//

Ескі жыл есіркеп…

992 рет қаралды
5

 «minber.kz» ұлттық интернет газеті өткен 2011 жылы да өзінің ұстанған бағыт-бағдарынан бұрылмай, бір қалыпты тыныспен, шама-шарқының шеңберінде ұлтына қызмет етті. Ел ішіндегі елеулі оқиғалар мен халықтың әл ауқаты, әлеуметтік жағдайына жіті назар аударып,  дер кезінде жедел үн қосып отырды. Сондай-ақ ұлттық сана, рухани байлығымыздың өзекті мәселері жөнінде ой қозғап, осы жолда қоғам қажетін өтеуге ықпал ету басты ұстанымыз болғандықтан бар мақсат-мүддеміз аталған арнада тоғысты. Ойлағанымыздай оқырманымыздың саны артты. «minber.kz» ұлттық интернет газеті  үшін бұл зор рух, үлкен сый. Сонымен бір жылды – 360 күнді артта қалдырдық.  Өткен жылға айтар өкпеміз де назымызда жетерлік. Жемісіміз де мол. Алайда, жазмыш «ораза намаз тоқтықта…» екенін ескертіп өтті.

 

2011-қоян жылы қорқақ болмады?!… «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» деген осы ма, қоқаңлоқысы, қолшоқпары, суық қаруы қан бүріккен қатал жыл болды. Басқа жұрттың басына түскен шоқты қойып, өз басымыздағы боқты бағамдап қойсақ та жетер. Әуелгі келеңсіздік үкіметтің бақылау, шектеуінсіз бейберекет, бассыз-баусыз жіберіліп, саңырауқұлақтай қаптаған діни топтар тарапынан «топ жарды». Әр түрлі діни топтардың ұстанған ұстанымы – айрандай ұйып отырған ұлтты онан ары ынтымақ, бірлікке жұмылдыру емес, керісінше сенің берекеңе кезек атып, ақ сүтіңді ащыту екендігін өздері паш етті. Сан алуан ағымға санасы уланып, ұлттық салт-дәстүр арасынан саңылау тапқандар ақыры террорлық  әрекетке барып, алаш баласы айдың күні аманында өз ара атысып, бірін-бірі қарауылға алып жалмап тынды. Жаралысын қоспағанда оққа ұшқанының өзі жетеді. Осы жолда өлінгендер мен көмілгендер санын тізбейміз. Болар іс болды. Жаман ба? Қасырет!

 

Қазақтың тағдырында атамзаманнан жалғасып келе жатқан жер дауының қоян жылы да қордаланып қалған күрделі мәселелерінің шешімі табылмай қоламтасы бықсып ол жатыр. Оның үстіне бар дәулетін қолынан беріп, жолынан қағылған үлескерлердің үркердей топтары да әлденеше рет бас көтерді. Үкіметпен жаға жыртыспаса да жарылмаған шиқандай бөртіп талауырап ол тұр.

 

Бағзы заманда алты Алаштың атасы Мөде ханның қалағанға қойнындағы қаса сұлу қатынын беріп, сұрағанға су жорға сайгүлік атын сыйлап, ал пұшпақтай жер үшін қылышын қайрап, садағын сайлап, найзасын кезеп қол бастаған бір тарих бар-ды…

Енді терістіктегі аумағы алып, адамы қалың, қаруы қатал қоңсың қораңнан қолына түскенін алып жүре беретін жол ашылды. Есік ергеншексіз қалды. Былтыр шілдеде. Міне, бүгін сол құжат бірінде күшіне енді. Ендеше, суыңда да сұрау болмайды. Керісінше сен күштінің кірпігі мен көзінің көгіне, қабағына қарайсың. Өйткені күштінің аты күшті, артымен диірмен тартатыны әлімсақтан белгілі жай. Кедендік одақ деген керібаққан, құйтырқы қылықпен халықтың қалауынсыз кешегі  көкжелкеңе мінген көршіңе міне, бүгін көнторы қылып бүгін тағы жегіп берді. Тәуелсіз елдің тарлан терісінің таңы жыртылып, бір жиегі сетілді. Келмеске кеткен Кеңестер Одағын көксегендердің асығы алшысынан түсіп, ал қызыл шүберектерін алаулатып шыға келді. Қызыл мойыншақты болшойбектер қарасы молайды. Қызыл кілемдер төселді. Қызыл жолаққа жан бітті. «Қазақстан халқының үштен екісі Ресейге қосылуды қалайды» атты қитұрқы астам ақпараттар алаулады. Мұртынан күліп Мәскеу, миығынан жымиып Мәсімов отыр. «Қарабасты» деп қазақ жүр…

 

Осыдан жиырма жыл бұрын бар халықтың ортақ дәулетінен қалағанынша қарпып қалған қарадай байығандар мен қара қазақтың арасында мұз жарылғандай жарық пайда болды. Елде әлеумттік теңсіздіктің ара жігі ашылды. Бастағыларда «жармақтар» молайды. Әлеуметтік теңсіздік ашу-ыза шақырды. Өз жерінде өгейдің күйін кешкен «астымызда мұнай, үстімізде құдай» деген жұрттың жан айқайы жаңаөзендік қанды оқиғаға алып келді. Маңғыстаудан мұңын шағып, жеті ай бойы жер бауырлап жатқан мұнайшыларға мыңқ етпеген үкімет Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығында есінен танды. Естен танғаны сол емеспе, үкіметтің қарулы жасағы қашқан қазақтың артынан атты. Мүмкін бұл ата тарихта тұңғыш рет! Дәлдеп, сығалап, көздеп атты. Қан төгілді. Өзеннен аққан қан өзекке құйылды. Бақсақ төгілген қан аз емес көрінеді. Көбісі қыршын жастың қаны. Ұзын-саны он бес деседі?… Артына аңырап ана, еңіреп бала қалды… қазақ қара жамылды. Қанды қол мен қаралы бас қалды… 

Елбасы Н.Назарбаев Жаңаөзенде болған кездесуінде: «Мерейтойлы жыл бізге сынақ болғандығын» ашық айтты. Елінің есендігін, халқының амандығын, жерінің тыныштығын ойлайтын әркімді ойландыратын сөз. Демек, сынақтан сүрінбей өту барша жұртқа – сын.

2012-ұлу жылы енді. Еңірегенімізді тоқтатып, етек-жеңімізді жиып, ел іргесіне амандық тілейміз. Ескі жыл есіркеп, жаңа жыл жарылқасын, ағайын!

«minber.kz» ұлттық интернет газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Қара халықты қойшы, әсіресе үкімет үшін үлкен сабақ бұл! Жиырма жылда жинаған бар жақсылығымызды жалғыз күнде шайды ғой. тарихымызға тағы бір қара дақ пайда болды.

  2. Дін мәселесінде тым жалпақ шешейлік таныттық емес пе. Басынан бастап атам заманнан бергі ұстанып келген ата дінімізге берік болу керек еді. Ал біз болсақ ананың да, мынаның да қоқыр-соқырына дейін есікті ашып тастадық. Соның бәрі сорлы қазақты көгертейін деп келмегені, қой терісін жамылған пәлекеттер екеніне енді көзіміз жетіп, бармақ тістеп отырмыз.

  3. осының барлығы да бұрын айтылмай қойған жоқ айтылды, бірақ соны үкімет құлағына да ілмеді ғой.

  4. Ескі жыл есеңгіретіп жіберді ғой, үмітсіз шайтан деген, ұлу жылы ұлысымызда ұйыған береке-бірлік болсын.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері