//

Соғыс соқпақтарынан өткен жауынгерлер Киевте кездесті

1658 рет қаралды
1

1941 жылдың 22-маусымында Ұлы Отан соғысының басталып, неміс басқыншыларының Кеңес үкіметінің  жеріне басып кіргені бәрімізге белгілі.  Бұл  соғыс барлық отбасына орны толмас өкініш пен қайғы-қасірет әкелді. Сол отты жылдары 1941-жылдың күзінде  201-атқыштар дивизиясының құрамында жаңа құрылған 191-ші атқыштар полкінің жауынгерлері 12-қыркүйекте отан қорғауға әскери ант қабылдады. 201-ші Латыштар атқыштар дивизиясы құрамы: 92, 122, 191 атқыштар полкінен, 220-артелеериялық полктан, 10-жеке зенит артелериялық батареясынан, 170-жеке байланыс баталъонынан және де бірнеше шағын құрамалардан еді. Офицерлер мен жауынгерлердің  90 пайызы Латыштар болған. 201-дивизия желтоқсан айында Москва түбіндегі шайқасқа қатысып, 1942-жылдың 2-ақпанынан бастап Ленинградты қорғауға аттанады. Талай қанды қырғындарға ұшырап, 15-қыркүйекте құрамын қайта толықтыруға 201-атқыштар дивизиясын майдан даласынан кейін қайтарады.1943 жылдың 27-мамырында 201-атқыштар дивизиясы құрамын қайта толықтырып, «Ленинград қоршауына» қайта оралғанда, 191-полк құрамын жаңа штаттармен нығайтылып, 70% Балтика флотының теңіз жаяу әскерлерімен толықтырған болатын. Ол кезде полк командирі подполковник Паршин Данил Радонович болған. Ал Ленинград майданының қолбасшысы армия генералы Л.А.Говров еді. Талай қантөгіс соғыстарға қатысып, 1944 жылы 201-атқыштар дивизиясы Гатчиге шабулға шығады. 191-атқыштар полкіның барлаушы шаңғышылары «Малое Замостье» деревнясында құпия орналасқан неміс полкінің штабын және полкінің туын басып алады. Жаудың командирі өзін атып үлгереді, ал майдан даласында шыңдалған 191-полк дивизия құрамында Гатчинді және Луга қаласын жау қолынан тазартады. Осы ерлігі үшін 201-ші диивизяны «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапаттап «Гатчин атқыштар дивизясы» атанады. Осыдан кейін Ленинград-Новогород операциясына қатысып ерекшленеді және де Наров қаласын жау қолынан босатқандағы ерлігі үшін «Жоғарғы Басқолбасшы» бұйрығымен 191-ші полкке «Наров» атағы беріліп,  «Наров» атқыштар полкі деп аталған. Қанды қырғыннан кейін 201-Гатчинский «Жауынгерлік Қызыл Тулы» атқыштар дивизиясы Латрианцкала ауданында Вяйке-Эма-Йыги өзенінен соғысып өтіп,  жау бекіністерін басып алуға дайындала бастайды. Немістер бар күшін біріктіріп, өзеннен өту үстінде 201-дивизияны түгелімен құртып жібереміз деп ойлады. Қанды қырғында 191-полк жауынгерлері қолма-қол шайқасқа дейін барып, жау соққысына төтеп береді. Бірақ шығын өте көп болды. Батольоннан 20-30 адамға дейін қалады. Офицерлердің тең жартысы көз жұмады, тіпті 7,8,9-роталардан тірі адам қалмайды. 8 күннің ішінде 25-30 шақырым жүріп, 35 хуторды, аздаған селоны басып кіріп, немістің 23-жаяу әскер полкін, 12-жаяу әскер двизиясын және екі ss-латыш батольонын құртып жібереді. Осы соғыста көрсеткен ерлігі үшін 191-Наров полкін Жоғарғы Кеңес Президиум жарлығымен 1944 жылы 13-ші қазанда  «Александр Невский» орденімен наградтайды. Осы күннен бастап «191-ші Александр Невский орденді Наров атқыштар полкі» деп аталып, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Маринскіде, Лубавуда, Виндавуда шайқастарға қатысып жеңістерге жетеді.Ұлы Отан Соғысын жеңіспен аяқтағасын, 1945 жылдың 1-ші қазанында «201-ші Қызыл тулы Гатчинский атқыштар дивизиясын» Душамбе қаласына көшіреді.

Бейбітшілік өмір басталады. Полк әскери дайындықтар өткізіп тауда соғысу тәсілдерін үйреніп, «Алпенист СССР»  төс белгісін тағу үшін 4 мың метр тау биігіне шығу  шарттарын орындап әскери жаттығулар өткізіп жүргенде, 1958 жылы двизияны қысқартып, 1964 жылы «мотоатқыштар» дивизясы  қылып, жаңа штаттармен  толықтырып қайта құрады. Содан 1979 жылдың 25-ші желтоқсанында Л.И.Брежнев басшылық еткен сол кездегі Кеңестік одақтың ұйғарымымен «Кеңес Одағының оңтүстік шекерасын қауіпсіздендіру үшін» және «Ауғанстандағы сәуір көтерілісін» тоқтатып, бейбітшілік орнату мақсатында Кеңес әскерін Ауғанстан территориясына кіргізе бастайды. Шұғыл түрде 191 полкті Ауғанстанға кіргізу  кезеңі басталып кетеді. Полктің техникаларын дайындау үшін  әскери комесерянттардан партизандар шақырылып, дайындау жұмыстарын жүргізіп, дайын техникаларын Термиз полигонына айдап апара бастайды. Бұл кезде полк командирі подполковник Редко Владимр Зиновьевич болатын.

Дәл сол кезде,1979 жылы, мен, Мәтжан Шаулиев, манғыстаулық 12 жігітпен бірге Венгрия (ВНР) жерінде Кешкимет двизясының Майеш қаласындағы 5-ші гвардялық, «Жауынгерлік Қызыл Тулы» мотоатқыштар полкінде танкіге қарсы шығатын  взводында әскери борышымды өтеп жүргенмін.  Офицерлер мен солдаттардың арасында «біздің полкті дереу түрде Ауғанстанға тастауы мүмкін» деген хабарлар жүрді де, шындыққа айналып сол күннен бастап жауынгерлерді шұғыл дайындай бастады. Жаттығуы 6 айға жетпеген және әскери борышы аяқталуға 6 айдан аз уақыт қалған жауынгерлерді Венгрияда қалдырып, жетпеген жауынгерлерді басқа полктерден алып, 2200 жауынгерлермен офицерлерді 1980 жылы қаңтардың 21-іне қараған түні майор М.А.Кравченко ( Полк комадирінің орынбасары,1980жылдың қарашасынан бастап полк командирі болды.)бастап, Деврецен әскери алаңынан ИЛ-86 ұшағымен Душанбе қаласына әкеліп түсірді. Душанбеден Термез қаласының әскери полигонына жеткізді.  Біздерді жаңа командир полкі  подполковник Редко Владимр Зиновьевич қабылдап алды. Және 20-қаңтарда шұғыл түрде жасақталған 3-ші батальонның Ауғанстан территориясына кіргендігін айтты. Енді осы полигонда біздерді жаңа әскери техника, қару-жарақтармен жабдықтап, 10 күн жаттығу өткізіп, соғысқа дайындап, ақпан айының 2-сі күні Ауғанстан шекарасынан өткізді. Сол күннен бастап 191-ші «Александр Невский» орденді «Наров Мотоатқыштар полкі» құрамында әскери борышымызды өтей бастадық. Біздің 2-ші батольонды  Пули-хумри провинциясының Дачи қышлагына жақын орналасқан Саланг асуынан өтер жолдағы үлкен көпірді қорғау бұйрығы берілді және көпірдің арғы жағына батальон штабын орналастырды. Бергі бетінде біздің «танкіге қарсы тұратын» взводымыз жерден жертөле қазып орналастық. Роталарды жеке-жеке тапсырмар беріп, калонналардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті деген жерлерге орналастырды. Жалпы полк Термез-Кабул маршрутын қарады.

Ауғанстандағы сапарымыз осылай басталып кетті.Түнде 2-3 жауынгерден тұрып көпірді жарып жібермес үшін күзетеміз,алыстан атылып жатқан жарқырағыш оқтар жанып, ұшып жатады. Күндіз көпірден өтетін техникаларды тексереміз. Осылай өтіп жатқан күндердің бірінде кешке қарай «батальон» жағынан тоқтамай келген БРДМ біздің взводтың орыс жігітін (фамилиясы есіме түспей тұр) соғып өлтіріп қашып кетті. Кейін білдік, бұл техника Ауған әскеріне берілген екен, олардан дұшмандар қолға түсіріп алып қашқан, біздің жолдағы жауынгерлеріміз жарып жібергендерін рациямен хабарлап айтты. Осылай взводтан алғашқы шығын басталған еді…

 Кіші-гірім жол бойындағы атыстар болғанда біздің взводты жедел түрде көмекке алып кетіп тұрды. Соғыс қысы өтіп, көктем келді.1980 жылдың 7-ші сәуірінде біздің полкымыз Саланг,Чарикар,Кабул арқылы жүріп өтіп, Газни қаласынан 25 шақырым оңтүстік-шығыс жағына палаткалардан лагерь құрып  орналасты. Дивизия құрамынан бөлініп шығып, «191-ші жеке «Александр Невский» орденді Наров полкі» болып аталды.Және 40-шы армиядан тікелей тапсырма алып, соғыс операцияларына шығып отырды. Осындай алғашқы операцялардың бірінде мені гранататқыштар взводнна ауыстырды. Келесі операцияда бөлімше командирім Унтиловтың аяғынан оқ тиіп, жараланып Ташкентке госпиталға жіберіліп, мені орнына 2-ші батальонның гранатаатқыштар взводының 3-ші бөлімше командирі қылып тағайындады.

Әр операция 7 күннен 20 күнге дейін созылатын. Операция дегеніміз-дұшпандардың орналасқан таулары мен қышлақтарына барып соғыс ашу. Мықты қаруланған және арнайы дайындықтан өткен жалдамалы нұсқаушылары бар дұшпандар оңайлықпен жеңілмеуге тырысатын. Қатты қарсылық көрсеткенде біздерге «МИГ-24» жойғыш ұшақтарымен бірге, «МИ-8», «МИ-12» тік ұшақтары көмекке келетін. Әлі есімде, 1980 жылдың жазында  біздің бір «МИ-8» тік үшағымызды атып құлатқаны. Біздерге жақын жерге келіп құлаған тікұшақтың бортындағы 4 адамы түгелімен жанып кетті. Отқа күйген денелері кішірейіп қалған екен. Атыс сәл бәсеңдегенде мүрделерін екінші тікұшаққа тиедік.Тікұшақ жоғары көтеріліп кеткесін бұйрық бойынша екі топқа бөлініп, жартымыз тау бөктерінде орналасқан кишлакқа қарай, жартымыз кишлактың сол жағындағы молаға қарай бет алдық. Атысып жатқан дұшпандар тау тастарын паналап, шегініп бара жатты. Моланың арасында саз балшықтан салынған кішкентай күмбезі бар мешітке ұқсаған молаға жақындағанымда ішінен құран оқыған дауыс естілді. Есігінің қасына келіп, сәл тоқтап тұрдым да, автоматымды кезеніп ішке кіріп келсем, алдына құран кітабын  ашып қойып сарнап құран  оқып отырған сақалы сапсиған шалды көріп атуға сәл қалдым. Қасына барып бір айналып қаруы жоқ екеніне көзім жеткесін шығып бара жатыр едім, қасыма  жүгіріп келген екі жолдасым «неге атпадың, біз атып тастайық?» деп есікке қарай беттеді. Сол кезде қарулас жолдастарыма «Атпаңдар! Құран оқып отыр, қаруы жоқ»-дедім.  Жігіттер: «Абайла артымыздан атып жүрмесін! Өзің жауап бересің!»-деп алға жүгіріп кетті.Артыма қарап- қарап қойып жігіттердің соңынан ердім… Мүмкін сол сәтте кішкене болса да, бейбітшілік пен наным сенімнің қадірін білгендіктен болар, күнәдан аулақ болуға тырысқанымыз.

Тағы бір операцияда «МИГ-24» құлады. Әр операцияда жаралыларды қоспағанда 7-14-ке дейін адам шығыны болатын. 1980 жылдың 2 шілдеден 10-шілдеге дейін созылған «Ургун» операциясында 14 адам өліп, 38 адам жарақат алды. Біздерге еріп шыққан Ауғандық полктен 48 адам өліп, 100-ден астамы жарақат алған. Бұл ұзындығы 15 шақырымға созылған Үргін шатқалы еді. Ауғанстан мен Пакістанның шекарасындағы Пуштун тайпалары шоғырланған таулы және тау ағаштары өскен аймақ болатын. Кезінде ағылшындардың 50 мың әскерін пуштундар осы шатқалда қырған екен.  «Ургун» операциясында болған бір оқиғаны айта кетсек.  Гранататқыштар (АГС-17) бөлімшемізді 5-ші атқыштар ротасымен бірге тауға шығып, шатқалдың оң жақ үстінде жүріп астыңғы жақта өтіп жатқан әскери техникаларымызға оқ жаудырып жатқан дұшмандардың көзін жойып отыру тапсырмасы берілді. Бұл операцияның екінші күні болатын. Сағат күндізгі 10-дардың шамасында біздер  таудың оң жақтағы  үстіңгі бетіне көтеріліп, 1 сағаттай тастардың, тау ағаштары араларын сүзіп, кішігірім қарсылық көрсеткен дұшмандарға оқ жаудырып жүріп отырдық. Түс мезгілі болған кезде рота командирі рациямен сөйлесіп, өткен түні 3-батальонның граната атқыштар взводының гранататқышы  Шевченко деген солдатын өлтіріп, қаруын және киімдерін шешіп алып кеткендігін және жарақат алғандардың хабарын айтты. Біраз жүргеннен кейін біздердің жоғарғы жағымыздан керуен кездесіп, жақындағанымызда олар оқ жаудыра бастады. Шамамен екі сағаттай қарсыласып, олардан 5 адам өліп, 7 адамы қолға түсті және екі әйелдің бірінің тізесіне оқ тиіп, жарақат алды.  Арамыздағы санинстукторымыз дереу көмек көрсетіп жатқанда, біздер түйелерге тиелген жүктерді тексере бастадық. Тұрмыстық заттар, тамақтар, азын-аулақ оқ дәрілер және киімдердің арасынан ішінде хлормен «Шевченко» деп жазылған панама (бас киім) табылды. Екі әйелді қалдырып, 7 дұшманды алып жүру маған тапсырылды. АГС-17-нің (автоматты граната атқыш станогы 11,5кг) магазиндерін (12,5 кг) қапқа салып, арқаларына  кигізіп және   азық-түлік заттар салынған вещмешокты да арқалатып, таудың жиегімен жүріп отырдық. Кеш түсіп, ымырт жабыла бастағанда тағы да дұшмандар кездесіп бір сағаттай атыс болып тоқтады. Атысқанда тұтқындардың көздері ойнақшып, қашудың амалын ойлап тұрғаны білініп тұратын. Қатты шаршаған соң бір сағаттай демалуды ұйғарып, дұшмандардың бастарындағы шалмаларымен қолдарын кейін қарай аяғымен қосып байлап, етбетімен тасқа жатқызып, қасына өздеріміз кезекпен дем алып, күзеттік. Кенеттен құлағыма келген тықырдан шошып оянсам, екі дұшман бір-біріне жақындап, қолдарын шешу әрекетінде екен. Тез автоматтың дүмімен соғып, талдырып тастадым. Содан рота командирі қасыма екі солдат қосып беріп, полкқа тұтқындарды апарып тапсыруды бұйырып, өздері алға қарай жүріп кетті.Біз де түнімен айдың жарығымен жүріп отырып, үшеуіміз 7 тұтқынды қашырмай аман-есен шатқалмен өтіп жатқан полкке таңертең әкеліп тапсырдық.

1981 жылдың жазына дейін Хост,Ургун,Пешевар,Вардак,Паншер операцияларында, соғыс қимылдарында қасымызда болған қазақ жігіттерінен Ақтөбелік Үкібаев Ақжүніс, Қызылордалық Айсауытов Нұрлан, Сүлейменов Бекболат, Орынборлық Абизов Қарасай, Маңғыстаулық Берішбаев Қалмұрза және көптеген басқа ұлт өкілдерінен қарулас достарымызды жоғалттық. Жарақат алып, елге келгеннен кейін қайтыс болғандары да бар. Содан 1981 жылдың жазында елге оралдық. Еңбек майданына кірісіп, тер төгіп қызмет ете жүріп,  «Ауғанстан!» десе көңіліміз елеңдеп, сонда жүрген жауынгерлердің аман-есен елге оралуын тіледік. Онымен қоса мектептерде, жоарғы оқу орындарында, әскери бөлімшелерде жас ұрпақтарды патриотизмге тәрбиелеу мақсатында кездесулер өткізіп тұрдық. 1985 жылы 9-мамырда біздің 191-ші полкімізді Ауған соғысында көрсеткен ерліктерімен жеңістері үшін «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен наградтағанын естіп, бір қуанып қалдық. Енді «191-ші жеке «Александр Невский» орденді «Жауынгерлік Қызыл Тулы» «Наров» мотоатқыштар полкы» болып аталды. 1988 жылы мамыр айының сонғы күндерінде Ауғанстан территорясынан шығарылды.

2012 жылдың 15 ақпанында «191-жеке «Александр Невский» орденді «Жауынгерлік Қызыл Тулы» Наров мотоатқыштар полкының» интернационалист жауынгерлері Киев қаласында кездестік.

Ия, бұл кездесуге, кезінде осы полктың құрамында соғысқа қатынасқан жауынгер-интернациолистер Рессейден, Беларуссиядан, Германиядан, Кавказдан, Өзбекстаннан, Украинадан және  Қазақстаннан (жеті ардагерлер) қатысып, Киев қаласындағы Ауған соғысында қаза болған 2378  интернациолист жауынгерлерге орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ауған соғысында қаза болған  «Украина ардагерлері»  музейіне барып, қарулас достарымызды еске алып, тағзым еттік. Маңғыстау облысы әкімдігінің беріп жіберген орыс тілінде жазылған  Әбіш Кекілбаевтың 5 том кітабын және Маңғыстау мұнайына 50 жыл толуына байланысты шығарылған сувенирді табыс етіп және басқа да арнап апарған естеліктерімізді тапсырдық. Оған музей қызметкерлері ризашылығын білдіріп, рахметін бүкіл Қазақстандықтарға  жолдады. Мұражайдан шыққасын табиғатқа шығып «Аңшылар үйі» деп аталатын үйге арнайы жайылған дастарқанда отырып, алғашқы сөзді 1984-86 жылдары полк командирі болған полковник Валерий.Петрович.Суринов бастап, полк туралы әңгімелеп, не бір қиыншылықтарды жеңіп, талай қанды қырғындарда мойымай жеңіске жеткендерімізді баяндап рахметін жолдады. 1985 жылы Ауған соғысында көрсеткен ерліктерімізбен жеңістерімізге полкке «Жауынгерлік Қызыл ту» ордені бергені туралы әңгімелеп, қаза болғандарыды еске алып 1 минут үнсіздік жариялады. 2-ші сөзді 1984-86 жылдары 3-ші батальонның командирі болған қазіргі кезде Украина Ішкі Әскерінің қолбасшысы генерал-майор Степан.Иванович.Сомов жалғастырып, келген қонақтарға рахметін айтып, қарапайым қатардағы жауынгерлердің ерліктеріне  айрықша тоқталып өтті.

Кейін гитарамен Ауғанстан туралы патриоттық әндер шырқалып,  кезекпен сөз сөйлеп арнайы әкелген сыйлықтар табыс етіліп жатты. Қазақстандықтардың атынан Халық қаһарманы, генерал-лейтенант,парламент депутаты, Ауған соғысы ардагері Бақытжан Ертаевтың арнайы беріп жіберген шапанын  полк командирі В.П.Суриновтың иығына жауып,  гитарамен арнап ән айтылды. Жасы 70-ке таяп қалған полковник В.П.Суринов «Сендерді көргеніме қуаыштымын!»-деп еріксіз көзіне жас алды.  Жауынгер үшін командирдің рухты сөзінен асқан ештеңе жоқ. Командирдің  бір ауыз сөзі, жанымызды тебіренте түсті. Бұл кездесу барлығымыздың жүреімізге қуаныш, бойымызға күш-жігер,басымызға ой салып, өмірдің қандай қызық, Отанның қандай ыстық екенін сездіріп тұрды.Азда болса өмірдің түрлі қырларын бастан кешкесін, соғыс пен жаугершілікті жан басына тілемейміз. Кейде кейбір жандардың күнделікті өмірдің күйбең тіршілігіне шыдамай күйзеліске ұшырап жатқанын көріп, сол кезде соғысты көрсе қайтер еді,бейбітшіліктің қадірін білсе ғой?-деген сауал еріксіз ойға келеді.

Автор:

Ауған соғысының ардагері Мәтжан Шаулиев Рамазанұлы

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі