//

Путиннен үлгі алуға бола ма?

809 рет қаралды
8

 Ресей Федерациясының Премьер-министрi Владимир Путин сайлауалды екiншi мақаласын жария еттi. Бұл мақала Ресей БАҚ-тарында әжептәуiр әңгiме өзегiне айналды. Биылғы Ресей Президентiнiң сайлауында Дмитрий Медведевпен бiрге Владимир Путин де додаға түспек. Оның басты көздегенi – ұлттық мәселе.

Путиннің көздегені не?

Естеріңізде болса, В.Путин 2000 жылы Ресей Федерациясының президенті болып сайланар алдында Ресейдің бірінші президенті оны РФ Премьер-министрі ретінде тағайындаған болатын. Үкімет басына келісімен, Путин Ресей мен Чешенстанның ІІІ соғысын жариялап, Ресейден бөлініп кеткен Чешенстанды Федерация құрамына қайтару үшін нақты қадамдар жасаған. Осыдан кейін Ресейдің ендігі тағдырын Путинге сеніп тапсыруға болатынына көзі жеткен Борис Ельцин өз еркімен отставкаға кеткен еді. Содан бергі 12 жылда Путин Ресейді федеративтік мемлекеттен ұлттық мемлекетке айналдырудың амалдарын қарастырумен әлек. 

99 субьектіден тұратын Ресей субьектілерінде референдум өткізіп, өңірлерді ірілендіру саясатымен кіші өлкелерді ірі субьектілерге айналдыруды қолға алды. Ол бүгін автономиялы республикалар мен өлкелерге ауыз салса, күндердің күнінде Ресейді ұлттық республикаларсыз, унитарлы мемлекет құруды көксейтінін осылай танытып отыр.

 

Қазір Ресейдегі ұлт республикалары өздерінің ұлттық бет бейнесі үшін бас көтере бастағандығы мәлім. Алайда Ресейдегі ұлт саясаты олардың тәуелсіз ұлттық саясат жүргізуіне жол берер емес. Айталық, «Ресей Федерациясының мемлекеттік тіл туралы» Заңы бойынша, ұлттық республикалардағы іс қағаздары және басқа да саяси іс әрекеттердің барлығы орыс тілінде жүргізілуі тиіс. Бұл әрекеттің соңы ұлттық республикалар тұрғындарының орыстануына әкеліп соғатыны мәлім. Ұлттық тіл жоғалғаннан кейін олардың ұлттық рухы да жойылып, жеке ел болу жайлы мақсаты да жүзеге аспауы ықтимал. 

 В.Путин аталған мақаласында тіркеу ережесін күшейту, ұлттық даму мәселелері мен ұлтаралық татулықтың проблемаларына жауап беретін идеяларды алға тартты. Ол мемлекеттердегі мультикультурализмнің, яғни көп түрлі мәдениеттің соңы апатқа әкелетіндігін қадап айтты. Оның ойынша, Ресей федеративтік құрылымнан ұлттық масштабқа қарай аяқ басуы тиіс. «Еуропаның беделді саясаткерлері «мультикультуральды жобаның» құрдымға бет алғанын айта бастады. Өз позицияларын сақтау үшін «ұлттық картаны» қайта жаңғыртуда. Демек, әңгіме ассимиляцияға жабық түрде мәжбүрлеу және миграция ережелерін күшейтуге келіп тіреледі. Басқа мәдениет иелері не «ірі мәдениетке сіңуі қажет», не ерекше құқықтарға ие ұлттық азшылдықтар ретінде қалуы керек. Мұндай жағдайда олар табысты карьерадан бас тартады. Турасын айтқанда – ондай жағдайдағы азаматтан өз еліне деген лояльдылықты күтудің қажеті жоқ» деген оның пікірінше, тарихи Ресей – этникалық мемлекет те, мигранттар елінен тұратын Америка да емес. Ресей ғасырлар қойнауынан бастау алады, оның көп ұлттылығы мыңдаған жылдардың жемісі, онда халықтардың өзара түсіністігі мен сіңісуі отбасылық, достық және қызметтік деңгейде араласу тұрғысында жүзеге асты деген ол: «Осы бір ерекше өркениеттің түпқазығы, байланыстырып тұратын арқауы – орыс халқы, орыс мәдениеті. Осы арқауды әртүрлі арандатушылар, біздің қарсыластарымыз Ресейден үзіп әкетуге талпынуда. Олар бұл үшін орыстардың өзін-өзі тануы жайында, «нәсілдік тазалық» жайында, 1991 жылы басталған империяны быт шыт ету ісін аяқтап, орыс халқының мойнына мініп алғандардың көзін құрту жайында әңгімелер өрбітуде. 

 Бұның соңы өз мемлекетін өз қолымен тұншықтыруға әкеп соғатынын ешкім бағамдай алмайды. Орыс халқының өзін-өзі тануы – орыс мәдениетімен арқауланған полиэтникалық өркениет. Орыс халқы – Ресейдің дүниеге келу заманынан бастап мемлекетқұраушы ұлт. Орыстардың ұлы міндеті – біріктіру, өркениетті өз айналасына топтастыру», – дейді. 

 Ғасырлар бойы империялық асқақ көңіл күймен бүгінге жеткен Ресей халқының ең басты мәселесі – ұлттық мәселе екенін Путин де, Медведев те есінен шығарған емес. Олар сайлауда орыс ұлттық идеясын басты көзір етіп алады. Сол арқылы ресейліктердің қолдауына ие болады. Олар 2000 жылы Путинді, 2008 жылы Медведевті таңдау арқылы, орыс ұлтшылдығын таңдаған болатын. Биыл да солай болмақ. «Мұндай өркениетті интеграция орыс мәдениетінің басымдығын сақтауға негізделген. Бұл мәдениеттің иелері тек этникалық орыстар ғана емес, ұлтына қарамастан өзге ұлт өкілдері де. Бұл мәдени код соңғы жылдары үлкен сынаққа ұшырап отыр. Оны бұзуға талпынуда әрі талпына беретін болады. Сол себепті де бірінші кезекте әңгіме білім беру саласында орыс тілі, орыс әдебиеті, Отан тарихы секілді пәндердің сапасын арттыру жайында болмақ», – дейді ол. Демек Ресей Федерациясында аталған пәндердің сапасын арттыру үшін қайта бағдарламалар жасалатын болады. Күні бүгінге дейін Ресей тарихшылары осыдан жиырма жыл бұрын тәуелсіздік алған посткеңестік елдердегі тарих пәндеріне шүйлігіп, «Жалған тарих жасап, Ресейдің имиджіне нұқсан келтіруде» деп дабыл қаққандары мәлім. Күні бүгінге дейін олар аштыққа, репрессияға баға берудің саяси сипат алғанын және оған Украина және Тәжікстанда арнайы саяси баға берілгеніне табанды қарсылық көрсетумен келеді. Осының салдарынан Қазақстанда халқының үштен бірі қырылған аштық, бас көтерер зиялыларының барлығы опат болған саяси репрессия және Желтоқсан көтерілісі өзінің тарихи бағасын ала алмай отыр. 

 Путин мақаласын «Бізге азаматтық патриотизмге негізделген ұлттық саясат стратегиясы керек» деп аяқтаған. Яғни В. Путин Ресей Федерациясының билігіне қайта оралатын болса, ұлттық саясат проблемалары қайта алға тартылады деген сөз.

Қазақтың Путиндері қайда?

Ресейдегі сайлаулар секілді Қазақстанда да сайлаулар болып өткені мәлім. Біздегі ерекшелік әуелі Президентті, сосын Мәжілісті сайладық. Алайда біздің саясаткерлеріміздің арасынан ұлттық проблеманы ту етіп көтерген ешкім болмады. Әлгі Қазақстан Президенттігіне үміткер Ғ.Қасымов та, Ж.Ахметов те, М.Елеусізов те қазақ мәселесі жайында жұмған аузын ашқан жоқ. 

Мәжіліске үміткер партиялардың ішінен қазақ мәселесі мен ұлттық проблемаларды ту етіп шыққан «Руханият» орта жолда додадан аластатылды. Ұлттық ұйымдардың аманатын арқалап, ұлт үнін Мәжілісте паш етеді-ау деген бірен-саран адамдарды партиялық тізіміне енгізген «Ақ жол» партиясы өткелден өткен соң оларды Мәжіліске жібермей жерғып кетті. 

Бізде ұлттық, этникалық дағдарыс және ұлттық білім берудің проблемалары көптеген саясаткерлерді онша толғантқан емес. Бұл тұрғыдан біздің саясаткерлер Путиннен қашан үлгі алар екен?…

 Есенгүл Кәпқызы

  «Түркістан» газетінен, мақаланың тақырыбы өзгертіліп ұсынылып отыр-Мінбер-ақпарат”.

Парақшамызға жазылыңыз

8 Comments

  1. Елцин елбасын тамаша таңдаған. Путин Жаһор Дудаевты өлтіріп Шешенстанды басып алды. Путин Авхазияны алды. Күржілерден солтүстік Осетияны соғысып тартып алды. Қазақстан, Белорусия араларындағы шекараны жойды… Сөйтіп осыдан 20 жыл бұрын айырылып қалған 16 республиканы біртіндеп өз шеңгеліне енгізіп келеді… Қазақ Елі қауқарсыздық танытты. Бірақ Ресейдің ішінен тұтанған өрт өршіп кетуі әпден мүмкін. Олай болғанда, ол – Ресей империясының күйреуі болмақ.

  2. Есенгүл мақалаң жақсы екен. Путин көп асаймын деп бірдеңе асап қалуы мүмкін. Елдің бәрі қазақтай қорқақ дейсің бе? Егер Путин халқына біздегідей қару қолданса, онда оның біткені. Оның елі біз құсаған қой емес. Тұяқ серпетіндері бар.

  3. Шынында қазақта Путин секілді елдің ұлттық рухын ойлайтын ұлт серкесі бар ма екен? Неге олардың үні бәсең, неге біз ұлттық құндылықтарымызды таптатуға жол береміз?

  4. Сол жоқ болып тұр ғой. Серкесін айтам, әйтпесе құдай берген тізгінді кісі қолдан бере ме?

  5. Ең алдымен Ресейдегідей барлық іс – қағаздар тек қазақ тілінде жүргізілсе ғой. Ана тілінің қадір – қасиетін бойына сіңірмеген ұрпақтан қандай “ұлт серкесі” шықсын?

  6. Путин өте ұлтшыл әрі қатал адам. Оның қолын әлсіреген Ресей байлап тұр. Әйтпегенде ол әлемге ауыз салар түрі бар. Бірақ бармағын шайнап қалды. Бір тесігін жамаса екінші бір жері жыртылып мазасы кетіп жүр. Оның тек орыс үшін қызмет ететін қасиетін үлгі тұтуға болады. Ол ешқешен орысты сатпайтын кісі.

  7. меніңше, біздің саясат – қорқақ саясат. анаған бір, мынаған бір жалтақтап,сүт сұраған мысықша жәудіреп жүреміз. “Қазақ” деп айқайлап, ұрандататындар айына-жылына бір митинг өткізуден аспайды. себебі, оны қолдайтындар бірең-сараң.

  8. Руханиат партиясын додадан алыстатылған күннен бастап барлығы белгілі болды ғой!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі