/

Қазаққа қазақты қарсы қоюдың астарындағы шындық

12704 рет қаралды
11

Қызық, қазағы бар, орысы бар, Қазақстанда болып жатқан дүрбелеңдерге үнемі оралмандарды кінәлі еткісі келеді де жүреді. Қисыны келсін келмесін, бұған «оралман» кінәлі деген бір ғана диагноз қояды да қарап отырады. Жаңаөзендегі мұнайшылардың ереуіліне де оралман кінәлі екен-мыс.

Дәл осындай тікелей айыптау «Время» мен «Айқын» газеттерінде жарық көріпті. Әрине, Қаражамбасмұнайгаз бен Өзенмұнайгаздағы ереуіл жайында біз аз білеміз. Өйткені өз көзімізбен көріп, құлағымызбен естігеніміз шамалы. Әркім  өз шамасынша шындықты іздеуге тырысады. Бірақ «кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға» бейім басылымдар көп. нағыз тәуелсіз ақпараттың жоқтығынан мәселеге нақты баға беру қиындап кетті.

Бірақ қара жұртты қаралаудың жөні осы екен деп «оралманға» шүйліккеннің сырын түсіне алмай отырмыз. «Время» газетінің 7-шілдедегі санында Данияр Әшімбаевтың «Чего не знал Стинг?» атты мақаласы мен «Айқын» газетіндегі 12 шілдедегі «Жаңаөзенді желіктіріп жүрген кім?» деген тақырыпта Махамбет Талапбайұлы мен Марк Селбиевтердің мақаласы жарық көрген. Екеуінің де тұжырымы біреу – Маңғыстауға сырттан келген қандастарымыз мол. Олардың басым көпшілігі – осы мұнай компанияларында жұмыс істейді. Олар тойымсыз, қанағатсыз, сауатсыз.

«Ереуілге шыққан жұмысшылардың жағдайды дұрыс пайымдай алмауының тағы себебі – олардың көпшілігі сырттан келген қандастарымыз. Арандатушылар біздегі әлеуметтік мәселелерден хабарсыздау келетін жұмысшылардың осы тобына іріткі салады. Маңғышлақтың ауылдық жерлерінде жер беріліп, жеңілдіктер берілсе де оралмандардың ойда-жоқта Жаңаөзенге қарай ағылғаны өңір экономикасына кері әсерін тигізді. «Отаныма оралдым екен» деп, көпті қорашсынып, одан зорын талап ететін топ тағы да тағы деп сұрай беруін қояр емес – олар әлі де жоғары жалақыны, жеңілдіктерді, бонустар мен өзіне көңіл бөлуін талап етуде. Сөйте тұра, бұл санаттағылардың білімі мен мәдениеті орташа республикалық деңгейден төмендеу. Жаңаөзенге келгендердің көпшілігі өздерімен бірге өркениетті демократиялық сұхбатқа ұқсамайтын өзіндік алабөтен әдістері мен нормаларын ала келді» делінген аталмыш мақалада. Мақала авторларының Маңғыстауды «Маңғышлақ» деп империялық атауымен атай отырып, оралмандарды құлқыны тоймайтын ашкөз және халықты арандатушы ретінде көрсетудегі мақсат не? Әрі орыс және қазақ газеттерінде шыққан екі мақаланың да айтар ойы біреу. Данияр Әшімбаев та осындай ойларды көлденең тартады. Демек олардың түпкі мақсатының өзі – халықты арандатудан туындап отырған жоқ па? Мақсат жергілікті қазақтар мен оралмандар арасына сына қағу, сөйтіп, бір халықты бір-біріне айдап салу. Түпкі мақсаты оралмандардың Қазақстанға оралуына, Қазақстанда қазақтардың үлес салмағының басым болуына қарсылық жатыр.

Данияр Әшімбаев бет-аузы бүлк етпестен, «мемлекетке түсініксіз «отандастар» керек емес, сауатты мамандар, педагогтар, инженерлмер мен ғалымдар, шеберлер керек. Ашық және жасырын түрде «» ұлттық құндылықтар үшін, тіл мен мәдениеттің дамуы үшін» , «ежелгі дәстүрлер үшін, «ұлттық рухты жаңғырту үшін», «қандастардың оралуы үшін» және бір ұлтты мемлекет құру үшін атой салатын ұлтшыл-патриоттар осылай елді орта ғасырлық өркениетке кері сүйрейтіндей көрінеді де тұрады.  Экономиканың, ғылым мен білімнің дамуының орнына әлеуметтік, ұлттық және діни шиеленістердің алғышарттары түзіліп жатқандай» деп сайрайды. Данияр Әшімбаев секілді  орыстілді маргиналдар үшін бұлай сайрау орынды делік. Ал «Айқындағы» айтқыштардыкі не? Оларды кім айтақтап отыр. Әлде осыны жазу арқылы иелерінен әжептәуір сыйақы алды ма екен.

Жалпы дүниежүзі қазақтарының ІҮ құрылтайынан кейін Қазақстан қоғамына сіңіп кеткен оралмандарды көзге шыққан сүйелдей етіп көрсету саясаты қолға алынды. Осыдан бір айдай уақыт бұрын Саяси шешімдер институты «Оралмандар – әлеуметтік аутсайдер» деп қорлаған еді. Енді «Айқын» мен «Время» газеті бірлесіп тойымсыз ашкөз және саяси сауаты төмен деп кінәлайды. Ең бастысы мақаланың қай-қайсында да ешқандай дәлел дәйек келтірмейді. Маңғыстаумұнайгаз бен Қаражамбасмұнайгазда қанша жұмысшы бар? Олардың қаншасы оралман, қаншасы жергілікті, қаншасы ереуілге шықты, ереуілге шыққан оралмандардың орташа жалақысы қандай, мұндай ақпараттар айтылмаған. Тек қызды-қыздымен екі газеттің авторлары да қисынсыз жерден оралманға деген қыжылын сыртқа шығарған. Егер түбін қуып келетін болса, екі газеттің де авторлары ұлт, діни және рулықжәне әлеуметтік  араздықты қоздырғаны үшін Қылмыстық кодекстің №164 бабы бойынша жауап беруі тиіс.

Соңғы кездері «Әр қазақ менің – жалғызым» деген идеядан гөрі, «Қазақстанға қазақ емес, маргинал керек» деп ұрандату жиілеп кетті. Мемлекетшілдік сананың жоқтығы, жалпықазақтық идеяның қалыптаспауы, онсыз да қазақтілді, орыстілді болып бөлініп отырған қоғам арасына жиі сына қағып, енді оларды рулық жіктеудің сыртында о қазақ пен бұ қазақ деп жіліктеуге көшті. Бұның соны жақсылыққа апармайтынын жұрт жақсы біледі. Алайда арандатудың қитұрқы тәсілдерін қолданатын бұл авторлардың ойы – «Қазақстанның – қазақ елі» екенін мойындамау және сол жолға бет алған ұлттық саясатқа барынша бөгет болу.

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

11 Comments

  1. Времияны қойшы, олар оттай береді. Ал, мына Нұртөре Жүсіпке не болған? Көзі қарақты жігіт пе десек, ол да көзді жұмып алып, кім не айтса соған еретін, өзінің ұстанымы шамалы азамат па еді. Әлде кімнің сойылын соғып, қазағын мұқатқаннан мүйіз шығкады деп жүр ме? Шықса баяғы да шықпас па еді. Басқаныкі басқа, Нұртөре сенікі енді масқара! Білдей бір газеттің бас редакторының өресі осындай пәс болса, басқасына дауа жоқ. Әй, сорлы қазағым-ай, қайтейін!

  2. Құлдықты көксеушілер сөйтіп көки берсін. Оған қазақтың көті де қисаймайды.

  3. Қазаққа қазақты қарсы қою, бауырының қолымен інісіне от көсету – бұл ереуілдер халықтың әлеуметтік жағыдайынан туындап отырғанын көрсетпеу, көпе-көрнеу бұрмалау. 

  4. Бұл қазақтың ішіне іріткі салу үшінгі өзгенің ықпалы.Оның сойылын соғушылар өз қандастарымыз болғаны өкінішті.Соңғы кез осы Орыстарыңыз ашықтан ашық интернетке қазақпен қарыса бастады.Осының арты не болар екен ә?

  5. Оның сыры, қазақтың жерін тартып алып, өзін құлдыққа салу, соны да білмейсіңдер ме? ХІХ ғасырда осындай әдісті қолданған еді орыс басқыншылары. Мынау Нұртөре солардың қолшоқпары болайын деп тұр. Іштен шыққан жау жаман!

  6. Қазақтың жауы қазақ дегенді жиі еститін едім, расында да солай екен ау. Осы Нурторе агамыз қазақтың жанашыры секілді корінуші еді, мына арекеттері қазақтың тубіне балта шабу секілді бір оңбағандық қой. Оралман болса да қазақ емес пе, сасыр бас орыс пен қызық көз һанзуыдан артық шығар біз үшін.

  7. Біз қазақтар әлі рухани азаттық алған жоқпыз біздің тіліміз, қазақи тәрбие деген бәрі мына Назарбаев бастаған мемлекеттің езгісінде жатыр
     

  8. Неге осы оралманда тек оралмандар ғана жақтайды?! Қазақ қайда?

  9. Неге осы оралманды тек оралмандар ғана жақтайды?! Қазақ қайда?

  10. Tugan zherinen Atazhurtka konys audaryp kelgen qandastar da Qazaq emespe ? Byraqta olar oralman dep shetteledi ali kunge dein .Mmm Zhuldyz khanym kommentiniz birturli estiledi eken.Onda oralman dep atalgan kisiler Qazaq emes degendei magyna shygyptur.Al men byltyr estigem Elbasynyn buirygy boinsha, shetelden atazhurtka qonys audargan Qazaq diasporasy etnikalyq otandas dep atalatyn bolady.Kagaz betinde gana eken goi  desendershi.Sozdin qysqasy atazhurtka qonys audaramyn,koship kelemin degen qandastar osy zhagdailardy estip qaityp keler eken..Aman zhur Qazagym !!!

  11. Айтылған пікірлердің бәрі жөнді. Қазақты қазаққа қарсы қойып, солардың қызығына қарап отыру үшін жасалып жатқан дүниелер го. Қайта мына жакта тобырлық қалыптан аса алмай жатқан халыққа ол шеттен келген қазақтар рух беріп, ұлттық намыстың не екенін ұғындырып жатқан болар. Өйткені олардың бойында қазақы болмыс бізден гөрі жақсы сақталған ғой. Осы күнге дейін биліктің алдында тек бұғумен келе жатқанымыз өтірік емес. Мұның барлығы қазақтың рухының оянуының бастамасы болса екен!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар