/

Қазақтың киесі

790 рет қаралды

adaiat2Жер бетінде адай жылқысынан өткен төзімді жылқы жоқ деп аңыз ғып айтылатын ақиқатқа тағы бір көз жетті. Сәуірдің 29-ы күні Түпқараған ауданы Ақшұқыр селолық округінің аумағында асыл тұқымды адай жылқыларын мемлекеттік сынақтан өткізді. Бәйгеге алты командадан (Түпқараған, Жаңаөзен, Маңқыстау, Бейнеу, Ақтау, Қарағия) 37 ат қосылып, оның 23-і 90 шақырымдық сынақтан сүрінбей шауып шықты.

Былтыр Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «қазақтың адай жылқысының 3 генеологиялық аталық желісі толық жүйеленіп, тиесілі ресми құжаттармен негізделді, ол Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік комитетіне жолданып, мемлекеттік сараптама комиссиясынан оң бағасын алды», – деген еді. Міне, содан кейін қойылған міндет адай жылқысын мемлекеттік сынақтан өткізу ұйымдастырылды. Енді алда халықаралық деңгейдегі бәйгелер күтіп тұр.
Бұған дейін де, яғни 1952 жылы жылқы мамандары, іріктеушілердің назарына адай жылқысы ілігіпті. Арнайы 50 шақырымдық тәжірибеде араб тұқымды айғыр 1 сағат 35 минут, 48 секунд, таза қанды жүрдек мінгі айғыр 1 сағат, 56 минут, 48 секунд, адай тұқымды Қаракөз айғыр 1 сағат, 43 минут, 35 секундта келген. Ал, сол жылғы жеке сынақта адай тұқымды екі ат бір тәулікте 301 шақырым қашықтықты жүріп өткен. Көнекөз қариялар адай жылқысы тәулігіне 360 шақырым шабады дейді.
Содан болар, сан ғасыр бо-йы адай жылқысы дала мен дана, жер мен ердің көркі болды. «Жауға мінсем – айбарым, Тойға мінсем – жайнағым, Төбемдегі – байрағым, Жанымдағы серігім, Талыс танау – көрігім, Асылың хайуан демесең – Малдан бөлек келімің» («Көкмойнақтың үйірі» жырынан), – деп талай ер қазақ адай жылқысын жан серігі етті. Атап айтқанда, Сүйінғараның Сары тұлпары, Ер Төлептің Нарқұласы, Балуанияздың қой мойынды Құласы, Досан батырдың Қарабурылы, Иса бидің Жағалаты, Жары Қосжанның Тасжирені, Бөкен Қазидің Жирені, Жаңай Барақаттың Көкбайталы, Тіней Шам-Талпақтың Райгері де… Ер Досан қапыда қолға түсіп, алдына келген орыстың әскербасысына: «Мені майданда ерлерше алған жоқсың, тығылып келіп, қатындарша алдың, мен қатынға бағынбаймын. Бағындырғың келсе, 500 солдатыңды қырық қадамнан қойып, бес қаруымды қолыма бер, Қарабурыл атымды тақымыма тигіз. Егер осылай ала алсаң, онда саған бағынамын», – дейді. Бірақ отаршыл қандыбалақ қарақшылардың иман тәуекелі жетпеді. Сөйтіп, еңіреген ерлердің тақымына бір тимей, бармағын тістеткен өзекті өртеген арманы, қазақ рухының қырқылып кеткен қанаты ғой бұл тұлпарлар…
Бүгінде адай жылқысының саны азайып кетті. Мамандар тұқымын асылдандырып, санын көбейту үшін барын салып жатыр. Ал, ертеден шапса, кешке озған, ылдидан салса, төске озған адай жыл-қысының азайып кетуінің бірден-бір себебі Кеңес үкіметі саясаты болатын. Кезінде Голощекин: «Ең бірінші қазақтарды жылқысынан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды», – депті. Осыдан кейін қолына билік тиген өзіміздің шолақ белсенділер адай жылқысын қынадай қырған. Желден жүйрік жылқыны қызға айырбастамаған қазақ қу жүген ұстап қала берген. Ақын Светқали Нұржан: «Қазір Құландыда тұратын, жасы тоқсанға таяған Терекбай ақсақал: «Атамыз Қалнияз-Жұбанның ұрпағына он мың жылқы біткен еді. Алты жасар бала едім, кәмпеске болғанда үкімет келіп, жылқымыздың құйрығын кесіп, өздеріне өткізіп алып жатыр. Сонда әкемнің алты кемпірі шулап жылап тұр, біз де баламыз ғой, жылап тұрмыз. Кесілген құйрықтың өзі сегіз қанат үймен бірдей болды», – деп еске алады. Соның бәрі көкмойнақтың үйірі болатын», – дейді. Оның айтуынша, Адай көтерілісі кезінде кеңестік жендеттер «бұларды атсыз қалдырмасақ болмайды» деп жылқыны қырды, керек десеңіз, арнайы пулеметпен қырған да оқиғалар болған. Одан кейін көбісін Ұлы Отан соғысына күш-көлік ретінде алып құртты. Сонымен бірге соғысқа күш есебінде Маңғыстаудан үш мыңға тарта жылқы алған генерал Д.И.Гордовников адай жылқысының ерекше қадір-қасиетін өте жоғары бағалап, маңғыстаулықтарға хат жолдаған да екен.қазіргі таңдадай жылқы-сы Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарында өсіріледі. Осы асыл тұқымды Маңғыстау өңірі сақтап, санын көбейтіп, ұлттық құндылықтың бірі – бренд етіп, әлемге паш етпекші. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев: «Бүкіл дүниежүзіне белгілі ағылшын жылқысы, араб жылқысының жоғары деңгейіне адай жылқысы да көтеріледі деген үмітіміз бар. Тарихи-мәдени ескерткіштер сияқты адай жылқысы да бабадан бізге жеткен асыл мұра», – дейді.
Сайыстың директоры – ҚР Ат спорты федерациясының вице-президенті Сергей Буйкевич: «Екі мақсат бар, біріншісі – адай жылқыларын мемлекеттік сынақтан өткізу. Бұл соңғы 60 жылда болмаған. Бұл осы жерде туып-өскен ерекше жылқы. Жылқы сақталып қалды. Онымен бірге тарих, дәстүр сақталып қалды. Оның шыдамдылығы, ең бастысы кез-келген жағдайға бейімделе алатындығымен ерекше. Әрине, адай жылқысы әуелден-ақ белгілі. Бірақ сынақты өткізудегі екінші мақсат – осы тұқымның халықаралық мәртебе алуы», – деп атап өтті.
«Біздің жылқыларымыз, яғни қазақстандық брэнд халықара-лық ат спортында, ат бәйгілерінде төзімділігімен таңғалдыратын болады. Маңғыстаудағы осы дистанциялық бәйгі болашақта танымал болады деп ойлаймын. Яғни, 160 шақырымға созылған бәйгі. Ата-бабаларымыз үшін бұл таңсық емес. Бірақ бүгінгі көрермендер, бүгінгі ұрпақ мұндай ат бәйгілерін көрген жоқ. Кез-келген халықаралық спорт халықтық жарыстардан басталады. Ал, ат спортында ұлттық нақыш ерекше байқалады. Егер біз өзіміздің адай жылқыларын асылдандыра түссек, спортшыларымыз үшін де, халық үшін де үлкен мәртебе болар еді. Осы жылқыны сақтап қалған ата-бабаларымыздың еңбегін еш қалдырмай, оны көрсете білуіміз керек», – дейді Сергей Буйкевич.
adaiat1Нақтырақ тоқтала кетейік, 90 шақырымдық бәйгі 4 сатыға – 30, 30, 20 және 10 шақырымға бөлінді. Бұл – халықаралық стандартқа сәйкес, жалпы қашықтығы 160 шақырымды құрайтын мемлекеттік сайыстың бірінші кезеңі. Бәйгінің әр сатысынан кейін аялдаған кезде ветеринарлар мен сарапшылар аттың жай-күйін, жарысты жалғастыру мүмкіндігін тексеріп отырды. Ат пен шабандоздың тынығуына 40 минут беріледі. Мемлекеттік сынақ шарты бойынша шабандоз ауыса алмайды және оның киім-кешегі 70 келіден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ, қамшы пайдалануға рұқсат етілмейді.
Облыстық ветеринарлық лабо-раторияның ветеринар-дәрігері Жұмабай Құсайынов: «Жылқының жүрек соғысын, қан қысымын, жылқының сыртқы келбетін, денсаулығын, өкпе тыныстарын тексеріп отырдық. Жылқылардың жағдайы жақсы», – дейді.
Ал, бәйгіге бес адай жылқысын қосқан Жаңаөзен қалалық ауыл-шаруашылық және ветиринария бөлімінің бастығы Бақыт Нұржауов Жаңаөзен қаласында ат спортына деген қызығушылық жоғары екенін айтады. «Соның бір көрінісі қаңтар айында Жаңаөзен ұлттық ат спорты федерациясы құрылды», – дейді. «Адай жылқысын басқа жылқыдан қалай ажыратамыз?» деген сауалымызға Бақыт Нұржауов оның бірнеше белгісін атап өтті. «Бір түстес болады, қара-ала аралас келмейді. Шыдамды, алыс, ауыр жолдарға төзімді. Теңіздің тұзды суын ішіп, шөл қандыра алатын әлемдегі жалғыз жылқы – адай жылқысы. Қандай ашаршылық, қиын кез болса да, құлынын тастамайды. Тұрқы ерекше, басы кішкентай, құйрық-жалы қалың, мойны қысқа, омыраулы, арқасы түзу, сауыры салыңқы, жуан жіліншігі етсіз, көзі кішкентай, жанары мол, мықты құйма тұяқты келеді. Қысы-жазы жайылымда жүріп, күтім талғамайды. Айрықша бір жағдай болмаса қосымша азықты қажет етпейтін, құбылмалы ауа райына төзімді келеді. Ең керемет қасиеті өзінен туған баланы жаңылыстырмайды, өз үйіріне қоспайды», – деп жылқының ерекшелігін тізіп берді. Оның айтуынша, Жаңаөзен қаласында 1300-ге жуық жылқы бар, оның жартысынан астамы адай жылқысы екен.
Сонымен, сайыс соңында бәйгі-ге қосылған әрбір атқа еліміздің Ат спорты федерациясының төл-құжаты тапсырылды. Жеңімпаз – Маңғыстау облысы әкімінің кубогын иеленсе, жүлдегерлер мемлекеттік қашықтық сынағы сайысының медальдарымен және дипломдарымен марапатталды.
Ал, енді Ат спорты федерациясының вице-президенті Сергей Буйкевич адай жылқылары мамыр айында Алматыда өтетін спортакиадаға, сондай-ақ маусым айында Ресейде өтетін халықаралық жарысқа қатысады деп отыр. «2014 жылы Францияда әлем чемпионатында да адай жыл-қылары жаһанды таңқалдырадыд епсенемін» ,дейдіол. Әйгілі «Көкмойнақтыңүйірі» жыры: Егер қатық алса бір туармен дейбаланы,өзді қайдантабады? Қамықпа, жаным, қамықпа Әрасқанға біртосқ Мына алапат басылып, Жұлдызың ертең жанады, – деп өксікті арманмен аяқталмаушы ма еді?! Міне, сөйтіп, Құдай сол арманда кеткен бабалардың тілегін беріп, Көкмойнақтың үйірінің жұлдызы әлем аспанында жанатын күн жақын қалған сыңайлы.

1-орын – Мұңайбасов Амангелді (шабандоз), Аққанат (жылқының аты), Жаңаөзен қаласы;
2-орын – Саят Ерік, Айтөбел, Маңқыстау ауданы;
3-орын – Есетов Болат, Сұңқар, Түпқараған ауданы;
4-орын – Жаңаев Айдын, Ойлы, Жаңаөзен қаласы;
5-орын – Бейсенбергенов Болатбек, Жадыра, Түпқараған ауданы
6-орын – Найзабеков Асылбек, Құлагер, Түпқараған ауданы;
7-орын – Кеңесбаев Қаршыға, Құлакер, Жаңаөзен қаласы.

«Үш қиян» газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері