/

«Kazakhsoft» көкжиегі

1076 рет қаралды

Қытай қазақ интернетінің бүгінгі хал-жағдайы қай деңгейде? Компьютер тілінің қазақша сөйлеуі арғы беттегі бауырлар арасында қаншалық жүзеге асқан? Қазақ елімен арадағы ықпалдастық қатынастар бар ма деген сауалдар төңірегінде «Kazakhsoft» жобасының авторы, қытайдағы қазақ программисті Тәліп Нүсіпұлымен өткізген сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз?

Мен Тәліп Нүсіпұлы(Ойлан) Қытай Халық Республикасынада тұратын қазақ азаматы боламын. Ауылда, егінші отбасында дүниеге келгенмін. Әке-шешемнің еңбектенуінің арқасында оқуға түсіп, орта-бастаушты үздік нәтижемен тәмәмдап, Шин Жяң Педагогика университетінің компьютер ғылымы және технологиясы мамандығына түсіп оқыдым. Мектепті бітірген соң оқыған мамандығыма сай «Kazakhsoft» атты қазақ тілді сайт құрып, ғаламтордан кісілік орын алуға құлшыныс жасадым. Қазір ауылда оқытушылық жұмыстамын.

«Kazakhsoft» жобасының мақсаты, алға қойған ұстанымдары қандай?

Kazakhsoft(Қазақсофт) – түбірі «қазақ» сөзінен басталған, бұған шетел сөзі soft(софт) қосылу арқылы жасалған. Сайтымыздың көтерген басты тақырыбы қазақ компьютер технологиясы мен мәдениетіне үлес қосу болып табылады.

Сайтымыздың тарихына көз салғанда, әуелде «Ауыл» торабын ауызға алуға тура келеді. «Kazakhsoft»(Қазақсофт) сайтын құрудан ілгері «Ауыл» торабының қазақша программалық қызметінде болдым. Кейін компьютерді ішкерлей үйрену мен қазақ интернет ресурстарын дамытуды көзде ұстап, «Kazakhsoft» сайтын құрып шықтым. Мұнда негізінен компьютер үйрену, сайт дизайыны, компьютерде бағдарлама ашу және жобалау, ұлттық оқыту(онлайн оқыту) және қазақ тарихы, логика, философия пәндерін қамытаған тақырыптар мен үйрету бейнежазбалары шығарылған. Сондай-ақ, төте жазу мен криллишені автоматты сәйкестірып көрсететін сұхбат жүйесін су жаңадан зерттеп жасап, торап мүшелерінің тікелей желіде отырып өзара пікір алмастыруына, үйренуіне, жекелік көзқарастары мен зерттеу мақалаларын жолдауға болатын әлеуметтік желі құрдық. Мұның бәрі қазақ жастарының ғаламторда өз тілінде білім алуына мүмкіндік тудырады.

«Қазақсофт» сайтының осы күнге дейінгі көпшілік қауымға пайдалануға берілген ірілі-ұсақты жетістіктері мол екенін білеміз. Жобаның егжей-тегжейін өз аузыңыздан естісек?

«Kazakhsoft» сайтының басты мақсаты компьютер ресустарын қазақшалау. Сайтқа алатаудай ат қойылғанымен нақты істер істемесек ол да үлкен бір намыс болар. Құдайға шүкір, қазірге шейін шамамызға қарай бауырластарымызға үлкен, ірі болмасада, шағын-шанақты қолғабыстар тигізып келеміз деп ойлаймын. Неге дейсіз ғой, бұған төмендегі «Kazakhsoft»-тың тіке өзі зерттеп жасаған өнімдері жауап берер деген үміттемін. «Kazakhsoft» жаңадан құрылған кезде «Қазақсофт қазақ әріптерін өзара сәйкестіру және өлшемдестіру жүйесі» арқылы көпшілікпен жүздескен болатын. Бұл бағдардың негізгі рөлі Қазақстан крилл әріпін негіз еткен материалдарды төте жазуға сәйкестіріп көрсету. Демек, бұл бағдарлама екі бөлек қазақ жазуының арасындағы көпір болды деген сөз. Қазіргі қытай қазақ интернет желілеріндегі үлкен мәселелерідің бірі төте жазудың біртұтас өлшемді нұсқасының қолданылмауы болып отыр. Кейбірі әлі де юникод өлшеміне түспейтін дәстүрлі өлшемдермен жүріп келеді. Юникод иқуаты бар сәйкестіргіш – өлшемсіз жазуларды өлшемді жазуларға автоматты түрде сәйкестірып бере алады. Бұдан басқа юникод өлшеміне түскен компьютерде төте жазуға арналған қазақша кіргізу құралы да бар.

«Kazakhsoft» сайты зерттеп жасаған құралды атап айтар болсақ:

1. Сөздік қоры 180 мың сөзден асатын қытайша-қазақша сөздік. Сөздікте – тұрмыстық атау, құрылыс саласы, химыия, физика және компьютер терминдеріне байланысты сөздер қамтылған.
2. Қазақша төте жазу құралының көмегінсіз тіке жазып, сақтауға болатын мүмкіндігі бар бағдарлама.
3. Барлық ішкі мазмұны қазақ төте жазуындағы ойын құралы мен музыка плейр.
4. Криллише мен төте жазуды автоматты түрде сәйкестіріп көрсететін сұхбат жүйесі.
5. Ғаламтордан төте жазумен қазақша материялдар мен бейне құжаттарды іздеу иқуаты бар сайт мүмкіндігі.

Жоғардағы атап өткендеріміздің бәрін «Kazakhsoft» өз еңбегімен зерттеп жасаған, сондай-ақ, көпшіліктің ортақ қолдануына тегін берілген. Сонымен қатар, үкімет органдарының қажетіне сай жасалған «Мемлекеттік қызметкерлерді басқару жүйесі» кеңселік реттеу бағдарламасы сынды жетсітікері бар. Аллаға шүкір, істеген істеріміз көптің қалауынан шығып, халықтың алғсына бөленіп жатыр. Аманшылық болса, алда істейтін істер әлі көп. Құдай соған жеткізсін деймін.

Қытай қазақ интернеті жөнінде тоқтала кетсеңіз? Қандай артықшылықтар мен кемшіліктер бар? Бүгінгі даму өресі қалай? Үлкен бөгеттер бар ма?

Қытайда қазақ сайттары, иншаллаһ, күн сайын жақсарып, дамып келеді. Қытай қазақ интернет саласы негізінен сұхбат, яғни, әлеуметтік желі сипатындағы сайттар болып есептеледі. Негізгі мазмұны әдебиет пен тарихты тұғыр еткен, сондай-ақ, Исламды, имандылықты дәріптеген сайттар, ән-музыка, көңіл ашуға арналған сайттар және арнаулы кәсби сайттар мен үкімет қолдауындағы қазақ тілді сайттар болып бөлінеді.

Ғаламтордың басты бір ерекшелігі информацияны ортақ пайдалануға қарай бағыттау болса, қазақ сайттарының көбеюі нәтижесінде қарапайым оқырман жаңалықтарды, әдеби қауым шығармашылығын дер кезінде тораптан оқып көре алатын болды. Жекелік блог ашып жүргендері де бар. Ал, ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, барлығы таза қазақ тілді, күнделікті жаңалануы тез, әдебиетке, тарихымызға қатысты жазбаларды азды-көпті болса да, осы сайттардан көріп, оқып білуіңізге болады. Оның үстіне жекелей сайт құрушылардың бәрі негізінен өз экономикалық күші мен технологиялық біліміне сүйеніп қазақ торапкерлігіне үлестерін қосып келеді. Ал кемшіліктер болса, технологиялық тетікті әлі де жетік меңгере алмауы мен түсінбеуі және қазақ төте жазуында ортақ бірлік болмауы мен өзара көшірмешіліктің біршама ауыр болуы сияқты мәселелерді айтуға болады. Алайда, «көш жүре түзелер» деген аталы сөзіміз бар ғой. Уақыттың өтуі мен ғылым-техниканың тетігін игерген аға-бауыр, қарындастардың құлшыныс жасауы нәтижесінде бұл кемшіліктер толықтанып кетеді деген үміттемін.

Қазақ әліпбиінің латын жазуына көшуі туралы жобаны дайындап және оны үнемі нәсихаттап жүрген азаматтардың бірі ретінде осы іс жүзеге асар болса бізге қандай жеңілдіктер мен жақсылықтар ала келеді деп ойлайсыз? Ұстылатын тұстарымыз да бар болар?

Біріншіден, ғылым-техниканың дамуының өзі бізді осы белестен асуға мәжбүрлейді, екіншіден, компьютер мен ғаламтор технологиясының дамуына ілесіп, ғылым жетістіктерінен басқа ұлттармен тең дәрежеде, әрі, қиналмай, толық пайдалану үшін керек..

Қазақ жұртының латын жазуына көшуге талпынуы қуанарлық, маңызды да, келелі шаруа.

Ендеше, ең алдымен, латын жазуы жобасын жасауда нені ең негізгі түйін ету керек? Жалпы, компьютер – адамзат қоғамының 20 ғасырдағы ең маңызды ғылым-техника жетістігі. Біздің латын әліпбиіне көшу жобамыз, сөзсіз дәл осы компьютердың жұмыс істеу заңдылқтарына сәйкестірілуі керек. Компьютердың ана тілі – ағылшын тілі. Ағылшын тілі латын таңбасы арқылы бейнеледі.

Келесі бірі, латын жазуы жобасын жасауда нені жетекші ету керек? Жетекші – қазақ тілі мен қазақтың тіл заңдылығы болуы керек.

Бір ұлт өзінің тіл-жазу ерекшелігі мен оның заңдылығы арқылы басқа ұлттардан өзгешеленіп тұрады. Егер біз жазуымызға өзгеріс енгізіп, қазақ жазуының жаңаша латын әрпіндегі жүйесін қалыптастырады екенбіз, сөзсіз жоғарыда айтылған екі түйннің бірде-біреуінен алшақ кетпеуіміз керек. Әйтпеген күнде, жасаған жобамыз немесе жазуымыз құрдымға бет алады.

Біз компьютердың заңдылықтары мен принциптеріне саятын, әрі, бұдан кейінгі даму талабына үйлесетін қазақ латын жазуын жасау үшін алдымен компьютерден толық сауатты болуымыз керек және компьютердың жаны болған программа заңдылқтарынан хабарымыз болуы тиіс, сонда ғана, жасаған жобамыз біршама кемелді, компьютерге лайық болады.

Ал, ұтылу мен ұту мәселесінде, егер латын жазуына ауысса бүкіл дүниедегі қазақтар ортақ бір әліпби қолданар еді. Әлемнің әр түпкіріндегі қазақтар кемінде үш түрлі әліпбиде. Бірі крилл қарпі, енді бірі төте жазу, және бірі латынша. Латын жобасы осы бытырандылықты ортақтастырады. Тағы бір айта кетер жайт, технологиялық қолданыстағы программалық ізденістерден көп ұтар едік. Компьютерде мәтін бір жайлы етуде уақыт жағынан тиімділіктер болар еді. Қазақ тіліндегі емлелік заңдылыққа сәйкеспейтін және басы артық әріптерден арылуға септігі тиеді. Әрине, әрбір істе екіжақтылық пинципі өмір сүретіні сияқты, латын қарпіне көшуде де қиыншылықтар болатыны шындық. Мәселен, әліпбиді жаңадан үйрену, бұрынғы жазудағы материялдарды қайталай реттеу, уақыт пен экономикалық шығынның кететінін де жасыруға болмайды. Алайда, ұлттың ертеңгі болашағы мен ғылым тетігін басты орынға қойған осы заманда бұл бөгеттер үлкен тосқауыл әкеле алмайды деп сенемін. Аталған жоба, асығыстық жасамай, ортақ талқыға салып шешетін маңызды, әрі, көкейкесті жұмыс деп ойлаймын.

Қазақстандағы интернет сайттарын үнемі шолып тұрасыз ба? Қай сайттарға жиі кіресіз?

Иә, Алланың қалауымен! Арамызды шекара бөліп тұрса да, ғаламтор әрқашан еркін ақпарат алуға мүмкіндік береді. Қазақстан сайттарынан үкіметтік сайттарды, ғылыми-ақпарттық сайттарды және жекелік сайттарды уақыт бөліп қарап тұрамын. Негізінен, «ҚазАқпарат», «Ана тілі», «Жас алаш», «Мәссаған» қатарлы сайттарға жиі ат басын бұрамын. Осы орайда айта кетейін, «ҚазАқпарат»-тың төте жазу нұсқасындағы беті ашылды ғой, бұл біздер үшін жақсы, игілікті іс болды. Алайда, оның бір кемшілігі төте жазуға қолданған хат нұсқасы өлшемсіз қазақша хат нұсқа(фонт) екен. Мұны сол жақта, осы жобаны ұйымдастырып отырған жігіттер жөнге салуы керек. Біз сөзсіз халықарлық өлшеге түсекен юникод өлшеміндегі хат нұсқасын қолдануымыз керек. Осылай істегенде ғана болашақта шығар белесіміз бұдан да биік болар деп сенемін.

Сұхбаттасқан: Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Арыс саңлағы – Солтікен

Алғашқы арыста 1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу,