қиялдамайтын, жасанды шынайылықты жасамайтын, фотографияның тек деректі жанрына адал болды.

Бүгінгі жаңалық жеткізетін фотография – күнделікті оқиғалар барысы, олар жергілікті немесе халықаралық масштабтан тәуелсіз. Халықаралық оқиғаларға жатқызылатын материалдар әлемдік нарыққа Reuters, AP және AFP сияқты агенттіктермен жеткізіледі, ал жергілікті жаңалықтар кішірек және мамандырылған агенттіктер немесе ерікті фотографтардың (freelance) еншісінде. Сандық камералардың пайда болуы осы сектордың жағдайын біршама өзгертті. Бүгінде танымал фотографтардың көбісі жаңалықтық фотографиядан бастағандар. Жаңалықпен жұмыс – фотожурналист үшін тамаша мектеп. Саяси, мәдени шаралар, қылмыстық оқиғаларды суретке түсіру арқылы фотограф композицияны құрастыруға үйренеді, ал осындай тәжірибені фотожурналистикада жинақтауға болады.

Бүгінгі таңда баспасөз бетіндегі фотографиялардың беделі бұрынғыдай емес, оған себеп – Әлемтордағы ақпараттың жеделдігі. Интернетте секунд сайын пайда болатын оқиғалар дәлдікті, шынайылықты талап етеді, ақпаратты жандандыру үшін бейнелермен қоса жарияланады. Интернет-журналистика мен блогингтің стилі – қысқа да нұсқа ақпаратпен қоса мультимедияны ұсыну, сол себепті, вебтегі жазба фотографиялармен жарияланса, сенімділік факторының денгейі жоғарылайды. Мысалы, BBC сынды жаңалықтық қызмет оқырман үшін «Объективтегі күн» атты айдарында қызықты, маңызды фотоларды жариялап тұрады. Төменде Палестинадағы графити: «Көп адамдар қолдарына қару ұстап алады, бірақ осы қаруды жауға қарсы қолданатындар аз».

Блогосфера фотография арқылы әлемді аралайды, мысалы, «Жаңа Евразия» блогында жас журналист Нұрайым Рысқұлова оқырмандарды Душанбе көшелерімен таныстыруда.

Қазіргі заманда фотографтардың нарықпен көзбе-көз жүздесуге, жұмыстарын сайттарға жариялауға, көрерменмен пікір алмасуға мүмкіндігі бар. Бірақ, заман өзгерсе де, фото өнері жайында: «Суретші мен табиғаттың шығармашылық тандемі – екеудің ойыны» – деген сөздің шынайылығы мәңгі қала бермек.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі