//

Рухы үстем ұлт ــ қашанда өміршең

960 рет қаралды

Бір ұлттың көзі ашық, көкірегі ояу азаматы жөнінен айтқанда, қандай қоғамда, қай елде, қандай ортада өмір өткізсе де ертеңгі күннің жағдайы, ұлт ұрпағының келешегі ең маңызды мәселе болуға тиіс. Өз ұлтымның қарапайым уәкілі, қалам ұстаған азаматы ретінде мені осындай толғанысты ойлар жиі мазалайды.

Әрқандай адам өз ұлты тұрғысынан ең әуелі, ұлтжанды болуы қажет. Мұндағы ұлтжандылық ــ өз ұлтын, жерін, отанын, ана тілі мен салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын сүиетін, оны сақтауды, дамытуды азаматтық борышы деп білетін, ұлт мүратымен тығыз байланыстыра түсінетін, өзге ұлт халықтарын өзіндей силап, алабөтен ниетте қарамай, жарасымдылықты дәріптейтін, ұлттардың ортақ есейуін, бірге көркейуін, бақытты тұрмысқа тең кенелуін аңсайтын идея болуы қажет. Ол әсте асыра сілтейтін, ұлттық астамшылық идеясы болмай, ұлтқа деген қызғын жауапкершілікті, отанға болған терең сүиіспеншілікті әйгілейтін идея болуы тиіс. Бір азаматтың өзге ұлттың еркіне қол сұқпау алғы шарты астында, өз ұлтының есе-теңдігін жоқтап, ұлт мүддесі жолында айанбай еңбек етіп, өз ұлтын ардақтай білуі ең тамаша ұлтжандылық есептеледі. Өз ұлтын қадірлеп, шынайы сүие білмеген азамат өзге халықтарды да силай білмейтін болады.

Қазіргі таңда еліміздегі Қазақ ұлты бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген далалық тіршілік дағдысынан өркениет ошағы саналатын отырықты өмірге, қала тұрмысына бірте-бірте сәйкесіп, жалпы бітімі жағынан бұрынғыға қарағанда көп алға ілгеріледі. Осы ілгерілеуге сай ұлттық бөгенайымызды айғақтайтын қасиеттерімізде әралуан өзгерістер туындады. Бұл өзгерістердің кейі халқымыздың төл табиғатына сәйкесіп өз жарастығын тапса, кейі тым сәйкестік таппай, оқшауланып тұратын жағдайлар барлыққа келді.

Бүгінгі өзгеріске толы жаппай әлемилену дәуірінде, бәсеке экономикада, идеялогияда, мәдениетте, білімде, технологияда, тағы басқа салаларда қызу қарқынмен жүріліп жатыр. Міне осындай жағдайда, ұлтымыз жөнінен алғанда таңдаулы қасиетке ие төлтума бітімімізді, қайталанбас ұлттық болмысымызды, күллі құндылықтарымызды айалап, әйгілеп, сақтап қалу бәрінен де маңызды болмақ. Ол бізге әлемиленудің көлеңкелі жақтарында барған сайын көлем алып, төніп келе жатқан өзгерісшең өмір тұңғиығына біржолата сіңіп, жоғалып кетпеуіміз үшін оңды мүмкіндік береді.

Ұлттық рухты көтеріп, ұлттық сананы күшейту үшін, алдымен ұлттық рухани тәрбиені бірінші орынға қойуымыз қажет. Мұнда халықымыздың өзіне тән төл мәдениеті мен салт-дәстүрі, тілі мен ділі, сенім-нанымы мен тарихы дәуір қажетіне сай онан ары сараланып, әрленіп, әшекейленіп, келешек ұрпақтың көңіл түкпірінен өшпестей орын алуы тиіс. Сонда ғана алуан мәдениет тоғысқан тоғыспалы дәуірде алдымен өз құндылықтарымыз өзгеше басымдылығын танытып, табан тіреп тұра алатын болады.

Бұл күндері кейбір кеңесті сәттерде, бір бөлім сыңар жақтылы, асырып айтатын адамдар «Заман бұзылды, ұрпақ азғындады» деген сияқты ойларды үнемі ортаға салады. Өз басым бұл пікірлерге қосылғым келмейді. Егер «Бұзылды, азғындады» деген сөздерді шынында қолдану қажет болса, онда оны ішкі себептен іздеп, өз тәрбиеміздегі бұзылу мен азуға қарата айтсақ болатындай. Себебі ұрпақ азса, ең әуелі, тәрбиесіздіктен азады. Сондықтан бұл жағындағы мінді, себеп-салдарды қоғамдық түзімнен, сыртқы ортадан қарастырмай, алдымен өзімізден іздестіргеніміз жөн. Үйткені біз жайшылықта «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейміз емес пе. Ұлы ғұлама данышпан Абай да өз кезінде: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім » демеп пе еді.

Бүгінгі Қазақ отбасыларның ұлттық рухани тәрбиесі әлемиленудің және қос тілді болу мен көп тілді болудың ықпалында күрделі өзгерістерге тап болды. Мұнда ішінара жағдайда, батыстық үлгілерге тым талғаусыз еліктейтін, өз тілін қайырып қойып, өзге тілге артықша бой ұратын ауқым да белең берді. Қазіргі беталыстан қарағанда, туындайтын осындай өзгерістердің кері әсеріне біз ұлттық рухани тәрбиені отбасында күшейтуге арқа сүиеу негізінде ғана төтеп бере аламыз. Егер біз отбасы тәрбиесінде ұлттық рухани тәрбиені күшейтуді шынында мықты ұстай алсақ, онда кез болған кері ықпалдың кесірінен ұтымды сақтана алатын, мүддемізге тікелей тірелетін тартысы мен табысы мол толғанысты сәттерде тұиыққа тірелмей, жол тауып шыға алатын боламыз.

Тарих парақтарына үңіліп, байырғы Қазақ қауымына көз жіберер болсақ, өз тұсында олардың айта қалсын мол білімі болмағанымен, көзі ашық, көкірегі ойау тума, таза халықтық қасиетімен ұлттық рухын, ар-намысын бәрінен берік ұстанғаны әрқашан анық байқалады. Олар сол тұста балаға тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден бастап-ақ, тұнық өз ана тілінде ағайын туысын, ата-тегін, руын, ел-жұртын білдіруге айрықша көңіл бөлген. Кейінгі ұрпақтарына жеті атасын білдіруді өздерінің бұлжымайтын азаматтық парызы деп ұққан. Байырғы Қазақ халқы ру сұрауды рушылдық істеу үшін емес, қайта ғылми негізде жеті атаға дейін қыз алыспай, тегін таза сақтап, кем-кетіксіз, сапалы ұрпақ көру үшін қолданған. «Жеті атасын білмеген ұл жетім», «Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген аталы сөздер сол тұстың өзінде ешбір негізсіз айтылмаған. Бұрынғы Қазақ қауымы баланың өзі шыққан тегін қанық білуі оның тектілігін, ұлтжандылығын, отан сүигіштігін шыңдайды, сүйтіп ұлттық рухын сомдап, ұлттық санасын өсіре түседі деп түсінген. Олар сол кездің өзінде ұлттың жалпы тұлғалық сапасын жоғарылатуда қан тазалығын жақсартумен бірге, рух тазалығын күшейтуді тең ұстауды дәріптеген. Сол байырғы дәуірлерде ұлтымыз өзінің салт-дәстүрі мен мәдениетін, күллі игі қасиетін қарияларының отбасында кейінгілерге айтар ақыл-кеңесі мен тағылымды тәрбиесі арқылы кітапсіз-ақ сіңіріп, мектепсіз-ақ үиретіп келген. Осы мазмұнға қатысты халқымыздың өз кезіндегі айтулы қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» деп тамаша ой толғаған болатын. Әне, сондықтан бүгінгі ұрпақ тәрбиесі қызметінде «Ел боламын десең ــ бесігіңді түзе» деген бабалар тағылымы әркез есімізде болғаны жөн. Үйткені ұлттық рухтың алғашқы өркенін жетілдіріп, ұлттық сананы, ұлттық ар-ұждан мен кісілік қасиетті қалыптастыратын орта ــ отбасы ортасы болатыны, тәрбие атаулы, ең әуелі, тал бесіктен басталатыны қашанда анық жағдай. Қай халық болмасын өзінің түпкі тегін анық танып, халықтық қасиетін ардақ тұтқан сайын рухтана түсетіні даусыз.

Қазақ ұлтының бұрыннан жалғасып келе жатқан су ішкен құдығыңа түкірме, нанды баспа, жасы үлкеннен жоғары отырма, ата-ананың бетінен алма, үлкеннің ықыласынан бұрын асқа қолыңды созба, кемтар адамға күлме, кісіге қару кеземе, малды басқа ұрма, бас киіміңді аяқ астына тастама, құмырысқаның илеуін, құстың ұясын бұзба, көк шөпті жұлма, жалғыз ағашты кеспе, отпен ойнама т.б толып жатқан тиым тағылымдарының өзі ұлтымызға ғана тән ұлттық ерекшелігімізді, өзге ұлтта жоқ асыл дәстүрімізді, тамаша қасиетімізді айғақтайды. Егер осындай ұлттық рухани қасиетімізді жақсы насихаттай алмасақ, онда ой-қиялы қорғасындай балқып тұрған қазіргі жас ұрпақ ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық әдеп-ибамызға, салт-дәстүрімізге жақтырмай, осқырына қарайтын болады да, тіліміз ғарп, мәдениетіміз мәйексіз, өзіміз дәрменсіз, мүшкіл халге түсетін боламыз.

Бұл күндері сәп салып қарайтын болсаңыз, «Ол немене? Бұл немене? Ол неге үйтеді? Бұл неге бүитеді? » деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық бермейтін жас ұрпақтың сәби санасын, білсем, түсінсем деген қажетін қанағаттандырып баурайтын нәрселер көбінесе Қазақтыкі емес, өзге жұрттың қызықтары. Осы себепті ұл-қыздарымыздың өз ұлтымызға тән ұлттық болмысы шұғыл өзгеріп, тілінің тез қайырымға келмей бұзылып, шұбарланып, әуелі, туған тіліне тіксіне, жатырқай қарайтын жағдайының белең бере бастағаны да анық байқалады. Бүгінгі әрбір ата-ана өз ұрпағының осы жағында белең бере бастаған кемістіктерін тек жалықпай жүргізілетін ұлттық рухани тәрбие арқылы ғана біртіндеп толықтай алады. Біз бұл көтерген тақырыбымызда өзге тілді үиренуді терістеуден аулақпыз. Өз тіліміз ұлттық болмысымызды сақтау үшін қажет болса, ал, өзге тіл ұлттық рухани өрісімізді кеңейту үшін қажет демекшіміз. Біз өркениетті, сапалы ұлт болу үшін, алдымен, өз тіліміз негізінде өз қасиеттерімізді бойымызға қанық сіңіріп алып, содан кейін мейлі қанша тіл болса да оны беріле үиреніп, өзге жұрттың озық ғылым-мәдениетін, ылғары үлгілерін молынан игеруге құлшыныс жасауымыз қажет. Бүгінгі өз тілін толық білмейтін шұбар тілді ұрпақтан ертең өз тілін білгісі де келмейтін рухсыз ұрпақтың туылары әбден мүмкін. Кезінде ұлт алыптарының бірі Ахмет Байтұрсынов тіл жөнінде: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы ــ тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген еді. Ұлт рухы ــ бір ұлттың өміршеңдігін арттыратын ең қуатты рухани күш. Ұлт та, ұлттың рухы да, ең әуелі, оның тілі арқылы танылады. Ана тілін силамаған, танып түсінбеген адам өзінің халқын да силай алмайды. Тілін сақтай алған ұлт өзін де, өзінің ертеңгі болашағын да қамтамасыз ете алады. Тіліңді жоғалтсаң, күндер өте келе бәрін де жоғалтасың. Осы тұрғыдан алғанда тіл аса киелі, мәртебелі ұғым.

Белгілі бір ұлт азаматы өз ұлтына қарата «Маған ұлтым не береді деп емес, мен ұлтыма не беремін» деп өмір сүруі қажет. Сонда ғана оның өмірі мағыналы, мәнді есептелмек. Бір азаматтың өз ұрпағын толымды ұлт уәкілі етіп ойдағыдай тәрбиелеуі ــ оның өз ұлтына қосқан тамаша үлесі болмақ.

Рухы үстем, мәдениеті жоғары деңгейдегі ұлт әлемиленудің алып өзгерісшең толқынында өзінің негізгі келбетін жоғалтпай таза сақтап тұра алады. Мұндағы алып өзгерісшең толқынды біз кітаби тілде ұлттық тоғысу деп атаймыз. Ұлттық тоғысу ــ бір ұлттың екінші бір үлтпен, әсіресе, көрші үлттармен араласуының нәтижесінде, өзінің ұлттық ерекшеліктерінен айырыла отырып, сол ұлтқа сіңіп өзгеру құбылысын көрсетеді. Ол көбінесе, жеке адам немесе жеке отбасыларына қатысты басталады да, біртіндеп дами келе халықтың мүлде басым бөлігіне әсер етеді. Сүйтіп бір ұлт өзінің әуелгі қасиетінен азып, екінші бір ұлттың құрамына кіріп, өздігінен сіңіп жойылып кетеді. Қазіргі дәуірде ұлттардың өзара тоғысуын тездетуде жаппай әлемилену үрдісінің ықпалы төтенше зор болып отыр. Ұлттық тоғысу әдетте зорлықты және табиғи болып екі түрде ұшырайды. Рухы үстем ұлт бұның қайсы түріне болсын ырықты төтеп беріп, өзінің босағасын босатпай, шаңырағын шәйқалтпай еңсе көтеріп тұра алады. Ал, рухи деңгейі әлсіз ұлт мейлі қайсы түрдегі тоғысу болса да оған тез бой алдырып, рухы үстем ұлтқа өздігінен мойын ұсынатын болады. Егер ұрпағыңның рухы шынында үстем болса, онда оның болашағынан алаңдауыңның қажеті жоқ. Тал бесікте Қазақы рухпен тыныстаған ұрпақ кейінгі өмірінде өз халқының тіршілік ортасынан амалсыз қол үзсе де, өз ұлтын шынайы сүиіп, өмірдің не бір биік белестерінен ұлт мақтанышы болып көріне алатын болады. Сондықтан былайғы жерде ұлттың түрлі өзгеріске ұшырап, азып-тозып сапасызданбауы үшін, ұлттық рух қашанда ұрпақ тәрбиелеудің ең негізгі өзегі болуға тиіс.

Бүгінгі әрбір ата-ана баланың құрсағын тойдырып, киімін бүтіндеп, оқуға аттандырып қойуды ғана емес, көкірек көзін, ішкі жан-дүниесін ашуды, әсіресе, баланы кішкентай кезінен бастап ұлттық рухын ойатып, елін, жерін, тарихы мен тағылымын, тілі мен ділін жеттік игертуді өздерінің орындауға тиісті бұлжымайтын ата-аналық парызы деп қараулары керек. Біз кей кездері келешек ұрпақтың тағдырына сыңар жақтылы ой жүгіртіп, оларды тек ғылым-білім үиренуге ғана күшеп, ұлтымыздың таңдаулы салт-дәстүрін, мәйекті мәдениетін, әдеп-ибаға толы, ақкөңіл, мейірбан мінез-құлқын тереңдей қалыптастыруларына немқүрайді қарап, оларды өз өрісінен ауа жайылуға өзіміз мұрындық болатын жағдайларымыз да бар. Егер біз тұтас ұлт болып ұлттық қадыр-қасиетімізді, ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді өзіміз қорғап қалуға шынайы құлшыныс жасамасақ, онда осы мазмұнда сан жерден кеңес қозғап, том-том кітап жазып шығарғанымызбен, оның көк тиындық құны болмайды. Алда ұлттық рухты көтеріп, ұлттық сананы ұрпақтың жан дүниесіне ұялата білу ісі ــ тұтас ұлт болып қолға алатын ірі тақырыптық мәселе. Үйткені бүгінгі жас ұрпақ ертеңгі ел тізгінін қолға алатын азамат екені белгілі.

Ұлттық рух ــ бір ұлт азаматының өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау деңгейінің барынша биік өреге көтеріліп, жалпы қоғамға тән жинақылана бейнеленуі. Ол белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, ар-намысы, қажыр-қайраты сияқтылардың өзіне тән өзгеше бейнесі, өзін-өзі танып, түсіну деңгейі. Қазіргі кезде ішінара осындай санадан жұрдай жандарды халқымыз қарапайым тілмен «мәңгүрт» деп атап жүр. Бұл сөздің естір құлаққа ерсі тиері анық, бірақ ерсі болса да бүгінгі белең бере бастаған мүмкіндіктердің алды ертерек алынбаса, ертең оның қатары барған сайын молайып, тарих сахнасына көптеп көтерілерінде дау жоқ. Ұлттық рухтың өзегі, ең әуелі, ұлттың өміршеңдігін сақтап қалуға, атап айтқанда, ұлттың тілі мен ділін, салт-дәстүрі мен мәдениетін, тарихы мен тағылымын, жан саны құрылымын, яғни табиғи өсімін сақтап қалуға қаратылуы тиіс. Ұлтымыздың жан саны құрылымында қазір қалалы жерлерде екі, ауылды жерлерде үш балалы болу өлшеміне жеткізбей, өзін-өзі тежеп балалы болғысы келмейтіндердің саны молайуда. Бұл халық саны аз есептелетін ұлтымыз жөнінен айтқанда тым үилесімді жағдай емес. Тарихи фактілер ұлттық рухы төмен ұлттардың тарихы қанша ұзақ болып, өз кезінде дәурендегенімен, басқа ықпалды ұлттарға өздігінен сіңіп жойылып кететіндігін дәлелдеп көрсеткен болатын. Қысқасы, ұлттық рух бір ұлтты алға қарай жетелейтін, оның түрлі жақтан толассыз дамуына бағыт-бағдар сілтейтін ішкі рухани қозаушы күш.

Қазақ әу баста еліміздегі басқа туысқан ұлттар сияқты табиғаты таза, рухы асқақ ұлт еді. Бұл күндері байқасаңыз, уақыт озған сайын бөгенайы бөлекше төл мәдениетіміздің тамыры тайаз тартып, ұлттық тәлім-тәрбиеміздің қуаты әлсіреп, ұлттық рухымыз қарадай босаңсып, дәрменсізденуге бет бұрғандай елес береді. Әуелі, кейбір ұлттық бөгенайымызды айғақтайтын құндылықтарымызды мұражайлар мен архивтерден әрең іздеп табатын бағытқа қарай беттеп бара жатқан сияқтанамыз. Қазіргі беталыстан қарағанда, ашшы болса да айтқымыз келеді, тіпті, кейде сол мұражайлар мен архивтерден іздесе табылатын құндылықтарымыздың өзін кейінгі ұрпақ «мынау менікі еді» деп қажетсінетін бола ма, жоқ па? деп те алаңдайсыз. Қазіргі өзгерісшең өмірдің ықпалынан ба, қалай екені белгісіз, кей кездері көп келеңсіз кемістік пен жат қылық тақатсыздана есік қағып тұрғандай сезіледі де тұрады.

Қазір қалалы жерлердегі бастауыш және орталау мектептердің оқу-оқыту істерінде өсер ұрпаққа бағытталған ұлттық рухани тәрбие өте төмен деңгейге түсіп қалды. Ал, кілең Ханзу тілді мектептерде оқитын ұлтымыз ұрпақтарына бағытталған оқу-оқытудағы ұлттық рухани тәрбиені жоққа тең деп айтсақ тым артық болмайтындай. Өткен жылдың соңғы айларында, аймақ-аудан қалашықтарында ұлтымыздың «Ақсарбас» атты тамаша кино фильмі сан қайтара қойылды. Жұрт аңысына қарағанда, сол тамаша фильмді көруге бала ертіп барған ата-аналардың тым аз ұшырағандығы, ал, оқу-оқыту істері жартылай ұлттық тілде жүріліп жатқан мектептеріміздің де оқушыларды осы фильмді көруге ұиымдастырмағандығы анықталды.

Адам өмірінің сынға, күреске, қайшылыққа, бәсекеге толы болатыны белгілі. Бұл барлық адамға, барлық ұлтқа бірдей жалпылық құбылыс. Елімізде саясат та, заң-түзім де өзінің дұрыс арнасымен әр адамды, әр ұлтты алаламай тең атқарылуда. Партиямыз еліміздегі барлық ұлтқа бастан аяқ тіліңді, салт-дәстүріңді, мәдениетіңді қорға, сақта, оны онан ары көркейт деп сан қайтара дәріптеп отырғаны анық. Өмірдің қыры мен сыры мол толғанысты сәттерінде, ұлтымыз көп істен икемсіздік, шалағайлық байқатып, ұлы дүрмектің соңын ала келе жатыр. Ұлтымыздың көп жағдайда ұлт мүддесіне пайдалы болатын игілікті істе бос белбеулік істеп артта жүретіні, ал, пайдасы жоқ байансыз істе, жалған намыс, орынсыз бәсекеде дал ұрып алдыда жүретіні адамды әркез ашындырады. Еліміздегі басқа туысқан үлттармен салыстырғанда, біздің ұлттық рухымыз көп жақтан әлсіздік байқатады. Реал өмірде ұлттық рухтың кемістігі көп кемістікке арқау, үйткені ұлттық рух бір ұлтты өмір сүруге, көркейуге, қүдіреттенуге жебейтін қозғаушы күш. Ол ұлттық сананы қалыптастырып, оны жоғары деңгейге көтеретін рухани тірек. Ұлтты түрлі дерт-дербезден арашалап, ұлт бірлігін сақтап тұратын ұитқы. Рухы үстем ұлт бәсеке майданында әрқашан ырықсыз күиге түспейді. Ол өзінің бар асылын ардақтап аспанға көтерсе, жоғалтқан жоғын іздеп тауып, қайта тірілдіріп, жаңғыртып жаңалап, жағымсыз жақтарын жасырып-жаппай, өзін-өзі қамшылап алға қарай ілгерілеп отырады.

Адамдық өмірде алдымен өз ұлтын толық түсініп, тани білген ұрпақ өз қандастарын қор санап, өзге жұртқа шамадан тыс ессіз еліктемейтін, өз халқының асыл құндылықтарын айалап, ардақтап, өз ұлты үшін айанбай тер төгетін болады. Егер біздің ұрпақтарымыз мұның керісінше болса, онда ол ешкімнің қузауынсыз-ақ, «Қазақпын» деп айтуды ар көретін, өз тілінде сөйлеуді масқаралық санайтын, ұлт мүддесіне қатысты сын сәттерде мүлде жалтақ мінез байқатып, өз басын арашалайтын, екінің бірінде бос белбеулік істеп, ұлт мүддесін айаққа таптап, құрбандыққа шалатын күиге түседі. Түптеп келгенде, бүгінгі сын мен сайысқа толы ғаламдық өзгерісшең үлкен ортада, ұлт сорласа, өзінің рухсыздығынан сорлайды. Қысқасы, Қазақтың абыройы асып Қазақ болуы да, оның десі төмендеп өзге жұртқа мазақ болуы да ــ ұлттың ұлттық рухының күшті-әлсіздігіне байланысты.

Бүгінгі басы ашық мәселенің бірі, ұлтымыз өмірі қазіргі қарқынды жүріліп жатқан қос тілді болу мен көп тілді болу және жаһандану үрдісінің өзіндік ықпалынан әсте аулақ бола алмайды, осы барыста қоғамға налып, жас ұрпаққа орынсыз кінә артпау үшін, былайғы тұста туындайтын бір бөлім кері ықпалды құбылыстарды халқымыз алдын ала межелеп, өзгерісшең өмірді өз ұлттық болмысына сай дұрыс арнаға салып бейімдеп, түрлі сақтану шараларын деркезінде қолдана алмаса, онда күндер өте келе түрлі «әттегенайлардың» туындайтындығы даусыз. Бұл талғамға дәлел болар жайлар сәп салып қарар болсаңыз, қазір де тым алыс емес. Бұл күндері өз тілінде оқымаған балаға сіздің есте жоқ ескі замандардағы Ертөстік, Алпамыс, Қобыландыларыңызды былай қойғанда, бертінгі Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Махамбет сынды тарихи тұлғаларыңыздың аттары беймәлім. Алайда олар өзге жұрттың сіз естіп білмеген батырларын, тарихи тұлғаларын қанық біледі. Олар Ертөстік, Қабанбай емес, Өрмекші батыр, Жарқанат батыр және Аутыман болғысы келеді. Қатысты фильмдердегі түрлі құбыжық кейіпкерлердің батырлығына сүисініп, ерлігіне бас шұлғиды.

Кезінде батыр Бауыржан Момышұлына: «Осы сіз неден қорқасыз? » деп сұрау қойғанда, батыр: «Жаудан да, даудан да қорықпаған Қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Бірінші, балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам; екінші, немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам; үшінші, дәмді, дәстүрді силамайтын ұрпақ өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсең, кімді болса да шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үиреніп жатқан бала жоқ, үиретіп жатқан әже, ата жоқ»-, деп мұңайған екен. Батыр бабамыз айтса айтқандай, егер жас өркен отбасында ана әлдиіне бөленіп, әже тағылымына құлағын түріп, Қазақы рухпен тыныстамаса, онда оның тілі жаттық, ойы орамды, ұлттық рухы биік болмасы анық.

Әсілі әрбір жас ұрпақ өз тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық болмысын таныған сайын, оның ұлттық рухы ойанып, өз ұлтына қызыға, құштарлана қарайтын болады. Сондықтан ұлтымыз ұрпақтарын өз ұлттық қасиетінен азып-өзгеруден арашалап қалу үшін, ең әуелі, олардың ұлттық рухын сомдау тәрбиесін барынша күшейтуіміз қажет. Себебі рухы үстем ұлт қашанда өміршең, қашанда еңселі келеді. Рухы көтерілмейінше әрқандай ұлттың санасы серпілмейді, шаруашылығы шалқымайды, өзге жүртпен терезесі теңелмейді. Былайғы жерде ұлтты тоқырап тоқтап қалмай, алға қарай дамуға жебейтін бірден-бір түрткі күш рухани сілкіну ғана.

Қортып келгенде, әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиелеудің алдында, әуелі, өзімізге сын көзбен қарап, өзімізді дұрыс түсінейік. Таңдаулы ұлттық қасиеттерімізге сай әр жақтан өзімізді дұрыс бағытта түзеп, ұрпаққа ұнамды үлгі болайық. Өз бойымыздағы кісілік қасиет-қағидалар мен ұлттық рух, азаматтық ар-ұждан, жүиелі де өнегелі ұлттық рухани тәрбие, ұрпаққа болған жауапкерлік пен олардың ертеңгі обал-сауабы қатарлы жақтардағы кетіріп жүрген кемістіктерімізден тез арада шынайы арылайық. Ұлт ұрпағының ертеңгі болашағын ойлаған әрбір есті азамат, әуелі, осылай істеуге тиіс. Өз кемістігін толықтап, өзін оң бағытта жебеп қамшылай білген, өзінің ішкі бірлігін, күллі құндылықтарын сақтап, қорғап, оны онан ары дамыта алған халықтар ғана ұрпағының ұлттық рухын берік сомдап, ұлт болып еңсе көтеріп тұруға тамаша негіз қалай алады.

Ыспандияр Солташұлы(ҚХР)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі