///

«ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛМАЙ…» Мұхтар Шаханов туралы көзбен көріп түйгендерім

2122 рет қаралды

Құдайдың бір пендесі жөнінде қолға қалам алғанда арғы бергі дүниедегі жауапкершіліктерді ескеріп жазған дұрыс секілді. М.Шаханов туралы көрген, білген, түйген, жанында жүріп өзім куә болған жағдайлар жөнінде аз кем естеліктер жаздым. Пендешілік деген жаман қасиеттерге жол бермей ашығын жазуға тырыстым. Бәрін көріп, біле отырып айтпай, жазбай қалуды арыма сын санадым.

Өмірімде ерекше есімде қалғаны және маңыздысы 2007 жылдың 3 мамыр күні ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен өткен М.Шахановпен үлкен кездесуі еді. Кездесуді ҰҚК генерал-майоры Адамғали Нақысбеков жүргізіп отырды. «Менің өмірімді Сіздер менен жақсы білетін шығарсыздар» деп бастап еді зал гу ете қалды. «Сіздерден жасыратын түгім де жоқ. Болса айтыңыздар» деді. «Саясатқа араласпайын десем ұлттық мүдде әбден тығырыққа тірелгеннің үстіне тіреліп барады. Жетер енді. Ары қарай шыдасақ ұлтымыз өлетін жағдайға келе жатырмыз ғой. Тәуелсіздікке жеткендегі жетістігіміз осы ма? Шегінерге жер қалмаған соң амал жоқ саясатқа араласуға мәжбүрлейді». Дәл осындай есек жүріспен қазіргі билікке қарсы күресуде соңына дейін баратындығын жасырмады. Әңгімесін шындық, елдік, ұлттық мүдде үшін жан аянбай күресу турасында айта келіп әрқашан шындықтың ашылуын қалайтынын айтты. «Кім болса да шындығын айтуымыз керек. Шындықтарды ұрпағымыз біліп отыруы керек. Елдің кез келген беткетұтар тұлғасы туралы ҰҚК-ның мұрағатын ақтарып ашуымыз керек. Халық шындықты білуі тиіс. Міне сонда халық кімнің кім екенін білер еді. Және талай зиялы болып жүрген азаматтарымыздың бетпердесі ашылар еді» деді. Мұндай батыл сөзді тек жүзі жарқын адамдар ғана айта алары сөзсіз. Сол жердегі кездесудің әсерін бір сөзбен жеткізу әрине қиын. Қысқасы өзінің ұлттық мүдде жолындағы күресте халық жауы деңгейінде жүргендігін, тәуелсіздік алғаннан кейін ҰҚК мұрағаты ашылып, кезінде халық жауы саналған ұлттық батырларымыз туралы шындықтың ашылғаны секілді болашақта да шындықтың жарыққа шығатынына және сол кезде жерге қарап қалмайтындай болмауларын қадап айтты. «Менің ұлттық мүддеден басқа тұтқан мұратым болды ма? Айтыңыздаршы» дей келіп пендешілікті емес адамгершілікті жоғары қою керектігін айтып ҰҚҚ қызметкерлерінің жандарын жерден алып жерге салғандай сезіндім. Залда үн болмады. Сонда ғана барып, М.Шахановтың сағын билік неге сындыра алмай жүргенінің себебін түсінгендей болдым. «Мақсатым, адамдарды әшкерелеу емес, ақиқатты ұрпаққа өлтірмей жеткізу. Ақиқатты ешкім өлтіре алмайды, өйткені ақиқат Алланың бір сипаты. Ерте ме кеш пе әйгіленбейтін нәрсе жоқ» деді. Кездесудің соңына дейін сілтідей ұйып тыңдап, ара арасында қол шапалақтап отырған ҰҚК қызметкерлері соңында бәрі түрегеліп қол шапалақтады. Әрине ашық түрде қолдау білдіріп сөз сөйлей алмасы анық. Алғаш кездесу барысында сұсты көрінген адамдарымыз соңында жарқырап шыға келді. Бәрі суретке түсіп, кітаптарына қолтаңба қойдырып қаумалап жүр. Түсін түстеудің қажеті жоқ, сол кезде М.Шахановқа қолы жетпей ұзақтау тұрған бірқанша ҰҚК қызметкерлері М.Шаханов жөнінде маған лебіздерін айтып, қолдайтындықтарын айтып кетті. Жүздерінен шынайылықтың, шын жүректен шыққан сөздердің лебі сезіліп тұрды. Осы күнге дейін сол қызметкерлерді көріп қалсам Мұхтар ағаның жағдайын сұрап бәйек болады. Ағамызға көзқарастары да сол қалпы. Кез келген тұлға ҰҚК-не барып дәл осындай кездесу өткізіп, өзі туралы шындықты талап ете алмас деп ойлаймын. Бәлкім ондай таза емес адамдарды ҰҚК кездесуге шақырмас та еді.

Кейде ойлаймын, жетпіске келген, жүрегінен екі рет инфаркт алған денсаулығы нашар адамнан неге көп нәрсе талап ете береді екенбіз деп. Таң атқаннан күн батқанға дейін дәрі ішіп жүретінін, дәрісіз көп өмір сүрмейтінін біреу білер біреу білмес. Кейде ағам айтушы еді «ішім дәріханаға айналып кетті» деп. 2006 жылы операциядан кейінгі емдеу сауықтыру үшін Түркияға бірге ілесіп барған едім. Сонда дәрігері Эртан Демирташ «Саясатты қою керек Мұхтар мырза. Мынадай денсаулықпен Сізге тек демалу керек» деп нықтап айтып жіберген еді. Бірақ ұлт мәселесі дегенде Мұхтар ағам денсаулық жағдайын кейінгі орынға ысырып тастай беретінін байқадым. Әрине мұндай денсаулықпен кез келгеніміз басымызбен қайғы боп немесе жанымыздың жағдайын күйттеп кеткен болар едік. Ең сорақысын айтайын, 2007 жылы жүрек тамырлары тарылғандықтан стенд қою керек еді, бірақ оған жинаған қаржысын «Халық рухы» партиясын құруға жұмсап жіберді. Қаны жиі қоюланатынын ескерсек тағы да көпке ұзамай қайта денсаулығы нашарлады. Бұл жүректің халқын қалай сүйетінін, халқы үшін жаратылған жүрек екенін бұдан артық дәлелдеу қиын. Ал біз осындай денсаулықпен ұлттық күрес жүргізіп жатқанын бір рет болса да ескердік пе? Керісінше біз ұлттық күрес майданында бір сәт те дамылдамаған адамды билікке немесе жеке көздеген мақсаты үшін күресіп жүр деп ойлаймыз. Бірақ барлық атақ даңқтан ерікті түрде бас тартқан адамды, мынадай жаста, мынадай денсаулықпен билікке немесе жеке мүдде үшін күресіп жүр деу еш ақылға сыймайды. Өз басым ұлттық мұрат мақсат пен ұлттық мүддеден басқа көздеген мақсатын көрмедім, сезбедім де. Болса ашығын айтар едім. Себебі бұл жазбам арқылы ешқандай жеке мақсат-мүдде көздеп отырғаным жоқ. Өз басым Жапония деген алыс елде, Қазақстанға еш қатысы жоқ жерде жұмыс істеймін. Қайта керісінше М.Шахановтың көмекшісі болғаным үшін біраз жерлердегі жұмыстардан қағылған кездерім болды. Сондықтан менің де жағымпазданып қалар еш ретім жоқ.

Мұхтар ағаның жанында неше жыл бойы көмекші болып жүріп, жолдан тайдырғысы, аздырғысы келген оқиғалар да жоқ емес. Бірақ бірде бір рет позициясынан айныған немесе қолын, арын бұлғаған кезін көргенім жоқ. Әрине қателеспейтін, шалыс баспайтын пенде жоқ. Дегенмен Мұхтар ағам басқа ұсақ түйек мәселелерде шалыс басуы мүмкін, ал нақ ұлттық мүдде мәселесінде мүмкін емес. Өз сөзімен айтқанда «Мен ешқашан ұлттық, елдік мүддені өзімнің жеке мүддеме айырбастаған жан емеспін. Маған сатылудан өлу – әлдеқайда жеңіл».

Бір жағынан кейде, халықтың «мына жерге неге бармады, неге келмеді, неге қарсы шықпады» деген секілді айыптаулары да орынды секілді көрінеді. Себебі халық Мұхтар ағамызды халыққа қызмет етуші, биліктің алдында халықтың мүддесін қорғаушы қызметіне тағайындаған. Соның сұрауын сұрап жатқандай көрінеді. Бір оқиға бола қалса Шаханов қайда, Шаханов неге үндемей отыр деп іздейді. Әрине халықтың тағайындаған лауазымына не жетсін. Сондықтан халық М.Шахановтан көп нәрсені талап етеді, сұрайды. Бірақ неге жағдайын жасамайды деп те ойлаймын. Лауазымға тағайындаған соң айлық төлеп, жағдайын жасау керек емес пе? Бір жағынан халық та сарсаң күйде сияқты, ұлттың қамын, ұлттың мүддесін кімнен сұрарын білмей дал.

Мұхтар ағаның ел білетін қазақ тілінің ғана мемлекеттік тіл мәртебесін алуы, желтоқсан көтерілісін ақтап алуы, қазақ ұлты атауының ресми айналымнан шығуына қарсы шығып қазақстандық ұлтты қабылдатпай тастауы, Наурыз мерекесін қайта тойлауға рұқсат әперуі секілді еңбектеріне тоқталмағаным дұрыс сияқты. Себебі Сіздер жақсы білесіздер деп ойлаймын. Есіме түскенде жаза кетейін қазақ боламыз ба, қазақстандық боламыз ба деген сол жылдары ұлттың басына бұлт үйіріліп тұрған шақта, жиналыстан жиналысқа жүгіріп жүрген қапылыс кезде М.Шахановқа бір кісі келіп «пәленше деген кісі хәл үстінде жатыр екен, барып көңілін сұрап қайтайық» дегенде «мұнда ұлт өлейін деп жатыр қайсысының көңілін сұрағаным дұрыс болады деп ойлайсың». Алдындағы кісі жауап бере алмай терең ойланып қалды. Барлық мүмкіндікті пайдаланып ұлттың жойылайын деп жатқанын ұғынбай жатқан қандастарына осылайша ой салып жүретін. Әрине жеке адамдардың да қайғысына ортақтаса біледі, егер ол адам ұлты үшін жанын берген, ұлтының қамын жеген адам болса. Ешқандай туыстығы не жақындығы жоқ Болатхан Тайжан ағамыз өмірден өткенде Мұхтар ағам қатты қайғырып кетіп еді. Мұхтар ағам барлығын ұлттық құндылықтармен өлшеп баға беретін, соған қарап туыстарын анықтайтын. Тамырыңды ұлттық рухқа қаншалықты терең бойлата алдың соған қарап таниды. Ұлтына деген неткен берілгендік, неткен тектілік, өз басым таңмын. Адамның түріне қарап, сөйлеспей жатып уызында ана тіліне қаншалықты жарыған жарымағанын анықтап беретін ерекше қасиетін байқадым. Әрине бұл таңғажайып қасиетін көрмеген, түсіне алмаған, өресі жетпегендер үшін ертегі сияқты көрінеді.

Таң атқаннан күн батқанға дейін тек ұлтты ғана ойлап, тек ұлтына ғана қызмет етіп жүре берсе, естелік жазатын адамға да қиын болады екен. Себебі қайсібір халыққа еткен еңбегін жазайын деп қиналасың.

Халықтың қалаулысы болған кезді айтар болсам, 50-ден астам депутаттық мәлімдеме жасаса, соның барлығы дерлік ұлттық мүдде төңірегінде болған екен. Бәлкім мұрағатты ақтарып ұлттық мүддеден тыс жасалған депутаттық мәлімдемесін іздеп көрерсіздер. Бірақ таба алмайсыздар. Өйткені ондай мәлімдемесі жоқ. Мұндай депутатты қазақ тарихында өз басым естіген емеспін. Өзім куә болған еңбектерінің бір парасы мынадай: Конституциялық Кеңеске сұрау салып орыс тілінің құқықтық фунциясын аштыру арқылы ешқандай ресми мәртебесі жоқ екенін, керісінше мемлекеттік тілдің басымдылығын айғақтайтын қаулы шығартты; мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін республикалық бюджеттен жылына 50 миллион теңге бөлініп келсе, соны 2 миллиард 700 миллионға дейін көбейткізді; Ресейдің ақпарат құралдарының нарығымызды жаулап алғанын алға тарта отырып толықтай қазақ тілінде 3 телеарнаны аштыруға билікті көндіруі (қазіргі Қазақстан, Мәдениет, Балапан телеарналары); Астанада бірнеше қазақ басылымдарын сататын дүкендерді аштырды; тілмен қатар балабақша мәселесі туралы ең көп депутаттық мәлімдеме жасау арқылы осы күні ашылып жатқан балабақшаларға себепкер болған еді. Жүрегіне операция жасатардың алдында ауруханада жатып Үкіметке жолдаған мәлімдемесін де балабақша мәселесіне арнапты. Балабақшаларды жаппай «қирату» арқылы болашағымызға балта шабылып жатқанын айта келе, мәселені шешу жолдарын ұсынып, соңын «Ұрпақ тағдыры балабақшадан басталатынын ұмытпау баршамызға ортақ парыз» деп аяқтапты. Сондай ақ Тіл полициясы мен Тіл агенттігін ашу мәселесіне қанша күш салғанымен бірақ билік оған жол бермеді. Десек те қоғамдық пікір туғызып кетті. Кішкентай сияқты көрінгенмен келелі істің бірі гимнің мемлекеттік тілде көрнекі орындарға ілініп, мемлекеттік тілде орындалуына себепкер болуы. Ол уақыттары гимнді екі тілде жазып, іліп, қай тілде айтарларын білмей немесе кім қай тілде жаттаса сол тілде айтып шатасып жүрген кез еді (Өз басым орыс тілінде гимнді айтқандарды талай көрген едім). 2007 жылдың мамыр айында Мәжілісте «Мемлекеттік нышандар туралы» Конституциялық Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан болатын. Сол кезде заң жобасына «мемлекеттік әнұранның тексті мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады» деген сөйлемдегі «және орыс тілінде» деген сөйлемді алдыртып, мемлекеттік тілде жазылып, мемлекеттік тілде орындалады деген ұсынысты алғаш берген болатын. Кейіннен қабылданып кетті. Осы ұсынысты кейіннен басқа депутаттар «мен ұсынғанмын, авторы менмін» деп БАҚ-да сөйлеп жатқанын көріп жағамды ұстадым. Заң жобасының салыстырмалы кестесінен қарасаңыздар авторы кім екеніне көз жеткізген болар едіңіздер.

Ұлттық мәселелермен қатар жеке адамдардың мәселелеріне де қол ұшын бергеніне куә болғанмын. Себебі депутат кезінде өкілеттігін пайдалана отырып жеке адамдардың хаттары негізінде мәселелеріне араша түсетін. Бірақ таң қалған жерім, қаншама адамдар өлердегі сөзін айта келіп, жеке мәселелерін шешкен соң рахмет айтпай кетіп қалулары. Себебі хаттарды өзім бақылауда ұстаған соң ол адамдардың мәселелері шешіліп шешілмегенінен хабардар едім. Ұлттық мәселелердегі еңбектеріне алғыс айта алмай жүргеніміз өз алдына, жеке адамдардың алғыс айтуға жарамай қалғандары тіпті таңқалдырды.

Бір күні ойда жоқта Мәжіліс аппаратының жауапты қызметкерінен статистика бойынша депутаттар ішінен М.Шахановтың азаматтарды ең көп қабылдағанын естіп білдім. Статистика жүргізбеген себебім қабылдауына кіретін азаматтар тізімін не кестесін жасаған емеспін. Өйткені келген адамдар жазылусыз кіре беретін және есікке тосқауыл қоюды ағамыз ұнатпайтын. Ауылдан ат арытып келген халықтың мәселесін шешуде бюрократиялық тосқауылдарды тұқыртып, билік өкілдерінің өктемдігін орнына қойып барып, көңілін бір демдеп аларына риза болатынмын. Келушілер арасында мәселелері шешілмей жататындары «өз мәселелерін шешіп алған, бізді қайтсін» деген секілді ренішін ашумен білдіріп жататын. Оларға ағамыздың, арасында өзімнің де жағдайымды, тек айлықпен ғана күн көріп жүргенімізді айтсам еш сенбейтін. Сырттай қарап тұрсам бәлкім сенімсіздеу де көрінетін шығар. Ағамыз құжаттар жағынан ебі болмаған соң, өзінің жеке құжаттарымен мен айналысатынмын. Сондықтан ағамызда Астанада тіркелген не үйі не жері жоқ, мүлде байлығы жоқ екенінен хабардар едім. Осыны естіген адамдар тіпті күлкіге айналдырып сенбей кететін. Сол уақыттары депутаттарға берілген қызметтік үйде тұрды. Оның өзін депутаттарды аяқ астынан таратып жіберген соң үйге жөндеу жасап, келесі депутаттарға дейін үлгертуіміз керек ден қуып шыққандай болды. Алдына келген адамдарды жас шамасына қарай кезекпен қабылдайтын. Жап жас жігіттер де келіп тұратын. Бірде таң қалғаным, шамамен жиырма жастың айналасындағы бала «анам хәл үстінде еді» деп еді қалтасындағы бар ақшасын шығарып бере салмасы бар ма. Басқа ақшасының жоқ екенін айтып, басқалай көмектер керек болса сұрап бәйек болып қалды.

Алдына кім келсе де шай бермей шығарып салмайтын. Депутаттық көлікті мінгісі келмей көбінесе жаяу жүретін. Мұнысын халықтың қаржысын үнемдеу деп түсіндім. Осындайда ойлаймын жеке басының қамы, баласының қызметі не пәтері үшін ұлттық мүддені сатып кете беретін қадірсіз шалдардың қасында, Мұхтар ағамыздың көмекшісі болғаныма шүкіршілік етемін.

Сөйтіп жүрген кезде 2007 жылдың 20 маусымында ҚР Президентінің Жарлығымен Парламент Мәжілісі таратылды. Мәжіліс депутаттарының қоштасу жиналысында сөз алған М.Шаханов: «Қадірлі Нұротандықтар, Сіздер халықты тіптен ұмытып кеттіңіздер. Заман бүгінгі күнмен бітпейді. Сіздер, түрі ғана қазақ депутатсыздар. Мұндай масқаралықпен халықты сатқандықтарыңыз үшін ертең тарих соты алдында Сіздерді Президенттеріңіз де құтқарып қала алмайды» деп мінберден түсіп кетті. Осылайша менің де депутаттың көмекшісі өкілеттігім тоқтап Мұхтар аға екеуіміз қызметте екі жаққа кеткенімізбен аға інілідей қарым қатынаста қалдық.

Оқырманның мені М.Шахановтың туысы, не жақыны немесе тағы басқа да себептерді ойлап күдіктенбесі үшін, бұл өмірдің қай тұсында Мұхтар ағамен қалай түйіскендігі туралы да жаза кетейін. 2005 жылы Түркияның Анкара университетінде магистратурада оқып жүрген кезім. Шетелде оқыған жастардың бәрі білетініндей алғаш барған жылдары елге деген сағынышымыздың күшейіп, көшеде қазаққа ұқсаған адамдарды іздеп жүретін уақыт. Әдетім бойынша кітап дүкендерін аралап жүріп Қазақстанға қатысты бір нәрсе бар ма екен деп материал іздедім. Түк таппай мысым құрыды. Болмаған соң «Қазақстан туралы қалайша ешнәрсе жоқ» деп өз өзіме сене алмай кітап дүкенінің сатушысынан сұрадым. Әлем таниды ау деген Абайды, М.Әуезовты, Ә.Кекілбаевты, бар білетін танымал тұлғаларымызды атадым. Ешнәрсе тауып бере алмады. Содан есіме М.Шаханов түсіп, сұрадым. Сәл ойланып тұрды да таныс фамилия дегендей компьютерінен іздей бастады. Сосын ішкі бөлмесінен М.Шахановтың Ш.Айтматовпен бірге жазған «Ғасыр айрығындығы сырласу (Құз басындағы аңшының зары)» кітабын алып шықты да бұл кітаптың сатылып кеткенін, мына жалғыз дананы өздеріне алып қалғанын айтты. Бұл оқиға М.Шахановқа деген құрметімді одан сайын күшейтіп жіберді. Қазақстан туралы жалғыз кітап тауып көңілім бір орнына түсті. Қазақстанға қатысты бір кітап тауып көңілім демделгенімен, Қазақстанды әлем таниды деген сеніміміздің жалған екеніне уақыт көз жеткізді.

Содан бір күні М.Шахановтың Стамбулға жүрегіне операция жасату үшін келгенін естіп қалдым. Кішкентайымнан Шиеліде өлеңдерін жаттап өскен едік. Үлгі тұтқан адамымның қиын жағдайында көңілін сұрауды жөн көріп Стамбулға бардым. Түркияның жастар ұйымдарының басшыларын да қоса ертіп барған едім. Көңіл сұраушы адамдар кезекте тұр. Операциядан шыққан адамды көп мазаламау үшін ішке кірген халық шелектеп әкелген тамақтарын бір шетке қойып, сәлем беріп тез шығып жатыр. Кезегіміз келгенде мен де жанымдағы жастар ұйымдарының басшылармен бірге кірдім. Хан сарайындай люкс жағдай. Әлемнің беделді адамдары жүректеріне ем жасататын жерден орын беруі, жалпы түрік халқының ықылас көңілдеріне, құрметтеріне қатты риза болдым. Шығармаларымен сусындап өсіп, атына қанық болғанымызбен бірінші рет кездесуім. Сол сәтте соншама түрік халқының ішінен жалғыз қазақ келіп тұрған соң ба, елден арнайы іздеп келген деп ойлаған болуы керек ерекше ықыласпен қабылдады. (Басқа уақытта қазақ бауырларымызда келіп кеткен болулары керек). Анкарадан келгенімді айттым. Ағамыз әңгімені бірден елдегі жағдайдан, ұлттың басына төніп тұрған проблемалардан бастады. Бұндай мәселеде жәй отырып әңгіме айта алмайтын ағамыз ара арасында арқаланып қалады да жүрек тұсын ұстап біраз ыңырсып тұрып қалады. Жанындағы дәрігері бірден жүрек тұсына, арқасына массаж жасап жібереді. Екі рет қайталанды. Сосын дәрігер көп сөйлесуге, жүрекке салмақ түсіруге болмайтынын ескертумен болды. Оны тыңдап отырған ағамыз жоқ. Бізде зәре жоқ. Түрік жастары шошып кеткен болуы керек бірден жинала қойды. Тез тез суретке түсіп қоштастық. Сыртқа шыққан соң түрік жастары «Мұндай ағасы бар ел қандай бақытты. Бізде елін сүйетін азаматтар көп болғанымен дәл М.Шахановтай патриоттар санаулы ғана» деп біраз ойларын таң қалушылықпен айтып жатты.

Содан келесі жылы елге қайтып Астанадағы Еуразия Ұлттық университетіне оқытушы болып орналастым. Бір күні университеттің бір топ патриот жастарын жинап М.Шаханов ағамызға кірдім. Тіл мәселесінде ағамызға қалай жәрдемші болсақ деген ниетпен барған едік. Ол кезде ағамыз Мәжіліс депутаты болатын. Сол кездесуден кейін артынша бірден өзіне көмекші етіп шақырды. Туыс емеспіз, жерлес емеспіз, ешқандай тоғысатын жеріміз жоқ. Сондықтан болар сене алмадым. Жоғары мемлекеттік органдарға тек таныстық, туыстықпен қызметке алынатынын ескерсек, алалап құлалайтынын ескерсек ағамыздікі азаматтық болды. Содан бері жеті жыл өтті інісіндей деңгейге жетуге тырыстым. Енді ағамыз туралы біз сөз, бір естелік жазуға негіз қалыптасты. Бәлкім осы оқиғалардың бәрі оқырмандарға сәл сенімсіздеу көрінуі мүмкін, бірақ Құдайдан қорқып, болған оқиғаны сол қалпында жазуға тырыстым. М.Шаханов сияқты ағамызға қарап Құдайдың кереметтілігіне, шеберлігіне таң қаламын. Құдайдың М.Шахановтай пендесіне бақ, денсаулық, дара дарын, өмір бергенін мойындау керек. Ел ішінде патриоттар жеткілікті екеніне шүбәм жоқ, десе де мен таныған нағыз азамат, нағыз ұлттың батыры Мұхтар Шаханов болды. Халық құдайдың бір аты ғой. Ағамызды халық қолдағаны үшін Құдайдың да қолдағандығы емес пе!? Осылардың бәрін көзі кеткен соң өлі сөз айтпай, бар кезінде бағалау керек деп ойлаймын. Жақсыны көзі тірісінде бағалай білейік, мойындай білейік. Құдай қазақты өлсін деп жаратпаған шығар. Қазақ тірі тұрғанда М.Шахановтай дара тұлғасы уақыт өткен сайын даралана түсетініне күмәнім жоқ.

Фазылбек Әбсаттарұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі