Жас таланттар марапатталды

523 рет қаралды

 

2011 жылы 20 сәуірде жыл сайын өткізілетін «Ғылым әлемі» атты жас ғалымдар мен студенттер конгресі аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультетінде тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Қазақстан қоғамының әлеуметтік дамуы» атты конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырғандар – философия ғылымдарының докторы, профессор Ақтолқын Құлсариева басқарып отырған Философия және саясаттану факультеті мен Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасының Қазақстандағы жастар комитеті.

Қазіргі жастар – еліміздің экономикалық және қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатыстылығы жағынан алғанда, болашағы зор, қоғамның маңызды бөлшегі. Тәуелсіздік жылдарында қазіргі заман шарттарына жаңа көзқараспен қарайтын жастар пайда болды. Жастар еліміздің даму және демократиялық жаңару үрдістеріне белсене қатысып келеді. Ал дамыған қоғам, әрине, адамға және оның жеке, кәсіби қасиеттеріне жоғары талаптар қояды.

Қазіргі заман мамандары өз кәсібінде де, ғылымда да тек қана жаңашыл емес, сондай-ақ көшбасшы да бола білулері керек.  Зерттеуші қызметін атқару үшін тек қана шығармашылық әлеует жеткіліксіз, оған ұйымдастырушылық қабілет те қажет. Мұның бәрі, сайып келгенде, болашақ мамандарды тәрбиелеу үшін ғана емес, жастардың шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін іске қосу мақсатында жүргізілетін сапалы білім беру жұмысы үшін де маңызды. 
Ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығын атап өте отырып, біз отандық ғылымның да бірте-бірте дамып келе жатқандығын айта аламыз. Ғылым жаңаруының көрсеткіштерінің бірі, ол қазіргі жастардың ғылымға жаппай бет бұруы, еліміздің ғылыми әлеуетін көтеруге арналған мемлекеттік әр түрлі шаралардың өткізілуі, ғылыми тұжырымдамалардың жасалуы болып табылады. Жалпы мемлекеттік назар тек қана магистранттар мен жас мамандарға ғана емес, бакалавриаттарға да бірінші курстан бастап ғылымға деген жаңа қарым-қатынасты қалыптастыру әрекеті арқылы аударылуда. 

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттердің ғылыми зерттеу жұмыстарға қатысты мүмкіндіктерін дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Мысалы, ғылыми конференциялар, семинарлар, ғылыми форумдар, студенттердің ғылыми жұмыстарын баспаға шығару. Студенттердің ғылыми шығармашылығы – бұл  университет жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Жас ғалымдардың ғылыми еңбектері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде өткізілген ғылыми конференцияға ұсынылған студенттердің ғылыми еңбектерінде өз көрінісін тапты.

Сондай-ақ, 2011 жылдың 16-22 сәуірі аралығында жыл сайын өткізілетін «Ғылым әлемі» атты жас ғалымдар мен студенттер конгресі аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінде тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Қазақстан қоғамының әлеуметтік дамуы» атты конференция өткізілді. Конференцияның мақсаты – Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және индустриалды-инновациялық және әлеуметтік-модернизациялық стратегияларды жүзеге асыру үшін дарынды жастарды зерттеу жұмыстарына тарту.

Конференция кең көлемде, төмендегідей ғылыми бағыттар бойынша  жүргізілді: «Қазіргі қоғамдағы жастардың ойлау мәдениеті», «Төзімділік мәдениеті және конфессия аралық  қатынастар», «Жаһандану дәуіріндегі адам және мәдениет», «Жалпы және этниккалық  психологияның теориялық және қолданбалы мәселелері», «Қазіргі жастардың өзекті мәселелері», «Қазақстан қоғамындағы білім беру мен тәрбиелеудің этнопедагогикалық аспектілері», «Қазақстан және шет елдердегі қазіргі саяси мәселелер».

Зияткерлік ойындар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, онда қызу пікірталастар мен талқылаулар жүргізілді.  Конференцияға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, сыншылар мен мамандар қатысты. Әлеуметтік саладағы мәселелерді болашақ әлеуметтік сала мамандары Алматы қаласы еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары А.О.Калыковамен талқылады,  «Тамыр» журналының редакторы З.М. Кодармен гендерлік мәселелер бойынша пікірталас өткізілді.

Конференция жұмысына «Диалог Еуразия» халықаралық платформасының қатысуы жақсы үрдіске айналуда, конференцияның өз деңгейінде өтуіне де үлесін қосуда. Ең  үздік баяндамалардың танымал «ДА» журналында басылып шығуы –ақпараттық жағынан да қолдау көрсетіліп жатқандығының көрінісі.

20 сәуірде өткен пленарлық отырыста конференцияның үздік баяндамашылары тыңдалып, оларды «Диалог Еуразия» Платформасының Қазақстандағы жастар комитетінің төрағасы, «Серпер» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев марапаттады. Ен үздік жұмыс деп мәдениеттану мамандығының 2 курс магистранты Ұябасов Ерболдың профессор З.Н.Исмагамбетованың жетекшілігімен жазылған «Мәдениет индустриясы» атты жұмысы танылды.  Екінші орынға психология мамандығының 2 курс магистранты Өскенбай Фариза ие болды. Ол «Интернет – тәуелділік пен эмоциялық интеллекттің өзара байланысы және оның тұлғаға әсері» тақырыбында профессор С.М. Жақыповтың жетекшілігімен жазған баяндамасын жасады. Үшінші орын әлеуметтану мамандығының 2  курс студенті профессор М.С. Садырованың жетекшілігімен жазылған «Дәстүрлі және қазіргі гендерлік қатынастар» атты баяндама жасаған  Қаражанов Нұрсұлтанға бұйырды. Қалған қатысушылар дипломдар және сертификаттармен марапатталды.  

Конференция жұмысы жоғары деңгейде өтті және әр тұлғаның мүмкіндіктері мен талантын дамыту және жүзеге асыру шарттарын қалыптастыруға бағытталды. Жастардың ғылыми іс-әрекетінің беделін көтеруге, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуетіне назар аударылды. Студенттердің және жас ғалымдардың Қазақстан қоғамындағы әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуы ғылыми-инновациялық кеңістіктің құрылуымен, студенттердің шығармашылық мүмкіндіктерін ашумен және ғылыми ізденістерін белсендіру механизмін күшейтумен қамтамасыз етіледі.  Ғылыми шараларды ұйымдастыру және оны одан ары дамыту, серіктестіктерді нығайту, соның ішінде халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасынмен қарым-қатынасты күшейту – студенттердің білім сапасын көтеруге және ЖОО-нан еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге үлесін қосады.

«Мінбер» ақпарат.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар