//

Қарагөздердің қасіреті

1071 рет қаралды
1

Бүгінгі қоғам жаға ұстатар жағдайаттарға толы. Ықылымнан «қыз бала – кісінің кісісі» деп, нәзік жандыларға қырық үйден тию жасаған жасампаз халықтың бүгінгі күндегі аруларының тағдыры бұлыңғыр. Дәстүрге жат жайттар –  үйреншікті құбылысқа айналған. Нақтырақ айтқанда, «қыз» баласына көрсетілген зорлық-зомбылық деректері ұлғая түсті бұл күнде. Меніңше бұл – зар заманның зары. Бүкіл жер бетіндегі әйелдердің әрбір бесіншісі еркек кіндіктен жәбір көреді немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал еліміздегі жайларға келсек, статистика осыған ұқсас мәліметтерге толы.

Жақындай түссек, әрбір бес-алты сағаттың ішінде нәзік жандылар еркектердің күш көрсету салдарынан зорлық көріп жатады немесе тіпті бақилық болып жатқандары аз емес. Жалпы, «еліміздегі әйелдердің 60 пайызы – осындай «ауыр сыннан» өткендер», – дейді сарапшы мамандар. Қазақстан бойынша жыл сайын шамамен 20 мыңға жуық әйел зорлау дерегі тіркеледі екен.

Бұл дегеніңіз – еліміздегі 8 миллион әйелдің әрбір 400-нің бірі зорлық құрбаны болады деген сөз. Мұндай жан түршігерлік дәйектерді Алматы қалалық Ішкі Істер Департаментінің баспасөз орталығы мәлімдеп отыр. Ал психолог мамандар әйелдергеге көрсетілетін зорлықты бірнеше топқа бөліп қарайды. Мәселен, эмоциялық (сөзбен қорлау), күш көрсету (ұрып-соғу), экономикалық (әйелінің жұмыс істеуіне тыйым салу), сексуалды (зорлау), қорқытып-қорлау (күйеуінің үйден қуып немесе «өлтіретіндігін» айтып жәбірлеуі) һәм перзентін  анасына қарсы қою. Әйел зорлағандарды қай қоғамда да қаралап келген. Ондай қылмыскердің көпшілікке жиіркенішті болып көрінетіні хақ. Соның өзінде қай мемлекет, қай қоғам болсын, әйел зорлау қылмысының алдын алуға келгенде дәрменсіздік танытып отыр. Оның бірден-бір себебі – жәбірленушілердің көпшілігі «ертеңгі күні өсекке, ұятқа қалармын» деген қорқынышпен қылмысты бүгіп қалады.

Әйелді күшпен көндіруге әуестердің көпшілігі осылай жазасыз қалатындығының мүмкіндігін ескере ме, әлде сонысын «еркектік қасиетінің белгісі» санай ма, әйтеуір наздылардың назына немкетті қарайды. «Естімеген ел де көп». Мына бір қызық дереккке құлақ түріңіз.  Гуантанамо базасында тіпті қыз зорлаған еркекке құрметпен қарайтын көрінеді. Мәселен, қылмысы әшкереленіп жатса, олардың құқығын қорғайтын адам да табыла қалады екен. Осыдан кейін бұл фәниде масқаралықты қорғайтын қоғамның да өмір сүріп жатқандығына еріксіз көнесің, іштей күйінесің. Ал АҚШ-та осыдан біраз бұрын қыз зорлағандардың жаза өтеу мерзімін қысқарту туралы әңгіме қозғалған. Тек соңғы жылдары көпшілік мемлекеттер аталған қылмыстың қоғамдық дертке айналып бара жатқандығына алаңдап жазаны қатайтуды қолға ала бастады. Мәселен, Францияның Әділет министрінің өзі педофилдер мен қыз зорлаған қылмыскерлерді еркектігінен айыруды химиялық жолмен жүзеге асыру керек деген үндеу тастаған еді. Алайда, Парламент ондай заң қабылдауда асығыстық танытпады. Мұндай ұсынысты Латвия Республикасы Парламентінің бір депутаты да ұсынған, қазір аталған жоба талқыланып жатқан көрінеді. Ал Италия жұртшылығы Парламентке құлақ түріп отыр. Өйткені бұл елде осындай заң қабылдауды «Северная Лига» итальяндық партиясы ұсынған екен. Қазақстандағы жағдайға келсек, зорлықтың құрбаны болған әйелге психологиялық көмек көрсетуге көп көңіл бөлініп отыр. Түрлі қоғамдық ұйымдар құрылып, олар жәбір көрген әйелге діни, құқықтық, әлеуметтік тұрғыда демеу көрсетуге басты назар аударуда. Қоғамдық ұйымдар тым құрығанда әйелдің депрессияға ұшырамауына ықпал еткісі келсе керек. Дегенмен бұл жеткіліксіз, әрине.

Мойындау керек, елімізде  бүлдіршіндердің етегіне емінген есерсоқтартың ессіздігі де етек алып барады.  Соңғы уақыттары қазақтың екі қаласында қаніпезерлер   жантүршігерлік қылмысқа барды. Қаскөйлер тұлымшағы желбіреген жеткіншектерді әбден ұрып-соғып, артынша қалағандарын қылған. Өткен жылы Қазақстан жеткіншектерді жәбірлегендер үшін тағайындалатын жазаны қатайтқан. Атап айтсақ, 15 жылдан 20 жылға дейін темір торға тоғытылатын боп түйілген. Бірақ еліміздің қылмыстық атқару жүйесі түрмеде түзу жүргендерін мерзімінен бұрын босата салуды доғарар емес. Заңның ендігі солқылдақ тұсы – осы. Заңның өзі осалдық танытып тұрғанда, қайранды қайдан күтуге болады? Осы ретте, халықтың қалап алған тұлғалары бала зорлағандарды  «өмір бойы абақтыға жауып тастау керек»  деп бұлқынды. Мұндай мәлімдемені өткен айларда кезекті парламент отырысында Ғани Қасымов мәлімдеген еді. Алайда айтылған сөз айтылған күйінде қалған сыңайлы. Қалай дегенмен, бүгінгі қоғамда өршіген өзекті мәселелердің бірі осы. Бастысы – уақытында әрекет етпедік деп сан соғып отырмасақ болғаны.

Дастан Сейілханұлы

Сурет: baq.kz

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Қыздар – қоғамның айнасы, қоғамдағы қыздар жаман болса оған барлығымыз бірдей кінәліміз!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі