//

ҚР Спорт және денешынықтыру істері агенттігі мемлекеттік саясатқа қарсы ма?

1024 рет қаралды

Төрткүл дүниені өзіне қаратып отырған Лондон Жазғы Олимпиадасы туралы ақпараттар минут сайын әлемнің түкпір-түкіпіріне тарап жатыр. Әрине барлығына өз тілінде. Ал бізде ше?
Олимпиада жаңалықтары жөнінде нақты әрі сенімді дерек көзі болуға тиісті ҚР Cпорт және дене шынықтыру істері агенттігі бұл шара туралы қазақ тілінде ақпарат таратуды қажетсінбейтін секілді. Агенттік сайтында Олимпиадаға қатысты қазақ тілінде ақпарат жоқ. Агенттіктің sport.gov.kz сайтына кірсеңіз барлық жаңалықтың орыс тілінде ғана екенін көресіз. Қазақ тіліндегі нұсқасында мазмұны жағынан ескірген ақпараттар тек көз алдау үшін қойылған секілді. 20-ға жуық ақпаратты тек қана орыс тілінде орналастырған Агенттік сайтының қазақ тіліндегі нұсқасының алғашқы бетіндегі «Бастапқы бет» сөзін қазақшаға аудара алмай (аударғысы келмей) «Главная» деп қоя салуы, мемлекеттік тілге деген құрметтің жоқтығын көрсетеді.

Басқасын қойшы, Агенттік алғашқы алтынды қоржынымызға салған Александр Винокуровтың жеңісі туралы мемлекеттік тілде бір ауыз сөз жазуға шамасы келмеген. Тіпті, осы А.Винокуровқа Президент Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған құттықтау да тек орыс тілінде. Құттықтаудың қазақ және орыс тіліндегі мәтіндері Ақорда сайтында дайын тұр. Соны алып орналастыра салуға не кедергі болды екен?!

Қазақстан қоржынына екінші алтынды салған Зүлфия Чиншанло туралы да ләм-мим демеген Агенттік зілтемірші қыздың осыдан екі апта бұрын «Жеңіске жетсем деген үмітім бар» деп берген сұхбатын ұсыныпты. Президенттің Зүлфияны да құттықтаған хаты тағы орысша тұр.

Қазақстан бокс федарациясының сайтын (kfb.kz) көрсеңіз, «Әндіжанда бір апам бар, бұдан да өткен сорақы» дегеннің керін байқайсыз. Атауы Қазақстанның бокс федарациясы болғанымен, заты басқанікі болып табылатын бұл сайтта ұлттық рухтың, намыстың ізі де жоқ екені көзге көрініп тұр.

Лондон Олимпиадасына аттанған боксшыларға арналған тағы бір сайт olympic.kfb.kz-тің де қазақша нұсқасы жоқ.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің сайты да (http://www.olympic.kz) тек орысша ақпараттарды үйіп-төгіп беріп жатыр. Қазақша нұсқасын қанша шұқылағанымызбен, аша алмадық.

Сонда ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің не ойлағаны бар екен?! Қазақтілді жұртшылыққа спортшылардың жеңісі, Қазақстанның жетістігі жайлы ақпарат керек емес дегені ме? Әлде Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатына қарсы жұмыс істегенді жөн көргені ме? Бұл әрекетімен Агенттік миллиондаған адамның құқығын таптап жатқанын біле ме екен..?

Серік РАХМЕТОВ, BAQ.KZ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі