Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы

11997 рет қаралды

21 қаңтар 2010
Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы

Kazahstan_1_1(2015 ЖЫЛҒА ДЕЙIН IСКЕ АСЫРЫЛАТЫН МIНДЕТТЕР)

МАЗМҰНЫ
I. Негiзгi ережелер
II. Тарихи кезең сабақтары
III. Ұлттық саясаттың ұстанымдары
IV. Ұлттық саясаттың мақсаты менмiндеттерi
V. Ұлттық саясаттың негiзгi бағыттары:
1. Саяси құқықтық салада
2. Сыртқы саясат саласында
3. Әлеуметтiк-экономикалық салада
4. Тәрбие, бiлiм беру және ғылым саласында
5. Ақпараттық салада
6. Тiл саласында
7. Дiнаралық салада
VI. Ұлттық саясатты iске асыру тетiктерi

«Қазақстан Республикасы ұлттық саясатының тұжырымдамасы» (бұдан әрi қарай – Тұжырымдама) – бұл елiмiздi мекендеген барлық азаматтардың, олардың ұлттық, дiни өзгеше­лiктерiне қарамастан, бiрлiкте, татулықта өмiр сүрiп, тәуелсiздiктi сақтауға және нығайтуға, қоғамды демократияландыруға, әдiлеттiлiк орнатуға үлес қосуын басты мұрат еткен негiзгi құжат. «Қазақстан халқы ассамблеясы» әзiрлеген, қоғамның басым бөлiгi қабылдамаған «ел бiр­лiгi» доктринасымен қатар талқылауға ұсынылады.
Тұжырымдама ұлттық мемлекеттi қалыптастыру әрi нығайту, содан соң азаматтық қоғамды құру бағытындағы негiзгi ұстанымдар, өзектi мақсаттар мен мiндеттердiң жиынтығы болып табылады.
Бұл құжат Қазақстан Республикасының байырғы қазақ жерiнде құрылғандығын, мемлекеттiң байырғы тұрғындары және республиканың абсолюттi басым бөлiгiн қазақтар құрайтындығын ескерiп, елде өмiр сүретiн өзге этникалық топтардың мемлекетқұрушы ұлттың төңiрегiне топта­суының саяси, мәдени, рухани, экономикалық, т.б. негiздерiн анықтауға бағытталған.
Тұжырымдама Қазақстан Республикасы Конституциясына, Қазақстан Республикасы заңдарына, дүниежүзiлiк құқық талаптарына негiзделiп дайындалды.
Қазақстанның жаңа геосаяси, геоэкономикалық жағдайда алға iлгерiлеуi, жаһандану кезеңiнде ұлттық мемлекет ретiнде ерекшелiктерiн сақтай отырып, төлтумалық болмысын, әлемдiк дамуда дара мемлекеттiлiгiн қалыптастыруы, елдегi демократиялық үрдiстердi тереңдету бағыттары осы тұжырымдаманы қабылдау қажеттiгiн күн тәртiбiне қойды. Бұл – әрi саяси және тарихи қажеттiлiк.
Тұжырымдама мемлекеттiк бағдарламаларды, заңдық және басқа да нормативтiк құқықтық актiлердi дайындау үшiн негiз болып табылады.

I. НЕГIЗГI ЕРЕЖЕЛЕР
Қазақстан Республикасы қазақ халқының сан ғасырлық мемлекеттiгiнiң бiрден-бiр құқықтық-тарихи мұрагерi және саяси-мемлекеттiк құрылымының жалғасы болып табылады.
Ұлттық, демократиялық, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет орнықтыруды көздеген қазiргi Қазақстан Республикасы – мемлекетқұрушы қазақ ұлтының және әртүрлi тарихи кезеңдерде келiп қоныстанған барша диаспоралар мен этникалық топтардың тату, бейбiт өмiр сүрiп жатқан Отаны.
Қазақстан Республикасы өзiнiң бастапқы мемлекеттiк атауына – Қазақ Республикасы атауына қайтадан ие болады. Ешбiр негiзсiз, жалтақтықпен өзгертiлген қателiк түзетiледi де, Қазақ Республикасының Конституциясынан бастап, барлық заңдардағы, халықаралық құжаттардағы қазiргi атау бұрынғыша жаңартылады. Қазақ Республикасының азаматы болу – осы елдi мекен­деген әрбiр ақниеттi адамның мақтаныш сезiмiн туғызады. Мемлекетiмiздiң төл атауын қалыпқа келтiру – халық талабы.
Халықаралық тәжiрибеде мемлекетқұрушы ұлттың саны жалпы халық санының үштен екi бөлiгiнен асса, ол моноұлтты мемлекет деп қабылданады. Қазақ ұлтының саны осы межеден асты. Демек, Қазақ елi моноұлтты мемлекет деп қабылдануы тиiс.

II. ТАРИХИ КЕЗЕҢ САБАҚТАРЫ
Қазақ ұлты – кең байтақ Қазақ елiн ғасырлар бойы мекен еткен, оны түрлi тарихи зорлық-зоба­лаңнан, басқыншылықтар мен шапқыншылықтардан қорғап, аман сақтап қалған мемлекет­құрушы байырғы ұлт. Әр кезеңдегi тарихи оқиғаларға байланысты қазiргi таңда Қазақ елiнде қазақ ұлтымен қатар өзге де этностық топтар мен диаспоралар мекен етедi.
Үш ғасырға жуық тоқтаусыз жүргiзiлген ұлтсыздандыру саясаты қазақ ұлтының тiлiне, дiнi мен дiлiне, мәдениетi мен салт-дәстүрiне, бiтiм-болмысына қатер төндiрiп, ұлтты тығырыққа тiредi.
Ресей империясы мен кеңестiк кезеңнiң ұлттық саясаты халықтар құқығының бұзылуы, тiкелей геноцид, экологиялық апаттармен қатар жүргiзiлдi. Билiк ұлттық құндылықтарды жоя отырып, қолдан утопиялық Кеңес ұлтын құруға тырысты. «Бейбiтшiлiк» пен «келiсiм», негiзiнен, зорлықпен және жасанды идеологиялық қысыммен орнатылды. Осының негiзiнде ұлттық проб­лемалар шиеленiсе түсiп, 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне алып келдi. Айналып келгенде Кеңес Одағының құрдымға кетуi – дәл осы ұлттық мәселелердiң түбегейлi шешiлмеуiнiң нәтижесi болды.
Тәуелсiздiктен кейiн мемлекет пен саяси институттардың қызметi өзгерiске түсiп, экономикалық реформалар жүргiзiлгенмен этносаралық қатынастардың дамуы бұрынғы күйiнде қала бердi. Өкiнiшке қарай, Егемендiк Декларациясы мен Тәуелсiздiк туралы заңның Ұлттық мемлекет құру туралы талаптары толық деңгейде жүзеге асырылған жоқ. Отарлық саясаттың зардаптарын жоюға бағытталған кешендi бағдарлама қабылданбады. Әлемдiк үрдiске сай, отарсыздану саясаты жүргiзiлуi тиiс едi. Экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатының өсуi ғасырлар бойы жинақталған өзектi мәселелердi өзiнен-өзi шешедi деген ұғымның қате екендiгiн әлем елдерiнiң де, Қазақстанның да тәжiрибесi анық дәлелдеп отыр.
Ұлттық саясат әлi де этносаралық қарым-қатынастардың кеңестiк стереотиптерiнен арыла алмай келедi. Қазақстанда ашық қақтығыстардың жоқтығы қоғамда шешуiн таппаған өткiр қайшылықтардың бар екендiгiн жоққа шығара алмайды.
Қазақстанда кеңестiк заманда 70 жыл бойы, тәуелсiздiк алғаннан кейiн 20 жылға жуық мерзiм iшiнде орыс тiлi iс жүзiндегi мемлекеттiк тiл рөлiн атқарып келедi. 1989 жылы қабылданған “Тiлдер туралы” заң қазақ тiлiнiң мүшкiл күйiн жақсарта алмады.
Билiк қоғамдағы этносаралық саясатпен тек Қазақстан халық ассамблеясы ғана айналысуы керек деген ұғымды қалыптастыруға тырысып келедi. Бұл түсiнiк мемлекеттiк органдардың, қоғамдық ұйымдардың осы мәселедегi жауапкершiлiгiн төмендетедi. Ұлттық проблемаларды шешудiң дұрыс жолы бұл мәселелердi мүлде көтермеу деген ойлар да бой көрсетедi. Ұлт мәсе­лелерiн алға қою ұлттық өзiмшiлдiк деп те бағалануда. Ал проблемалардың шешiлмей жинақтала беруi болашақта қайшылықтар мен тартыстар тудырып, ұлттық мемлекетiмiз бен тұтастығымызға қауiп-қатер төндiредi.
Жоғары билiк тарапынан ұсынылған «еуразиялық идея» мен «қазақстандық ұлт» саясаты – қазақ ұлты мен елдегi барлық этникалық топтардың келешегi, елдiң тағдыры үшiн аса қауiптi бастама. «Қазақстанда 140-тан астам ұлт пен ұлыстың өкiлi тұрады» деген жалған қағидаға сүйену де – түбегейлi қателiк. Қазақ елiнде бiр ғана ұлт, яғни мемлекетқұрушы қазақ ұлты және басқа да этностық топтар тiршiлiк етедi дегендi ашық айтатын мезгiл жеттi. Билiктiң бастамасымен құрылып, ресми БАҚ-та кеңiнен жарнамаланған, бiрақ ұлттық мемлекет мүддесiне сәйкес келмейтiн Қазақстан халқы ассамблеясы этносаралық келiсiмдi қалыптас­тыруға, ұлттық проблемаларды реттеуге қауқарсыз екенiн уақыттың өзi дәлелдедi. Қазақстанда қазақ халқының барлық ұлттық құндылықтарына басымдық берiлуi және жеделдете шешiлуi тиiс. Мұндай саралап жiктеу түрлi этникалық топтарға жататын адамдарды алалау, олардың жеке азаматтық құқығын шектеу емес, бұл – әлемдiк ұстаным.

III. ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ ҰСТАНЫМДАРЫ
Ұлттық саясаттың басты ұстанымы – ұлттық құндылықтар негiзiнде Қазақ елiнiң экономикалық, саяси, рухани тәуелсiздiгiн, ел қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге және жердiң бiртұтастығын мәңгi сақтауға, жер мен жер қойнауы байлығын (ұлттық байлығын) тек халық игiлiгiне жұмсап, жұртының әлеуметтiк жағдайын үнемi жақсартып отыруға мемлекеттi мiндеттеу. Әркiмнiң аза­маттық құқығының мүлтiксiз сақталуын қамтамасыз етпейiнше, заң алдындағы бәрiне бiрдей жа­уаптылық болмайынша ел iшiнде дұрыс түсiнiстiк болмайды.
Қазақстан Республикасы жалпыға бiрдей ортақ территория, бiр ғана азаматтық, жалпыға бiрдей жоғары билiк, жалпыға бiрдей құқық жүйесi мен жалпыға бiрдей бiр ғана мемлекеттiк тiл негiзiнде дамитын болады.
Қазақ халқы қашанда қазақ жерiнде өмiр сүрiп жатқан орыс, украин, өзбек, ұйғыр, немiс, татар, қырғыз, түрiкмен, әзiрбайжан, тәжiк, қарақалпақ, шешен және басқа да этностық топтар­дың тiлiне, дiнiне, мәдениетi мен әдет-ғұрыптарына құрметпен және төзiмдiлiкпен қараған. Бүгiнгi күнi де өз елiнде басым көпшiлiкке айналған қазақ ұлты елдегi этносаралық және дiнара­лық бiрлiктi сақтауды, олардың тiлiн, рухани құндылықтарын дамытуды өзiнiң басты мiндетi санайды. Мемлекет пен оның негiзi болып табылатын қазақ ұлты барлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен еркiндiктерiнiң қамтамасыз етiлуiнiң кепiлi болып табылады. Қазақ жерiнде тұрып жатқан этностық топтар мемлекеттiң және бiртұтас азаматтық қауымдастықтың бөлiгi болып саналады.
Мемлекеттiк тiлдi бiлу – әрбiр азаматтың мiндетi. Мемлекеттiң басты мiндетi – азаматтарға мем­лекеттiк тiлдiң маңызын жан-жақты түсiндiре отырып, оның қоғамдық өмiрдiң барлық сала­сында қолданылуына қажеттiлiк тудыру.
Осы ұстанымдарды iске асыру мақсатында алдағы жылдары мемлекет:
ұлттық саясатты құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк, мәдени және бiлiм беру, т.б. бағдарламаларымен тығыз байланыста кешендi түрде жүзеге асыруды;
нәсiлiне, этникалық тобына, тiлiне, дiни сенiмiне, сондай-ақ әлеуметтiк топтар мен қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына қарамастан адам және азаматтың құқықтары мен бостандықта­рының теңдiгiн қамтамасыз етудi;
ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiруге, бiртұтас мемлекет пен қоғамды жiкке бөлуге, этносаралық және дiни алауыздықты, өшпендiлiк пен араздықты өршiтуге бағытталған әрекеттерге қатаң тыйым салып, тосқауыл қоюды;
мемлекет пен қоғамның ақпараттық тәуелсiздiгiне қол жеткiзу, елiмiздiң өзiндiк ақпараттық-мәдени кеңiстiгiн құру, өзге елдердiң елiмiздегi қоғамдық пiкiрдi қалыптастыруына жол бермеудi;
елiмiздiң басқа да түрiк мемлекеттерiмен бiрдей болашақта латын әлiпбиiне көшу тұрғысындағы қоғамдық талқыларды жүргiзiп, осыған қажеттi дайындықтарды жасауды;
этностық немесе дiни ерекшелiктерге негiзделген саяси партиялардың ел тұтастығына қарсы жұмыс жасап, осы мақсатта шетелден қаржыланатын қоғамдық және дiни ұйымдардың жұмысына заң арқылы тыйым салуды;
Қазақстан халқы ассамблеясына берiлген қажетсiз әрi заңсыз өкiлеттiктердi шектеу және оның жұмысының жалпыға бiрдей конституциялық ережелерге сай болуын қамтамасыз ететiн тиiстi құжаттарды қабылдауды;
Қазақстан Республикасы шет мемлекеттерде тұратын қазақ диаспорасының құқықтары мен мүдделерiн қорғау, қазақ тiлiн, мәдениетiн, ұлттық дәстүрлерiн сақтау мен дамытудағы iстерiне қолдау көрсетудi қолға алады.

IV. ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
Қазақстан Республикасының ұлттық саясатының басты мақсаты – байырғы қазақ жерiнде құрылған ұлттық мемлекеттi сақтау және нығайту.
Осы мақсатта: барша азаматтарды қазақ ұлтының маңында топтастыру, тәуелсiздiгiмiз бен егемендiгiмiздiң баянды болуын қамтамасыз ету;
қазақ ұлтының тарихи жадын, тiлiн, дiлiн сақтау мен жан-жақты дамыту, оның жаһандану заманындағы өзiндiк ұлттық-мәдени ерекшелiгiн қалыптастыру және әлемге паш ету;
елiмiзде тұрып жатқан барлық этностық топтардың өз тiлi мен мәдениетiнiң дамуына шек қоймай, олардың барлығының ортақ Отаны – Қазақстан Республикасына адал қызмет етiп, оған деген сенiмiн арттыру қажет.
Бұл үшiн мемлекет пен қоғам өздерiнiң ерiк-жiгерiн төмендегi негiзгi мiндеттердi атқару үшiн жұмылдыруы керек:
Қазақстан Республикасы қоғамының негiзгi ұлттық құндылықтарын қалыптастыру және дамыту;
қазақ тiлiн шын мәнiндегi мемлекеттiк тiл деңгейiне жеткiзiп, оны барша Қазақстан азаматтарын бiрiктiретiн факторға айналдыру;
этносаралық және дiнаралық саладағы мемлекеттiк органдар мен азаматтық қоғам институт­тарының өзара тиiмдi және пәрмендi қарым-қатынастарын қамтамасыз ететiн жүйенi қалыптастыру.

V. ҰЛТТЫҚ САЯСАТТЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТТАРЫ

1. Саяси-құқықтық салада:
Қазақстан Республикасы ұлттық, дербес, құқықтық мемлекет құруды мақсат еткен ел ретiнде саяси және құқықтық салаларда өзiнiң ұлттық саясатының мынадай негiзгi бағыттарын жүзеге асырады:
елiмiздiң барлық азаматтары мойындаған, негiзiнде өздерiнiң ортақ қазақ мемлекеттiгiне қатыс­тылығын терең сезiнетiн ұлттық құндылықтар жүйесiн қалыптастыру;
ел азаматтарының тарихи жадын және ұлттық, мемлекетшiлдiк санасын қалыптастыру үшiн «тарихи ақтаңдақтарға», әсiресе Ресей отарлауы, 1920-1940 жылдардағы ашаршылық, 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргiндер мен Қазақстанға басқа ұлт өкiлдерiн зорлап де­портациялау, ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұйымдарға және 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлi­сiне саяси және заңдық баға беру, ортақ тарихпен тәрбиелеу мақсатында арнайы мемлекеттiк мұражайлар мен ескерткiштер ашу;
Қазақстанда ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, отаршылдық зардаптарынан, рухани бодандықтан арылу жұмыстарын пәрмендiлiкпен жүргiзу;
мемлекетiмiздiң негiзiн қалаған, ұлтымыздың тәуелсiздiгi үшiн аянбай күрескен тарихи тұлғалардың аттарын мәңгiлiк қалдыру бағытында ұлттық және аймақтық бағдарламалар қабыл­дау, саяси-идеологиялық мақсатпен орнатылған, қазақ тарихына қатысы жоқ ескерткiштер мен атауларды өзгерту;
мемлекеттiң тұрақтылығы мен ұлт бiрлiгiн қамтамасыз ету үшiн сыбайлас жемқорлықтың салда­рымен емес, себептерiмен бүкiлхалықтық күрес жүргiзу;
елiмiздегi сот және құқыққорғау жүйелерiн реформалау, оларды мемлекет басшысына тәуелдiлiктен құтқару, шынайы дербестiгiн орнықтыру;
елдегi этносаралық қатынастарды реттейтiн заңнамаларды осы тұжырымдамаға сәйкестендiру;
елдiмекендер мен жердiң тарихи атауларын қайтару жұмысының тиянақты жүргiзiлуi үшiн ономастика салаларында кешендi республикалық және аймақтық бағдарламалар қабылдау, оны мемлекеттiң ұлттық мүддесi тұрғысынан республикалық деңгейде шешу;
қоғамдағы демократиялық институттарды дамыту, оның iшiнде саяси партиялардың рөлiн арттыру, оларды этносаралық және дiнаралық мәселелердi шешуге қатыстыру, этностық топтардың өкiлдерiмен тығыз жұмыс жасау.

2. Сыртқы саясат саласында:
Қазақстан Республикасының бұл саладағы басты мiндетi – оның тәуелсiздiгi мен егемендiгiн, қауiпсiздiгi мен жерiнiң бiртұтастығын нығайту.
Сыртқы саясат бойынша аймақтық әскери одақтарға, басқадай топтық ұйымдарға кiру мәселесiн тек барша халықтың ұйғарымымен жүзеге асыру көзделедi.
Халықаралық интеграция саясаты елiмiздiң тәуелсiздiгiне еш нұқсан келтiрмейтiндей ұтымдылықпен жүргiзiлуi тиiс. Осы кезге дейiн жасалған мемлекетаралық келiсiм-шарттар ұлттық мүдде тұрғысынан қайта қаралуы қажет.
Осы Тұжырымдамада көрсетiлген мәселелердi негiзге ала отырып ұлттық қауiпсiздiк, сыртқы саясат, қорғаныс, ақпараттық қауiпсiздiк доктриналары қайта қаралып, оларға қажеттi толықты­рулар енгiзiлуi керек.
Алдағы жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы саясат саласында төмендегi басымдықтарды:
АҚШ, Қытай, Ресей, Франция, Ұлыбритания сияқты ядролық державалармен елiмiздiң егемен­дiгi мен тұтастығын қамтамасыз ететiн, кепiлдiк беретiн арнайы екiжақты келiсiмшарттар жа­сауға ұмтылу;
Қазақстан Республикасында шетелдiк әскери полигондардың орналасуына заң жүзiнде тыйым салу;
Екi мемлекет арасындағы келiсiмшарт мерзiмi бiткенде Ресейдiң әскери базаларын шығару және олардың жұмысының нәтижесiнен туындаған экологиялық, басқа зардаптарды өндiру мәселесiн қою;
Орталық Азия, түрiк және мұсылман мемлекеттерiмен саяси-экономикалық, мәдени, экологиялық жақындасу, одақтасу саясатын белсендi жүргiзу;
Еуроодақ институттарымен жақындасу саясатын үдету, “Еуропаға жол” мемлекеттiк бағдарламасын қайта қарап, толықтыра түсу;
Қазақстан Республикасы азаматтығын берген кезде үмiткерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн, бiлiмiн, жасын, кәсiбилiгiн, қаржылық мүмкiндiктерiн, туыстық қарым-қатынастардың бар-жоқтығын негiзге алу;
шетелде тұрып жатқан қандастарымызды Отанына қайтару саясатын белсендi түрде жүргiзiп, елiне қайтып жатқан қазақтарға тез арада жеңiлдетiлген азаматтық беру мен қоныстануын толық қанағаттандырарлықтай көмек көрсету;
қазақ диаспорасы тұрып жатқан мемлекеттермен тиiмдi қарым-қатынастар орнатып, қандастарымызға құқықтық, қаржылық, ақпараттық, мәдени көмек көрсету мәселесiн мемлекет­аралық деңгейде көтерiп, белсендi түрде iске асыру қажет.

3. Экономикалық және әлеуметтiк салада:
Қазақстан экономикасының дамуы өз тәуелсiздiгiн сақтап, ұлттық жаңғырудың (модерниза­цияның) кепiлi ретiнде барша халықтың әлеуметтiк жағдайының деңгейiн жақсарту мен рухани өсуiне толық мүмкiндiк жасап, жер мен жер қойнауы байлығын халқының мүддесiн қорғайтын деңгейде пайдаланып, шетелдiк инвесторлар мен трансұлттық корпорациялардың экспансия­­сына жол бермеу керек.
Бұл мақсатта:
ұлттың негiзгi байлығы жер мен жер қойнауы қазынасы халықтың ортақ байлығы екенiн бекiтiп, мемлекет тек оны пайдалануды реттеп отыруға құқылы болуын жүзеге асыру;
экономиканың стратегиялық даму салаларын қатаң мемлекеттiк бақылауда ұстау;
индустриялық даму бағыты жер қойнауы қазынасы мен табиғи басқа байлықтар ресурсын шикiзат күйiнде шетке шығаруды неғұрлым тежеп, отандық ғылым мен жаңа технологияны пайдаланып, iшкi және сыртқы сұранысқа сай сапасы жоғары, халықаралық деңгейдегi өндi­рiстiк өнiм шығаруды жолға қою;
орта және шағын кәсiптi дамытуда, экономикалық тиiмдi, өнiмдерiнiң өз құнын төмендетiп, сапасын көтеретiн жаңа технологияны жедел өзгертуге бейiмделген өнеркәсiп орындарын көптеп ашуға мемлекеттiк қолдау жасау;
Қазақстан Республикасының көшi-қон туралы заңнамасын одан әрi жетiлдiру, шетелдiк жұмыс­шыларды шақырудың ұлттық мүддеге қайшы келмеуiн және елiмiздегi жұмыссыздықтың көбеюiне әсер етпеуiн қамтамасыз ету;
iшкi көшi-қонның мәселелерiне арналған арнайы заң қабылдау және iшкi көшi-қон толқынын реттеу мақсатында ауылдық жерлердiң экономикалық, әлеуметтiк мәселелерiн шешу;
шетелдiк инвесторлармен кезiнде жасалған келiсiмшарттардың құпия мазмұнын жариялау жөнiнде келiссөздер жүргiзу. Болашақта үкiмет пен шетелдiк компаниялар арасында жасалатын кез келген келiсiмшарттарды мiндеттi түрде жария түрде жасау;
Қазақстанға келген шетелдiк инвесторлар өздерiнiң шикiзат саласындағы жобаларын жүзеге асыру үшiн мiндеттi түрде жергiлiктi мемлекеттiк не болмаса жекеменшiк компаниялармен бiрлескен кәсiпорын ашуы керек. Бұндай кәсiпорындардағы қазақстандық компаниялардың үлесi 51 пайыздан кем болмауын қамтамасыз ету;
экономикалық тәуелсiздiк пен қауiпсiздiктi сақтау үшiн отандық салалар мен кәсiпорындардың шетелдiк компаниялар сатып алатын барлық меншiктiк үлес мөлшерiнiң ең жоғарғы деңгейi 49 пайыздан аспайтындай, ал әрбiр шет елдiк компанияның меншiгiне бiр өндiрiс орнының 15 пайыздан артық үлес сатып алуына шек қоюды iске асыруы;
қазақ жерiнде жұмыс жасап жатқан шетелдiк компанияларды қазақстандық жұмысшылардың құ­қын сақтап, негiзiнен отандық тауарлар мен қызметтердi сатып алуға мiндеттейтiн заңдар қабылдануы;
елдегi ұлттық компаниялардың негiзгi акцияларын Қазақстан азаматтарының, бiрiншi кезекте ауыл тұрғындарының иеленуiн қамтамасыз ету, сол арқылы оларды кәсiпкерлiкке тарту;
ауылдың экономикасы мен әлеуметтiк жағдайының деңгейiн қала тұрғындары деңгейiне жеткiзуге бағытталған, ұлттық менталитетке байланыстырылған, ұлттық-аграрлық даму бағдарламасын дайындау;
«Жер Кодексiн», «Жер қойнауы туралы» заңды қайта қарау, жердi сату мен жер қойнауының байлығын пайдалану туралы заңнамаларды ұлттық даму тұжырымдамасының бағытына сәйкес­тендiру;
елiмiздiң ауылшаруашылығына арналған жерлерiн шетел мемлекеттерiне жалға беруге немесе бiрлескен кәсiпорын құрып пайдалануына жол бермеу, шетел азаматтарына, азаматтығы жоқ адамдарға жердi жалға беруге тыйым салу;
жоғары бiлiмдi инженерлер мен менеджерлердi, кәсiби жұмысшыларды оқыту және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жүйесiн құру арқылы Қазақстанда жұмыс iстеп жүрген шетелдiк мамандарды ұлттық мамандармен ауыстыру;
ауылдың экономикалық, әлеуметтiк, мәдени өркендеуiне жұмыс iстейтiн, инфрақұрылымды да­мытатын, ұлттық менталитетке негiзделген дәстүрлi экономиканы дамытатын аймақтық бағдарламаларды дайындау, оларды қомақты және мақсатты қаржыландыру;
елiмiзде орын алып жатқан урбанизациялық процестерге мемлекеттiк қолдау көрсету, қалаға келiп жатқан азаматтарды қоныстандыру және әлеуметтендiру үшiн арнайы мемлекеттiк бағдарламаны қабылдау;
қазба байлықтарды, мұнай мен газды шетелге сатуды қатаң бақылауға алу арқылы ел қазынасын молайту, одан түскен табыспен жастардың тегiн бiлiм алуын, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесiн түбегейлi шешу;
халықтың әл-ауқаты мен өсiмiн тұрақты түрде қамтамасыз ету мақсатындағы (зейнеткерлерге, студенттерге, көпбалалы аналарға берiлетiн көмек, дүниеге келген әрбiр балаға берiлетiн жәрдемақы және т.б.) әлеуметтiк қолдаудың деңгейiн көтеру;
баспанасынан айырылған, банктерге қарызға батқан үлескерлер мен борышкерлердiң мәселесiн шешуге бағытталған мемлекеттiк iс-шараларды дереу қолға алу;
сыбайластықпен, заңсыз жекешелендiрумен талан-таражға түскен ауылшаруашылығына пайдаланатын жерлердi халыққа қайтару;
Қазақстан жерiнiң жартысынан көбi өмiр сүруге қолайсыз шөл және шөлейт жерлер екенiн ескерiп, онда тұрып жатқан тұрғындарды қалаларға немесе шұрайлы жерлерге көшiру бағдарламаларын жасау керек.

4. Тәрбие, бiлiм беру және ғылым саласында:
Қазақстан Республикасының бұл саладағы басты мiндетi – оның тәуелсiздiгi мен егемендiгiн, саяси және экономикалық дамуының тiрегi болатын, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сiңiрген патриоттық рухтағы бiлiмдi жаңа ұрпақ тәрбиелеу, ғылымды жан-жақты дамыту.
Ол үшiн:
ұлттық тарихты, зерденi, рух пен мәдениеттi терең насихаттайтын әр деңгейдегi, сан алуан технологиядағы жаңа буын оқулықтарын дайындау;
жоғары оқу орындарында оқытылатын гуманитарлық және техникалық мамандықтарға арналған мемлекеттiк тiлдегi оқу құралдары мен оқулықтардың сапасын арттыру;
арнайы мемлекеттiк бағдарлама арқылы жасөспiрiмдер үшiн қазақ және басқа тiлдерде ұлттық ауыз әдебиетiнiң үздiк үлгiлерiн, бай эпикалық мұрасын кеңiнен насихаттайтын кiтаптар, мультфильмдер, дискiлер шығару;
90-жылдардағы жабайы жекешелендiру кезiнде жабылып қалған балабақшалар мен мәдени ошақтары желiсiн қайтарту және демографиялық үдерiстерге сай қайта жаңғырту;
бiлiм беру жүйесi жас азаматтардың қазақ тарихы мен мәдениетiне, мемлекеттiк тiлiне деген құрметiн арттыруға, Қазақстан Республикасына, оның мемлекеттiк рәмiздерiне, құндылық­тарына деген сүйiспеншiлiк сезiмдерi мен отансүйгiштiк қасиеттерiн өсiруге бағыттау;
балабақшадан жоғары оқу орнына дейiнгi мемлекеттiк тiлдi үйретудiң үздiксiз жүйелерi мен бағдарламаларын дайындап, оларды батыл түрде енгiзу;
балабақшаларда, мектептерде және жоғары оқу орындарында тарихты бұрмалау, жеке басқа табыну, елдiң дамуын бiржақты дәрiптеу сияқты ұрпақ тәрбиесiнiң негiздемелерiне қайшы, бiлiм стандартына сай емес «Өзiн-өзi тану» сияқты жастарды рухани аздыруға алып келетiн пәндердi оқытуға тыйым салу;
мемлекеттiк балабақшалардағы тәрбие жұмыстарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу;
барлық мектептер мен ЖОО-дарында қазақ әдебиетi, тарихы және тiлi оқытылуы тиiс. «Орыс әдебиетi» пәнiнiң орнына «Әлем әдебиетi» пәнiн енгiзу керек.

5. Ақпараттық салада:
Ақпараттық салада ұлттық саясат төмендегi басымдықтарды iске асыруға негiзделуi тиiс:
2010 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап “Қазақстан” телеарнасы негiзiнде жүз пайыз мемлекеттiк тiлде хабар тарататын қоғамдық арна жасау және тәулiк бойы мемлекеттiк тiлде хабар тарата­тын жаңа теле-радиоарналарын ашу;
“Бұқаралық ақпарат құралдары”, туралы заңды қайта қарау, “Мемлекеттiк тiл туралы” заңдар мен нормативтiк құқықтық құжаттар қабылдау арқылы телеарналардың мемлекеттiк тiлдегi хабарларды тарату үлесiн жүйелi түрде арттыру;
елiмiздiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, басқа елдердiң қоғамдық пiкiрдi қалыптастырудағы мүмкiндiктерiн шектеу, ұлттық зердемiз бен менталитетiмiзге жат құнды­лықтар насихатын азайту мақсатында шетел телеарналарына қатысты заңдық шектеу саясатын жүргiзу;
2011 жылдан бастап Қазақстандағы кинопрокаттың мемлекеттiк тiлде жүргiзiлуiн қамтамасыз ету. Қажет болған жағдайда фильмдердi басқа тiлдегi субтитрлермен берудi ұйымдастыру;
қазақтiлдi интернеттiң дамуына мемлекеттiк көмек көрсету, жаңа технологиялардың мүмкiндiктерiн ұлттық тарих пен мәдениеттi дамыту үшiн кеңiнен қолдану;
“Электронды үкiмет” жүйесiнiң түпнұсқасы ең алдымен қазақ тiлiнде жасалып, қажет болған жағдайда басқа тiлдерге аударылуы керек, халық арасында интернет-қызметтердi дұрыс пайдалануды кеңiнен насихаттау және қоғамның бар саласына енгiзу;
өзге тiлдерде шығатын БАҚ-тарға қазақ тарихы мен мәдениетi, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлер туралы ақпараттарды ұлттық сәйкестiлiктi, этносаралық және дiнаралық келiсiм және саяси тұтастықты насихаттауды iске асыру;
“АИФ-Казахстан”, “Комсомольская правда-Казахстан”, т.б. сияқты Ресей мемлекетiнiң идеологиясы мен ақпаратын тарататын БАҚ-тарды мемлекет тарапынан қаржыландыруды толық тоқтату;
мемлекеттiк және жекеменшiк компанияларға ұлттық мұраттар мен рухани құндылықтарды қоғамдық санада бекiтетiн, ұлттық тарих пен мәдениеттi насихаттайтын өнiмдердi (теле және радиобағдарламалар, кинофильмдер, құжатты фильмдер, роликтер т.с.с) шығаруға мемле­кеттiк тапсырыс беру;
этносаралық және дiнаралық тақырыптарға қатысты журналистер арасында этикалық қағидалар мен кәсiби кодекстердiң қабылдануын, олардың iске асуына ықпал ету;
мемлекеттiк тiлдегi мерзiмдiк басылымдардың бәсекелестiк қабiлетiн қалыптастыру үшiн олардың кейбiреулерiне оқырмандарды күштеп жаздыру тәжiрибесiн тоқтату керек.

6. Тiл саласында:
Қазақстан Республикасындағы тiл саясаты төмендегi басымдықтарды iске асыруға негiзделедi:
мемлекеттiк тiлдi меңгеру елiмiздiң әрбiр азаматының мiндетi болып табылады;
мемлекеттiк тiлдi үштiң бiрi етiп әлсiретуге бағытталған «үш тұғырлы тiл» саясатына жол берiлмейдi. Әркiмнiң өз қалауы бойынша басқа тiлдердi меңгеруiне ешқандай шек қойылмайды;
қазақ елiнiң азаматтығын алуда сол адамның мемлекеттiк тiлдi меңгеруi басты талап болып саналады;
қазақ жерiнде жұмыс iстеп жатқан шетелдiк компаниялардан өз аудармашыларының мемлекеттiк тiлдi меңгерiп, үкiметтiк органдарымен, жергiлiктi кәсiпорындармен және басқа да ұйымдармен мемлекеттiк тiлде қарым-қатынас жасауы талап етiледi.
2010 жыл iшiнде «Мемлекеттiк тiл туралы» жаңа заң қабылдануы керек. Заңда қазақ тiлiнiң мемлекеттiк органдардың iс-қағаздарын жүргiзу тiлiне айналуы, оның сот, бизнес, банк, бiлiм беру, ғылым, мәдениет т.б. салаларында да мемлекеттiк тiл дәрежесiне жетуiнiң механизмдерi мен талаптары белгiленедi.
“Мемлекеттiк тiл туралы” заң қабылданғаннан кейiн Үкiмет деңгейiнде төмендегiдей шешiмдер жүзеге асырылуы тиiс:
әр мамандық иелерiне мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейлерiн анықтайтын “Қазтест” бағдарламасын қолдану ережелерiн бекiту;
мемлекеттiк қызметкерлердiң барлығы мемлекеттiк тiлдi белгiленген дәрежеде бiлетiн болуы шарт;
жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдарының мемлекеттiк тiлге толық көшу кестесi белгiленуi керек;
республикада мемлекеттiк тiлдi үйретудiң бiрiздi-сатылы бағдарламасын балабақша – мектеп – орта арнаулы оқу орны – жоғары оқу орны – мемлекеттiк қызмет жүйесi бойынша дайындап, мiндеттi мемлекеттiк бағдарлама ретiнде бекiту.
барлық мемлекеттiк шаралар мен шетелдiк келiссөздер мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi.
Республика деңгейiнде Мемлекеттiк тiлдi дамыту институты құрылуы керек. Оның басты мақсаты болып қазақ тiлiнiң модернизациясына қатысты ұсыныстар дайындап, болашақтағы латын әлiпбиiне көшуге қатысты дайындықтарды жүргiзу болып белгiленуi керек.
Республика деңгейiнде аударма орталығы құрылып, оның мiндетiне әлем әдебиетi мен ғылымның озық үлгiлерiн қазақ тiлiне аудару және қазақ әдебиетiнiң үздiк үлгiлерiн әлем тiлдерiне аудару жатқызылуы тиiс.
2011 жылы мемлекеттiк “Қазақфильм” компаниясының iшiнен ұлттық дубляж орталығы қайта қалпына келтiрiлiп, оған әлемдiк деңгейдегi рухани, ғылыми, мәдени маңызы бар кинофильмдер мен деректi фильмдердi, балалар мен жасөспiрiмдерге арналған мультфильм­­дердi қазақ тiлiне жоғары сапамен аудару мiндетi жүктелуi керек.

7. Дiнаралық салада:
Бұл саладағы басты басымдықтар мынадай:
қазақ жерiндегi барлық дiни ағымдардың iс-әрекеттерiнде этносаралық қатынастарға нұқсан келтiретiн, жергiлiктi халықтың әдет ғұрыптарына қайшы келетiн жұмыстарына заң арқылы тыйым салынады;
мемлекет, азаматтық қоғам мен дәстүрлi дiни ұйымдар баршаға ортақ адамгершiлiк iзгiлiктi насихаттау, қоғамның рухани денсаулығын қамтамасыз ету, отбасының рөлiн күшейту, қылмыскерлiк, алкоголизм мен нашақорлыққа қарсы күрес жүргiзу бағытында бiрiгiп қоян-қолтық жұмыс атқаруы керек;
мемлекет, азаматтық қоғам мен дiни ұйымдар азаматтардың, әсiресе, жастардың арасында дiни экстремизм мен радикализмге тосқауыл қою, дiндi азаматтардың денсаулығы мен рухани болмысына қарсы пайдалануға, дiндi қаржылық пайда көзiне айналдыруға жол бермеу тұрғысында келiсiлген iс-шараларды бақылауда ұстайды;
көшелерде, қоғамдық жерлерде және мекемелер мен үй-үйлердi аралап бөгде дiни насихаттар жүргiзiп, дiни әдебиеттер таратуға қатаң тыйым салынады;
балабақшалар мен мектеп жасындағы балалар арасында дiни миссионерлiк жұмыстар жүргiзуге тыйым салынады; (Тұжырымдама «Жас Алаш» газетiнен алынды)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар