тәйiрi сонда жас па екем

1003 рет қаралды
2

aaaaӘр бір Алаш баласы Абайды күніне бір рет еске алып отырса жарар… Абай десем, әуелi бала күнiм есiме түседi. Өйткені, кімде кім болмасын өзінің өмiрiнiң өткенiн ойлағанда алдымен ат басын сәби шағына бұрады. Бала күнгі жатта қалған жағдаяттар әппақ, адал қалпында аз да айқын, әсерлiлiгi сонша жаңа болғандай-ақ көз алдыңнан өтедi.

Ата-анамның маған алғаш жаттатқаны – Абайдың “Әсемпаз болма әр неге” деп басталатын өлеңiнiң бiрiншi шумағы. Онда мен Мұзағаңшыласам (Әлiмбаев) «тәйiрi сонда жас па екем, табандай үш жаста екем». “Р” мен “Л”-ды “И”-ге бұрып айтатын маған өлеңнен не бәрi бiр-екi сөз түсiнiктi болса керек, сұрақты көп қояды екенмiн. “Әсемпаз деген не?”, “Өнерпаз деген немене?”. Әке-шешем сөздiң мағынасын ұғындырып, “Абай атаң жақсы бала, мықты азамат бол деп ақыл айтады, ол мына кiсi”, деп сұр мұқабалы қалың кiтаптан сом денелi, жылы жүздi кiсiнi көрсеткенi есiмде қалыпты. Содан есейе келе өлеңдi толық жаттап, кейiн мәнiн меңгерген соң, бүгiнгi күнге дейiн дұғамдай неше жүз қайталаған болармын. Ал, Абай болса, кетiгiңдi таптың ба деп жиi қайталап тұрғандай. Мен болсам, бәйгесiз мәңгі майданға келе жатқандаймын. “Еңбегiң кетпес далаға” деп Ұлы ақын өзi жұбатады.

Ат жалын тартып мiнiп, атқа шабатын болдым. «Тәйiрi онда жас па едiм, дардай жетi жаста едiм». Атамыз Баймолда торғауыттың бiр кiсiсiнен қара көк құнанды сатып алған екен. Тұрқы ұзын, жал-құйрығы төгiлген, жарау құнанын көпке сынатып тұрып, ешкiмнiң сыны көңiлiнен шықпады ма, менi шақырып:
– Балам, әлгi “шоқпардай кекiлi бар, қамыс құлақты” айтып жiбершi,– дедi. Мен қаздиып тұра қалып, өлеңнiң төрт жолын айтып бiте бергенiмде, атам ұзын денесiн иiп кеп “ой жарайсың” деп, қолтығымнан қос қолдап iлiп алды да, қара көк құнанның үстiне отырғыза салды. –Абайша сынау деп осыны айтады.

Абайдан асырып жылқыға сын айтқан жан өтпеген,– дедi төңiрегiне қарап. – Мiне, қамыс құлақ деп сүңгiдей қос құлақты кезек сауып, шоқпардай кекiл деп мынаны айтады деп уыстағанда дөңгеленiп төгiлген кекiлiн көрсеттi. Жаңа ғана өзiм оқыған өлең ендi сұлу суретке, жанды бейнеге айналып бара жатты. “Ой желке,– дедi атам майда жалдың үстiн саусағымен сызып, сосын үңiрейген сағақ деп, оң жұдырығын түйдi де қаракөк құнанның етсiз басының жағының арасына тығып жiбердi. Атамның жұдырығы бiлезiгiне дейiн көмiлiп кеткендей болды Содан кейiн жылқы баласының жүйрiгiне болсын, жабысына болсын Абай қарасымен қарап тұратын болдым. Бүгiн де бәйгiнiң атын көрсем, баяғым есiме түсiп, әлдекiм “шоқпардай кекiлi бар…” деп сыбырлап тұрғандай болады да, Абай өлеңдерiн тәжірибесіз аударып, практикасыз көкейге құйып жiберемiн дейтiндердi аяймын. Абай өлеңдерiн толық меңгергiсi келген адам, оның әр өлеңiнiң өмiрiн басынан кешiрмейiнше мақсатына қалай жетсiн? Қолына құс қондырып, томаға тартып көрмеген кiсi “Қансонарданы..” қайдан ұға алсын. Абайдың ешкiмге ұқсамайтын ерен дара тұсы да қазақтың біртұтас тұрмыс-тіршлігімен біте қайнасып жатады-ау! Абай өлеңдерінің өзге тілдерге жеттік аударылмайтыны да оның ұлттық мінез-құлқының молдығымен байланысы болса керек. aaa

Ержетiп етек жеңдi жиып қалған кезiм. Тәйiрi онда жас па едiм, дүйдей он үш жаста едiм.
Ол жетпiсiншi жылдардың басы. Абай және Сәкендерге арналған әдебиет сабағына домбырасын ұстай келiп, ара-арасында әндетiп жiберiп, айызыңды қандыра сөйлейтiн мұғалiмiмiз бiрде: “Менiң осынымды сырт көз жақтамайды” деп қалған… Мектеп iшiнде жүрiс сиреген шақ еді. Мұғалiмдер кеңсесiне жақындап қалғанымда директордың дауысы анық естiлдi.
– Мұның не? Массың ба? Әдебиет ән емес қой,– үн зiлдi екен.
– Сендердiң стандарттық сабақтарыңа көнбеймiн!
Әдебиет пәнi мұғалiмiнiң ашынған дауысы. ..

Көкейге күдiк салған “стандарттың” сыры кейiн ашылды ғой. Стандартқа сыймайтын, шексiз Абай пәлсапасына жылдар жылжып өткен сайын терең үңiлiп, үңiлген сайын үлкен ғибрат алып, Абаймен ауызданғанымызға мақтанамыз. Адал жасымнан ақылшым Абайым деймiз, қалың елiм “мен” мен “менiкiн” түсiндi, көк құйрықты жас сәби Абай өлеңiмен дүние есiгiн ашып, Абай рухымен есейіп өсіп келеді. Бұл бiздiң бақытымыз.
Карамер “Шалқар”, 11.08.1995.N 30

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Қалай әдемі жазғансыз. Абайды бір кісідей білем дегендердің өзі жолда қалатындай. Менің де бала кезімде Абай атамыздың өлеңдерін түсінбесем де таңдайым тақылдап жатқа айтатыным есіме түсіп кетті. Жақында ғана бірінші сыныптағы немерем Аружанға “Әсемпаз болма әр неге” деген өлеңінің бірнеше шумақтарын жаттауға беріпті. Қарап отырсам зеректігімен жаттап алды ау, бірақ сөзін ұға алмай отырғанын байқап әр бір сөзін талдап отырып ұқтырғандай болдым. Тілі орысша шықса да қазақ мектебіне беріп едік. Оқулығына қарасам неше түрлі келіспейтін сөйлемдер, ұйқаспайтын өлеңдер өріп жүр. Тіпті бала түгілі үлкен кісінің түсінігіне ауыр тиетін сөздер көп. Егер метеп оқулығына сіз сияқты адамдар арнайы жазса көп келеңсіздіктерден құтылар едік. Сіздің бұл шығармаңыз әрі танымдық рөлі мол әрі әсерлі екен. Творчестволық табы тілеймін.
    Мінберге үлкен рахмет! Жақсы сайт, жасай беріңіздер.

  2. Тырнақалды туындыма үлкен мән бергеніңізге шын жүрегімнен алғысымды білдіремін. Құр жаттау адам санасының түйсік көзін ашпайды деп ойлаймын. Сіз де соны анық аңғарыпсыз. Біздің мәңгүрттенуіміздің негізгі қазақы ұғымның азаюына байланысты деп өзімше топшылаймын.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі