///

Футбол-фристайл – мәнерлеп доп тебу өнері

1205 рет қаралды
2

 

Футбол – әлемдегі нөмірі бірінші спорт екені барлығына белгілі. Ал Футбол-фристайл дегенді естулеріңіз бар ма? Футбол-фристайлды футболмен шатастырмаған жөн. Екеуі спорттың мүлде екі бөлек түрі. Алайда негізгі элементтері бір. Допты аяқпен, баспен, жалпы дененің кез келген мүшесімен ойнату. Соңғы жылдары футбол фристайлы біздің елде де жақсы дамып келеді. Көптеген талантты балалар шыңдалып көзге көрінуде. «Мінбер» өнердің осы бір қызықты түріне толығырақ тоқталып қазақ фристайлының жас өнерпазынан алған сұхбатты назарларыңызға ұсынбақ.

Футбол-фристайл – доппен әр түрлі қимылдар жасау өнері. Ауадағы допты аяқпен, тіземен, кеудемен, иықпен, баспен қағу арқылы көрерменді таң қалдыру. «Freestyle» сөзінің өзі (free – еркін; style – стиль; ағыл.) іс-әрекеттің еркіндігі дегенді білдіреді. Мұнымен айналысатындар допты ұршықша иіріп көздің жауын алардай әдемі әдістер жасайды.

Әлемдік деңгейдегі ең алғаш фристайлшы деп корейлік Hee Young Woo-ды (Mr. Woo) айтуға болады. Диего Марадонаның өнеріне тәнті болған Мистер ВУ доп тебу шеберлігін жаңа деңгейге көтерді. 1989 жылы допты баспен 5 сағат, 6 минут ұстай алған Hee Young Woo «Гинесс рекордтар кітабына» да енген. Фристайлдың дамуына негізгі серпіліс берген Суфиан Тузанидің 2002 жылы түсірілген видеосы деп есептелінеді. Оның доп тебу шеберлігін көрген әлемдегі күллі фристайлшылар арқаланып, өнердің осы бір түріне ден қоя айналысуға бет бұрды.

Фристайлды орындаудың бірнеше тәсілдері болады:
Air Moves – допты тұрған күйде қағу.
Upperbody – допты белден жоғары мүшелермен қағу – баспен, кеудемен, иықпен.
Sitting – допты жерде отырып қағу.
Groundmoves – финттерді қарсылассыз жеке орындау.

Одан кейін барып интернетте түрлі фристайлшылардың роликтері пайда бола бастады. Арасында әуесқойлары да бар Palle, Abbas Farid, Billy Wingroove, Nam the Man секілді азулы танымалдардың видеолары да жүр. Жыл өткен сайын футбол фристайлы әлемдік деңгейідегі «шоуға» айналып барады. Біздің жастарымыздың арасында да фристайлмен тыңғылықты айналысып жүргендер көп екен. Қарағандылық жас фристайлшы Қамбар Мұстафинді ғаламтордағы ролигінен білдік. Қамбардың доппен «істегендерін» көркем өнермен салыстыруға әбден болар. Осы жігітті тауып алып әңгімеге тартуды жөн көрдік.

– Қамбар, әңгімені ең басынан бастасақ, бірінші футболға қызықтың ғой, солай емес пе?

– Иә, мен футболмен он екі жастан айналыса бастадым. Жарты жылдан кейін фристайлды да білдім. Кейін фристайл футболды екінші ретке ығыстырып бүкіл бос уақытымды толтыра бастады.

– Фристайлмен шұғылданғанда жаның рахатқа бөленетінге ұқсайды ғой…

– Дәл солай, Бірақ, мынандай кездер де болады: Қолдан түк келмей, ісің алға баспай қояды. Сонда көңіл-күйің желмен бірге ұшып, іштей күйзелесің. Жынданасың… Бірақ мен үшін ол сәттер артта қалды. Бүгіндері мен үлкен күш-жігермен келем жаттығуға. Баяғыда бір қызық оқиға болған: Жаңа трюкті үйренейін деп терлеп-тепшіп, тырысып-тырмыссам да ештеңе шықпай қойды. Әй, ашуланғаным-ай сонда, әлі күлкім келеді. Қолымдағы допты алып, алға қарамай, бар күшіммен теуіп қалыппын. Әлгі доп қарсы тұрған сарайдың есігінен қайтып дәл маңдайыма тиді кеп! Күлкім де келді, жылағым да келді. Сол сәттен бастап сабырлы болуға ант бердім өзіме. Қолыңнан дым келмесе доп кінәлі емес қой (күледі). Сен допты бар күшіңмен тепкен сайын ол екі есе екпінмен қайтарады жауабын.

– Футболдағы кумирің кім?

– Менің сүйікті футболшым да пірім де мәңгілік Зидан боп қалады. Рональдиньоны да өте сыйлаймын. Айтпақшы менің фристайлға деген қызығушылығымды тудырған – сол бразилиялық ойыншының жасыл алаңда істегендері. Тағы да Анри мен Это’о ұнайды.

– Ал сүйікті фристайлшыларың кім?

– Sean-ның стилі қатты ұнайды. Камалио, Luki, Nam The Man дегендердің өнеріне де таң қаламын. Осы фристайлшылардың істегенін қайталай отырып өзімнің де стилімді қалыптастыруға тырысып жүрмін.

– Футбол-фристайл сен үшін ермек па?

– Фристайл өмірімнің мәніне айналып бара жатқанай. Мен оны спортқа да ермекке де тіпті мамандыққа да жатқыза аламын. Азғантай ғана өмірімнің 6 жылын фристайлға арнағандықтан онымен ажырамастай боп кеттім. Өмірімді фристайлсыз елестете алмаймын. «Доп» көрсем көзім қызара түседі. Шамам жеткеннен, қолымнан келетіннен үнемі асқым келеді де тұрады. Күнде бір жаңа финтті меңгерсем деймін.

– Отандық фристайлшылар жайлы не дейсің?

– Шыны керек, мен олардың бар болғандығына қуанамын. Мына жақта мен жалғызбын. Түсінетіндер аз. Жалпы кез келгеніміздің өзіндік стиліміз болады. Әр қайсысымыздың да бір-бірімізге ұқсатпай дараландыратын тұстарымыз бар. Мәселен, сенің Олжас, доппен «Қара жорға» билегенің бір ғажап көрініс. Бұл да бір өзіндік ұлттық нақыштың фристайлға енуі. Ешкімге ұқсатпай ерекше ететін тұс. Көбісі финттерді аяқпен жасағанды ұнатады (Air Moves), біреулер допты баспен, белден жоғары мүшелермен ойнатқанды жақсы көреді. Ал кейбіреулер Sitting-ке бейім.

– Отандық фристайлымызда ілгерілеу байқалады ма?

– Өкінішке орай байқалмайды. Жөке өз пікірм. Себебі ел арасында танылмағандықтан деп ойлаймын. Мен кісілер көп жүретін жерлерде жиі жаттығам. Барлығы қызықтана бақылайды, алайда түгелінің қоятын сұрақтары бірдей: «Футболистсің ба?», «Футболмен айналысасың ба?» немесе «Сендерді мынандай істеуге біреу үйретеді ме?» деген секілді. Оларға бірақ жауап бар. Футболды фристайлмен шатастырмаған жөн. Екеуін байланыстыратын екі-ақ нәрсе. Олар – доп пен техника.

– Жақында футбол фристайлынан ашық біріншілік өтеді, соған қатысасың ба?

– Міндетті түрде! Алты жылдан бері күткен жарысым таяп келе жатыр. Осы мерзімде үйренгенімді елге көрсететін уақыт жеткен секілді. Мүмкіндігімді жіберіп қалмауға тырысамын. Ондағы жарысқа қатысушылармен көрісуге де асықпын. Меніңше алдағы жарыс қызығушылық танытып жүргендерге үлкен серпіліс болады.

– Сен үшін қай финт қиын орындалады?

– LATW! Осыны орындауғы қанша тырысқаныммен әлі қолдан келмей жүр.

– Оны орындаудағы қиыншылық неде?

– Оны аяқпен орындайды, ауада қалқыған доптың сыртқы шеңберімен аяқты екі мәрте айналдыруың керек. Үлкен жылдамдық пен шапшаңдықты қажет ететін трюк.

– Футбол фристайлымен айналысқысы келетіндерге қандай кеңес берер едің?

– Не нәрсемен айналысамын десең де әң алдымен еңбекқорлық қажет деп ойлаймын. Фристайл да үлкен қажырлықты керек етеді. Шеберлік шыңдалу үшін жалықпай жаттығу керек. Бір деңгейге жеттің бе, келесіге өтуге тырыс!

– Сұхбатыңа рахмет, қазақ фристайлын шыңға жеткізуіңе тілектеспіз.

– Саған да көп-көп рақмет!

Олжас НҰРАЗХАН

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. оооооооооооо қандайц күшті! сутболдан хабарым шамалы дегенмен біздің елдің азаматтары фристайлмен айналысса біразға жеткен екенбіз! Жарайсың!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар