/

Құлагерді құлатқан кім?

18089 рет қаралды
4

Дау осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1986 жылы тұтанған еді. Сол жылғы «Жұлдыз» журналының №6 санында қазақ әндерінің шығу тарихын бір кісідей жеттік білетін жазушы, белгілі сазгер Ілия Жақанов Ақан серінің жүйрігі Құлагердің өліміне қатысты мақаласы жарияланған болатын. Мақала «Желтоқсан оқиғасы» деп аталатын дүрбелең жылдармен тұспа-тұс келгендіктен, әрі ел өміріндегі саяси өзгерістерге байланысты жалғасын таба алмай қалды. Содан кейін бұл тақырыпқа қалам тартқан бірде-бір адам болған жоқ.

Ақан серінің кісі қолынан мерт болған арғымағы жайлы трагедиясы бізге Ілияс Жансүгіровтың поэмасы арқылы жетті. Бұл қазақ тарихында Құлагерге қатысты тұңғыш рет жазылған әдеби һам тарихи еңбек болатын.  Ол асқан шеберлікпен жазылғандықтан миллиондаған оқырмандардың жүрегінен орын алды. Әрі барша жұрт Ілияс Жансүгіров келтірген деректерге риясыз сенді. Оған себеп болған шығарманың әдеби көркемдігі еді.  Поэма соңында Құлагер күншілдіктің қолынан мерт болады. Нәтижесінде  Ереймен жеріне үш жүз түгел шақырылған Керей Сағынайдың асында Ақанның Құласы мерт болып, 350 аттың ішінен Батыраштың Көктұйғыны бірінші келеді. Осы тұсқа келгенде оқырман Ақан серімен бірге қайғырып, бірге жылайды.

Нән жуан менмен кеуде, намыс ері,

Суық қол Батыраштың жібергені.

Жалт етті жайдың оты жүрегінен,

Кек қайнап, мұз құйылып жүре берді.

Сап етіп бердеңкедей кеп ұрынды,

Бере бер, балам, бері шылбырыңды!

Жанасып Құлагерге қалғанында,

Сақ етіп айбалтасы Құланы ұрды… 

Осы өлең жолдары жұрт жадысына бірден жатталып қалды.  Ал, жоғарыда келтірілген қос шумақ өлеңнің мағынасы Мағжан Жұмабаевтың «Ақан сері» атты деректі очеркінде  басқаша сипатталады.  Мағжан, анығын айтсақ, Құлагерді Батыраш емес, Барақбайдың шабарманы Бөрібай өлтірді деп жазды. Очеркте жазылған деректерді Мағжан Ақанның дүние салғаннан кейін әйгілі әншінің көзін көрген халық ішіндегі Баялы Мырзаұлы, Қазы Самыратұлы, Қоқыш Шыңғысұлы, Ысмағұл Бозайұлы сынды сауатты адамдардың ауызынан естіп, қағазға түсіргендігін айтады. Бір қызығы Ілиястың поэмасы мен Мағжан очеркінде жер мен көктей айырмашылықтар бар.

Біз бұл арада екі ақынды бір-бірімен бәс таластырып тырнақ астынан кір іздегелі отырғанымыз жоқ. Тек Құлагер өліміне қатысты деректер үшін  пайдаланып отырмыз. Мәселен, Жансүгіровте Ақан Құлагерді нағашысынан алса, Жұмабаевта Құлагер Қарауыл Шөкетай жылқысынан. Ақан Құлагерді Шөкетайға жүз сом беріп сатып алады. Мағжан еңбегінде Құлагер өліміне Аққошқар Сайдалының асы себепкер болғандығы суреттеледі. Бұл Керей Сағынайдың асынан бұрын болған оқиға еді. Онда былайша баяндалады. Аста үш жүзге жуық аттың ішінен Құлагер жеке қара үзіп алдыға шығады. Оның артынан Барақбайдың Кетеберкөк деген аты құйырық тістесіп келе жатады. Сол кезде Барақбайдың Бөрібай есімді шабарманы көмбеге жақындаған аттардың алдынан шауып шығып, Құлагердің алдынан кес-кестеп Кетебөркекті көтермелей жөнеледі. Мұны көрген Ақан ашуға мініп, Барақбайға тілі тиіп,  Бөрібайды қамшымен салып-салып жібереді. Осыдан кейін Барақбайдың ішінде Ақанға деген кек кетеді.  Құлагерді қалайда мерт етіп, Ақанды құсаландырудың жолдарын іздестіреді. Барақбай кеудесінде берішке айналған осы кек Керей Сағынайдың асында Құлагерді өлтіріп тынады.

Сонда осы арада Құлагерді өлтірген кім? Барақбай ма, жоқ әлде Батыраш па деген заңды сауал туады. Енді осы сауалға жауап іздестіріп көрелік. Бұған дейін Құлагер өліміне Батырашты кінәлі санаған 2004 жылғы «Жұлдыз» журналының бірінші санында Мұстай Ғалымның «Құлагердің киесі» деген мақаласы мен «Егемен Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 29-қазанда Естай Мырзахметтің «Құлагердің құлауы. Аңызы қайсы? Ақиқаты қандай?» деген  материалдары жарияланған болатын. Онда мақала авторлары Құлагерді өлтірген Батыраш деп үзілді-кесілді пікір айтады. Тіпті кейбір деректерде Құлагерді өлтірген Батыраштың ағасы Хамза десе, тағы бір жерлерде Ақан Құлагерді кім өлтіргенін білмей кеткен деген сыңайдағы сөйлем жолдары кездеседі. Ал Ілия Жақанов ағамыз өзінің «Орталық Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Құлагерді жазым еткен Барақбайдың  жендеті Ізбасқан деген көзқарас білдіреді. Өкінішке қарай, аталған авторлардың бірде-біреуі Ақанның  қасіреттен туған «Құлагер» әніндегі мен мұндалап тұрған дерекке назар аудармаған.

Ақанның өзі не дейді?

Бұл жағынан Мағжанның жазғанымен келіспеске болмайды.  Автор онда Құлагерді мерт еткен Барақбайдың шабарманы Бөрібай деп батыл кесім айтады. Сағынай асынан кейін Ақан ажал құшқан арғымағына арнап «Құлагер» әнін шығарғаны белгілі.

Жел соқса қамыс басы майды-ау деймін.

Ат қостым ат айдаушы айда деймін.

Алдыңғы ат баран болмай қылаң болды,

Жығылмаса Құлагер қайда деймін-ай.

Шынымен өлгенің бе Құлагерім,

Салбырап сапты аяқтай төменгі ерінің.

Баспа-бас қызға бермес жануарым,

Мың зарламай басылмас менің шерім.

Әй, Бөрібай-әй-әй-әй

Мен осы «Құлагер» әні орындалғанда шумақ сайын асқан күйінішпен қайталанып отыратын  Бөрібай есімінен қатты күдіктенетін едім. Бөрібай ат айдаушы  не болмаса атқа шапқан баланың есімі шығар  деп ойлайтұғынмын.  Осы ойым Мағжанның «Ақан сері» очеркін оқығаннан кейін бір жүйеге келді. Сөйтсек, біз осы уақытқа дейін аңғармаған екенбіз.  Құлагерді кім өлтіргенін Ақанның, яғни «Құлагер» әнінің өзі айтыпты. Онда әр шумақ  сайын «Әй, Бөрібай-әй-әй-әй, Бөрібай-әй,» деп қайталанып, тұла бойыңды шымырлататын өксік бар.

Арада қос ғасыр өтсе де осы ән бүгінгі ұрпаққа Батыраш  емес, Бөрібайлап  жетуі тегінен-тегін болмаса керек. Олай болса, күні бүгінге дейін Құлагер өліміне кіналы болып келген  Батыраш есімінің бұған еш қатысы жоқ екендігін ашық айтуға тиіспіз. Жазықсыз жанға таңылған қиянат пен қауесеттің ақ пен қарасын ажыратып беру тарих алдындағы міндетіміз.

Ықылас ОЖАЙҰЛЫ,

«намыс.кз»

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Арыс саңлағы – Солтікен

Алғашқы арыста 1975 жылы күз. Қытайдың Шыңжаң өлкелік балуандар командасына Алтай, Тарбағатай, Іле, Қашқар, Қотан, Ақсу,

“Мінбер” қорына 15 жыл!

“Мінбер” журналистерді қолдау орталығы 15 жыл бойы қазақ журналистерінің біліктілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосып келеді. Ұлы