//

Тамыры терең тарихымыз бар

957 рет қаралды

Үстiмiздегi жылдың қыркүйегiнде Астанада тәуелсiздiктiң 20 жылдығына орай «Тәуелсiз Қазақстан мемлекеттiлiгi: қалыптасуы мен даму көкжиегтақырыбында Қазақстан тарихшыларының алғашқы конгресi болып өттi. Бұл Қазақстан тарихшылары өмiрiндегi алғашқы да жаңа қадам болды.

Конгресске тарих ғылымдарының 99 док­то­ры мен 112 ғылым кандидаттары қатысып пі­кір алмасты. Конгрессте ҚР Білім және ғылым министрі Б.Т. Жұмағұлов қойған «Тарих ғылымы мен Білімнің ықпалдастығы» баяндамасында тарихи сананы қалыптастыру үшін тарихты зерт­теу, үйретудің басты-бас­ты мәселелеріне тоқ­талды.
Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжановтың қойған «Отан тарихына жаңа методологиялық көзқарас» атты баяндамасы да ойының нақтылығы, көтерген мәселелерінің өзектілігі мен көп­шіліктің көңілінен шықты. Баяндамашы тарихшының нағыз жүрекжарды сөзін айтты. Баяндамашының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 20 кітаптан тұратын қазақ тарихының көп томдығы дайындалып жатқаны туралы хабары жиналған көпшілікті елең еткізді, әрі тарихшылардың қолдауына ие болды. Қазірде коптомдықтың концепциясы мен жұмыс жос­пары жасалды. Жобаға Қазақстан тарихын зерттеуде өзіндік қолтаңбасы, жаңаша ой-пікірі бар тарихшылар қатысатын болады.
Қандай да бір жұрттың мемлекеттілігінің та­рихы сол халықтың жалпы тарихының өзегі болып табылады. Қазірге дейін жазылып келген тарихтарда қытай, моңғол, тунгус және шағатай тіліндегі деректемелер қолданылмай келгендіктен біздің ата-бабаларымыз-түркілердің Орталық Азиядағы тарихын тек б.з. VІ ғ. бастап қарастыратын, қазақ мемлекеттілігі тарихының бастауын қазақ хандығы құрылған уақытпен есептейтін, сақ, үйсін, қаңлылардың тарихын қазақ мемлекеттілігі тарихынан бөліп қарайтын, қазақтың Ақ Орда мемлекетін Көк Орда деп, ХІІІ ғасырға дейін қазіргі Моңғолия даласында өмір сүрген керей, найман, қоңырат, жалайырларды моңғол деп адастырған тарихи ағым пайда болды. Өкінішке орай, түбегейлі мұндай жаңылыстар көптеген тарихи еңбектер мен оқулықтарда қазірге дейін сол күйінде қолданылып келеді. Ағат кеткен бұл олқылықтардың бос орнын жаңа дерек көздерімен толтыруға мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен әсер етті. Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан қазақ тарихына қатысты қытай деректерінің бес томдығы, Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелерінің үш томдығы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология иституты «Тарих адамзат ақыл-ойының қазынасы» он томдық (3 томы ортағасыр тарихына арналған), «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері (Б.З. бұрынғы 177 жылдан б.з. 840 жылына дейінгі) екі томдығы жарық көрді. «Великая степь» деп аталатын ежелгі Византиялық деректер, «ХVІІІ-ХІХ ғғ. орыс, қазақ қатынастарының» екі томдығы, «Қазақстан тарихы ХІІ-ХХ ғғ. батыс деректемелерінде» деп аталатын төрт томдығы жарық көрді. ХІІІ – ХVІІ ғғ. жазылған қазақ тарихына қатысы бар 30-дан аса моңғол жылнамаларын әдейі алдыртып талдау жасадық, ондағы негізгі деректемелер біздің соңғы жылдары шығарған еңбектерімізде өз орнын алды. Бұдан өзге де талай деректемелер әлі де жарық көріп жатыр. «Мәдени мұра» бағдарламасы іске қосылғаннан бұрын болғанда «қазақ тарихында дерек көздері жеткіліксіз, қазақ мемлекеті, қазақ халқының тарихы жазылған жоқ» деп жатушы едік. Ал бүгінгі күні «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде Қазақстан тарихының көптеген бос орындарын толықтыра түсуге мүмкіндік туып отыр. Сондай мүмкіндіктің бірі 1990 жылдардан бері шет елдерден атажұртқа оралған қазақ көшінің қатарында ежелгі және қазіргі түрік, қытай, моңғол, тунгус, шағатай, парсы тіл, жазуын еркін меңгерген бір топ қазақ тарихшылары келіп қатарларыңызға қосылуы дер едім. Және олар құр қол келген жоқ, тұрған елдерінде жиған-терген ғылыми құндылықтарды өздерімен бірге мұнда ала келіп ғылыми айналымға қосты. Мұндай дайын ғылыми капиталды бүгін басқа елдерден ақшаға да сатып ала алмаймыз.
Осындай жаңа мүмкіндіктер және «Мә­дени мұра» бағдарламасы бойынша ашылған ғылыми жетістіктерге сүйеніп Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары қазақ мемлекеттілігі тарихының түйткілдерін қайта қарай бастады. 2005 жылы осы мәселе төңірегінде республикалық ғылыми-практикалық ғылыми конференция, 2006, 2007 жылдары білікті ғалымдардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Нәтижесінде институт ғалымдары Қазақстан тарихнамасында алғаш рет қазақ және орыс тілінде «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы: Ежелгі және ортағасырлық кезең» («Адамар», 2007, 432-б.) атты іргелі монография жазып шығарды.
Монографияда қазақ даласында салтанат құрған мемлекеттердің тарихын Сақ, Үйсін, Қаңлы дәуірінен бастап қарастырып, сақтардың шығыс (Сыр, Іле, Жетісу, Алтай) бөлімін үйсін, қаңлы, ұлы иозылар қатарлы түріктер құрағанын, қазақ даласында түріктердің ізі Сақ дәуірінен бері үзілмей келе жатқанын айқындай алдық па деп есептейміз. Мұны соңғы жылдары жүргізілген археологиялық, антропологиялық зерттеулердің жетістіктері айқындап берді.
Академик О.Смагулов 2007 жылы «Этническая дерматоглифика казахов» атты монография шығарды. Ғалым соңғы жылдары жүргізіп келген зерттеулері нәтижесінде қазақ даласында «40 ғасырдан бері алғашқыда европейдтік, кейінірек аралас типтегі біршама дамыған этномәдениет өкілдері өмір сүріп келгендігін» айқындады. Еңбекте қазақ даласының әр түкпірінен алынған бас сүйектерге дерматоглифиялық зерттеулер жүргізіп, Сақ дәуірінде мұнда өмір сүрген халықтың – 10%, Үйсін дәуірінде – 20%, Түрік дәуірінде – 50%, ХVІ-ХVІІ ғғ. – 70% монголойд (мұны қазақы тип десе де болар еді) типіне жататынын анықтады (4). Біз осы сияқты көптеген дерек көздеріне сүйене отырып негізгі топтары қазіргі қазақ даласында салтанат құрған Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейінгі дәуірді «Қазақ даласында құрылған ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі» деп тануды жөн көрдік. Сөйтіп қазақ даласында салтанат құрған мемлекеттердің территориялық және этномәдени сабақтастығын ескеріп Қазақ мемлекеттілігі тарихын төмендегі алты кезеңге бөліп қарастыру жөн деген пікір ұсынып отырмыз.
Ежелгі түрік мемлекеттері кезеңі: Сақ конфедерациясы (Страбон), Үйсін, Қаңлыдан Оғыз мемлекетіне дейін Протоқазақтық Қимақ, Қыпшақ мемлекеті кезеңі. Олай дейтініміз Қазақ мемлекетінің басты атрибуттары осы кезеңде жинақталып толысқан еді.
Моңғол ұлыстары билігі дәуіріндегі Қазақ мемлекеті Жошы-Қыпшақ державасы, Ақ орда мемлекеті. Қазақ хандығы кезеңі.
Патшалық Ресей, Кеңестер Одағы кезеңіндегі Қазақ мемлекеті.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы мемлекеттік өркендеудің жаңа белесі, міне осылар.
Қазақстан мемлекеттілігі тарихында Қимақ, Қыпшақ, Моғолстан, Қазақ хандығы тарихы біршама зерттелген тақырыптар. Ал қазақстан тарихының Моңғол ұлыстары билігі дәуірі тарихын зерттеуде олқылықтар көп кездеседі. Осыдан 10 жыл бұрын «Моңғол ұлыстары билігі дәуіріндегі қайдағы Қазақстан? Ол кезде қазақ деген жеке халық, жеке ел болмаған» деген сөзді естіп, осы тақырыпқа ден қойып зерттей бастаған едік. Қазір де «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген және әзірге жарық көре қоймаған басқадай деректемелердің негізінде дәуір тарихы жоғарыда аталған монографияда концептуалдық жаңаша бағытта жазылды. Осы жолдардың авторының «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: ІХ-ХІІ ғасырлар» («Елорда», 2001), Қазақ мемлекеті және Жошы хан» («Елорда», 2004), Шыңғыс хан және Қазақ мемлекеті» (екі томдық, «Тарих тағылымы», 2010) монографиялар жазылды. Соңғы екі томдықтың бірінші томы «Шыңғыс хан», екіншісі «Қазақстан Моңғол ұлыстары билігі дәуірінде» деп аталады.
Нәтижесінде біздің институтта «Ақ Орда» қазақтың алғашқы мемлекеті, «Қазақ хандығы Ақ Орда – қазақ мемлекетінің қайта шаңырақ көтеруі» деген концептуалдық жаңа бағыт қалыптасып келеді. Көп дерек келтіруге уақыт мүмкіндік бермейді. Мен мұнда екі-ақ дерек келтіре кетейін.
Чин империясы кезінің тарихшысы Лома 1735 жылы жазған «Моңғолдың Боржығын тайпасының тарихы» атты еңбегінде: «Баты хан 1235 жылы батыс жорығына аттанды. 1240 жылы әкесінің иелігіне тиген ел, жердің негізінде Еділдің құйғанында Сарай қаласын тұрғызып астана етті. Тарихта оны Қыпшақ хандығы деп атайды. Арал теңізінің шығыс солтүстігін ағасы Ордаға беріп «Ақ Орда хандығы» деп атады. Аралдың солтүстігін Сыбанға «Шиван) беріп ол «Көк Орда» атанды деп жазды.(1) Ежелгі және қазіргі замандағы моңғол авторларының еңбектерінде «Хасгийн цагаан ордны улс» (Қазақтың Ақ Орда мемлекеті) деген аталым қолданылады. Ш.Ш.Уәлиханов, М.Х.Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегіне жасаған талдау белгілеуінде Ақ Орданы Моңғол ұлыстарының басқадай ордаларынан айырып жеке атап көрсетеді (2). Л.Н.Гумилевтің соңғы еңбектерінің бірі «Древняя Русь и Великая степь» атты еңбегінде «Золотая Орда была химерой, тогда как Белая Орда стала ядром образования нового самостоятельного этноса – казахов» деп жазды (3). Су Би Хай, Г.Вердяев, Б.Греков, А.Якубовский, В.Трепавловтың пікірі де осыған саяды. Бірақ Т.И.Султановтан бастап өзіміздің көптеген тарихшылар әлі күнге дейін Ақ Орданы Көк Орда деуден жаңылмай келеді. Өйткені «Мәдени мұра» бойынша соңғы жылдары қазақ тілінде шыққан құнды деректемелерді олар оқып үлгірген жоқ. Бүгін біздің қолымызда Ақ Орданы қазақтың алғашқы мемлекеті деп тануға тұратын ғылыми деректемелік жеткілікті материалдар бар.
Ақ Орда Жошы ұлысының әскери сол қанаты ретінде қазақ даласының төрінде, бұрынғы Қыпшақ хандығының негізінде құрылды. Билікке Шыңғыс хан әулеті өкілдері келгенімен қазақ қоғамының сыр-сипаты орасан өзгерістерге ұшыраған жоқ.
Ақ Орданың территориясы (Ертістен Сырдарияның құйғаны, Саураннан – Арал, Қараталдан Төменге (Тюмень) дейінгі) қазіргі Қазақстан аумағының көлемді бөлігін (шамамен 60-65%) қамтиды. Ақ Орда халқының негізгі бөлігін қазіргі қазақ халқын құрап отырған байырғы тайпалар (үйсін, қаңлы, дулат, арғын қыпшақ, найман, жалайыр қатарлы) құрады.
Ақ Орданың шаңырағын алғаш көтеріскен Жошы хан ұлы Орда Еженнің жетінші ұрпағы Орыс хан Ақ Орданың алғашқы дербес билеушісі, қазақ хандарының атасы (Қазақ мемлекетінің алғашқы ханы) деп танылады.
Қазақ мемлекетінің алғашқы қарулы қолы «Алаш мыңдығы» Орыс ханның тұсында құрылды. Мыңдықтар ақ қара ту ұстап «Алаш» деп ұрандап жауға шапты, ел, жерінің тұтастығын жанкештілікпен қорғады.
Ақ Орданың хан ордасы Сығанақта бой көтеріп, қазақтың алғашқы армиясы Алаш мыңдығы осында жасақталды.
Ақ Орда дәуірінде Шыңғыс хан әулетінен тараған және әлдеқашан қазақ болып кеткен (Әл-Омари) қазақ хандары династиясы (Орыс ханнан Кенесарыға дейін) қалыптасты.
Ақ Орда дәуірінде Алаш ұраны – ел ұранына айналып, қазақтың бірлігін дәріптейтін мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілді.
Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде қыпшақ-қазақ тілі мемлекеттік жазба тіліне айналды.
Ақ Орда кейін Қазақ хандығы атымен Қазақ мемлекеті қайта құрылуының алғы шарты болды. «Бұрын қазақ деген ел әлемнің саяси картасында болмаған» деген тұжырымға да тарих ғылымының айтатын өз жауабы бар. Ол үшін тарихи-географияға жүгініп көрген абзал. Сақ конфедерациясы, Үйсін, Қаңлы мемлекеттері әлемнің жер карталарында б.з. ІІ ғасырынан бері, Қимақ, Қыпшақ, Кереит, Найман хандығы б.з. ХІ-ХІІ ғасырларынан бері, ал қазақтың алғашқы мемлекеті Ақ Орда, Қазақ хандығы жер картасында ХІІІ ғасырдан бері белгіленіп келеді. Аталған мемлекеттер картограф Йодукус Хондиус 1606 жылы Амстердам, Санкт-Петербург қаласында жеке-жеке басылды. Мүмкін қайсыбіреулер Қазақ елі Ресей империясы, Кеңестер Одағының құрамында болып келдік деп ойлайтын шығар. Бұл ғылыми тұрғыдан аса қате пікір. 1) Кеңес Одағы ұлттық мемлекет емес, ол 15 республика, 14 автономиялық республикалардан құралған федеративтік құрылым. Жер картасында олардың әрқайсысы өзіндік шекара шебі, автохтондық халқы, ел ұраны, ел байрағы бар мемлекет ретінде белгіленіп, заңдастырылған болатын. Кеңестер Одағы кезінде біздің мемлекетіміз қазіргідей Қазақстан емес, тіптен «Қазақ Советтік социалистік республикасы» атымен картаға түскен.
1928 жылы Москвадан «Қазақ авто­но­мия­­лық советтік социалистік республикасы» аты­мен жеке карта шығарылды. С.А.Трофимов 1931 жылы Санкт-Петербургте «Карта Казахской автономной советской социалис­ти­ческой республики» деген карта шығарды. 1971 жылы жарық көрген Әлемнің жер картасының («Атлас мира») 53-бетінде «Казах Советтік Социалистік Республикасы» деп бедерлеп тұрып (рельефный) көрсеткен. Бұл картаның масштабтық есебі бойынша батысы Ахтубинскден – шығысы Хатун өзені, Берелге дейін, солтүстігі Петропавловскден Шардараға дейінгі аралықта жатқан 2724,9 мың шаршы километр территориясы бар, ҚХР-мен 1460 км, Ресей федерациясымен 6467 км шекараласқан мемлекет атап көрсетілген. Біз бүгіндер осы шеңберде тәуелсіз мемлекет ретінде салтанат құрып отырмыз. Өткенді бағалай білмесек жаңа жоқ, жаңаны бағалай білмесек келешек жоқ.
Конгрессте қойылған кейбір баяндамалар мен сөйлеген сөздерден «Қазақ мемлекеттілігі тарихы Қазақстан тарихының жаңа дәуірін 1991 жылдан бастау керек» деген сияқты пікірлер де айтылып қалды. Біздің жоғарыда айтқандарымыз осындай пікірлерге берілген жауап деп түсініңіздер.
Қалай дегенмен Қазақстан тарихшы­ла­рының басын қосып, пікірсайыс ұйым­дас­­тырғаны құптарлық іс. Мұндай пікір­сай­ыс­тар­ды ауық-ауық болса да өткізіп, ғылыми жаңа­­лықтарды ортаға салып, пікір алмасып, тәуір еңбектер, оқулықтарға тиісті бағасын бе­ріп демеп, жебеп отырса құба-құп болар еді.

Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы

 “Түркістан” апталығынан

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері