Байрақты туын қорғай алмаған елдің ертеңі не болмақ?

1298 рет қаралды
2

 *Қайнайды қаның!

DSC_0081Айтпаса сөз атасы өледі деген! Асқан «сүйіспеншіліктен» бе, әлде өзгеде жоқ «отансүйгіштіктен» бе, әйтеуір тұрғындарымыз соңғы уақыттары өз балкондарына, дүкен есіктеріне мемлекеттік рәміздерді іле бастағанын көптің көзі шалған шығар. Бұл – рәміздерді қорлау, аяққа таптау деп түсінгеннен басқа ой келмейді. Ал қазақстандықтар мемлекеттік рәміздерге қатысты талапты білмейді-ау дегенге сену қиын. Мұндай жағдайды қадағалап отырған бір де бір мекеме жоқ болғаны ма? Ал қоғамымыздың ұраншыл ұйымдары қайда қарап отыр? Осыдан барып көк аспанда қалықтаған қыран құсы бейнеленген Туымыздың, шаңырағы биік тұрған Елтаңбамыздың кейбіреулер үшін қадірі азая бастағаны ма дейсің еріксіз… Бұл ащы болса да – ақиқат. Туыңа тура қара, Елтаңбаңды елдіктің белгісі деп біл, ағайын!

 

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге әрбір қазақстандық міндетті. Өкінішке орай, бұл талаптарды қазіргі қоғам орындай алмай отыр. Әлемдік ареналарда желбірейтін көк байрағымыз қазіргі уақытта азық-түлік сататын дүкендердің есіктерінде ілініп, базарларда сатылып жатқан ішкиімдерде бейнеленуде. Масқара!

 

Білместік пе, әлде шектен тыс сүйіспеншілік пе?

 

Тіпті облыс орталығындағы Дзержинский көшесі 50-үйдің біріндегі пәтердің балконында Елтаңбамыз ілініп тұрғанын көрдік. Ол жерге Елтаңбаның қалай келгендігін білу үшін пәтер иелерін іздеп барған едік. Есікті орыс ұлтының қариясы ашты. Ол өзінің үйінде тіпті рәміздің ілініп тұрғанынан беймәлім болып шықты. «Қазір көріп келейін», – деп есікті жауып, ерінбей балконға шығып, ілініп тұрған рәмізге көз жеткізді. Сөйтсе, оны Александр есімді ұлы іліп қойған екен.

 

– Мен Елтаңбаны Қазақстанда туғандықтан іліп қойдым. Оның тұрғанына жарты жыл уақыт болды. Орталық базардағы «Березка» сауда үйінің жанындағы әжейлер отыратын жерде бір ер адамнан 2000 теңгеге сатып алдым,- дейді.

 

Базарда рәміз сатумен айналысқан әлгі жігіт оны қайдан алды? Бәлкім ол бұрын қандай да бір мемлекеттік органда ілініп тұрған шығар. Кейін керексіз болып немесе жаңасын орнатқаннан кейін Елтаңба қоқыста қалды ма кім білсін? Бұл дәйек мемлекеттік рәміздерге қатысты арнайы талаптарды сақтау бойынша бақылаудың жоқтығын көрсетпей ме?

Грузинский көшесінің бойындағы «Асыл» дүкенінің есігіне еліміздің рәміздері бейнеленген плакатты ағашпен көмкеріп, шегелеп тұрып іліп қойған. Бұл не мемлекеттік мекеменің кіре берісі ме? Дүкен иесі Роза апай шын ба, әлде өтірік айтқаны ма әйтеуір:

 

 – Мен оны жерде жатқан қоқыстан тауып алып, іліп қойғанмын,- деп ақталды. Дүкенге келіп-кеткендер қарап, оқып жатады,- деп сөзін жалғады. Сонымен қатар, қазір көптеген үйдің балкондарынан туды көру қалыпты жағдайға айналды.

 

Туымыз ішкиімнің «сәніне» айналғаны ма?

 

Облыс орталығындағы бірқатар сауда орындары мен орталық базарларда Мемлекеттік Туымыз бейнеленген, белінде DSC_0076«Қазақстан» деген жазуы бар ер балалардың ішкиімдері сатылуда. Дүкен сөрелерінде толып тұрған ішкиімдерді әсіресе «жастар жағы көбірек алып жатыр», – дейді сатушылар, мәз-мейрам болып. Тіпті арнайы келіп, іздейтін де көрінеді.

 

–Басқа елдің азаматтары, туристік сапарда жүрген жолаушылар да көптеп сатып алады, – деді әңгіме барысында орталық базардағы сатушы қыздар. Өзге елден келген шет елдіктер әлгі киімді сатып алып, өз еліне барғанда көргендер не ойлар екен? «Бұл киімдерді саудагерлер Алматы қаласындағы «Барохолкадан» алып келгенбіз дейді.

 

Тауардың жапсырма қағазында «адрес: гост. Бяньцзян застройка к старому рынку ком. 202» деген жазулар бар. Бұл Қытайдан шығарылатын зат болса керек. «Жаманның сандырағы келеді» демекші, саудагерлер енді осындай үлгідегі шұлықтар шығатын шығар деген болжам айтып отыр.

 

– Тудың суретін ішкиімге салу барып тұрған көргенсіздік, мемлекеттік рәміздерді аяққа таптау, қорлау деп түсінемін. Ту, Елтаңба, Әнұран елімізде заңмен қорғалған, оны қорлауға жол берілмеуі керек. Бұл «патриотсымақ» өндірушілердің істеп отырған жұмысы. Өз өнімдерін өткізуден басқаны ойламайтын олар осындай масқара әрекеттерімен сана-сезімдерінің деңгейін көрсетіп отыр,- дейді әріптесіміз Серік Әбілханов. Ал тәуелсіз журналист Эльмира Ахметова:

 

– Сол киімдерді жасап шығарғандар мен оны қабылдап отырғандар қайда қарап отыр? Ешкімнің селт етпегені ме? Әр тауар түрін шығарар кезде ол бір идеядан, ұсыныстан туындайтын болар. Ендеше, еліміздің қасиетті рәмізін ішкиімнің сыртына салу туралы идея қайдан, қандай санасыз мидан шықты екен? Енді мұндай сорақылықтар ары қарай жалғаспауы үшін, сауда-саттық, киім өндірісіндегі олқылықтарға жол бермеу үшін қандай да бір арнайы заң бекіту керек шығар. Бұл саудаға құныққан, өз бизнесіне пайда әкелмекші болған пысықайлардың санасыз қадамы деп ойлаймын. Егер спорттық киімдердің сырты мен кеудешелеріне сондай сурет салынса түсінер едім, оның өзінде абай болған жөн, – деген ойын алға тартты.

 

Басқаға күлкі болмайық

 

Осы орайда «анау сөйтіп жатар, мынау бүйтіп жатар, үкімет неге үнсіз» деп байбалам салатын білгіштеріміз қайда? Жастардың бойындағы патриоттық сезімді оятамыз деген ұйымдардың жайбарақат отырғаны несі? Бұл жағдайларға ешкімнің алаңдамағаны ма? Негізінде ҚР «Мемлекеттік рәміздері туралы» заңының 12-бабында «Жергілікті атқарушы орган ҚР мемлекеттік рәміздерінінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады» деп көрсеткен.  Сондықтан да көкейімізді мазалаған сауалымызды Өскемен қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлеріне жолдаған.

 

– Біз айына бір рет мемлекеттік рәміздерге мониторинг жасап, рейд жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Мекеме басшыларына оларды қалай орналастыру керектігі жайында нұсқаулық береміз, – дейді ішкі саясат маманы Бейбіт Әскерқанов. – Тексеру барысында кемшіліктер кездессе, біз ескерту жасаймыз, ал екінші рет тексерген кезде олқылықтар әлі сол қалпында болса, біз прокуратураға хат жолдаймыз.

 

2009 жылғы жүргізен сараптама жұмыстарының қорытындысында рәміздердің орналасуында: Туда – 21, Елтаңбада – 78 кемшіліктер мекемелердің тек сыртында орналасуында кездессе, ішінде қойылған рәміздерден туда – 24, елтаңбада – 35, әнұранды орналастыруда 31 қателік кеткен. Ал 2010 жылы ғимарат сыртында туда – 8, елтаңбада – 18, рәміздерді түнде жарықтандыруда 19 кемшілік анықталса, ғимараттардың ішінде туда – 3, елтаңбада – 4 дұрыс қоймаған жағдайлар тіркелген.

 

– Әкімшілік кодекстің 354-бабының 1-тармағы бойынша рәміздерді қолдануда заң бұзушылық орын алса, ескерту жасалады немесе 50 АЕК дейін айыппұл салынады, – дейді ШҚ облыстық сотының баспасөз қызметі жетекшісі Анар Баянбаева. 

 

Осы материалды дайындау барысында бірқатар шенеуніктерге мемлекеттік рәміздеріміздің авторларын біле ме екен деген оймен хабарласқанымызда, олар үнсіздік танытты. Соңында білмейтіндерін мойындағандар да болды. Ал жастар арасында көңілге қуаныш ұялатып, авторларын атап жатқандар көбірек кездесті. Осыдан-ақ мемлекеттік рәміздерге деген құрметіміздің қандай дәрежеде екендігін айтуға болады.

 

Р.S.

Мемлекеттік нышандарымызды бекіткенімізге жиырма жыл уақыт өтсе де, оның қадір-қасиеті түгілі рәміздердің мән-мағынасы мен тәрбиелік маңызын түсіну неге кемшін? Байрақты Туымыз көкке желбіреудің орынына, ішкиімнің ішіне түсіп кетуі тез арада шұғыл шаралар қолдануды қажет етеді. Басқаға күлкі болмайық десек, қолында тізгіні мен билігі бар арлы азаматтар қорытынды шығару тиіс.

 

Сымбат Рамазанов,

«Өскемен» қалалық газеті

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Масқара! Мемлекеттік рәмізді оңды-солды, келсін-келмесін пайдалануды шектеуіміз керек. Бұл недеген сорақы.

  2. Рәміздердің тарихы тереңде жатыр. Ертеректе әскери жорықтарда ту ұстаушылар, кернейшілер мен жауынгерлерді жігерлендіруші ақын-жыраулар саптың басында қолбасшылардан да бұрын тұрып, рухтандырып тұрған. Ал қазір ше, мемлекеттік рәміздер еліміздің тәуелсіздік нышаны ретінде ерекше қадірленіп жүр ме, жасөспірімдердің бойына отансүйгіштік сезімін қалыптастыруда ма?
    Жоқ, осындай масқараны қадағаламай мемлекеттік қызметшілер ай қарап отыр ма? Оларға мемлекет сеніп, қаншама қыруар қаржы төлеп отыр. Рәміздер тек Елбасымызға ғана керек пе, қит етсе, Елбасын жамандайды кейбіреулер. Елбасы қай жағына жетеді? Неге елдігіміздің нышанын құрметтемейміз? Айына емес, күнде қадағалау керек. Жұмыс істей алмай ма, қысқартайық ішкі істер мен мемлекеттік қызметкерлерді халықтың қазынасына ортақ қылғанша, қарапайым елдің ортасынан патриоттарды алайық мемлекеттік рәміздерді қадағалауға.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі