/

Ертісбаев елді неге үркітті?

823 рет қаралды
4

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхан Ертісбаевтың Ресейдің «Коммерсантъ» атты газетінің тілшісімен болған сұхбатының ішінде Елбасы туралы, оның бүгінін бағамдап, әл-қуатын бағалап, болашағын болжап айтқан «алты ауыз сөзі» айды аспанға шығарғандай алты алаштың ақыл-ойын бір аунатып тастады. Аунатып қана тастаған жоқ, ақпарат құралдарында, ауыл арасында алып қашпа сөз көбейді. Мамыражай жайлауда, шілденің шіліңгір ыстығында сексеуілдің сарбалағының тамшысын талшық қылып жатқан кесіртке-тірлік қазақ баласы үшін бұл жарық шін ақ барбалағының тамшысын талшы қылып жатқан кесіртке күнде жай түскендей уақиға болды.

Биліктің не нәрсеге де, қоғамда биттей өрген өрескелдіктерге дейін бит шаққан құрлы көрмей, «аш пәледен қаш пәле» деп бырт демей, тоң мойынданып, тасбақадай тапжылмай  жатып алуына еті әбден өлген елдің өзі елең етті. Осындайда бұрыңғылар, «атың шықпаса жер өрте» немесе «қазақтың ең жаманы жата қалып ат үркітеді» деуші еді. Міне, қазақтың кепшігі емес, Елбасының кеңесшісінің өзі елді үркітті. Кеңесшінің кермиықтана сөйлеген сөзін естіген ел алаң, «япырау, бұ қалай, аяқ астынан не болып қалды?» десіп, әр кім әр саққа жүгіртіп, ойда да, қырда да, от басында да пыш-пыш, гу-гу… ел ішін жайлап кетті. Ертісбаевтың жер астынан жік шыққандай мұндай «мәлімдеме» жасауының сыры неде? Елдің назарын Елбасының есімін ұстанбай-ақ басқа жаққа бұратын бір амал айланың табылмағаны ма? Елді есі кеткен жақтан қайырар соңғы, ең соңғы мүмкіндікті сарқа пайдаланудың астарында не сыр жатыр? Қаптап кеткен діни ағымдар мен жер-жерде бой көтеріп жатқан билік әрекетіне қарсылықтарды бүркемелеу үшін Елбасының тақ тағдырын көлденең тартудың қажеті қанша еді деген күмәнді сауалдар туындайды.

Бұның алдында «президент Германияда операция жасатыпты-мыс» деген алып қашпа әңгіме Ертісбаевтың айтуынша «операция» емес, бұл жыл сайынғы дағдыға айналған жоспарлы медициналық бақылау ғана екен. Ондай болғанда оған алашапқын болудың қажеті шамалы. Алайда, қоғамды қоғадай жапырған ол да емес, президент кеңесшісінің «аяқ астынан президент орнынан кете қалса, оның бірден бір ізбасары Құлыбаев болуы ықтимал» деп үзілді-кесілді жауабы.

Кеңесші болсын, өзге болсын Үлкен кісі туралы бірдеңе, бірдеңе емес-ау, бұндай «саяси мәлімдеме» жасау үшін әуелі со кісінің өзімен ақылдасып, алдынан өтуі керек қой, өйтпегенде көрер күні қараң, бара жері белгі болмас па?! Демек, шыныменде таққа бір тықыр таянды ма деген ойға арбалуымыздың ағаттығы жоқ.  Ал сондай жағдай «аяқ астынан» бола қалған күнде президент тағына Құлыбаевты отырғыза қойғаны қалай? Бұл Құлыбаевтың атына қазақтың құлағын үйрете беру ме, әлде, күйеу балар күресінің аяқталу, яғни, Құлыбаев жеңісін жер жүзіне паш ету ме? Құлыбаевтың өзі бұған, Елбасының орнына отыруға құлықты ма? Зор секірудің мәнісі неде? (Бас министрлік лауазымын аттап?!).  Құлыбаевтың өзі не дейді? Бұл Ертісбаевтың Құлыбаевтан жауап күткен әрекеті ме? Ертісбаевша айтқанда «аяқ астынан» ауыс-түйіс болып, Тимур Құлыбаев билікке келген күннің өзінде біраз уақытқа дейін елдің дамуында түбегейлі өзгерістер бола қоймайды, жаңа билік өз күшіне толық енгенше бұрынғы бағытты ұстануы заңды. Әйтпегенде әбден тамырын тереңге батырып кеткен ескі билік жаңканың айтқанына көніп-айдағанымн жүре қоюы екі талай.

Қалай болғанда да, Ертісбаев Құлыбаевтың «тұсауын кесіп, бетін ашып», шымылдықтың арғы жағынан бергі бетіне шығарып, елді елеңдеткен, алашты алаңдатқан бір сабақ жіптің ұшығын шығарып қойды. Енді оны қалай суыртпақтаймыз, ол ертеңнің ісі. Ал Ертісбаевтың ел ішінен бір елеулі газет таппағандай, өзінің отарлық езгінің етегінен шыға алмаған күйін дәлелдей отырып, «Егемен Қазақстанымыздыға»  дейін елемей, Ресейдің бір ортанқол, алып сатарлықпен («Комерсант») айналысқан газетіне барып, сәуегейлік жасап, аяқ астынан Елбасының ізбасары туралы жар салуы әлі де талқылауды талап ететін тақырып. Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Осы аптаның басты ньюсмейкерiне айналған президент кеңесшiсi Ермұхамед Ертiсбаев мұрагер тақырыбын тұздықтауды жалғастырып жатыр. Ендi Ертiсбаев президенттiң “Коммерсантъ” басылымындағы сұхбатқа қатысты бiлдiрген пiкiрiмен бөлiстi.

    Президент кеңесшiсi Tengri­news.kz агенттiгiне бұл сұхбат жайлы Назарбаевпен әңгiмелескенiн жеткiздi. Әуелi Ертiсбаев елдi шулатқан сұхбатты “мәлiмдеме емес, өзiмнiң жеке пiкiрiм” деп айтып ақталыпты. “Мен ешқандай мәлiмдеме жасаған жоқпын. Мәлiмдеме жасауға өкiлетiм де жоқ. Қажет десеңiз, менiң ондай қызметтiк мiндетiм де жоқ. Оны (мәлiмдеменi – ред.) парламент, үкiмет, мемлекет басшысы мен сыртқы iстер ми­нистрлiгi ғана жасай алады. Ал мен тек қана сұрақтарға жауап берiп, сұхбат бердiм”, – дейдi ол.

    Әрмен қарай президент кеңесшiсi бұл сұхбатты Н.Назарбаевтың өзi оқығанын жет­кiздi. “Ол маған: “Мұрагер Тимур Құлыбаевқа қатысты шу тудырыпсың ғой”, – дедi. Күлдi. Ендi әлдекiмнiң сыңайын бай­қап көрейiк дедi”, – дептi Ертiсбаев.

    Ертiсбаевтың сөзiне қарағанда, президент оған ескерту жасамаған.

     

    “ЕРТIСБАЕВТIКI БОС СӨЗ”

    Президент кеңесшiсiнiң мәлiмдемесi ықтимал мұрагер Т.Құлыбаевтың наразылығын тудырды. Ол президент кеңес­шiсiнiң сөздерiн түкке тұрмайтын бос сөз деп мәлiмдедi. “Расын айтқанда, мен үшiн бұл тосын мәлiмдеме болды. Өзiмдi ешуақытта саясаткер ретiнде көрсеткен емеспiн. Ұзақ уақыттан берi экономикалық мәселелермен айналысып келемiн, өзiме осы ұнайды. Таяу уақытта Ертiсбаевпен кездесiп, оның мәлiмдемесi туралы сөйлеспек­пiн”, – дептi Т.Құлыбаев “ҚазТАГ” ақпарат агенттiгiне.

    Күйеубала “президент тұрғанда және оның денсаулығына қатысты шу туғанда мұндай нәрселердi айту жөн емес” деп есептейдi.

    Тимур Құлыбаевтың бұл уәжiмен Ертiсбаевтың өзi де келiсетiн болып шықты. Бiрақ сарай бұлбұлы өзiнен қате кеткенiн айтарын айтып салған соң ғана мойындады.

     

    КҮЙЕУБАЛАҒА ЖАҒЫНУ

    Ертiсбаев бұл сұхбатты президенттiң келiсiмi немесе тапсырмасымен емес, өз бетiн­ше бергенiн айтып әлек. Сондай-ақ ол Тимур Құлыбаевпен бетпе-бет кездескенде сұх­батта айтылған жайтты тағы бiр мәрте қайталайтынын ше­геледi.

    “Мен оны басқарушы, саясаткер ретiнде құрметтеймiн. Мейлi, ол өзiн саясатпен емес, тек экономикалық мәселемен айналысамын десе де… Экономиканың 52 пайызы – бұл “Самұрық-Қазына”. Бұл қазiргi ең басты саясат. Ал президент не деп едi? “Әуелi экономика, содан кейiн саясат”, – дейдi Ертiсбаев. Мұнысы ендi Т.Құлыбаев бәрiбiр саясатпен айналысып жүрген қайраткер деген жақтың пiкiрiнен қайтқысы келмегенi болар.

     

    elnur-alimova@mail.ru

    Елнұр БАҚЫТҚЫЗЫ

     

     

  2. Бақытбек мырза, мен КоммерсантЪ газетін ортаңқол дей алмаймын.  Ол өте салиқалы, ресми газеттердің бірі.

  3. Ол ортанқол болмаса, ортаға от жақпас еді. Мына Ертісбаевпен болған “ертегісінің” өзі сол газеттің деңгейін көрсетіп тұрған жоқ па, мен мақала ауторын қолдаймын. Шынында да Ертісбаев мықты болса осы схбатын “Егемен” газетіне неге бермейді?

  4. Ертісбаевтың сөзіне құлақ асудың қажеті жоқ. Ол елді мазағына айналдыра батсаған бейбақ адам. Артық кетсем Құдайдан кешірім сұраймын. Бұл ылаңкес, халықты ірткіге салып отырған адам.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар