//

Ганьсуден қайтқан қазақтар

1461 рет қаралды

Ежелден елін жерін сыртқы жаулардан  қорғап өскен  қазақ баласы, әрқашан берекесі мен бірлігі жарасқан тату-тәтті ғұмыр кешуді аңсаған болатын. Сол ашаршылық пен зұламат жайлаған жылдары мызғымас беріктігімен туысқандығының  арқасында көптеген қиыншылықтарға көне білді. Атадан балаға аманат болып қалған ұлы дәстүрімізді берік ұстауымыздың арқасында, киелі қан мен айбынды рух, тектілігіміздің арқасында  алып империялардың арасында болсақта азғана санымызбен үлкен жерді сақтап қалдық. Бұл қазақ қанындағы тектіліктің, мызғымыс мықтылықтың шексіз қайрат пен жігердің белгісі.  Ата дініміз исламды ту етіп өліспей беріспедік. Бұл ауыртапалықта оңай тимеді. Осының салдарынан тарыдай болып әлемге шашырадық. Қазақ халқы ещқашан жоқ болмайды себебі оларда туысқандық, рулық баурмалдық бар. Әлемге тарыдай шашыраған қазақтар ғана емес еді. Ол барлық ұлт өкілдеріне тән сипат болды. Бірақ, бұлардың ішінде үлкен табысқа жеткен қазақ халқы еді. Себебі, ауқымды, өрісі кең жері бар, осы жерге бастарын біріктіріп жатқан елі мен ерлері бар еді.

Қытайға қазақтардың қоныстануын үш үлкен топқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Патшалық ресейдің қазақ жерін отарлауы кезінде кеткен қазақтар;
  2. Кеңестер үкіметі кезінде кеткен ( 1917-1940 жылдар ) қазақтар;
  3. Бұрыннан сол аймақта мекен еткен қазақтар.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Ғұн, Түрк, Үйсін бабаларымыздың Қытайдың «Сары өзен» деп аталатын Хуанхэ өзенінен, Алтайға дейін  мекен еткенін сондағы сына жазулар мен балбал тастар, көне жазбалар дәлелдейді. Ал, Алтай болса түбі бір түркі дүниесінің отаны саналады. Алтай тауы төбесінен қарағанда дулығаға ұқсас болған. Түріктер өздерін дулығаға ұқсатқысы келген. Ол ерлікті дәріптейді. Ал, қытай жазбаларында «Түрік» сөзінің мағынасын «Дулыға» деп атаған екен. Сонымен бірге қазіргі кездегі Баркөл б.з.б бұрынғы Шығыс Ғұндардың астанасы болғаны айтады.

Қазақ халқы қаншама қиын қыстау кезеңді басынан өткізді. Оған тарих куә. Қанша жаға жыртыстық, қаншама ауыз таластырдық ақырында бірігіп, бір ордаға жиналып бас қостық. Еліміздің жарқын болашағы тек қана  мызғымас бірлікпен татулықта екенін айтқан Елбасымыздың екпінді сөзі   барлығымыздың бірігуімізге себепкер болып отыр. Ентелеген екі үлкен алып державаның ортасында болсақта баба мұраты мен ата аманаты болған  асыл жерімізді сақтап отырмыз. Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізгелі міне, 20 жылдан асып барады. Осы уақыттың аралығында  көптеген қандас, туыс-бауырларымыз өз отанына оралды оралып жатыр оралады да.

Шетелдегі қазақ диаспораларының қазіргі күнде отаны саналып отырған Қазақстанға көшіп келуі үлкен тарихи-саяси құбылыс. Жалпы диаспора сөзі көп салалы ауқымды кең мағына береді. Біреулер оны  белгілі себептерге байланысты өз отанынан ығысып басқа жерлерге кеткен ұлттар тобын айтады. Бұл сөз алғаш еврей халқынан шыққанымен барлық ұлттарға тән. Әсіресе ширақ ғасырлардан бері саяси ойынның құрбаны болып келе жатқан қазақ халқы үшін өте қажет құбылыс. Қазақ тарихында мұндай оқиға бірінші рет болып отырған жоқ. Үш жүздің басы бірігіп Ұлы Қазақ  Хандығын құрғаннан  бері бір де бірігіп, бір де шашырап отырды. Тәуке хан кетіп үш жүз өз алдарына билікке таласқаннан бастап қазақ халқы тек бөлініп бөлшектенумен келді. Талай рет қайта мемлекет құрып ел болуға талпындық. Береке болмағаннан кейін жан жақтан анталаған жау мұрша бермеді. Қазақтар алғаш орыс бодандығын қабылдаған 1731 жылдан Алаш Орда Үкіметі басқарған 2 жыл 3 ай өмір сүрген «Алаш» Автономиясын есептемегенде қазақ халқының қиыншылық пен қуғын-сүргін көріп келгеніне 1991 жылға дейін міне 260 жыл болыпты. Осы 260 жыл бойы күресіп екінші рет тарихта «Қазақстан» деген мемлекетке ата-баба арманына қол жеткізіп отырмыз. Ендігі міндетіміз тарихтан сабақ ала отырып осы мемлекетімізді аман сақтау, елдікті, ерлікті берке мен бірлікті қалпына келтіру.

Тәуелсіздік алған 1991-2010 жылдар арасындағы санаққа көз жүгіртетін болсақ барлығы 80 6880 қазақтар қоныс аударған екен. Оның ішінде ҚХР келген қазақтар саны  83  181 болып отыр.[1] Қытайдан келген қазақтардың көп бөлігі ШҰАР-нан келген. Сонымен қоса көршілес орналасқан Гансу өлксінде де қазақтар бар. Әлемге тарыдай шашылған қазақ диаспорасының титтей ғана бөлігі ҚХР-ның Ганьсу өлкесі Ақсай Қазақ Автономиялық ауданында қоныс тепкен.  Қазақтардың бұл жерге келу тарихы әр түрлі. Мұндағы қазақтардың түпкі отаны Алтай мен Қара ертістің жағалауы болатын. Алғаш рет бұларды Бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі саналған Алтай мен Сауырға  бастаған Жәнібек батыр Бердәулетұлы болды. Жәнібек батырдың бір тайпа елді ертіп Алтай асуына көптеген себептері бар. Оны мына өлең шумақтарынан қарауға болады:

Бірінші себеп:

Батысқа барсаң орыс бар,

Қызыңды берсең қоныс бар.

Солтүстікте қалмақ бар,

Онда ауыр салмақ бар.

Бір нәрседен қит етсең,

Басыңды кесіп алмақ бар.

Шығысқа барсаң қытай бар,

Қызыл шапан кең қолтық,

Соған барып ықтай бер.

Екінші себеп: Алғашында Сыр бойын кейін Сарыарқа одан Алтайға кетті. Басты себеп жер дауы, жесір дауы. Саны көп көршілес рулардың қысымына шыдай алмай, әділдік іздеп шарқ ұрды. Ханың да, сұлтаның да, қара қылды қақ жаратын билерде  теріс айналды. Елден тыныштық, қатын-баладан маза кетті. Жасы келіп егде тартқан Ер Жәнібек көш бағытын ертедегі ата қонысы Алтайға бұрды. Бұл жер жайлы мекен, жақсы қоныста болды. Қытайдың Шиң патшалы құлағаннан кейін ел басына қаралы күн туды.  XX ғасырдың бас кезінде Қытай патшалығы құлады. Жаңа құрылған үкімет пен патшалықтың арасында үлкен соғыстар жүрды. Бір жағынан Шығыс Түркістан мен Моңғолия, жаңа құрылған Кеңес Үкіметіде тыныш жатпады.

1930 жылдары Өр Алтайдағы елден алғаш 4 адамның басын алды осыдан бастап елден тыныштық кетті. Алғашқыларының бірі болып Байтайлақтың басын алады. Одан Дәмежанның басын Үрімжі қаласында, Бөке батырдың басын, осыдан іле шала Зуқаның басын, алып Сарысүмбедегі қара көпірге ілді.[2] Баркөл мен Моридың аралығында қоныстанып отырған Әліптің басын алып жақын туыстары саналған 80 адамды азаптап өлтіреді. Бұл жан түршігерлік оқиға тарихта «Әліптің басын алған» деген атпен белгілі. Халық қатты дүрлігеді. Аяусыз қырылған халық қалаулылары мен жазықсыз жапа шекен ел енді құр алақан отырмайды. Табанды қарсылық көрсетеді. Қытайдың айуандықпен жасаған саясатына қарсы шығады. Осыдан бастап Өр Алтайды мекендеген елден тыныштық кетеді. 1949 жылы Гунсандан Армиясы Алтайға енеді. Басты адамдарды тағыда ұстай бастайды. Басты адамдардың қатарына  Жанымқан мен Оспан жататын еді. Сонда Жанымқан Оспанға: «Шығыстан қызыл тасқын келе жатыр. Бұны тоқтатуға мүмкіндік жоқ кетейік» дейді. Оны білген Қытай Қызыл Армиясы өкшелей қуады. Жанымхан Дарақ деген жерде жау қолына түсіп, Сұлтаншәріптің бір інісі шаһит болады.  Оспан батыр бастаған қалған көш Баркөлден Гансу, Чиңхайға өтеді. Баркөлде қалып жер жағдайын жақсы білетін Жәнәбіл 300 әскерді сусыз қырады. Көптеген қару-жарақ, оқ-дәрі және пулемет қолға түсіреді.

1951 жылы Оспан батыр кеткеннен кейін өзінің туысы Қапас батыр және Мұқадыл мен Кәбен тәйжі бастаған елді күтеді. Бұлар Оспан батырға аман-есен  1952 жылы Гансудың Қайыз деген жерінде отырғанда қосылады. Қызыл Үкіметпен уақытша дос болып келісім шартпен отырған Оспан батыр елінің басты мақсаты көктем шыға бере Тибет, Пакистан, арқылы Түркия өту болды. Бұдан қытай өкіметі секем алып қалды. Құсайын тәйжінің елі Мақай деген жерде болатын. Елде азық бітіп, 20 адамды қызылдарға ұн, шай, қант т.б әкелуге жібереді. Осыны жақсы пайдаланған Қызыл Армия басшылары бұларға ішпек-жемекпен салып беріп осылармен бірге ере келген 3000 дай Қытай әскері Оспан батыр  елін қоршауға алады. Ұстауға келген басты адамдары: Оспан батыр, Жәнәбіл, Құсайын тәйжі болды. Жәнәбіл 5 адаммен Шілік деген жерде олжалап алған пулеметімен 1000 әскерге қарсы шығады. Кешке таман басталған соғыста Жәнәбіл өзінің немере інісі екеуі қаза тауып,  3 адам жаралы жау қолына түседі. Мұқаметжан деген қазақ опасыздық жасап Оспан батырдың орналасқан жерін Қытай әскерлеріне көрсетеді. Оспан батыр 1950 ж аяғы 1951 ж басы Қайыздың Ақарал деген жерінде Қытайдың Чин Мин Пу деген әскері ұстаған. Тұтқиылда бассалған жау әскерінің күші басым болады. Оспанның аты үйінің бас жағында тұрды. Аты тағаланбаған. Үш баласы Шердиман, Ниғметолла, Нәби деген ұлдары аттарына жайдақ мініп қамысқа кіріп кеткен. Оспан батырдікі ақ боз ат еді. Жарымпулдың өзенінің мұзынан аты тайғанап жүре алмай жығылғанда ақ боз атты бірден көрген әскер қаптап кеткен де ұстаған екен. Оталмай қалған гарман мылтығының шақпағы қатып қалған. Сонда Чи Мин Пу деген әскер қатарында жүрген аспаз еді. Қолында нан илейтін оқтауы болған. Батыр аттан құлап жатқанда бірінші сол қытай келеді. Оспан оған найзасын сілтегенде шекесін сүріп кеткен.  Содан  әскерлер қаптап кетіп ұстаған. Кейін сол қытай 1959-1960 жылдары Оспанды ұстағаны үшін жоғары лауазым алады.

Бұл жерде болған үш тайпа ел оның үш бастығы болған. Басты рулар: Бірінші Шақабай руы Мұқадыл, Сарбас руы Кәбен Тәйжі, Молқы руы Сәләқиттан, Ителі руын Зиратбайлар бастады.  Екішшісі Құсайын тәйжі негізі найман ішінде әр түрлі рулар бар. Үшінші Жәнәбіл негізі бастаған руы тасбике болды. Бұлардың барлығы Оспан Батырға бағынды. Құсайын тәйжі елдің шетінде болып жауға алдырмай Түркияға өттіп кетті. Құсайынның баласы Мәнсүр тәйжі қазір Түркияда. Бұл Түркияға кеткен соңғы көш.

Оспан батыр ұсталғаннан кейін ел тынышталады. 1952-53 жылдары 1 жыл тұрады. 1954 жылы сол маңайда мекендеген аздаған қазақтарды  жиып 1954 жылы 27 сәуірде Ақсай Қазақ Автономиялы ауданын құрады. Басшысы Мопу Чи деген қытай азаматы, одан кейін Ләтіп деген ұйғыр болды. Осылай әр түрлі ұлт өкілдерінен басшы сайлау арқылы халықтың көңілін өзіне бұрығысы келді және қазақтан басшы қоюдан сескенді. Өйткені, ондағылар Оспан батырдың жан жолдасы мен серіктері еді. Сол кездегі басты ел ағалары мыналар еді: Қами, Алтынбек, Кәбен, Укан, Мүлік т.б болды. Ел басына қазақтан Қами келді. Бұл кісі дүңгендерге кепілдікке берілген Адубайдың баласы еді. Қытай тілін жетік меңгерген сауатты, ақылды адам еді. Алғаш Ақсай  ауданы құрылғанда 1200 дей түтін бар еді. 1954 жылы Алтынбек бастаған көш, 1956 жылы молқы Үсен, Мұқадыл, 1957жылы сарбас Кәбен тәйжі бастаған көш Баркөлге ауа көшті. Басты себептері арттағы елге қосылу, мал жаюға табиғаттың, жер жағдайының қолайсыздығы болды. Қытай үкіметі де қол қусырып отырмайды 1958 жылдың сәуір айында Әлімқан мен Күлмесқан деген ағайынды кісілерді моңғол жансызы деген айыппен Моңғолияға әкетеді. Күлмесқанның әйелін балалары: Қабдраш, Қалық, Әбдуғафар, Әлімханның жалғыз ұлы Далайханды ұстайды. 1958 жылы қалған ел келейін деп отырғанда қыркүйек айының 19 күні ел бастап кетеді ау деген 38 адамды 1 күнде  тұтқындайды. Басты адамдар:  Қами, Мүлік батыр, Зидан, т.б  Елді ешқайда көшірмейді. Байлар мен көзі ашық адамдардың мал-мүлкін тәркілейді. Қалпақ кигізіп, жиыннан жиынға салады. Кедейлерді қолдайтын коммунистік идеология бұлар да осылай қалыптаса бастайды. «Жақсының бәрі түрме, жаман біткен мінбеде» отырған кез келеді. Ұсталған адамдарды ауыр жұмыстарға салып, «лөгейге» айдайды. Гансу өлкесі Үби қаласы Тянжу қаласында орналасқан Тарым деп аталатын үлкен түрмеге Қанжарқан, Қабдраш сияқты асыл азаматтарды әкетеді. 1964 жылы Қамит, Нұғатай, Әбдіғафар келеді. Қайтадан ұстап Қамитқа 20 жыл, Әбдіғафарға 15 жыл үкім кесті. 1968 жылы бастылары 1 ауылдан: Төлеген, Кәрмен, Қабылқақ, Сәрсенбай, Баян т.б 2 ауылдан: Дөрбітқан, Ужу деген қытай т.б 4 ауылдан: Сетерқан, Қабден, Жөкес, Аманбай т.б болды. Ешқандай жазықсыз нақақтан ұсталған адамдарға берген жаза мөлшері  5 жылдан 18 жыл аралығы болды. Жас мөлшері 17-30 жас. Қытай үкіметінің сиқыр саясатына құрбан болған азаматтардың басты кінәсі бір-бірінің жөнін сұрап, жақсы туысқандық қарым қатынас жасауы болды. Туысқандық жойылды. Аға мен ініні бір-біріне жау қылып қазаққа қазақты айдап салды. Қазақтан шыққан екі беткей белсенділерді қару ретінде қолданып, олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды. Осындай қаталда, қиын кезеңде бақыттарына орай, 1976 жылы Маузадун өліп, барлығы босатылды. Түрмелердің іші босап, қаңырап қалды. Барлығының кінәсі ақталды. 1978 жылы мамандықтарына қарай жұмысқа тартылды. Мал баққысы келетіндердің қолына мал берді. Аудан көркейді. 1980 жылары әр үйде орта есеппен 300-ден 600-ге тарта малдары болды. Шетелдерге баруға жол ашылды. Алғаш мұсылмандық парызын өтеуге Меккеге барғандар: 1988 жылы Төлеген Күлмесханұлы, одан кейін Түркістан, 1990 жылы Темірқан, 1991жылы Бабақұмар, 1992 жылы Дайыр т.б

1978 жылы халық біраз еркінсіп азда болса бостандыққа қол жеткізді. Осы кезден бастап Төлеген Күлмесқанұлы басқа жерге көшуді ойлап жер шала бастады. Шиңжаңнын барлық аймақтарында халық тығыз орналасқан. Қонысы кең отыруға ыңғайлы жер таппады. Сол кездегі Кеңестер құрамындағы Қазақстанға түбінде баруды мақсат тұтты. 1990 жылы өзінің өлдіге санаған туған ағасы Халықтан 20 жылдан кейін  хат келді. Ол кісі 1960 жылдары ұсталғаннан кейін түрмеден қашып шығып, Қазақстанға өткен екен. Содан бері Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төлеби ауылында тұрады екен. Бұл тосын келген хабар ойдағы арманды жетелей түсті. Сол жылы  Халық Күмесханұлының өзі Ақсайға келіп қайтты. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз егемендік дүниеге қазақтың жас мемлекеті келді. Бұл жаңалық Ақсай қазақтарының қиялының шындыққа айналуына негіз болды. 1991 жылы Қараша айында Төлеген мен Қабылқақ Күлмесханұлдары Қазақстанға келіп 45 күн жүріп, тәуекел деп көшуге бел байлады. Сол кездегі 85 адамға Шу ауданының әкімі  Карантаевтен шақырту қағаз алды. Ол кезде шет елдердегі қазақтар мен айналысатын «Қоғам» деген ұйым болып еді. Төлеген мен Қабылқақ Күлмесханұлдары 1991 жылы осы ұйым басшысы арқылы Н.Ә. Назарбаевқа хат жолдаған болатын. Төлеген  Күлмесханұлы  аудандағы  ең ауқатты әрі беделді адам еді. Әрі сөзі өтімді ел ақсақалы болатын. Сол жылы қытай басшысы Дин Сяу Пиннің сыртқы есікті кең ашу туралы заңы шықты. Бұл елін аңсап кетуге асыққан қазақтар үшін өте тиімді болды. Пекинге 1992 жылы Қазақстан елшілігі болмады. 1 жыл күтуге тура келді. 1993 жылы ҚР-ның ҚХР-дағы Елшісі болып М.Әуезов тағайындалды. Осының негізінде қытай үкіметінің шешімімен Гансу орталығы Ланжудан 85 адамға паспорт берілді.15 отбасының басты адамдары: Төлеген, Қабылқақ, Шәмей, Мүкей, Нұрсанай, Сабиақын, Тауқын, Орнықан, Дәуен, Қонақ т.б болды. Бұның ішінде Қабылқақ Қүлмесқханұлы – жазушы, Нұрсанай мен Дәуен – ірі көлемдегі дәрігер, Қонақ – бухгалтер, Тауқын мен Сабиақын – әскери қызметкер т.б  Төлеген Күлмесханұлының 1500 қой, 40 жылқысы, 70 түйесі болды. Бұл кісілер үшін мал мен мансап, абырой мен атақ басты байлық емес еді. Басты мақсаттары Қазақстанға келіп ұрпақ сүйіп, еркіндікке қол жеткізіп, еліне адал қызмет ету мен болашақ қазақ мемлекетінің көркейуіне үлес қосу еді. Бұлардың Қытайдан заңды түрде кең ауқымда кеткен алғашқы көш екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Оны мұрағатта жатқан құжаттар да растайды. 1993 жылы шілде айның соңында ҚХР дан Қазақстанға Қорғас арқылы көш өтті. 1992 жылы Дүние Жүзі Қазақтарының бірінші Құрылтайы болды. Осыған орай Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орынбасары болған, белгілі жазушы Қалдарбек Найманбаев басқарған Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы құрылды. Бұл Елбасымыздың көрегендік саясаты еді.  Олар шетелдердегі және елге оралған қандастарына үлкен рухани демеу берді. Білмегендеріне жөн сілтеп көмектесіп, құжаттарды реттеуге шексіз көмегін тигізді. Шетелде тұратын қандастарымыз үшін мәдени-рухани орталықтар ашты. Олардың өз тілі мен ғұрпын ұмытауға жағдай туғызды. Әсіресе, Ботагөз Уатхан, Сұлтанәлі Балғабаев ағамыздың еңбегі ерен.

Осы жылы Ақсай ауданынан көшуге ниет білдірген бұл бірінші көш емес еді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа өздерінің хал-жағдайы мүшкіл екенін айтып хат жазған адамдар бар еді. Ол хат Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатында сақтаулы. Бұл хат Шерхан Мұртаза ағамыз арқылы Елбасымыздың қолына жеткен. Хатқа қол қойған: 57 отбасы, 61 түтін, 298 адам, бұның ішінде, 64 қызметкер, 86 малшы, 85 оқушы. Жазған адамдар: Сұлтан Алымұлы, Қатай Райымқанұлы делінген.[3, 10 б] Бірақ, мұндай үлкен көштен қорыққан Қытай Үкіметі бұған тиым салды. Бұдан кейінде ҚХР Гансу Өлкесі Ақсай Қазақ Автономиялық ауданынан 1994 жылы Жүнісхан Қайрымбайұлы мен Орныхан Нұрхия бастаған,  1995 жылы Мақсұт Каслинұлы бастаған көштер ағылып келіп жатты. Қазірде келу үстінде. Бұл тарихта алтын  мен әрленген белгілі оқиғалардан болатыны даусыз. Қазірде олар Алматы, Жамбыл, Шығыс  Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында және Астанада қаласында тұрып жатыр.

1993 жылы 27 тамызындан 2004 жылға дейін,  Шу қаласында 482 адам келіп қоныстанды. Сол 11 жыл ішінде осыған қосылған адам саны 360 жетті. Қазіргі  кездегі жалпы саны 840 адам. Осы жағынан алғанда репатрианттардың демографияға қосқан үлесі көрініп тұр.  Істеген жұмыстары Үкімет жағында  әскерге барған 8 адам, мұғалім 9, дәрігер 7, теміржолда істейтін жұмысшы саны 15. Олармен игеріп жатқан жер көлемі 9 мың гектар. Қазіргі таңда бұл қазақтардың басты арманы  Қазақстанға келулерінің 20 жылдығын үлкен көлемде  атап өту және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз алғыстарын білдіру. Оспан батыр және Ақсай Қазақ автономиялық аудан туралы деректерді әңгімелеп берген Төлеген Күлмесханұлына ризашылығымызды білдіреміз.

Қажымұрат Төлегенұлы,

 Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-тың Тарих, археология және  

этнология факультетінің студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі