//

Діни кітаптарда дәлелі жоқ дүниенің бәрі – «бидғат»

2281 рет қаралды
1

Ағартушы, діндар-ғалым Халифа Алтай атамыз 1990 жылы арнайы сапармен Монғолияның Бай-өлке аймағына келген болатын. Осы сапарында жергілікті халықпен жүздесіп, діннен ажырап қалған қауымның сұрақтарына жауап беріп, әңгіме-дүкен өткізген еді. Содан бері ширек ғасырға таяу уақыт өтіпті.  Ғұлама ғалымның Құран мен Сүннетке сәйкестіріп айтқан уәждерін қасында жүріп хатқа түсіріп алған едік.

Шынай Рахметұлы, Бай-Өлке аймағы

Халифа молдамен халықтың сұхбаты

– Құранды намазда немесе былайғы кездерде қазақша оқуға бола ма?

– Болмайды. Біздің қазақшаға аударғанымыз Құранның мағынасы ғана. Құранда не айтылғанын түсініп, біле отырып оқысын деген ниетпен мағынасын ғана қазақша болғыздық.

– Өлік жатқан  үйде намаз, Құран оқуға бола ма?

– Алдында, артында оқи беруге болады. Намазды сол жерде, Құранды өліктің жанында емес, басқа жерде оқиды. Жаназа намазы парыз хифая. Құран парыз да, уәжіп те емес…

– Қабір басына әйелдер барсын ба?

– Әйел қабірге  баруға, топырақ салуға болады. Жалғыз-ақ жыламасын. Қабірді құшақтамасын.

– Арақтан өлгенге жаназа намаз оқыла ма?

– Мұсылман болса оқылады.

– Ауызға насыбай салу мен темекі тарудың  қайсысы дұрыс?

– Бір молла айтқан екен:  «Ел бұрын шикі жеген боқты, енді пісіріп жейтін болды» деп. Мен де соны құптаймын.

– Жақын жанашырлары өліктің бетін көргісі келеді. Көрсету керек пе?

– Көңіл үшін көрсетуге болады. Кітапта бүйт-сүйт делінбеген.

– Қажыға баруға кететін қаржыны  мұсылман қоғамына берсем ол қажылыққа тати ма?

– Татымайды.

– Бәдел қажы деген не?

– Денсаулығыңыз жарамаса қажыға бұрын барған адамға қаражат беріп Меккеге қайта барғызсаңыз «Бәдел қажы» деген сол.

– Асылып немесе суға түсіп өлгенге жаназа намаз оқыла ма?

– Оқылады. Мынадай  төрт түрлі адамға оқылмайды. 1. Мұсылман адам ислам дінінен бас тартса. 2. Әке-шешесін жауыздықпен өлтірсе. 3. Өз өкіметіне қарсы соғысып өлсе және көп жатып иістеніп кеткен мәйітке оқылмайды.

– Жасымызда діннің ықпалы болмағандықтан күпірлікпен талай күнәға ұрындық. Осыны Құдай алдында қайтеміз десек кейбіреулер айтады: «Алланың кешірмейтін күнәсі жоқ» деп. Ал, кейбіреулер айтады: «Бірден істелген күнә кешірілмейді» дейді. Қайсысы дұрыс?

– Ислам дінінде тәуба деген бар. Ол өткен күнәларға өкініп, тәубаға келіп, қайталап істемеуге серт ету. Алла пенденің тәубасын қабыл етсе, күнәсін кешуі мүмкін. Ал, Аллаға ортақ қосса кешпейді.

– Бізде дін жойылғалы 50-60 жыл болды. Сүндеті барлар аз.  Сүндетсіздер дін оқуын оқуға, намаз өтеуге, мал бауыздауға бола ма?

– Сүндеті жоқ адам мұсылман болса мал бауыздауға болады. Сүндеттелмеген едім деп күнә ойламасын.  Намазында оқысын, дінді де үйренсін.

– Кім көрінген бауыздаған малдың етін жей жүріп намаз оқуға бола ма?

–  Малды мүмкін болғанша мұсылман адам «біссіміллә, аллахуакпар» деп бауыздасын.

– Өлік жатқан үйде ет, тамақ жеуге бола ма?

– Болмайды. Ешуақытта!

– Жанашыр жақын адамның қабірінің  үстіне қала салынса, сүйекті алып басқа жаққа қоюға бола ма?

– Жер иесі зорламаса тұра бергені жақсы. Ал, үстіне қала салса алынады.

– Құран оқып, жаназа шығарған молда ақысына мал, басқа бұйым алуға тиіс пе?

– «Алсын» деп аят, хадиспен бекітілмеген.

– Суға кеткен, отқа жанған,  жоғалып кеткен адамға жаназа намазын оқуға бола ма?

– Өліктің жарты денесі, не басы болмаса оқылмайды.

– Қажыға бару бесінші парыз екен. Қажыға баратын мүмкіндік жоқ болса, парыз болып қала бере ме?

– Шамасы келетін кісі үшін парыз. Қаржысы үй-ішін қамтамасыз етердей мүмкіндігі болмаса парыз болмайды.

– Аруақ  түске кірсе не істейміз?

– Аруақ түсіңе кірсе атын атап аят оқы. Ол қолдап-қоршап жүр деп ойла ма?! Олай десең діннен шығасыз. Аруаққа сиынба! Аллаға сиын!

– Ислам діні Түркияға қандай игіліктер берді?

– Ислам дінін мықтап ұстаған кезде түріктер Осман империясын құрып, әлемді 400 жыл биледі. Дін босаңсыған кезде дұшпандарға жем болды.  Дінге екі жақты қарау елге жақсылық әпермейді. Дін елді топтастырады.

– Кей молдалар әйел адамның Құран оқуын жақтырмайды?

– Неге? Еркек адам жоқта әйел жаназа шығаруына да болады.

– Бізде өлікті екі рет жуып дәреттендіреді, алдымен біреулер, онан соң тағы біреулер жуады…

– Өлген адамды екі емес бір рет аруласа болады. Кітапта екі рет жусын деген жоқ. Бір рет үш қайтара жуады.

– Сауап үшін, зәруліктен  жуамыз,  бір ауыз айтар аятымыз  жоқ, обал болмас па?

– Жуған жақсы, айту шарт емес.

– Біз арапша әріп білмейміз. Крилл әрпімен Құран жазып алып жаттауға бола ма?

– Қайсы әріп болса да жазып алып, сөзін арапша жаттап, оқысаңыз болады.

– Мұсылмандар өлікті құрметтеуге арнап қандай рәсім жасауы керек?

– Негізінде мұсылмандар, әсіресе қазақтар өлікке байланысты мәселелерге нағыз дін кітабын ұстанбай, қолдан жасалған әдетті араластырып алып, соның қайсысы бертінде қалыптасқан салт екенін, айыра алмай шатасып жүр. Халық арасында сіңіп қалыптасқан дәстүрді жою да оңай емес. Ардақты пайғамбарымыздың «өлікті құрметтеңдер» деген мүбәрәк сөзін ескере отырып, бұл жөнінде діни кітаптарға жүгіну керек. Діни кітаптарда дәлел болмаған тек ғана халық арасында қалыптасқан дәстүрді сауап деп орындауды «бидғат» деп атайды. Ардақты пайғамбарымыз: «күллі бидғат – адасқандық,  адасқанның түбі – тозаққа апарады» деген.

–  Өлікті жерлеуге байланысты не айтар едіңіз?

–  Мүмкін болғанша тез жерлеу керек. Үйге қондырып түнету дегенді кітаптарда жазбаған. Мал сою, қонақ күту дұрыс емес. Азалы, қайғылы адамдарға басқа көрші үйлер тамақ пісіріп беруі керек.

–  Жетісі, қырқын беру, жылдық деген бар бізде, әрқайсысы үшін  мал сойылады. Осы қалай?

–  Ислам дінінде өліктің жетісі, қырқы, жылдығы деген сөз жоқ. Бұл тек халық арасында тараған әдет. Ислам діні бойынша үш күн ғана аза тұту, 7 күнге дейін қайыр-садақа беру бар.

–  Өлген адам (мәйт) қабірге қалай қойылады?

–  Беті қыбылаға қаратылып, оң жақ беті астына келіп, оң жамбасымен жатқызылып қойылады. Көрдің іші олпы-солпы болмағаны жақсы.

–  Молдаларға не берген дұрыс?

–  Жаназа шығарған,  Құран оқыған адамдарға пәлен нәрсе бересің деген сөз кітапта жоқ. Тек өтелмеген ораза, намаз үшін марқұмның мұрагерлері ысқат, підие беруге болады деген пәтуә бар. Оны мешітке берген ләзім.

–  Өлікті арулаған адамдарға киім береміз, осы дұрыс па?

–  Бұл кітапта айтылмаған.

–  Марқұмның қонағы деп көп адамды күтіп кейде қолайына жақпай қалатындар бар, осы қалай?

–  Өлікті үйге қондырып күзетуді, сол үйде жиналып тамақ ішуді кітапта жазбаған.

–  Өлген адам үшін неше шырақты қанша күн жағуға болады?

–  Өлген кісіге арнап шырақ жағу ислам дінінде жоқ.

–  Ақыретке бөз (марля) таппай жұртшылық зәрушілік көріп жүр. Осыны қайтеді?

–  Марль тірі кісіге киім бола ма, жейде, дамбал етіп киюге бола ма? Болмаса өліге де киім болмайды. Өлікті тіріде киім болатын шүберекпен ораған дұрыс. Марль тәрізді жұқа материал кебіндеуге жарамайды.

–  Біздің жақтың молдаларында қандай мін бар екен?

–  Намазға тұруды білмейтіндер көп. «Біздікі болады, Құдай қабыл көреді» деп етікпен намазға тұратындар бар. Бес уақ намаз үшін дәреттенгенде аяқты не үшін жуамыз? Жайнамаздың шетін аяқпен басып тұрып намаз оқу үшін жуамыз. Намазға етік жарамайды емес, етіктің арам болуы жарамайды. Етікті тазалап жуып алып оқысаң бір сәрі. Кебіс, мәсінің мәні осында. Жайнамазға бас та, аяқ та тиіп тұру шарт қой. Жай таза шүберек жайнамаз бола береді. Бірақ бас пен аяққа жететін ұзын болсын.

–  «Жеті әулие» деген не?

–  Жеті әулие Түркияның Тарсус деген жерінде. Бірнеше жылдың алдында сол жерді көзбен көрдім. Иса пайғамбардың тұсында болған оқиға. Дуехинус  деген патша болыпты. Сол патша адамдарды пұтқа табындырмақ болғанда, оған бағынбай  бес адам қашып шығады. Оларға қой жайып жүрген шопан ілеседі.  Шопанның иті ереді. Осымен жетеу болады. Иесі итіне «кет» дейді. Болмай ереді. Ұрады, аяғын сындырады. Қыңсылаған соң итін көтеріп алады.  Жетеуі тауға тығылады. Бұл оқиға «Інжіл» мен «Тәуратта» да жазылған.

Жетеуі үңгірде жасырынып ұзақ ұйқыға кетеді. Заман өткенде бәрі оянады. «Бұл үңгірге қашан келдік?» деседі. «Кеше таңертең» дейді. «Жоқ, міне түс ауған екен. Әлі күн батпапты» деседі. Қарны ашқандықтарын айтады. Қалталарында ақша бар екен.  Соны беріп біреуін базарға жібереді. Базарға барған адам тамақ алмаққа ақшасын шығарады.  «Ой, сен, ескі ақшаны қайдан алып жүрсің? Бұл осыдан 300 жыл бұрынғы ақша ғой!» деп адамдар оған дүрсе қоя береді. Сөйтсе әлгі жетеуі 300 жыл ұйықтап ояныпты. Әлгі адам қайта қайтып үңгірін табады. Жетеуі қайтадан мәңгі ұйқыға кетеді. Міне, сол қасиетті жер – жеті әулие атаныпты. Үңгірдің іші кең, ауыз жағында иттің суреті бар, ит кәпірліктен қашып азапты сапар шеккен. Сол алты адамға серік болғандықтан жетінші әулие атанған екен.

–  Бұл жақтағы ел-жұртыңызға не айтар едіңіз?

–  Бұл қайран елдің басынан жарты ғасырдан астам жан түршігерлік ауыр жағдай өткен. Әсіресе, дінге қатаң тиым салынып молда атаулының көзі жойылып, діни ережелерді орындау қылмыс болыпты. Құран Кәрімнің 94-сүресінің 5-6 аяттарында: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге біроңайлық бар» дейді. Міне, Аллаға сансыз шүкірлік, сол оңайлық туды. Дінге еркіндік болды. Барлығыңыз дұғада болыңыздар! Ей, Алла! Көк пен жердің тұрғындарының бір өзіңе бой ұсынғандарының баршасына мархамет ет! Әмин.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жанболат жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар