//

16-желтоқсан Ұлы Күн!

1076 рет қаралды
4

Ар ма, ағайын!

20  күн алда!

20 күннен соң 16-желтоқсан!

16-желтоқсан – Ұлыстың Ұлы Күні!

 16-желтоқсан – Алты Алаш баласынның аңсарын талдырып, жүздеген жылдар армандаған азаттыққа қол жеткізген  қасыретті де қастерлі күн!  Ол күн басқа да даталы күндерден ала бөтен аса қастерлі! Сондықтан да ол, ерек аталар, еңіреп табысып, ерекше тойланатын аталы күн! Қазақ басындағы қара бұлтты көшірген, қара дақты өшірген баталы күн! Бұл – өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанған, азаттың суына аңқамыз қанған күн! Қан жылаған қазақтың көзінен қуаныш жасы тамған күн! Ал биылғы 16 желтоқсан қос мереке! Біріншіден биыл,  Қазақ Елінің отарлық бұғауынан құтылып, өз алдына, өзін-өзі билейтін, өзін-өзі басқаратын Тәуелсіз Ел болғанына жиырма жыл толады. Торқалы той. «Абылайдың асында шаппағанда атаңның басына шабасың ба!» дейтін күн осы! 

16-желтоқсан! Біз ғана ма, жоқ, жер шарынның  қай түкпірін болмасын мекендеген исі қазақтың ат бауырына түсіп сүйіншілеп қауышып, қуанатын, ту алатын ақ түйенің қарыны жарылған күн! 

Адамзат баласы ХХІ ғасырда өркениеттің шегіне жетті. Сол өркениеттің бір пұшпағына өз атымызбен біз де ендік. Алайда, жер бетінде өмір сүріп отырған әр нәсілді, әр ұлтты халықтардың даму деңгейі әр түрлі, бірі озық болса, екіншісі тозық. Ірі империялар озбырлығы – өркениетке жеткенімен адами құндылықтарды құрметтеуде аяғынан ақсап, жағынан жаңылған державалардың қуаты әлсіз, қарымы қауқарсыз аз ұлттарды басып-жаншып бодандықта байлап, тұқыртып ұстау, қанау, күш көрсету, езу қатарлы сан алуан зұлымдықтары тиылмай отыр. Өкпесінің өксігі басылмаған, халқының азаттығын мың жылдап күткен, елінің еркіндігін ежелден көксеген жұрт қаншама? Ал, біздің Тәуелсіздік – «Тәуелсіз мемлекет болып, тарихтың алтын парақтары ашылып, Тәңірінің сыйы бізге туады» деп үміттенген, «менің де басқа жұртпен қатар терезем тең ұлт болсам» дейтін көкірегі шерменде көптеген ұлттар мен ұлыстардың жанарлары жасқа толып ниет танытар ортақ қуанышы! Рас, Қазақстан халқының дербес, егемен мемлекет болып, Көк байрағын көтеріп, жер шары картасынан өз өң-түсін, аумағын айқындаған орынға ие болуы бостандық үшін ботадай боздап, бозторғайдай шырылдаған барша «әлемнің басыбайлы құл мен аштарының» тойы! Біздің де алдыңғы буын аталарымыз біреудің қуанышына қуанып, алақаннын қолдыратып, біреудің сойылын соққан күндерді басынан кешірген! Ол заман арта қалды, енді өз тойыңды тойла Қазақ! 

Иә, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл. Аз ба, көп пе? Осынау  бар-жоғы бозбаланың жасындай екі ондықтың ішінде не істедік? Тәңір Сыйы – Тәуелсіз Мемлекетіміздің ірге тасын толық, мызғымастай берік етіп қалай алдық па? Сұрақ көп. Солай болса да, Қазақтың әр бір баласының осы жылдарда еліміздің белін бекемдеу жолында қосқан үлесі Ұлы Қазақ Ұлысының мәңгіліктігі үшін қаланған бір-бір кірпіш болса керек. 

20 жыл! Осы аралықта  Қазақ халқы қоғамдық дамудың ғасырларға тең келетін жолын жүріп өтті. Еліміздің қол жеткізген табыстары мен жеңістері ұшан теңіз. Сондықтан да бүгін біздің жеткен жетістігімізге, алған бигімізге, шыққан шыңымызға біреу қызығып қараса, тілеулестік танытса, әлде кім қызғанып, әлде кім көзін алартып қарайды. 

Иә, Ағайын! Енді жиырма күннен кейін қауышатын, әрбір қазақ баласының өмірінде ата-бабаларының тасқа қашаған бәдіздеріндей   мәңгілік аса бедерлі айшықты із қалдырған,  жылап айырылып, жылында көрісіп табысқан, ұлы тарих керуенінде, уақыт пен кеңістік бойлығы мен ендігінде ұшырыса бермейтін Ұлы Күнмен қауышамыз. Қазақ баласы үшін 16-желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған күнінен артық, бұдан зор күн жоқ. Демек,  бұл күнді – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алған күнін ел болып, жұрт болып, «Қазақстан Республикасының Ұлы Күні», қысқаша, айтуға орамды «Ұлы Күн» деп атасақ қандай жарасымды, жүрекке жылы, тартымды да абзал болар еді.  Наурыз – Ұлыстың Ұлы Күні, ал 16-желтоқсан Ұлы күн болмақ! Осы Ұлы Күнмен баршаларыңызды құттықттаймыз, ағайын!  Ұлы Күн ұзағынан сүйіндірсін!

Б.Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Тәңір жарылқасын, Бәмішұлы! Сізде бар рух ел басындағыларда болса ғой, шіркін! Бір жарым ай бұрын жаңа жылға дайындалып әлек болмас еді ғой. Әуелі Тәуелсіздікті ұлытап алайық, христиандардың жаңа жылы ешқайда кетпес дер еді. Амал қанша, керісінше, бала-бақша, мектеп, шағын бизнес субьектілерінің барлығына әкімшілік “партиийное задание” беріп, жаңа жылмен құттықтауларды іліңдер дейді екен. Оның орнына Тәуелсіздіктің 20 жылдығымен құттықтау ілініп тұрса, қандай жарасымды болар еді. Көкірегім қарс айырылып отырғаны. Билікте ұлтым дейтін ұлықтардың аз болуы – қасірет.

  2. Айтқаныңмен мен де келісіп отырмын, Бек! Өте дұрыс, 1-қаңтар бұл жыл санаудың басы ғана, адам баласы бір жасқа кәртейеді. Ойлап отырсам сол да тойлайтын қуаныш па?! Жаңа жыл, жыл басы деген адамзат баласының көгеріп, көктеп бастайтын көктемі, жаңаратын, тазаратын, түлейтін, серпілетін шағы Наурыз болмас па! Күнтізбенің бір күкін, нақтылап айтқанда Исус Христостың туған күнін ай бұрын тойлау санадағы нағыз мешеулік деп білемін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар