//

Құлбек ЕРГӨБЕК. Сын беделі мен бедері

1523 рет қаралды

“Жазушылар ода­ғының әдеби жанрлық кеңестеріндегі ат­қа­рылған шаруаларды сараптау, есеп­терін тыңдау, сарапқа салу” мақсатында «Уақыт және әдебиет» әдеби басқосу өткен еді. Назарларыңызда сол басқосудағы Қ.ЕРГӨБЕКтың баяндамасы.


Сөзді Сұлтекеңнен бастасам деп отырмын. Ол кісі жаңа жазушылардың ынтымағы жоқтығын, сол ынтымақсыздықтан, ырықсыздықтан өздерінің ырысынан айырылып жүргенін жақсы айтты. Оның үстіне құқығымызды білмейтіндігіміздің салдарынан көп нәрседен қағылып келе жатқанымызды да дұрыс көрсетті. Шындығына келгенде жазушылар, (жалпы әдебиет) қоғамның идеологиясын қалыптастырушы функциясынан айырылып қалған. Соны қайта қалыптастыру керек. Сонда ғана сөзіміз өтімді болады. Ол үшін, әрине, жазушыға белсенділік керек. Анығында қоғам әдебиетті емес, әдебиет қоғамды бақылауы тиіс еді. Қай кезде де билік уақытша. Сіздер – халықтың көзі, құлағы, жүрегі, үнісіздер. Ал бүгін сіздердің үндеріңіз ең аяғы өз мүдделеріңізді қорғауға жетпей отыр. Сонда жазушы ағайыннан басқа не күтуге болады? Баяғы жазушылық даңқ қайда кетті? Өсем деген қоғам – жазушысымен санасуы керек. Өйткені, қандай әдебиет – сондай қоғам. Өйткені, қоғам – адам, әдебиет – қоғам тәрбиешісі. 

Енді негізгі мәселеге көшсек, әдеби сын бар ма, жоқ па? Бар болуы үшін не керек? Қ.Жұмаділов, Б.Нұржекеев, Д.Исабековтер екі-үш жылдың беделінде баспасөз бетінде әдеби сын жоқ деп хабарлады. Сол «әдеби сын жоқ» деген пікірдің өзі сынның бар екендігін білдіреді. Өйткені, бұның өзі де сын пікір емес пе? Әдебиет өрістесе, сын да өрістейді. Әдебиет өрістемесе, қу тақырда сын не айтады, сыншы не айтады? Сын қалай өрістейді? Осы тұрғыдан алғанда, соңғы кезде әдебиет те, оған лайықты сын да бар деуге болады. Бірақ осы екеуінің өзін-өзі көрсетуі, талдауы жоғары дәрежеде емес. Баяндамаға орай С.Қирабаевтың «Тәуелсіздік өрісі», Т.Кәкішевтің «С.Мұқанов» кітабы, Б.Сарбалаұлының екі томдығы, Б.Ыбырайымның «30-жылдардағы қазақ поэзиясы», С.Абдрахмановтың «Төлтума және телтума», Т.Шапайдың «Шын жүрек, бір жүрек», Ә.Оспанұлының «Мұрагер», Д.Қамзабекұлының ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жайындағы кітабы,
Ш.Күмісбайұлы құрастырған «Балалар бағының бағбаны», Қ.Әбдезұлының «Таным көкжиегі», Д.Ысқақұлының «Әдебиет айдынында», Ә.Балқыбектің «Қасқыр Құдай болған кез» секілді бірқатар кітаптарды оқып шықтым. Сын және сынға жақын кітаптар деп осыны айтуға болады. С.Абдрахманов, Т.Шапай, Қ.Әбдезұлы, Ә.Балқыбек, Д.Қамзабекұлы еңбектері танымдық сипаты, талдау мәнерімен ұнады. Жаңаша ой қорыту, жаңаша сөз саптау. Сын тарихы мен теориясын ыждағаттап жүрген Д.Ысқақтың жинақы, жатық жазуға көшкені көңіл көншітеді.
Сол сияқты мерейтой, естелік кітаптарды да қарадым. Оларды сын жанрына жанама болса да қосуға болатын еді. Алыста тұратын болғандықтан кейбір кітаптар қолыма тимей жатса, айып етпеңіздер. Министрліктің ауысуына байланысты алпыс жылдығына орай жоспарланған екі томдық сын кітабы сызылып қалған пақырыңыз алдары­ңызда тұр. Бірақ оны айтып, дәл қазір дау қуайын деп тұрған жоқпын, әрине. Ендігі мәселе, «Сынды өркендететін не?» деген сұрақ. Сынның көрсеткіші кітап па, әлде баспасөз бе? Сын – негізінен баспасөздің жанры. Сондық­тан жаңағы кітаптарды атағанда бүгінгі сынның көрсеткіші солар деуден аулақпын. Осы орайда «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Жалын», «Өркениет», «Таң-шолпан» журналдарын да парақтадым. Мен «Литературная газетаны» әлі күнге дейін жаздырып оқимын. «Қазан Утлары», «Агедил» «Әмудария», «Азербайжан әдебиеті», «Өзбекстан әдебиеті ва санаты», «Кыргызстан маданияты», «Алатоо» сияқты басылымдарды да шамам келгенше алып оқимын. Өзге ел баспасөзін өзіміздің газет-журналдармен салыс­тырып қараймын. Халықаралық қазақ-түрік универ­ситетінде жұмыс істегендіктен түрік халықтарының бірсыпырасымен аралас-құраласым және бар. Бірде татар танысыма Қазақстан Жазушылар одағында «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Простор» журналдары бар екенін, «Әдебиет айдыны» газетінің болғанын айта келіп, біз арнайы «Сын» журналын шығарамыз дедім. Сонда ол: «Ойбай-ау, не дейді, біз бірер негізгі басылымның өзін зорға ұстап отырмыз. «Қазан утлары» күніне бір өліп, бір тіріледі», – деп таңданысын жасырмады. Сонда мен: «Е-е-е, біздің Жазушылар одағында жұмыс жүріп жатыр екен ғой» деп ойладым. Қарап отырсам, үш жыл жарық көрген «Сын» журналында профессионализм болған екен. Әдебиетімізді қайтадан сараптан өткізу, келешектің көзімен қарап баға беру деген мәселені осы журналдан көрдім.
Соңғы жылдардың сын кітабы, баспасөздің сын материалдарын қарағанда байқағаным мынадай тенденциялар:
Бізде бастан-аяқ мақтаудан тұратын мерейтой ма­қалалар көп екен. Тіпті, өлісі бар, тірісі бар кіл мақтаудан адам ұялады. Меніңше, мерейтойда тірісі не бітірдім деп есеп беріп, өлісі болса, кейінгі ұрпаққа әдеби мұрасынан не қалды, не қалмады деген нәрсені айтуымыз керек емес пе? Осы мерейтой мақалалардың ішінен маған екі сын материал ұнады. Бірі – М.Мақатаев туралы Ж.Ерманның, екіншісі – С.Иманасовтың мақаласы. Олар шын Мұқағалиды іздегендігімен және ақиық ақын туралы жалпы сөйлеп адасып жүрген жұртты сынауымен ерекше. Ж.Ерман Мұқағалидың әнге сұранып тұрған өлеңіне де, фило­со­фиялық өлеңіне де бас салып ән жазғыштар көбейіп кет­кенін айтса, Сәкен аға: «Шын Мұқағали туралы сөйлейік, Мұқағалиды Мұқағалидан іздейік» деген пікірін айтады. Ал мерейтой мақалаларының дені – жай мақтау. Танып, та­нымай бостан-босқа сөйлей берушілік. Одан әдеби сынға пайда жоқ.
Сынның дұрыс өркендемеуі, ең алдымен әдеби дайын­дықтың жоқтығынан болса, екіншіден, әдеби ортаны жер­шілдік пе, рушылдық па, бір індет қаптаған сияқты. Қасым Аманжолов па, тек қана Арқаның жігіттері сөйлеуі керек, Мұқағали ма, Жетісулықтар айтуы тиіс секілді. Бұл деген ұят нәрсе ғой. Біз бұнымен ұлы дарындарымыздың аяғынан тартып, аясын тарылтып жүрміз.
Соңғы кезде тағы бір жаман әдет ұшырасты. Жазу­шылардың өзі туралы мақаланы біреудің атынан жазып беруі. Бұл деген масқара емес пе? Неден сонша сорлы болдық? Г.Бельгердің «Ордендай» деген миниатюрасы бар еді. Орден сұрап ашпаған есігі, кірмеген тесігі қалмаған бір қазақ жазушысы бір медальға қол жеткізіп, рахаттанып оралғанда, немересі дүниеге келіпті. Сөйтсе, немересінің атын «Ордендай» деп қойыпты… Осыны естігенше өлгеніміз артық қой. Баяғыда тамаша суретші Поль Сезаннды атақты Клод Моне мақтапты. Сөйтсе, Сезанн: «Енді мені сен де мазақтайын дедің бе», – деп, жылап қоя беріпті. Яғни бойында мақтауға деген күрескерлік элементтері болғаны ғой. Ұлы Абай да «Жалған мақтан жанға қас» – демей ме?!
Қазақ жазушылары жалған мақтанға дес бергенше классика тусын! Сын да сонда еріксіз өрістейді.
Басылымдарға келсек, «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби процесс толық қамтылмағанымен (олай ету мүмкін де емес), әдебиетке қатысты ұтымды пікірлер айтылатын, «Ардың ісі» секілді айдарлар көңілімнен шықты. Мысалы, М.Ысқақбайдың «Әр жазушыны өз орнына қойып ба­ғалайық» деген ойы ұнады. Ш.Елеукеновтың «Жұлдыз» жур­налында жарияланған жинақтау мақаласын, Р.Әб­діғұлдың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған біздің құрдастарымыз жайлы талдау мақаласын рахаттанып оқыдым. Біздің алдымыздағы буынның әлі де әдеби сынға адалдығын көргендей болдым. «Өркениет» журналына менің «Дәлел мен дәйек» деген мақалам жарияланып еді. (Біраз адам сыналды). Сөйтіп, біраз ағамнан айырылып қалдым…
Соңғы кездері «Қазақ әдебиеті» екі жаңа есім ашты деп білем. Бірі – Әлібек Байбол. Әлемдік әдеби процесті оқуға тырысады екен. Бұл баланы сақтандыратын бір нәрсе бар. Әлем әдебиеті туралы айтып-айтып келіп, «Осы біздің қазақ әдебиетінде неге жоқ?» деген жалғыз ауыз сөйлем ғана өзімізге қатысты болатын дерттен аман болу керек. Талдауға құрылмаған жерде, әлем әдебиетін он рет сапырсаң да одан торта айыра алмайсың, қаймақ ала алмайсың. Екінші есім – Азат Кәрімұлы. Азаттың «Қазақ әдебиетінде» бір тамаша мақаласы жарық көрді. Ол М.Шаханов, Ө.Айтбаев, Ә.Хайдарилардың ана тілі жайлы жылдап зарлап жүрген мәселесін, бір-ақ айтып берген Азат Кәрімұлының «Тіл майданы біз үшін Отан соғысы» ма­қаласы. Бұл әрбір ана тілін ардақтайтын қазақтың кереуе­тінің тұсында ілулі тұруға тиіс мақала деп есептеймін.
Баспасөздегі әдеби сындағы жаңалық деп «Қазақ әде­биеті» газеті мен «Жұлдыз» журналындағы өзінде жа­рия­ланған материалға қатысты келген пікірді беріп отыру үрдісін айтар едім. «Жұлдыз» журналында Тыныштықбек Әбдікәкім туралы жақсы мақала жарық көрді.
Қазіргі әдеби сынға не жетпейді? Әуелі, мақалаларда жүйе жоқ. Әдеби сынға да ішкі ырғақ керек. Осыны ұмыт­пайықшы! Ғ.Мүсіреповтің: «Талантты адам білімдімін деп ойлайды, білімді адам таланттымын деп ойлайды» деген сөзі бар еді. Сол секілді бәріміз сынға келіп қойып кете­тініміз бар. Бірақ жаңағыдай жүйесіздіктен қолымызға түс­кен нәрсе «классика» болып шыға келеді. Жалған ма­дақ!
Сындағы бір кемшілік – дәйексіз сөйлеу. Бір газет бетінде әдебиет сыншысы, марқұм Айқын Нұрқатовтың төрт томдық әдеби мұрасы жарық көрді деп жазды. Қуан­дық. Сын-мұраның бір томы Мағжан Жұмабайұлы шы­ғармашылығына арналған. Өз көзіме өзім сенбедім. Айқын Нұрқатов – Мағжан Жұмабайұлы туралы бір том түгілі бір мақала жазды ма екен?!
Тағы бір баспасөз «Ұлы кемеңгер» деп жазды. Не деген «жо­марттық?». «Кемеңгерің» ұлы емес пе? «Ұлы» кемең­герлікке жол емес пе?
«Ақындардың ең заңғары» деп сөйлейтінді шығардық. «Заңғардан» артық не керек?
Әдеби сынға дәлел, дәйек, мөлшер керек. Жалғандық, жағымпаздық, әсіресе, мақтау – әдеби сынға абырой әпермейді. Дұрысы – талдау!
Тағы айтатын нәрсе – мәтінге назар аудару жетіспейді. Осы сындардың ішінде Бекен Ыбырайымның «30-жыл­дар­дағы қазақ поэзиясы» мен Қ.Аманжолов туралы мақала­сынан басқа мәтінге назар аударған адамды көрмедім.
Қазіргі әдебиетті құртып бара жатқан одашылдық. Талап қоймаймыз, жауынгерлік, полемика деген жоқ. «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде тарихшы Мәмбет Қойгелді, әдебиетші Д.Қамзабекұлы өзара айтысты. Жақсы дүние!
Беделге құлмыз. Ғ.Мүсірепов «Оянған өлкенің» «Жат қолындасын» бізге бермеді дедік. Кейін ол жарық көргеннен кейін, үлкен-кіші сыншыларымыздың бәрі «Ойбай, классика туды» деп шулады. Ал шын мәнінде «Жат қолында» бүгінгі әдеби процесте бар деп есептемеймін. Сол секілді ұстазымыз З.Қабдоловтың Махамбет жайлы аяқталмаған романы шығып еді, біздің жігіттер, тіпті аяқталмай қалған классика деп дабыралап жатыр. Осы орайда менің есіме балаң кездегі балалығым түседі. С.Мұқановтың аяқталмаған шығармалары туралы көлдей мақала жазып, «Қазақ әдебиетіне» жарияладым. Архив материалдарына оқырман таңырқасып жатты. Сол күндері Ғ.Мүсіреповке кездесіп қалдым. «Оқыдым, – деді Ғабең. – Сәбит өзінің күшін білетін адам. Оның жетістігін жария­ланбаған шығармадан емес, жарияланған, көпке белгілі шығармаларынан іздеген абзал!». Ғабеңнің ескертпесінен айналдым. Ұстазымыздың бәсі түспесін деп Ғабең ескертпесін З.Қабдоловтың аяқталмаған шығармасын мақтаушыларға құлаққағыс етемін.
Біз қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген шығарманы баспасөз бетінде конференцияға айнал­дырсақ, оған дүйім жұрт пікір айтса деген тілегім бар. Сонымен бірге, сын классиктерінің кітабын шығаруды қолға алу керектігін айтқым келеді.
Иран-Ғайып: – Менің бір сұрағым бар, сын әдеби жанр ма, жанр емес пе?
Құлбек Ергөбек: – Сын – жанрдың төресі. Көркем әдебиет оқылмаған кезеңде де сын оқылады.

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі