Баспасөз бизнесіндегі Пулитцер патшалығы

893 рет қаралды
3

untitledЖозеф Пулитцердің (Joseph Pulitzer) журналистикаға жасаған қадамын тарихи оқиғаға балауға болады. Бұл есім бүгінде бүкіл әлемге әйгілі. Американың медиа-магнаты, «баспасөз патшасы». Әлеуметтік ең төменгі таптан шығып, байлық пен молшылықтың ең биік шыңына жетуге дейінгі аралықтағы оның өмірі, тақыр кедейден шалқыған бай, бірнеше есе миллионерлікке дейін жеткен жолдардағы жанкешті іскерлігі күні бүгінге дейін зерттеушілердің басты назарында. Оның еңбексүйгіштік тамаша қасиеті біздің жас журналистерге де үлгі боларында күмән жоқ.
Жозеф Пулитцер 1847 жылы көкектің 10 күні Мажарстанның астанасы Будапешт қаласында орташа қоңыр тірліктегі отбасында дүниеге келген екен. Мүгедек әкеден жаралған Жозеф туадан дімкәс болып, өмір бақи сырқаттан көз ашпаған көрінеді. Алайда, сырқат меңдеген денсаулығының өзі оған бойындағы бар мүмкіндікті толықтай пайдалана білетін, қиындыққа мойымай күресе алатын теңдессіз қасиетті дарытуы кейін көптеген жеңістерге жетуіне ықпал еткен. Қаршадайынан қарттардан төмен ауыршаң болып өскен ол шын мәнінде, тым тәуелкелшіл, алған бетінен қайтпайтын қайсар жан еді.
Пулитцер 17 жасында туып өскен үйінен қашып шығып, АҚШ армиясының Еуропадағы өкілімен жолығады. Әсершіл жас өз құрдастарымен бірге Президент Авраам Линкольннің әскері болып жаңа әлемге бет алады. Нью-Йорк қаласына келген мажар жігіті атты әскер гвардиясына тіркеліп, құлдық тәртіпті жан-тәнімен қорғап жатқан Оңтүстік шығыс штаттарға қарсы соғысқа аттанады. Армияның қатал да ауыр тірлігі оны қажытқаны соншалық, ол өмір бойы соғысты өлердей жек көріп кетті. 1865 жылы азаматтық соғыс аяқталып, Пулитцер Нью-Йоркке аман-есен оралғанымен қала көшесінде табаны тесілгенше жұмыс іздейді.
Еңсесі тым биік, етек-жеңі де кең зәулім Нью-Йорктің сапырылысқан өмірі еуропалық жігітті әбден қажытқан соң ол Сент-Луис қаласына тартып отырады. Жозеф онда есек бағады, теңіз портында жүк тасушы, кеме капитанының көмекшісі болып жұмыс істейді. Бос уақыттарында қалалық кітапханада бас көтермей кітап оқып, ағылшын тілінің білімін жетілдірумен болады. «Талаптыға нұр жауар» демекші сөйтіп жүріп, эмигранттарды орналастыру мәселелерін жауаптанған неміс мекемесінің хатшысы болып тағайындалады. Өзі де эмигрант болғандықтан ол Америкаға жаңа өмір іздеп келген жұрттың көңіл-күйін жақсы түсініп, тіл табыса біледі. Кейін осы өмірлік тәжірибесін «Нью-Йорк Уорлд» газетінде өте тиімді пайдаланғаны бар.
Неміс тілінде жарық көретін «Вестлише Пост» газеті 1868 жылы Пулитцерді тілші етіп жұмысқа қабылдайды. Жозеф таңғы оннан түнгі екіге дейін жан аямай еңбек етті. Ағылшын тілін акцентпен бұрап сөйлейтін, шидей арық денесіне сай келмейтін «тайқазандай» үлкен басы бар, иегі ұзын әрі үшкір осы бір ажарсыз жас жігітті редакциядағылар үнемі мазақ етіп, «барып кел, шауып келдің» бәріне жұмсап, тізе бүктірмейді екен. Бірақ, кейін шаршауды білмей зыр жүгіріп жүретін «желаяқ жүгірмекті» олар еңбексүйгіштігі үшін сыйлай бастаған. Шын мәнінде, газеттің бар ауырпалығын Пулитцер арқалап, оның қолымен жасалған өткір туындылар қоғам өміріндегі былық-шылықтарды әшкерелеп, оқырман жүрегінен жол тауып жатты. Жас журналист халық мүддесін қорғайтын дербес бір газеттің орны үңірейіп тұрғанын осы кезде ұққан екен. «Вестлише пост» газетінің басшылары Пулитцерге жан-жақты қолдау көрсетумен болды.
1872 жылғы сайлауда «Вестлише пост» газеті либерал-республикашылар партиясының блогін қолдады, Пулитцер үміткерлерді сөз аямай бар жан-тәнімен насихаттады. Бірақ, сайлауда олар жеңіске жете алмады. Бұл сәтсіздік газетке тікелей әсер етіп, оқырмандарынан айырылды, банкроттықтың бұлты үйірілді. Осы сәтті пайдаланған Пулитцер айлық жалақысынан үнемдеп, төрт жыл бойы жинаған ақшасына газет акция пакетінің 50 пайызын арзан бағаға сатып алады. Алайда, газет басшылары Пулитцердің жұмыс қарқынына ілесе алмағандықтан одан акция пакетін қайтадан сатып алуға мәжбүр болған.
Аталмыш сауда-саттықтан өзіне 30 мың доллар (ол кездегі 1 америка доллары біздің ақшаның қазіргі құнына шаққанда 500 теңге) пайда түсірген тәжірибелі журналист Жозеф екі жыл бойы Еуропада саяхаттап, Сент-Луисқа оралысымен 1878 жылы желтоқсан айында газет редакторлығына тағайындалады. Табысы аздау «Сент-Луис Диспэтч» газетін аукцион арқылы 2500 долларға сатып алып, 30 мыңдық инвестиция жасаған. Қалған 2700 доллармен газет жұмысын жандандырған Ассошиэйтед Пресс агенттігінің мүшесі Пулитцер үш күннен кейін аталмыш агенттіктің ақпаратына зәру болып отырған «Вестлише Пост»-тың редакторы Жон Диллонмен бірлесіп, «Пост-Диспэтч» деген атпен газетін шығара бастаған.
Америка баспасөзі мен ақпараты рыногында 1860 жылдары алдыңғы қатарда көрінген Чарльз Дананың «Нью-Йорк сан» газеті буржуйлардың мүддесін қорғаса, Пулитцер әйгілі «Publicity, Publicity, Publicity» (жариялылық, жариялылық, жариялылық) газеті арқылы өзін қарапайым халықтың жанашыры деп жариялап, үстем топ өкілдерін ашық пікірталасқа шақырған. Жүйрік ой-ақыл мен журналистік теңдессіз шеберлікті, қажымас-талмас еңбеккерлікті, менеджерлік тамаша дарын-қабілеттілікті ауру-сырқау бойында сіңіре білген Пулитцер өз көзқарасын қатаң ұстанып, сол тұста айналасына оқырмандар нөпірін топтастыра білген екен. Оның нақты мысалы, Сент-Луис қаласының оқырмандары тым кешікпей «Пост-Диспэтч»-ті «өзіміздің газет» деп зор құрметпен атағаны болса керек. Енді Пулитцер Диллоннан акция пакетті түгелдей сатып алып, газетті дербес басқаруға көшті, дарынды да қарымды журналистермен өз командасын жасақтады.
Жон Кокрилл деген мықты журналистің редакцияға келуінің арқасында Пулитцердің бағы жанып, газеттің өтімділігі одан ары арта түсті. Сент-Луистағы кешкі газеттердің серкесіне айналған «Пост-Диспэтч» – жоғарыдағылардың қулық-сұмдықтарын әшкерелеумен көзге түсті. Есесіне шағын кәсіпкерлер мен орта таптың, жұмысшылардың мүдделерін жанашырлықпен қорғады. Сондай-ақ, қылмыстық оқиғалар туралы материалдарды да жариялап тұрды. Сент-Луис қаласы Пулитцер үшін негізінен тәжірибе алаңы іспетті еді. Кейін миллиондаған таралымдық газеттерін аяғынан тік тұрғызуға осы кезде жинақтаған тәжірибесі мен сынақтары Пулитцерді молшылыққа кенелткен еді. «Пост-Диспэч» жылына 40-50 мың доллардың пайдасын берді. Бір бизнесменнің оны 1,6 миллион долларға сатып алмақ болған ұсынысына Пулитцердің келіспеуінің өзінде көп сыр жатса керек.
Жозеф 35 жасқа толған жігіттік кезінің өзінде денсаулығы үнемі дабыл қағып, маза бермеген соң ауа райы қатал Миссури штатынан қоныс аударуға мәжбүр болды. Осылайша ол қайтадан мұхит жағалауындағы климаты жұмсақ Нью-Йоркке оралды. Оған әсер еткен тағы бір елеулі себеп, «Нью-Йорк геральд» газетінде қызмет ететін інісі Альберт 25 мың долларлық қаржысы бар «Морнинг Жорнэл»-дің басқаруға ауысқандығы болды. Бір центпен сатылатын аталмыш газет бұрыннан өтімділігімен әйгілі болатын.
Пенсильвания темір жолы қожайындарының бірі, бизнесмен Жей Гаулдтың «Нью-Йорк Уорлд» газетін Жозеф сатып алуға бел байлайды. Газет осы кезде жыл сайын 40 мың доллар шығынмен жарық көріп, оқырмандарының саны күн санап азайып келе жатса керек. Миллиондаған тұрғыны бар Нью-Йоркта халыққа етене жақын, оларға қолдау көрсете білетін газетті дұрыстап шығара алса, кішкентай Сент-Луиспен салыстырғанда жойқын пайдаға белшеден батуға болатынын есептеген Пулитцер ойланбастан-ақ, «Уорлд»-тың лицензиясын 346 мыңмен «қағып» түседі. Нью-Йоркта бірнеше күнделікті газеттердің қатар шығарылатындығынан қорықпай-ақ Пулитцер жұмысын бастап кетті.
Жұмыстың алғашқы күні-ақ «Уорлд»-тың мүлгіген редакциясын болашақ магнат дүр сілкіндірді. Даяр материалдардың өзін қайта өңдеп, журналистердің әрбіріне кеңес беріп, бірінші беттің макетін өзі жасап, арасында редакциялық мақалаларды да бұрқыратып жазып тастап жүрді.
Пулитцер 1883 жылы мамырдың 11-інде жазып жариялатқан өз ұстанымына өмір бойы адал болды. Онда «Гүлденіп дамып келе жатқан осынау алып та ұлы қалада тек арзан ғана емес шешен, шешен ғана емес көптің көңілінен шығатын, көптің көңілінен шығып қана қоймай нағыз демократияшыл және ақшаның соңынан түскен дүниеқоңыздардың емес халықтың жағындағы, қулық-сұмдық, зұлымдық атаулыны әшкерелеген, қоғамның көлеңкелі тұстарын, кемшілігін сынай алатын газетке зәруміз» – делінген болатын.
Бір аптадан соң Пулитцер байлардың үлде мен бүлдеге толы мүліктеріне салық салуды, құлқынын ғана ойлаған аш көз өкіметтік шенеуніктерді қатаң жазалауды талап еткен экономикалық бағдарламасын ұсынған екен. Пулитцер өзін демократияның жаршысы және үні ретінде көрсетті.
Оның ұстанған негізгі бағыты алдымен көптің сеніміне ие болу, сол арқылы газеттің өту таралымын еселеу, ең соңында ғана пайда табу, жарнамаға ден қою болды. Сондықтан, жедел ақпараттарға аса мән берді. Қылмыс пен секс туралы да жұрттың қызығып оқитынын білген ол оны да назардан тыс қалдырған жоқ. «Уорлд»-тың журналистерінің Американың әр тұстарында ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі қалған жоқ. Ондағы ең қызықты, таңдай қағып, таңданарлықтай барлық оқиға, көріністерді тауып жазып жатты. Елді елең еткізетін бір оқиға бола қалған күннің ертеңінде-ақ жұрт оны суретімен, мен мұндалап шақырған тақырып астында жарық көрген тартымды мақаласы арқылы «Уорлд»-тың бетінен көретін. Әрі-беріден соң бұл заңдылыққа айнала бастаған. Сурет, фотолар алғашқыда бір колонкада орын алып келген болса, кейін ХІХ ғасырдың соңында 4-5 бағынаны түгелдей алатын деңгейге жетіп ұлғайды.
Пулитцердің бастамасымен өмірге жолдама алған «new journalism» яғни «жаңа журналистика» уақыт өткен сайын қарыштап дамыды. Америкада болған ең елеулі оқиға атаулының бәрі «Уорлд»-тың бірінші бетінен түспейтін болды. «Нью-Йорк геральд» газетінің бас редакторы Бенеттен қалыспай Пулитцер де спорт жаңалықтарына ден қоя бастады. Газетінде спорт айдарын ашып, әдеттегі күндері 3-4 бағына, демалыс күндері толықтай бет арнады.
Пулитцердің шығармашылық командасы АҚШ-та бұрын-соңды болмаған таңдаулы журналистердің ұжымы еді. Тың жаңа, елеулі оқиға, деректерді тауып жазу үшін ештемеден тайынбайтын. Бірі түрме камерасында қонып жатса, енді бірі жындыханаға түнеп, көрместі көріп, естіместі еститін. Кезінде «Нью-Йорк геральд» негізін қалаған «stunt journalism» (детективтік журналистика) шын мәнінде «Уорлд»-та жүзеге асырылды.
Жозеф газетінің суретпен безендірілуіне аса назар аударды. Әлемдегі алғашқы суретті газет – «Дейли Грэфик»-тің жетістіктерін толықтай пайдалана отырып, атақты орыс суретшісі Валериан Грибоедовты жұмысқа алады. Грибоедов фотолардың көшірмесін тамаша жасайтын шын талант еді. Соның арқасында «Уорлд»-тың әр сандарының бірінші бетінің оң жақ тұсының басында саясаткерлердің, ірі байлардың, қылмыскерлердің, жемқорлардың т.с.с. мақала кейіпкерлерінің портреттері берілетін болған. Нәтижесінде, газеттің таралымы одан бетер өсе түсті. Суретті осылайша тұңғыш рет баспасөзде арнайы мақсатпен қолданды. Жалпы «Уорлд» суретке келгенде техниканың барлық артықшылықтарын кеңінен пайдалана білді. Сонымен қатар ол саясаткерлердің карикатураларын жариялаған әлемдегі алғашқы таңғы газет ретінде тарихта қалды. Кешкі газеттерден Беннеттің «Ивнинг телеграмм» газеті «Уорлд»-тан бұрын бұл істі жүзеге асырып қойған болатын. «Пак» журналында жұмыс істеген тұсында атаққа шығып танылған суретші Уолт Мак-Дагалл Грибоедовпен бірге 1884 жылы сайлау науқаны тұсында циклдік карикатуралар жариялату арқылы оқырмандардың назарларына ілікті.
«Уорлд» – Пулитцердің қолындағы әшкерелеуші сынның ірі құралына айналды. Алайда, бұл тұрғыдан ол алғашқысы емес еді. Одан бұрын «Нью-Йорк таймс» газеті Твид тобының былық-шылығын ашқан мақалаларымен көзге түсіп үлгерген болатын. Сонда да «бұрын шыққан құлақтан соң шыққан мүйіз озатыны» секілді «Уорлд»-тың қожайыны қоғамдық-саяси, экономикалық, әлеуметтік барлық саласына дендеп еніп, бас-көзсіз сынның астынан алды. Күнделікті тірлік тауқыметімен, жұмысбастылыққа салынған нью-йорктықтарды Пулитцер ұйқыдан ояту үшін «Біздің газетіміз – нағыз халықтық әрі олардың мүддесін қорғайтын жалғыз басылым» – деп жар салды.
«Уорлд»-тың «өртпен тазарту» жойқын шабуылына ең алдымен Нью-Йорк темір жолының магнаты Жейкоб Шарп ұшырап, түрмеден бірақ шықты. Әйгілі магнат келісім шарттарын тиімді ету үшін Бродвей маңы тұрғындарының дауыстарын сатып алуды көздеген. Қала әкімшілігі мүшелерінің уысына 25 мың доллар тықпалап, құқық актілерін шығарушылардың аузын парамен ұрған. «Уорлд» оларға қарсы жорықты бастап кетті. Газет халықты соңынан ерте алды. Соның нәтижесінде Шарп және оның сыбайластары түгел ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сол кезеңде Пулитцердің сынына ілікпеген монополист атаулы болған жоқ. Солардың ішінде ең керемет шу тудырғаны Морган энд Компэнгке қарсы жасалған әшкерелеу науқаны еді. 1895 жылы ақпан айында АҚШ өкіметі 60 миллион долларлық құны бар мемлекеттік несиенің бонын шығарады. Оның бәрін Ж.Морган сатып алады да үстемелеп баға қосып, қайта өткізеді. Осы жылдың желтоқсан айында үкімет орны тағы да 100 миллион долларлық бон шығаруды жоспарлайды. Оны білген «Уорлд» бонды Морганға жолатпай тікелей сатуды қаржы департаментіне ұсыныс етеді, АҚШ-тың барлық банкілеріне он мың телеграмма жолдайды. Өз кезегінде АҚШ қаржы жөніндегі мемлекеттік хатшысы Жон Карлайл бонның еркін сатылатындығын мәлімдейді. Соның арқасында халық бонды арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік табады. 1896 жылы қаңтардың 6-сы күні «Уорлд» бірінші бетінде «Синдикат құлатылды» деген үлкен тақырыппен мақала жарияланды. Халық мүддесін шынайы қорғап қалған Пулитцер де құралақан емес, бақандай 50 мың доллар олжалады. Ол осындай әртүрлі тәсілдермен газеттен түсетін пайданың сыртында қат-қабат кірістерге молынан кенеліп отырған.
«Уорлд» тек билеушілер мен байлардың былық-шылықтарын ашумен ғана жұмысын шектеген жоқ. Сонымен қатар жұмысшылардың мінбері бола білді, кәсіп одақтарына қолдау көрсетті, олар туралы тақырыпты да күн тәртібінен түсірмеді. Сегіз сағаттық жұмыс күні, сенбі күнгі жарты күндік демалыс, апталық жалақы секілді әлеуметтік мәселелерді көтеріп, қызу күрес қайнап жатты. Сол кезеңде американдық жұмысшылар жалақыларын ай сайын ғана алатындықтан үнемі борыш-қарыздан құтылмайды екен.
Қарапайым халыққа Пулитцердің тигізген көп жақсылықтарының бірегейі – Бруклинді Манхеттэнмен қосқан көпірді жұрттың тегін пайдалануларына қол жеткізуі еді. Қыруар қаржы жұмсалып жасалған аталмыш көпірді Нью-Йорк басшылары қала тұрғындарына ақылы қызмет түрінде пайдаланбақ болған көрінеді. Алайда, «Уорлд»-тың шабуылынан қорыққан басшылар еріксіз райларынан қайтқан. Нәтижесінде, тынысы тар ірі кварталдарда тұратын халық мұхиттың жұмсақ таза ауасымен күн сайын бір мәрте болса да тыныстауға мүмкіндік тапқан.
«Уорлд» 1885 жылы қалалық шеңберден шығып, жалпы ұлттық деңгейде мойындалды. Франция үкіметінен тарту етілген мүсінші Бартольдидің Бостандық ескерткішін конгресс қаржының жоқтығынан тұрғыза алмай бақандай тоғыз жылды жоғалтқан. Алып ескерткішті тұрғызу үшін оған сай келетін іргетас қажет еді. Эмигрант Пулитцер байырғы американдықтарға ғана емес онда жаңадан бақыт іздеп келушілерге шейін ескерткіштің қаншалықты маңызды, мәнді екендігін түсіндіріп, кезекті науқанды бастап кетті. Етекші, газет сатушысы, жұмысшы, қайыршы, жүк түсіруші, тігінші тіпті қыл аяғы жезөкшелер, ұры-қарыларға шейін шама-шарқынша тиын-тебендерін жинап, ортақ қапқа салды. Жүз мың доллар жиналып, ескеркіш салынып бітті. Нью-Йорктың бір аралындағы Бостандық статусына арналған ескерткіштің бүгінде жалпы осы алып елдің символына айналғаны әркімге аян.
Демалыс күнгі газет сандарын әзірлеп шығаруда да Пулитцер өзгелерден оқ бойы озық тұрды. «Нью-Йорк Уорлд» әдеттегі жұмыс күндері 24 бетпен шықса, оның серіктесі жексенбілік «Санди Уорлд» 50 бетпен басылып тұрды. Беттердің тең жартысын жарнама иеленсе де газет тартымдылығымен назар аудартты. Оның дәлелі ретінде басылымның 1884 жылғы 95 мың оқырманның саны 1897 жылы 600 мыңға жеткенін атап айтуға болады.
Пулитцердің озық идеяларын оның дарынды да алғыр редакторлары қалт жібермей жүзеге асырумен болды.Олар алғашында газеттерінде әйелдерді әжуалап келген еді. Алайда, Пулитцер оны қателік деп тапты. Себебі, ол оқырманды алыстататын пайдасыз әрекет екен. Оны түсінген Пулитцер газеттерінде қыз-келіншектерге арналған бірнеше айдарлар ашты. Демалыс күні жеңіл оқылатын, көңіл көтеретін материалдар көп жариялап, оқырмандарды қызықтыра түсті. «Санди Уорлд» географиялық аумағын да барған сайын кеңейте түсіп, мустангтардың, үндістердің, ковбойлардың тұрмыс-салттары, Мысыр, Түркі әлемі, Қытай, Африка елдері секілді экзотикалық өңірлердің тұрғындары туралы танымдық материалдар жұмысбасты қатардағы нью-йорктықтарды жай қызықтырып қана қойған жоқ, рухани азықтарына айналды.
«Уорлд» қаладағы «Таймс», «Трибьюн» газеттерінен қалыспай ғылым тақырыбын көтерді. «Ғылым ғажайыптары» айдарын Гаррет жүргізіп, оқырмандардың тұщынып оқитын нысанасына айналдырды. Сондай-ақ, Роберт Риплидің жетекшілігімен апта сайын жарық көретін «Сену-сенбеу өз еркің» айдары арқылы оқырман қауым табиғат әлемінің таңғажайып қызықтарымен танысып жатты.
Осынау кезеңде Американ сатириктерінің күш ала бастауы да Пулитцерді бей-жай қалдырмады. Ел өмірін әзіл-әжуамен шебер бейнелейтін Билл Найға алғашында газеттен бір бағына ғана бұйырған болса, кейін көлемі күрт ұлғайып, жарты бетке жеткен. Сонымен қатар спорт, жастар тақырыбы да қалысқан жоқ.
1893 жылы «Уорлд» алғашқы түрлі-түсті сурет жариялау ісін қолға алды. Суретші Р.Аукот Хоугэн Элли кварталы тентектерінің басшысы бозбаланы сары жейде киген тұрпатта бейнелеген еді. Кейін «сары баспасөз» (Yellow Press) деген терминнің шығуына осы үрдіс себепкер болған. Аукотты өзге бір медиамагнат У.Р.Хёрст мол сыйақымен жұмысқа алып кеткенде «сары» дәстүрді Жорж Лакс жалғастырды.
Аталмыш жылдың қараша айының 19-нда «Санди Уорлд» алғашқы түрлі-түсті санымен оқырмандармен жүздесті. Алайда, Пулитцер осы жолы да тұңғыш бола алмады. Себебі, одан екі жыл бұрын Чикаго қаласында Х.Колсаат алғашқы түрлі-түсті газетті шығарып үлгерген. Алайда, таралымының аздығынан және жұмысының ауыр әрі күрделілігінен қарыштап кете алмаған. 1893 жылы Уолтер Скотт Компэни бір ретте 18 түрлі түсті бет баса алатын машина жасаған. Газет әлемінде көшбасшы болуға талпынған Пулитцер оны өте қымбат бағалануына қарамастан ақшамен ұрып алған.
«The King of Press» яғни «баспасөз патшасы» деген мәртебелі атақты өзінің жан аямаған еңбегінің арқасында алған Пулитцердің редакторлық қызметінің өзі үлкен бір мектеп. Ол бірінші бетті әрдайым газеттің жүрегі деп есептеп, оны үнемі өзі редакторлайды екен. Денсаулығы төмендеп, төсек тартып жатқан кезінде де ол хат, телеграмма арқылы нұсқаулар беріп, «Нью-Йорк Уорлд» сынды жүрдек керуеннің көшін түзеумен болған.
Саяси көзқарасы жағынан келгенде Пулитцер демократтарды қызу қолдады. 1884 жылғы сайлауда демократиялық партиядан ұсынылған Гровер Кливлендіге қолдау көрсетіп, Нью-Йорк штатының даусын оған жинап бере алды. Кливленд Президент болғаннан кейін «жақсылық жерде қалмайды» дегендей өз кезегінде Пулитцердің көмегін лайықты бағалай білсе керек.
Баспасөз патшасын ауру-сырқау үнемі меңдеп, ақыры қос жанарынан айырып тынды. Ол кеңсесін тастағанымен жұмысынан бір сәт те қол үзген жоқ. Тағдырдың жазуымен соқыр редактор атанған Пулитцер Атланта мұхитында саяхаттай жүріп, өзінің яхтасынан да, Еуропа, Америкадағы ордаларынан да газетті басқарып жүрді. Осылай жүріп-ақ, редакторларын, тілшілерін жұмыстан шығарып, орындарына жаңа адамдар қабылдап, туындыларына сын-ескертпелер жасап, сөгіс жариялап, сыйлық тағайындау арқылы ынталандырып та үлгереді екен. Қажет кезінде жауапты хатшыларын жинап алып, «Уорлд»-тың әр бағыналарындағы материалдарды талқылап, бүге-шігесіне дейін талдайтын көрінеді. Қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын да ол ұмыт қалдырған емес.
Редакция үйін 2,5 миллион доллар жұмсап, Нью-Йорктағы ең биік ғимарат етіп салдырды. 1890 жылы желтоқсанның 10-нда оның ашылу салтанатын дүркіретіп тұрып өткізді. Қаладағы ең биік осы орда шын мәнінде Пулитцердің өзіне және оның негізін салған жаңа тұрпаттағы журналистикасына арналған ескерткіш еді. Аспанмен таласқан осы зәулім ғимараттың төбесіне орналастырылған алтын тәжісі «Нью-Йорк Уорлд» газетінің жеткен шыңының куәсі іспетті көрінеді. Газет редакциясының жұмысына 12 мың журналист, оның баспаханасына 210 линотипші-әріп теруші, 60 стереотипші яғни бет жасаушы атсалысқан. Баспагерлер алты минуттың ішінде беттің стереотипін, 35 минутта фото сурет даярлайды екен. Бұл сол кезде таңданарлықтай жедел қызмет еді. Газет таралымы 800 мың данаға жеткен. Оған тағы «Санди Уорлд»-тың 700 мың тиражын тағы қосып қойыңыз. Бұл көрсеткіш 1898 жылы 1,3 миллионға жетіп, рекорд жасалған. Жозеф Пулитцер 1912 жылы 65 жасында өмірден озды. Қалтасында бір центсіз Америкаға келіп, шала білетін ағылшын тілімен мақала жаза бастап кейін нағыз қарымды журналист болып қалыптасқан оның артында 18 миллион доллар қалған екен. Оның ақтық сөзі жазылған парақта Колумбия университетіне журналистика бөлімін ашуға арнап, екі миллион доллар тарту еткенін мәлімдеген көрінеді. Өзі өмірінде дәріс тыңдамаса да Пулитцер журналистер үшін мамандық білімнің қаншалықты маңызды екенін жан-тәнімен сезінсе керек. Оның қаржысымен орнаған журналистика факультеті АҚШ-тағы алғашқы оқу орындарының бірі және әлемдегі элиталық білім орны болып саналады.
Қазіргі таңда АҚШ журналистеріне берілетін ең мәртебелі сыйлық Пулитцердің атымен аталады.
Пулитцердің мұрасы
Баспасөз патшасы бірде өзін «журналистикада революция жасадым, өзгелер маған еліктеушілер, мені қайталаушылар» деп айтқаны бар. Алайда, Пулитцердің тыңға түрен салып, тосыннан ашқан жаңалығы болмаса да ол – өзгелердің ойлап тапқанын практикада жүзеге асыруға келгенде алдына жан салған жоқ.
Пулитцер Нью-Йоркке келіп іс бастаған алғашқы төрт-ақ айдың ішінде өзге газет редакторларын басылым бағасын 4-тен 2 центке, демалыс күндердегі сандарын 5-3 центке шейін түсірулеріне мәжбүр еткен. Оның мәні Пулитцердің жаңа технологияның көмегі арқылы газетті арзан бағамен оқырманға жеткізудің жолын тапқандығында. «Уорлд» шын мәнінде өте пайдалы бизнеске айналып, әр жыл сайын қожасына таза 500 мың доллар әкеліп тұрды. Ол тек пайда табушы ғана емес, орта таптың мүддесін қорғаушы, шын жанашыры болатын. Осы кезде баспасөз шынайы түрде төртінші билік деңгейіне көтерілді. Іздестіру журналистикасының да (журналистік зерттеу деп жүрміз ғой) негізін қалаған осы Пулитцердің өзі.
Пулитцердің «хандығы» тұсында газеттің техникалық безендірілуінде ірі өзгерістер пайда болды. Тақырыптар іріленді, беттердің макеті көз тартатын көркемдігімен оқырман назарына ілікті. Сондай-ақ, өз оқырмандарына деген адалдығымен олардың жүрегінен жол таба білді.

Қуандық Шамақайұлы, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттану доценті.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Ағайдың бір кездері бізге берген дәрістері ғой. Оқып риза болдым. “ХХ ғасырдағы әлем журналистикасы” кітабын тауып оқуларыңызға кеңес беремін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар