/

Бангкоктағы Салман Қазақстанға келе ала ма жоқ әлде қаңғып кете ме?

776 рет қаралды

Соңғы бір апта бойы Бангкоктағы Қазақстан елшілігінің табалдырығын тоздырып жүрген Салман бауырымызға жедел жәрдем керек болып тұр. Мен бұл жігітті көрмесем де оның әкесі Салық ақсақалды осыдан 30 жылдай бұрын Түркияға келгенінде көріп едім. Салық ағамыз (төлқұжат бойынша Мұхаммед Салих) 1939 жылы бүгін Қытай жерінде қалған қазақ қонысы Баркөлде дүниеге келген болса керек. Қалың қазақ үрке көшкенде әкесі Молдабай да балаларын алып жұртпен бірге аттанады. Ішінде мархұм Халифа Алтай ақсақалымыз бен бүгінде жасы 90-ға келген менің әкем Жүніс қажы бар көш Пәкістанға 1940 жылы келгенде бала Салық та әкесімен бірге ағайынның ішінде жүреді. Әкеден шешеден айырылған жетім баланы туған әпекесі мен жездесі 1945-46 жылдары шамасында Сауд Аравияға әкетеді….

Салық ағамыз қазір 72 жаста, қазағынан айырылғалы 66 жыл болған екен. Туысынан айырылып бір жетім болса, елінен жерінен айырылып екі жетім болған жайы бар. 66 жыл бойы Сауд Аравияда тұрса да арабтар оған азаматтық бермеген. Кез келген елде 5-10 жыл тұрсаң азаматтық ала аласың бірақ арабтар оларды өз қатарларына қоспай келеді, мұсылман болса дағы…

Салық ақсақалдың 6 баласы да Сауд Аравияда дүниеге келген, Мекке, Таиф және Жидда қалаларында, бірақ оларға да азаматтық берілмеген, араб болмағаны үшін, сырттан келгеннің баласы болғаны үшін. Бұлар тілі арабша шыққан балалар, бәрі де ересек, 4 ұл жанұялы ал 2 қызды арабқа бермеймін дейді ағамыз, Қазақстанға келсін, қазаққа ғана беремін дейді….

Мен Салық ақсақалды Қазақстанға келтіру үшін 2008 жылдан бастап талай мақала жаздым, тиісті мекемелерге және Сауд Аравиядағы Қазақстан елшілігіне хаттар жібердім, біразы баспасөзде де шықты, бірақ ешбір нәтиже шықпады, кәртейген және денсаулығы сыр бере бастаған ақсақалымыздың елге ораламын деген үміті өшкендей болды. 6 жасында айырылған қазағына енді жетпістен асқанда қауышқысы келетін бұл жалғыз жетім жанға қол ұшын берер ешкім де табылмады…

Сөйтіп жүргенде оның баласы Салманның аянышты халі тіпті бірінші кезекке шықты. Менің естуімше Салман (жасы 45 шамасында) бір арабпен төбелесіп қалады, Сауд билігі оны Непалға қуып жібереді! Өмірі Аравиядан шығып көрмеген, тіл білмейтін жігіт Непалда қатты қиналады, қолында ешбір паспорт та жоқ, тек Тайван өкілдігі берген босқын куәлігі ғана бар екен. Мұсылман арабтар азаматтық не ықтиярхат бермесе де діні бөлек Тайванның берген қағазымен осы күнге дейін жан сақтап келеді мүсәпірлер….

Непалда тығырыққа тірелген Салман Германиядағы туыстарына жетемін деп ұшайын десе, сенің визаң жоқ деп оны Непал сақшысы қамауға алады. Келньдегі Ырысбай, Шұғайып ағаларым осы жігіттің тағдырына араша түсуге шыр-пырлары шығып жатқан жайы бар. Салманға ақша жіберіп, көзінен жасы сарқылмай ағып жатқан әкесімен байланысып отырғандар осылар. Мен де Салық ағаммен және Ырысбай, Шұғайып ағаларыммен ұдайы байланыстамын. Салманның өміріне қауіп тиген шақта Түркиядағы бір қазақтың інісінің Непалда жүргені анықталады. Әйтеуір сол жігіттің көмегімен Салман соңғы амал деп жақын тұрған Бангкокқа жетіп барады. Өйткені, Непалға ең жақын Қазақстан елшілігі осы қалада. Бангкоктағы Қазақ елшілігіне барып, мән-жайын айтып, Қазақстанға барғысы келетінін айтып, баспана сұрап арызданады. Елшілік қызметкерлері қазақша білмейтін бұл жігіттің түрінен сезіктенсе керек, оған Тайван үкіметінен қазақ екендігін растайтын құжат әкелуін сұрайды. Сонда қазақ ұрпағының ұлтын анықтайтын тайвандық қытайлар болғаны ма?!

Мен алдыңғы күні Бангкоктағы Қазақстан Өкілінің атына хат жаздым, Салманға көмектесуін сұрадым, Салық ағаның тағдырына қатысты құжаттарды, өзімнің газеттерде жарияланған хаттарымды қосымшаға салып жібердім. Риядтағы елшіміздің жауап хатын, Көші-қон агенттігінің, Бас Муфтидің Егемен Қазақстан газетінде жарияланған мақаласын дәлел ретінде жібердім. Дүниежүзі Қазақтары қауымдастығын араша түсуге шақыртқыздым. Біздің барлық мақсатымыз баспанасыз қалған осы бір ұлты қазақ қандасымызды Қазақстанға әкелу, оның артынша Салық ақсақалды бала-шағасымен елге оралту. Көмек бере алатын жандар болса құба-құп болар еді.

Осы хатымды оқушы ағайынға жар салам, жанашырлыө көмектеріңізге зәру болып тұрмыз!

Мұртаза Бұлұтай

Ф.ғ.к., дінтанушы, мәдениеттанушы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі