//

ДСҰ: Үміт пен күдік

877 рет қаралды
2

Қазақстан 2011 жылдан Кедендік Одаққа мүше болып енді. Сондай-ақ биыл ДСҰ – ға мүше болмақ. Қазақстан үшін осы екі ұйымның қайсысы тиімді болатыны жөнінде саясаттанушыларға біраз сауалдар қойған едік… 

1.  Биыл Қазақстан дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болмақ:

     Қазақстан үшін тиімділігі неде? Ұтылар тұсымыз қайсы?

2. Кедендік одаққа мүшелік бұған қандай да бір кесірін тигізбей ме?

3. Шикізатқа тәуелділік дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанда өз кесірін тигізуі мүмкін бе? Қалай ойлайсыз?

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

1. Менің ойымша, Кедендік Одақпен салыстырғанда, бұл жерде айтарлықтай ұтылар тұстарымыз жоқ. Егер толыққанды мүше болып енетін болсақ, жағымды тұстары басым. Бұл дүниежүзілік ұйымға 150-ден астам мемлекет еніп отыр. Ұйымның басты мақсаты – мүше елдердің арасындағы сауда мәселелерін жеңілдету, кедендік кедергілерді алып тастау. Бұл дегеніміз –  Қазақстанға бұдан былай келетін тауарлардың бағасы біршама төмендейді деген сөз. Себебі, бәсекелестік күшейеді. Кедендік Одақта үш-ақ мемлекет болатын болса, бұл жерде 150 мемлекеттің тауарлары Қазақстанға кедергісіз келеді. Сонымен қатар,  кедендік бажсыз келеді, бұл – біріншіден, тұтынушыларға үлкен пайдасын келтіруші еді. Себебі бағаның төмендеуіне негіз туады, екіншіден, біздің тауар өндірушілердің бәсекелестігіне жаңадан талаптар қояды. Яғни, күшеюіне жағдай жасайды. Бәсекелелестікке сай болатын болса, күштілер өз жұмысын сақтап қала алады, әлсіздер кетуге мәжбүр болады. Кедендік Одақта көбіне Ресейдің айтқаны жүретін болса, бұл жерде әр мемлекеттің үлкен-кішілігіне қарамастан бір дауысы бар. Мысалы, егер бір мемлекет бір мәселеге қарсы шығатын болса, онда ол шешім қабылданбайды. Яғни, демократиялық тұрғыдан,  алдыңғы қатарлы ұйым деп санаймын.

2. Кесірін тигізуі ықтимал. Әзірге дейін Кедендік одақты бастаушы, соны реттеп отырған ұйымдардың тарапынан осы екі мәселе бірімен-бірі қалай ұштасатынын, қалай сабақтасатынын естіп отырғаным жоқ. Бұл жерде көптеген қиындықтар туындауы әбден мүмкін. КО-ға үш мемлекет еніп отыр (Ресей, Беларусь, Қазақстан).  Осы үштік кедендік баждарды алып тастады, яғни кішігірім ДСҰ сияқты ғой. Қалған мемлекеттермен көбіне Ресейдің негізіндегі жоғары кедендік бажбен оқшауланып алды. 30, 40, 50%-ға дейін Қытайдан, Еуропадан келетін тауарлар. ДСҰ-ның бір алғышарты дәл осы кедендік бажды алып тастау немесе мүмкіндігінше төмендету. Осы орайда жаңа айтып отырған екі ұйым бір-бірімен қалай ұштасады, Кедендік одақтағы біздің өзімізге алған міндеттерімізді қалай орындаймыз немесе Ресей қалай орындайды, бұл күмән тудыратын мәселе. Екінші жағынан, бұл ұйымға кезінде КО мүшелері бірге енеді деп жариялаған болатын. Алайда іс жүзінде басқаша болды.  2011 жылдың аяғында Ресей кірді, Қазақстан 2012 жылдың ортасына таман енеді деген болжам бар. Беларусьтің ену-енбеуі тіптен белгісіз. Себебі оның Еуропадағы саяси имиджі өте бұлыңғыр.

3. Жоқ, ешқандай кедергілер болмайды. Себебі, ДСҰ-ға енгенге дейін де мұнайымызды сатып отырдық және оны тұтынушылар бар. Біздің сатып отырған бағаларымыз бұл дүнежүзілік нарықтағы қабылданған бағалар. Сондықтан оның сатылу, сатылмауына бұл ұйымның қандай да бір әсері болмайды.

Дос Көшім, саясаттанушы:

1. 2.  Бұл мәселеде сан түрлі пікір бар. Соларды талдай келе (мен экономист емеспін, бұл – қарапайым азаматтың талдауы), Дүиежүзілік сауда ұйымына мүше болудан қашып құтыла алмайтын кезеңге жеттік пе деп ойлаймын. Әрине, біз әлемдік «базарға» өзіміздің шикізат өнімдерімен ғана шығамыз. Демек, ДСҰ-ға мүше болардың алдында осы бағыттағы өз ұстанымдарымызды нақтылап алып, соларды талас-тартыстың арасынан алып өте білуіміз керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ұйымға кіргенге дейін, әрбір мемлекет өздерінің экономикасының ерекшелігіне қарай өзіндік талаптарын келісімге енгізе алады. Әсіресе, біздер ауылшаруашылығы саласынан өзіміздің талабымыздан шегінбеуіміз қажет. Менің қорқатыным – «әлемдік ұйымға мүше болдық, бұл біздің асқан жетістігіміз» деген идеологиялық ұранмен өз пайдамызды қорғауды екінші орынға ысырып жібермейміз бе деген ой…Ресей, алғашқы кезеңде: «Кедендік одаққа енетін елдер ДСҰ-ға бір құрылым болып енуі керек» деген сөз айтып еді, аз уақыт өтпей жатып, жеке мүддесін көздеп кетті. Сондықтан оларға менің сенімім жоқ. Біз қазіргідей Ресей автоөнеркәсібін дамыту  үшін шетелдің машиналарын он есе қымбаттатпай өз мүддемізбен, өз ұсынысымызбен енуіміз қажет.  Егер біз Кедендік одаққа тек қана экономикалық бағытты ұстанып еніп отырсақ, әңгіме басқа, бірақ бұл – саяси одақтың бастамасы екендігін есімізден шығармауымыз қажет.

3. Меніңше, ДСҰ-ға әр мемлекет өзінің экономикалық мүмкіндігін ескере кіреді. Шикізат ешқашан экономикалық одақтарға енуге «кесірін тигізбейтіні» анық. Әңгіме сол шикізатты тиімді пайдалануда. Бұл – базардағы сауда сияқты. Жақсы саудагер кез келген базарда өзінің тауарын қымбатқа өткізе алады. Әрине, оны өндіруді де, сатуды да басқалардың қолына беріп қойсақ, ертең айға қарап қаламыз.

 Сауалнаманы жүргізген: Назерке Ахметова

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Халықаралық интеграциялардың 3 мемлекеттік одағы емес, 150 мемлекеттік одағы тиімді әрине. Тәуелсіздігіңізге балта шабылмайды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі