Мың жаса, тәуелсіз Қазақ Елі!!!

44299 рет қаралды
14


Тәуелсіздік біз үшін қымбат, өте қымбат. Қыран бүркіт асқар таудың шыңынан кең далаға қарай қанат қағып, қалықтап ұшқанда өзін қалай еркін сезінсе, өзінің табиғи болмысы мен жаратылысына сай өмір сүрген болса, осы табиғаттың бір бөлігі болып табылатын біз адамдар да тумысымыздан еркіндікті аңсаймыз, азат өмір кешуді қалаймыз. Жалпы ұлт деген ұлы қауымдастық тағдырлас һәм тамырлас адамдардың жиынтығы ретінде әрбір жеке адамның еркіндікке, азаттыққа деген құштарлығының жиынтық күшін білдірсе керек. Бір тілде сөйлейтін, бір отанды мекендейтін, діні бүтін, ортақ тарихы мен мәдениеті бар халықтың мемлекеттілікке қол жеткізген дәрежесі – ұлт. Сондықтан, менің түсінігімде ұлт, тәуелсіздік және мемлекет ұғымдары бірбірімен ажырағысыз байланыста, бірін бірі қажет етіп отыратын ұлы ұғымдар, қымбат құндылықтар.

Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, алпауыттар тайталасының кәріне ілінді, қырғыннан қырғынға, босқыннан босқынға талай азапты көрді. Дегенмен «тәуелсіз» деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атына сай әрқашанда азаттыққа қол жеткізу үшін талпынды, осы жолда күресті һәм шайқасты. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлеріміз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап жанын пида етті, шәһид болды, арманда кетті. Ұлтымызды сіңіре жұту мақсатымен жасалған алуан түрлі әккі тірліктер, қу саяси шаралар ұрпақ жадына жойқын соққы бергенімен оны мүлдем бағындыра алмады, дініміз бен тілімізді түбегейлі жоюға шамасы жетпей қалды. Қазақ «мың өліп мың тірілсе» де, қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Абай атамыздың «Қалың елім, қазағымы», Қадыр Мырза Әлі ағамыздың «Жасыл жайлау, түкті кілемі», Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елімі» сияқты жүздеген, тіпті, мыңдаған шығармалар ұрпақтың санасына азаттықты, ел болуды, ту көтеруді, бірлікке ұмтылуды, ұлт ретінде сақталып қалуды, өжеттілік пен қырағылықты, батырлық пен қайраткерлікті насихаттап отырды….

Әлемнің әрбір еліне таралып кеткен қандастарымыз осы ұлттың ажырамас бөлігі ретінде бір тілде сөйлеп, бір әнді шырқап, өзінің ұлттық болмысы мен кескінін сақтай отырып, ортақ ұлы мұратқа үлесін қосып келді. Бір қызығы арадағы темір қабырғалар мен болат шымылдықтар біздің ұлттық тұтастығымызға қиянат жасағанымен зиянат жасай алмады, ұлттың өз ішіндегі байланысын, сабақтастығын бұза алмады. Біздер, әсіресе, Қазақстаннан жырақта жүрген қазақтар өз елімізге, отанымызға деген ерекше сағыныш сезімімен туып өстік, шетелдерде қазақтың атын жаңғырттық, туын желбіреттік және атамекенімізді бір көруге, қазақтың кең даласының жұпар иісін бір иіскеуге ынтызар болдық. Ал шындығына келгенде әлемді әскери күшімен тайсалтқан Кеңес Одағы жер бетінен жойылып, Қазақстан тәуелсіз ел болады да біз оған көшіп келеміз дегенді армандасақ та көзіміздің тірісінде көретін шығармыз деген жоқпыз. Рас, ол кездегі жағдай солай болды. Аллаһқа сансыз шүкір Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз ел болып, оны басқа мемлекеттер танығанда құдды бір түсте жүргендей болдық-ау ағайындар. Мұндағы, яғни Қазақстанғады ағайындар да тәуелсіздіктің не екенін тәуелсіздік жарияланғаннан бірнеше жылдан кейін ғана барып түсінді, көзі жетті. Қазақтың өз байрағы, әнұраны, ақшасы, әскері, шекарасы, төлқұжаты бірінен кейін бірі пайда болған сайын ел тәуелсіздіктің шынайы мағынасымен танысты. Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген жастар тек тәуелсіз Қазақстанды ғана біледі, олардың санасы мен психологиясында тәуелділік, бодандық деген ұғымдар жоқ, тіпті, болмай-ақ қойсын деп тілеймін.

Осы арада тәуелсіздік сәті есіме түсіп жатыр. Мен Қазақстанға Кеңес билігінің соңғы жылдарында келгендіктен мұндағы жағдаймен жақсы таныс едім. Германияда студент болсам дағы ай сайын Қазақстанға келуге тырысушы едім. Сол кезде Кеңес Одағының Люксембургтағы елшісі болған мархұм Шыңғыс Айтматовқа жолығып, ол кісі маған бір жылдық көпмәрте кіріп шығуға жарамды виза ашып берген-ді.

Алғашында Қазақ КСР-ның егемендігі 1990 жылы жарияланғанда төбеміз көкке жеткендей болды. Оның артымен одақтас республикалар бірінен соң бірі тәуелсіздіктерін жариялап жатқанда «Қазақстан неге кешікті?» деп уайымдағаным есімде. Дәл тәуелсіздік жарияланған күні мен Түркияның Бурса қаласындағы кәсіпкерлердің жиналысында отыр едім. Телеарналардан Қазақстан тәуелсіздігін жариялады және Түркия оны бірінші болып таныды дегенді естігенде жиналысқа қатысып отырған түрік бауырларымыздың орнынан тұрып, мені құшақтап, құттықтап жатқаны әлі көз алдымда тұр. Сол жерде әрбір фирманың атынан жеке құттықтау хаттар ұйымдастырып, Алматыдағы Президент аппаратының факс номеріне жібергеніміз бар. Мен де Еуропа және Түркиядағы қазақтар атынан Елбасын құттықтап, хат жазып, оны факс және телеграмма арқылы жөнелткем. Міне содан бері қарай табаны күректей 18 жыл да өте шыққан екен. Кәмелеттік жасың құтты болсын сүйікті елім, Қазақстаным!

Тәуба дейік ағайындар. Тәуелсіздікке қол жеткізе алмай жүрген қаншама халықтар бар жер бетінде, солардың мұңлы тағдырынан ғибрат алайық. Бір ғана Палестинаны айтсақ та жететін шығар. Қазақстан әлем таныған ел болды. Осы жылдары шетелдерден миллионға жуық қандастарымыз атамекенге көшіп келді. Тәуелсіздік болмаса қалай келуші едік?! Бүгінгі күні Қазақстан әлемдік саясатта, экономика мен өмірдің өзге де салаларында өзіндік орны мен күші бар мемлекетке айналды. БҰҰ, ЕЫҚҰ, ШЫҰ, ИКҰ сияқты көтеген халықаралық ұйымдардың мүшесі яки құрылтайшысы ретінде еліміздің аты жиі аталатын болды. Осының барлығы да тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктеріміз. Менің ойымша қазіргі ұрпақтың алдында тұрған ең маңызды тапсырма осы тәуелсіздікті одан ары бекіту, нығайту және болашақ ұрпақтарға баянды етіп тапсыру болса керек. Саяси тәуелсіздігімізді баянды ету үшін экономикалық тәуелсіздікке сонымен қатар тәуелсіздіктің барлық түрлеріне қарай ұмтылуымыз, қажымай еңбек етуіміз шарт. Сыртқы күштердің идеологияларына тәуелділік ауруына шалдықпағанымыз жөн. Ол үшін өзіміздің құндылықтарымызды жете дәріптеп, ұлттық тіліміз бен ділімізді жаңғыртып, дін, мәдениет және өркениет салаларында да ешбір сырт күшке тәуелді болмауымыз қажет. Өз-өзін өнім-бұйымдармен қамсыздардыра алатын, азаматтары сауатты да білікті, инновациялық һәм интеллектуалдық потенциялы зор, ішкі бірлігі мен берекесі мығым елге айналсақ, отанымыздың топырағын аялап, табиғатын қорғасақ, халқымыздың санын көбейтіп, сапасын жақсартсақ тәуелсіздігіміздің баянды болатынына еш күмән болмасы анық. Осы аманат тәуелсіздікті көрген біздерге, бүгінгі ұрпақтарға артылыған. Алда алатын асулар мен белестер әлі көп, біз әлі ұлы көштің басында тұрмыз. Сондықтан бөлінуге, ыдырауға, әлсіреуге, маужырауға, тақталасқа еш жол жоқ. Қазіргі кезеңде тек бірлікпен болашаққа сенімді қадамдармен жүгіруіміз керек. Мың жаса тәуелсіз Қазақ Елі!!!

Мұртаза БҰЛҰТАЙ,
Ф.ғ.к., дінтанушы, мәдениеттанушы

Парақшамызға жазылыңыз

14 Comments

  1. Қазақ халқы аман болсын! Қазақ енді ешкімге тәуелді болмасын! Өткен тарихи қателіктерді қайталамасын!

  2. Қазақ халқым Аллам жар болсын сіздерге, бірлігіміз мыкты болсын. Ту әкем Отан анам. Отан үшін жан пида!

  3. кұшті сөздер. сізге рахмет енди сіздің арқасынізда мен шығарманы неден бастайтынымды түсіндім.))

  4. ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ҚАДІРЛЕП, БІРГЕ САҚТАЙЫҚ ДОСТАР!!!
    МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТАЙЫҚ!!!

  5. Біз Тәуелсіз халықпыз! Біз Бақытты Халықпыз!

  6. мағыналы керемет сөздер басынан басталуынан-ақ адам жанына ерекше әсер береді.

  7. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен алған осынау жеріміздің іргесін сөгілтпей берік ұстайық ағайын!

  8. Недеген керемет мақала, әр сөзінде шынайылық көрінеді. Ия біздің бүгүнгі тәуелсіздігіміз асқан Бақыт! Сол бақытты қолдан жібермеуіміз қажет енді. Келешек ұрпақ, Ата-Баба әруағы үшін Қазақ Ордасы дамуына әрқайсымыз ерен еңбек етейік, Ағайын!

  9. Мақалаңды оқыдым . Қаламгерлік қуатың кемелденді. Мұртаза маған хабарласып қойшы .
    “Көк тудың желбірегені ,
    Жүрекке қуат береді ” Ал жүніс ағама сәлем айт . Мен-ғой! 42 жыл ауырдым . 24 жыл қызылдардың қуғын сүргінін бастан кешірген жаман ағаң 63 жаста . қазір қатты шәршәдім. 3 ай болды жатып қалдым . Аллаһ қуат бергей !!!

  10. Мақала керемет жазылған екен, түрік бауырларымыздың орнынан тұрып құрмет көрсетіп сізді құттықтаған сәтін көз алдыма елестеттім өте әсерлі…, сіздің орныңызда өзім болғандай күйде болдым, иә тәуелсіздік біз үшін ӨТЕ-ӨТЕ ҚЫМБАТ, оны қорғау, баянды ету біздің ұрпақ алдындағы міндетіміз деп санаймын.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар