BlogCamp 2011 мәресіне жетті

921 рет қаралды
5

IMG_6820-150x150Екі күнге жоспарланған қазақ Блогшыларының құрылтайы өз мәресіне жетті. Блогшы қауымның басын қосып, жаңа медиа саласының көкейтесті мәселелерін cөз еткен cалтанат сәтті аяқталды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараның тұңғыш рет өткізіліп отырғанына қарамастан табысты басталып, жақсы жобалардың тұсауы кесіліп, виртуальды әлемдегі жандардың бір-бірімен кездесуіне үлкен мүмкіндік тудырды.

Аталған шараның айта кетер басты ерекшелігі, барлық блогшылардың қонақ ретінде емес, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қазақ жаңа медиашыларының ынтымағын танытып, үлкен жоба, қуатты идеяларды іске асыра алатындығын дәлелдеуі болып отыр.

3Қаржылық мүмкіндік жағынан болсын, қатысушылар мен үйлестірушілер жағынан болсын, қолда бар мүмкіндікті қолдауы, жоқ, тың серпін күтіп отырған жақсы интернет жобаларға көмек ретінде қолдау көрсету жағындағы атқарылған істерді де айтпай кетуге болмайды. Мысалы, “Kcell” компаниясы мен Қазақтелеком ұлттық компаниясының «Termin.kz» жобасына, Сағын Қалдыбектің «Ана мен бала» жобасына, «Geogebra»,  «KazLIFE» сияқты тың және қарапайым халық тұрмысы мен өміріне тіке қатысы бар жобаларға қаржылай және техникалық қолдаулар жасалды.

Қазақ елінің әр түкпірі мен Моңғолия, Германия, Үндістан, Жапония, Англия сияқты елдерден келген блогшылардың жасаған презентациялары да екі күн бойы тыңдарман, көрермен жұртты өз сауаттылықтарымен, білім беру жағындағы жоғары деңгейімен, тың тақырыптарымен таң қалдырып отырды. Мысалы, Өркен Кенжебек, Тимур Бектұр, Қуаныш Мағзуов, Аршат Оразов, Асхат Еркімбай сынды блогшылардың жасаған презентациялары көп жұрттың интернет, блог, IT саласындағы сауаттылығын арттыруға мол мүмкіндік тудырды.

Есте қалар тағы бір оқиға, қазақ блогшыларының ортасындағы жасы ең кіші блогшы Лашынға “HP” компаниясы нетбук сыйлады. Ал, қатысушы блогшылардың өзі әр номинация бойынша “Nokia” телефонын, “Kcel”, “HP”, “Қазақтелеком” компанияларының жеке-жеке сыйлықтарымен марапатталды. Ал, келесі жылғы қазақ блогшыларының екінші құрылтайды Бурабайда өткізіледі деп жоспарланды.

Тимур Бектұр, блогшы, Маңғыстау

– Ұлыстың Ұлы Күніне орай ұйымдастырылған Блогшылар құрылтайы өте жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын. Ашылу салтанатында да, баспасөз мәслихатында да Серікқазы ағамыз айтып өткен болатын: «Біздің қазақтың бір кемшін тұсы басталған іске сын айтып өре түрегеледі», – деп. Бұл құрылтайға да сыншылар көп болуы және біреулер мін тағып, біреулер жақтырмауы да мүмкін. Барлық блогшыларға, ұйымдастырушыларға, «Мінбер» журналистерді қолдау қорына, Есенгүл апайымызға, Асхат бауырымызға өте үлкен алғыс айтқым келеді. Бұл, әрине, күн тәртібінде  тұрған мәселе болатын, Блогшылар құрылтайы қазақтың 300-ден астам блогшыларының блогындағы тақырыптарды, сол ортадағы мәселелерді талқылап, сол мәселеге байланысты пікір тудыратын күш деп білем. Ғаламтор – шекарасыз сала. Сол шекарасыз әлемде қазақ қоғамының санасын, ұлттық сананы қалыптастыратын осы блогшылар. Сондықтан, шара жоғары деңгейде өтті деп ойлаймын, барлық демеушілерге алғысымды білдіремін.

Жанарбек Ақыбиұлы, блогшы, Моңғолия

Блог құрылтайға Моңғолиядан келдім. Бұл жолғы Блог құрылтай әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақ блогшыларының басын қосты. Өз басым қатты әсерлендім. Виртуальды әлемде жай ғана жазбасын оқып сүйсінетін блогшылармен кездесіп, пікір алмасу қандай ғанибет. Оның өзі кісі жүрегін толқытып, елжіретеді екен. Осындай іс-шара бола берсе екен, шеттегі ағайындар міндетті түрде саясатпен емес, осындай мәдени қимылдар аясында бас қосып тұрса деген арманым бар.

Садық Шерімбек, блогшы, Алматы

Алматыда «ProWebStudio» деген студияда жұмыс істеймін және интернетте Қарасақал деген атпен жүремін. Бұл Блог құрылтай, біріншіден, алғашқы Блог құрылтай болып саналады. Кез-келген нәрсенің бірінші басталуы қиын және өте әсерлі болады. Мен өз басым өте бір керемет күй кештім. Әсіресе, Моңғолиядан келген ағамыз көзіне жас алып сөйлеген кезде мен де қатты толқып тұрдым. Өйткені, ол кісілер сонау алыстан келіп отыр ғой. Екіншіден, мен блогшылар әлеміне келмей тұрған кезде үнемі орыстілді блог және ақпараттар ортасында болдым. Осы Блог құрылтайға қатысып өз ортамыздың, әлеміміздің бар екенін сезініп, рухани және заттық ортақтастық таптым. Осы шараның өзі бізге үлкен демеу, қуаныш болады. Тапқан ең үлкен бақытым, интернет деген нәрсені қазақи рухта сезіндім!

Дайындаған: Мейіржан ӘУЕЛХАНҰЛЫ

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Тапқан ең үлкен бақытым, интернет деген нәрсені қазақи рухта сезіндім!
    ———————————————————————————————
    Блог әлеміне не ұшін шырылдап жұрміз.. бар мақсат бағыт осы ғой Асқарбек ҚАЗАНҒАП
    ғалам торда тек қазақи рухта сезіндіру..

    • Интернеттің қазақ рухы шынындаайқын байқалып тұр. Тастарыңыз өрге ғана домаласын демекпін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі