Қазіргі қазақ киносы және ұлттық қауіпсіздік

1380 рет қаралды
4

кыз жибекҚазақ киносын сөзсіз түрде кеңестік және тәуелсіздік кезеңіндегі деп екіге жіктеуге болады. Өкініштісі, қазақ киносы екі кезеңде де қазақ ұлтының мүддесіне жұмыс істеген жоқ. Алғашқысы коммунизмді дәріптесе, қазіргісі халықты азғындатып жою саясатын насихаттауда.

КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢНІҢ КИНОСЫ ЖАСЫРЫН БОЛСА ДА ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТТІ

Дегенмен екі кезеңді салыстырып қарар болсақ, кеңестік кезеңдегі қазақ киносы астарлап болса да, қазақтың ұлт болып сақталуына әлдеқайда көп үлес қосты. Қазіргі заман илеуінің өлшеміне салсақ, ерлік деп бағалар едім. Сол кездегі қай киносын алып қарасақ та, мүмкіндігінше қазақ ұлтының жыртысын жыртқанын байқаймыз. Бір мысалмен айтар болсам, «Жаушы» киносында қазақ қызының ары мен намысын шебер қорғатып, «біріксек жер қайысқан қол екенбіз ғой» деп қазақтың басын бірігуге үндейді. Ұлттық рухты сол заманда бұдан өзге қалай насихаттауға болар еді!
Ал, қазір? Көш бастар деп үкілеген «Көшпенділер» киносы мұның жанында далада шаң қауып қалады. Тылсым табиғаттың заңдылығы бойынша, қандай да бір туынды, еңбек болсын ұлттық тамырмен астасып жатуы тиіс. Тамыры жоқ туындының ғұмыры жылт еткен жылтырақпен тең. Бодандық тұстың өзінде түсірілген «Қыз Жібек», «Шаңырақ», «Көксерек», «Менің атым Қожа» сияқты кинолар деңгейіне жететін әрі ұлттық құндылықтарды насихаттайтын туындыларды тәуелсіз ел болдық дегеннің өзінде әлі түсіре алмай келе жатырмыз. Бұдан өткен қорлық бар ма? Жоғарыда аталған кинотуындылар ұлт тамырымен астасып жатыр, сол үшін де ғұмыры ұзақ болды. Ол кезеңде қазақ ұлтының рухын өлтірмеуге қарысқан, сол жолда бел шешіп күрескен зиялы қауым болды. Ал қазіргі кезеңде зиялы қауымның бар екеніне халықта күдік пайда болғаны жасырын емес.
Шетелдік бір киноны таныстырмай-ақ, орта тұстағы сюжеттерін көрсетсе, оның қытайдың, түріктің, не орыстың киносы екенін бірден танимыз. Өйткені киноның келбеті, тілі және қай елдің идеологиясын насихаттап жатқандығы айқын көрініп тұрады. Бұрындары елдің болашағын жастарына қарап білетін болса, қазір киносына қарап байыптаймыз. Ал қазіргі қазақ киноларынан қазақты көре алмаймыз. Қазіргі қазақ кинолары жөнінде әркімнен естіген, оқыған емес соңғы уақыттары түсірілген 24 қазақ киносын қарап және бір киноны бастан аяқ түсіруге атсалысқаннан кейін туындаған пікіріммен бөліскенді жөн санадым.

Қазір қалың көпшіліктің оқыған кітабынан көрген киносының саны басым. Том-томдаған кітап оқығаннан сол туралы түсірілген киноны көруді, кітап сатып алғаннан кино сатып алғанды жөн санаған заманда киноның теңдессіз психологиялық-идеоло¬гиялық қару екені мойындалды. Сонымен бірге ең үлкен қару кино екенін ескерген елдер әлем халқының санасын жаулау үшін ақпараттық соғыс майданын бастап та кетті.
Біздің киногерлер Қазақстанды қорлайтын «Борат» киносына қарсы кино түсіретін шығар деп жүрсек, керісінше сол киноның жалғасы іспеттес халықты қорлайтын кино түсіріп әлек. «Келін», «Қарой», «Махаббат тәлкегі (Ирония Любви)», «Ойпырмай», «Қайрат чемпион. Девственник», «Әке қорлығы», «Тюльпан» кинолары қазақтың салтында жоқ дәстүрлерді насихаттап, азғындықты, арсыздықты насихаттай бастады. Айы-күні жақындаған әйелді зорлау, баласының анасын өлтіруі, әкесінің қызын зорлауы, жезөкше келін, хайуантектес өмір сүру салты, тіпті адам аузы бармайтын сюжеттер… Осы киноларды түсірген қазақтың қара домалақ балалары екенін көре тұрып: «Бұлардың аналары да осындай жезөкшелік жолдан өткен бе? Қыздары, әйелдері жеңіл жүрісті ме?» деп қатты таң қалам. Неге бұл намыссыз режиссерлар қазақтың қызын әркімнің астына жатқызып әлек болады. Қай киносына қарасаңыз қазақтың қызын жезөкше етіп көрсетеді, тіпті құрығанда адамға тән ақадал арсыз, ұяттан жұрдай намыссыз мақұлық па деп ойлап қаласыз, сондай әсер қалдырады. Бұл тіпті кино түсіру барысында үрдіске айналып бара жатыр. Аманжол Айтуаровтың «Дала экспресінде» қазақтың қызы француздың қолжаулығы болса, Қазақстан, Германия, Франция бірігіп түсірген «Ұлжан» киносында да француздың қолжаулығы, «Махаббат тәлкегінде» орыстың қолжаулығы, «Астана – менің махаббатымда» түріктің қолжаулығы, жаңадан жарыққа шығайын деп жатқан «Ғаламтордағы махаббат», «Нереальная любовь», «Қара майор» киноларында тағы да орыстың астында мыж-мыж болған қазақ қызын көреді екенбіз. Бұл неткен намыссыздық. Қазақтың қызын жезөкше етіп жарнамалау қарқын алып, қорлаудың эпицентріне айналды. Біле білгенге бұл үрдіс ұлттың қорлық пен жеңіліске ұшырауының символы. Әлемдік тарихтан бәрімізге белгілі, жеңілген елдің қызын қатындыққа әкетіп, ұлтты осылай қорлайтын болған. Бөтеннің астына қызын өзі салып беру, бұл жеңілістің белгісі. Кім не десе де бұл аксиома. Қызын бұзу деген ұлтын бұзу деген сөз.
Кезінде қандай бодандық бұғауда болсақ та рухты ағаларымыз «Шаңырақ» киносында қазақтың жігітіне орыстың қызын әперген еді ғой. Сол кездегі киноның ешқайсысында қазақ қызын қорлатпаған. Қысқа қайырып айтқанда ұлтаралық бірлік ұранымен аралас некені насихаттаушылар тарих бойы, ғасырлар бойы таза сақтаған қанымызды бұзу, онымен бірге ұлтымызды жоюды мықтап қолға алыпты. Шым еткізер шындық осы!

Пазылбек Әбсаттарұлы

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Ащы шындық! Сіз тізбелеген кинолардың бәрін кормесем де, быразының мазмұнынан хабардар едім…сол режиссерлердің “киносымақтарын” тусіріп қана қоймай, сұхбат бергенде ауыздары ауыздарына жұқпай сарнайтындарын, жер-көкке сыйғызбай мақтайтынын көргенде өз қолыңмен буындырып тастағың келеді…намыссыз надандар! Сол киноларды түсіруге, оны халыққа ұсынуға кім рұқсат беретініне таңым бар(((

  2. Менің ойымша барлық проблема өзімізде сияқты. Қазір Қазақфильмде кино түсіретін негізінде орыс тілді қазақтар, Өкінішке орай оларда ұлттық психология жоқтың қасы….

  3. Рахмет, Абай. Бірақ, ол сайтта бізден кейін жарияланған екен.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері