//

Көк етіктіні күткендер немесе 350 мың қыздың “жыры”

1527 рет қаралды
8

Көн етіктіні көзге ілмей, көк етіктіні күткендер саны 350 мың. Оң босағада отырған  қыздар қартайса, халық саны ортаяды. Қыз – қонақ! Жат жұрттық  деп танылып төрден орын алған қыздарымыз әлі де төрден түскісі жоқ. Себеп сан түрлі.

Алдымен махаббат уақытты өлтіреді, содан соң уақыт махаббатты өлтіреді. Таза, тұнық суға шөлдеген гүлдеріміз осыны ескермепті.  Қызмет құрығына түсіп, бір белестен келесісіне өтіп жүргенде уақыт жастығын ұрлап, отырған қыз деген атты кеудесіне іліп, орта жастағылардың қатарына қосып үлгерді.  Сатирик  Мұхтар Шерім айтпақшы:« Махаббаттың да оппозициясы болады екен».  Сонда оқыған әрі отырған қыздар махаббат оппозиционерлері  ме?

Арай:

— Жасым 33-те, жағдайым көп адамнан алда деуге болады, оқығанмын, жұмысым бар, үйім бар, өзім әдемімін, ешкім мені 33-те деп ойламайды, әрі кетсе 25 жаста дейді. Бірақ әлі тұрмысқа шыққам жоқ, шыққым келмейді емес, тек «қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деп жүрген жанмын. Құрбылар мен жігіттерге айтарым, бас екеу болмай, мал екеу болмайды. Бірігіп жеткен жетістік қадірлі де тәтті болмақ. Маңдайыңа жазылған адаммен жолықсаң, ештеңеге де қарамай үйлене беріңдер!

Осындай пікірлерге қарап кәрі қыздарды  махаббатты қолдамайтындар қатарына жатқыза аламыз ба? Кезі келсе кербездік көрсеткісі келмейтін аруларымыздың кінәсі не?

Гүлнар:

— Қазақ қызы ең әуелі отбасындағы ескертулер мен тыйымдардан аттап кетпейді ғой. Көше дегенді білмей, мектеп бітірдім. Одан соң, университетке оқуға түстім. Кейбір құрбыларым секілді үшінші курста оқып жүргенде күйеуге шықпақ түгілі, жігітке бола бас та ауыртпадым. Керісінше, оқу оқыдым. Одан мамандығым бойынша жұмысқа орналастым, соңыма ерген бауырларыма көмектестім. Әйтеуір, күйкі тірлік біте ме, сол өмірдің ағынымен жүре беріп, уақыттың қалай зу еткенін білмеппін. Қазір менде көлік те бар, үй де бар, жақсы жалақы төлейтін жұмыс та бар. Кімге сенесің? Кейбіреулер материалдық жағдайға қарап та үйленеді ғой. Ауырғанда жаныңнан табылып, шаршағанда басыңды сүйер бір шын жанашыр болмағасын, тұрмыс құрып, не керек?

350 мың деген сан көрсеткішіне үлесін қосқан жанның бұл пікірі қазақтың білегі де, жүрегі де қайратты жігіттері қайда кеткен деген күдік тудырады. Сенімге лайықты бір сөзді жігіттердің азайғаны ма?

Қысқасы, орта жаста отбасын құрмай қалған қыздарымыздың бұл уайымына бәрі кінәлі. Қоғам да, онда өскен балаң да. Өмір өткелдері адамды шынықтырады, бірақ кейде сынық қылады. Ой шынықтырамыз деп жүріп, отбасылық өмірге деген сенімі мен ұмтылысын  сынық қылып алған қыздарымызға  әйелдерді қолдау орталығының психологы Әсел Құрмановадан бірер кеңес:

— Жасы жетіп, тұрмыс құрмаған қыздарды бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Олардың бір тобы алдын ала іштей өзін «кәрі қыз» болдым деп есептеп қояды да, солай қабылдап, сол шеңберден шыға алмай қалады. Тағы бір тобы — отбасылық өмірге психологиялық та, жалпы да дайын емеспін деп есептейтіндер. Енді бір тобы — кезіндегі ғашығын немесе махаббатын ұмыта алмай, өзге жанды көзге де ілмей, өз өмірлерін тек сол бір адамға ғана арнап, өмірін өткізіп алатындар. Ендігі бір топ өзін төмендетіп, ұнатқанын өзінен жоғары қойып, тек армандап қана жүреді де, мүлде тұйық боп қалады. Тағы бір топтың өкілдері керісінше, өзі туралы жоғары ойлайды, олар жігіттің кемшілігін көріп қалса, менсінбей, теріс айналып кетеді. Ең соңғы топ жұмыстан кеш оралу мен уақыт жоқтығын сылтау ететіндер. Қазір осы соңғысы жиі кездесіп жатады. Дегенмен, өзін сыйлайтын әрбір қыз бала жеке өмірін де ұмытпауы қажет. Сондықтан да көпшілік жерлерге барып, өзіңді сергітіп, бой жазған дұрыс. Жаңа адамдармен танысу қажет. Қасыңда көп адам болса да, кейде әр адамның жалғызсырайтын сәттері болады. Ал сыңарың мұндай сәттердің азаюына көмектесері анық. Байқасаңыз, кәрі қыздар көбіне ашуланшақ, күйгелек, ештеңеге зауқы соқпай, үнемі көңілсіз жүреді. Өйткені, жалғыздық күйзеліске ұшыратып, түрлі ауруларды өршітеді. «Қыз мұраты — кету» емес пе?! Ендеше, тұрмыс құруға асығыңыздар! — дейді.

Қыз балаға бабаның берген ең ұлы батасы – «Ана бақытына  бөлен!» деуі. Нәзіктер үшін өмірдің бары да, нары да – бала. Әйел адам босанғанда қырық түрлі аурудан құтылады екен. «Тұрмыс құрсақ денсаулығымызды құртамыз»-  деп босануға жүрексінген кей еркелеріміз керісінше сан құбылатын ішкі ағзаға іркіліс беріп жатқандарын сезбейтін секілді. Кәрi қыздардың орташа жасы — 40 жас. Ал 40-44 жасқа келген әрбiр 1000 кәрi қыздың бар-жоғы жүз елуге жуығы ғана балалы болады екен. Қалғанының қандай халде болатынын Құдай білсін. Бір білеріміз, бармақ тістеп өтері анық. Айтарымды медицина саласының маманы толықтырады. №2 қалалық емхананың дәрiгер-гинекологы Балсекер Нысанова :

— Медицина бойынша кәрi қыздар санатына 27-28 жасқа толғандар жатады. Олар көбiне бiрiншi баласын операция жасау арқылы дүниеге әкеледі. Іштерінде 45-49 жаста бірінші сәбиін сүйетіндер де кездесіп жатады. Әрине, 18 жас пен 35 жастың айырмашылығы жер мен көктей. Сіңлілеріме  айтарым, жас үлкейген сайын сәби сүю мүмкіндігі де азая береді. Оның үстіне, түрлі аурулар көбейе түседі. Осыны ертерек түсінсе екен,- деп жанашырлығын жеткізді.

Дәрігер-гинекологтарға осы мәселе төңірегінде ақыл-кеңес сұрап, банк немесе мемлекеттік қызметтегі бұрымдылырымыз көбірек жүгінеді екен. Олар оқыған әрі отырған қыздар. Малы бар, тағы бар, бірақ жары жоқ. Бір анығы өмірде шынайы бақыт байлықпен өлшенбейтініне тағы да куә болдық.

Кәрі қыздардың көбеюі жақсылықты құптамайды. Ұлт жанашыры  Мырзатай Жолдасбеков:  “Түбінде саясаттың неге апарып соғарын кім білген, сондықтан бірлігіміз бен білегіміз берік болуымен қатар, ұшқан құстың қанаты талар кең байтақ даламызға қаракөздерді толтыруымыз қажет”,- дейді. Ал, қаракөздерді көбейтетін қыздарымыз  сериалдағы махаббатты күтіп қиял құшағында жүр.  Әр қазақ әйелi орта есеппен үш бала туады десек, сонда отырып қалған қыздар үлесіне миллионға жуық сәби тиеді. Салдары міне, тәуелсіздік алғалы туу көрсеткіші 1989 жылғы деңгейге жетпеген. Өкінішті-ақ!

Президенттік сайлауға өзін-өзі ұсын­­ған «Аттанның» адуынды авторы Амантай қажы егер жеңе қал­ған жағ­­дайда тұрмыс құрмаған қыз­дар­дың мәселе­лерімен айналысатын ақ­са­қалдар ке­ңе­сін құруға ниетті екенін мәлім­де­ген болатын. Осындай жақсы ниеттен туған ойлар қолға алынса екен.

Тым болмаса, өмірдің заңы — жұптасу екенін жастардың есіне салып отыратын ескінің көздері де азайды. Ғалым, саясаттану ғылымының алғашқы докторы, Қазақстанда демография ғылымының негізін қалаушы, демография бойынша 12 ғылыми монографияның авторы  Мақаш Байғалиұлы Тәтімов 1952-1953 жылдардағы Сталиндік кезеңдегідей бойдақ салығын енгізуді қолдайды. Сол кездері осы салықтың арқасында қоғамдық ой қалыптасып, кәрі қыздар саны азайғандығын айтады. Сол кезеңді көзбен көрмесек те, ай сайын салық төлеген әрбір бойдақ салықты не үшін төлеп отқанына ойланып құтылуды қарастыратынына сенімдіміз.  Өмірден түйгені көп ұлт жанашырының есептеуіндегі  көрсеткіш тілі кәрі қыздар санының 350 мыңға жеткенін көрсетті. Осыдан соң ашына айтқан айғайы:

«..Бұл — 350 мың ақталмаған үмiт, көтерiлмеген шаңырақ, ашылмаған гүл. Нақтырақ айтсақ, туылмай қалған бала. Кәрi қыздардың көбейгенi жақсылық емес. Бұл тек кәрi қыздардың өздеріне байланысты емес. Еркектердiң көп өлуiне де байланысты. Ер-азамат әртүрлi жазатайым жағдайда әйелдерден гөрi үш-төрт есе көп өледi. Кәрi қыздардың «жиналып» қалатыны сондықтан. Ең негiзгi себебi —  осы. Ал қыздардың мiнезiнен деген —  бер жақтағы әңгiме. Мiнезi жұмсақ болса да, тентек болса да кәрi қыз болып қалуы мүмкiн. Өйткенi, олардың теңi жоқ. Сондай-ақ, санда бар да, санатта жоқ еркектер көп. Олар кiмдер? Маскүнемдер, бомждар, белсiздер, аурулар, дiмкәстар, қызтекелер…
Егер кәрi қыздар ешқашан күйеуге тимесе, бiрде-бiр бала таппаса, бұл қалай демографияға әсер етпейдi? Әсер етедi. Өркениеттi қоғамда «кәрi қыз» деген ұғым жоқ. Олар тығырықтан өзi-ақ шығып кетедi. Кәрi қыздарда, қазақшалап айтқанда, «не бай жоқ, не бала жоқ». Гендерлiк саясаттың ең бiр жағымсыз көрiнiстерiнiң бiрi де —  осы».

Қазақстанда орта шамамен ер адам 73 жасқа, әйел 63 жасқа дейін өмір сүреді екен. Тағы бір дәлел: ҚР Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов қызық деректі жария етті. Төрағаның айтуынша, еліміз бойынша ерлерге қарағанда әйелдердің саны көп екен. «Қазақстан бойынша, жалпы алғанда, 1000 әйел адамға 928 ер адамнан келеді. 29 жасқа дейінгілерді алсақ, 1000 әйел адамға 1037 ер адамнан келеді. Яғни 29 жасқа дейінгі ер-азаматтардың саны әйел-азаматтардан көп. Ал 30 бен 64 жас аралығындағы топ жайлы айтсақ, елімізде бұл жас аралығындағы әйелдердің саны ерлерден көп, бұл жас тобында 1000 әйелге 888 ер адамнан келеді. Ал 65 жастан жоғары топқа келсек, 1000 әйелге бар-жоғы 528 ер адамнан келеді. Бұл аталмыш жастан кейін ерлер арасындағы өлім-жітімнің әйелдерге қарағанда көптігімен байланысты», – деді Ә.Смайылов. Бұл мәліметке сенімсіздікпен қарап жатқандар қаншама. Қаншалықты анық немесе анық еместігіне көз жеткізбесек те, ер мен әйел санының айырмашылығын білдік.

Айтпақшы, батыстан бастау алған ер мен әйел теңдігін қолдайтын гендерлік саясат туралы  сауалнама барысында жасы алпысты алқымдаған зейнеткер Нұрғайша апамыз былай деп еді: « Нәзіктер “байтал шауып бәйге алмайтынын” ескеруі керек қой».  Рас! Әйел-мойын,еркек-бас десек те, мойын бастың қалауымен бұрылады.

Генедерлік саясаттың сыңары-феминизм. Қоғамда қай жағынан болсын ер мен әйелдің тең құқықта болуын қарастырады. «Ерлер әйелдерге жағдайын жасап отыратын күң секілді қарауын қойсын! Біз еркектердің құлдығынан босауды қалаймыз!»-деп ұран көтерген батыс әйелдерінің шеруінен шыққан бұл терминнің  Ислам мәдениетінің мәнісін ұққан мұсылман әйелдеріне тіпті де қатысы жоқ деп үміттенеміз. «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген бір ауыз сөзден ғана Ислам қоғамындағы әйелдің бағалылығы мен орны білінеді.

Жоғын тапса да, жұбайлық жолын таппаған қыздарымызға Мақаш ағамыз: «Төлеген іздеп келмесе, Бекежанға кете беріңдер. Бекежанды ұнатпасаңдар, Сансызбайға барыңдар. Бұлар болмаса, басқалар бар»-деп әке ретінде ақылын айтады. Әрине, тыңдар құлақ түрулі тұрса.

Пайғамбарымыздың мына өсиетін еске түсірейік, мүбәрәк  Мұхаммед с.ғ.с алты жағдайда асығуды әмір еткен. Соның алтыншысында: «Бойжеткен қызыңды күйеуге беруге асық» және «Көбейіңдер, өсіп-өніңдер. Келешекте үмбеттерімнің көптігімен мақтанатын боламын»-деген екен дейді. Құйрық-бауыр жеп құдандалы болған әке мен жат жерге қылығымен сіңсіп әулет үзігін жалғаған қыздың бейнесі жоғалмаса екен.

Әр нәрсе өз уақытында жақсы. Бірақ, жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Қыз бала-үйге жаққан бояу десек, күн көзінде көп тұрғаннан бояудың әрі,үйдің сәні кетіп қалмаса жарар еді.

Аябекова Рабиға

Парақшамызға жазылыңыз

8 Comments

  1. Өте тамаша жазылыпты. Қазақтың жүрегінде сыздап тұрған жанарың бірі бұл…

  2. Қазақ жайлы сөзді, ұлт турасындағы толғамды оқи бастасам болды жүрегім қарс айырылады… бұл трагедияға енді апарып қазақ қыздарының қытайға, орысқа, ағылшынға, жапонға күйеуге шыға бастауын қосыңыз….

    • Қазақтың қайғысы қашан біткен десеңші шіркін! Біз проблеманы өзіміз қолдан жасап аламыз. Ал оң жақта отырып қалған қыздар мен бойдақ жігіттердің жастары жетсе де шаңырақ көтермеуі бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі. Осы ретте менің ақ “LEXUS” мінген ханзаданы күтіп жүрген аруларға айтарым көрпеңе қарап көсіл. “Тең-теңімен, тезек қабымен” деген дана сөз бар қазақта. Бар жағдайы жасалған жігітті армандау үшін, сенде де сол жағдайдың барлығы болуы қажет. Ертегіде де ханзадалар ханшайымға үйленеді емес пе? Ал ер азаматтарымызға тек бір ғана сөз айтқым келеді. “Ез” деген атаудан аулақ болсаңыздар екен.

  3. Біздегі ұлттық буржуазияның әлсіздігінен де көруге болады мұның бір себебін…

  4. Бұл мақала қайтадан қоғамның қателерін қайталап жатыр. Мәселе кәрі қыз да емес. Мәселе ердің жағдайы нашарлағанында. Ерлердің ерлігін, ерекшелігін, мүмкіндігін қоғам басты мақсат қылу қажет. Елді ел қылатын ер. Әйелді бақытты қылатын да ер. Ел тыныштығын қорғайтын да ер. Ер болу деген былай екен деген жағдайларды алға тарту қажет. Қазақтың ерін мадақтау қажет. Қыздар ғашық болатындай, ер өзін өзі сыйлайтындай ерлікті насихаттау қажет.

    Бүгін біздің қоғамда кәрі қыздарды баққан бірнеше серкелер бар шығар, ал отырып қалған ерлерді неге байқамайсыңдар? Бақ, дәулет, қуатқа жетіп жатқан ерлер де отырып қалып жатыр. Қыздарды елеп, назарларын аулап, жүректерін ғашық ететін жігіттер азайып бара жатыр. Олар тіпті қыз деген аттан қорқады. Қыздардың барлығы мыстан кемпір, албасты дейтіндер де бар. Қазақ махаббатын бұрынғы дастандарда сияқты бүгін жүректі шымырлатып насихаттау керек! Кино, спектакль, кітаптарды шығару қажет!

    Төлегендей қызды сүйетін, Бекежандай махаббат үшін таласа алатын ерлеріміз болса қыздар соларға кетпей қайда барады?!

  5. Меніңше, кәрі қыздар санына байланысты ақпарат жалған, себебі демограф Мақаш Тәтімовтың айтуы бойынша “отырып қалған қыздардың” саны 1 млн-нан асады,бұл әрине, сұмдық!

  6. Айтады ғой пешенеге не жазылса соны көресің деп, бұл өмірде бәрі біз қалағандай бола бермейді ғой, әр бір қыз бала тұрмысқа шыққанды армандайды ғой, әр нәрсе құдайдың бұйрығымен болады деп ойлаймын сондықтан “қуған жетпейді,бұйырған кетпейді” тауып айтылған деп ойлаймын.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері