///

Министр Мәскеуге неге барды?

935 рет қаралды
1

Ерлан Ыдырысовтың Мәскеу сапарының кейбір қырлары
 Кез келген елдің сыртқы саясаты – ел өмірінде аса маңызды рөлге ие, әрі мемлекеттің болашағын да, қазіргі әлемдік қауымдастықтағы орнын да осы сыртқы саясат айқындайды. Егер Америкада президенттікке үміткер екі партия өкілінің жеңгені – Президент, жеңілгені – Мемлекеттік хатшы (негізінен сыртқы саяси басымдықтарға жауап береді) қызметтерін бөліссе, Германияда – жеңген партияның жетекшісі Канцлер, екінші орынға табан тіреген партия жетекшісі – Сыртқы істер министрі қызметтерін бөліседі. Демек, бүкіл әлем сыртқы саясатқа басты басымдық ретінде мән береді. Сол себептен де көптеген саясаттанушылар Сыртқы істер министрлігінің басшылығына Ерлан Ыдырысов мырза тағайындалғанда, әрі-сәрі күйде қалған болатын. Содан бергі 4 ай ішінде Ерлан Ыдырысовтың көзге түскені, қаңтар айының соңы мен ақпан айының басы болып отыр. Ерлан Ыдырысов Ресей мен Қазақстан арасындағы Байқоңырға байланысты туындаған текетіресті басу үшін, 25 қаңтарда Ресей астанасы Мәскеуге асығыс жол тартты.

Ерлан Ыдырысов бұдан кейін Брюссельге барып, Қазақстанның Батыспен қарым-қатынасын анықтап қайтты. Ерлан Ыдырысов осыдан он жыл бұрын Қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүрген кезде, «Дипломатиялық қызмет туралы» Заңның талқылануы барысында, «дипломаттың қазақ тілін білуі міндетті» деген бапқа табанды түрде қарсы болған еді. Одан кейін Лондонда, Вашингтонда Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Ерлан Әбілфайызұлының сыртқы саясаттағы ұстанымдары қаншалықты өзгерді? Министрдің Мәскеуге сапарында Қазақстанның ұлттық мүддесі үшін қаншалықты табандылық таныта білгендігі әлі күнге толық бағаланбай отырған сияқты.

БҰЛ – САЯСИ ЕМЕС, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ


Мәскеудегі басқосудың анық-қанығы көпшілікке белгісіз. Өйткені әңгіменің көбі жабық есік жағдайында өтті. Мәселені тек Ресей мен Қазақстан журналистерінің баяндауымен және Ерлан Ыдырысовтың «КоммерсантЪ», «Независимая газета» басылымдарына берген сұхбаттарынан танып-білуге болады. Ресей саясаткерлері Ерлан Ыдырысовты ысылған дипломат ретінде бағалайды. Мәселен, «ЕвроАзия» сайтына сұхбат берген Алексей Власов: «Өте білікті дипломат. Пікірталасты шебер ұйымдастыра біледі, ыңғайсыз сауалдардан бас тартпайды. Батыстық әріптестеріміз айтқандай, old school – ысылған, тәжірибелі. Аудиторияның ерекшелігін жақсы түсінеді, сарапшылармен олардың тілінде сөйлей алады. Ешқандай дайындықсыз және қолында ешқандай қағаз болмады, тура сөйлей береді. Күшті әсер алдық» деген.
Ресей Қазақстанды басты саяси әріптесі және ТМД аумағында ықпалы жүретін Белоруссиядан кейінгі екінші мемлекет ретінде қабылдайды. Және Қазақстанмен арадағы интеграциялық процестердің көбінде Қазақстанның ұлттық мүддесін онша ескере бермеуге әдеттенген. Осыған қарсылық ретінде Елбасы қаңтар айының 9-ында Алматыдағы резиденциясында ТМД аумағындағы, соның ішінде Ресеймен арадағы интеграциялар барысына баға бере отырып, «Қазақстан саяси тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін одақтан бас тартатын болады» деген мәлімдеме жасады. Осыдан кейін Қазақстанның саяси курсы біршама басқаша сипат ала бастады. Мемлекеттік деңгейдегі шенеуніктердің бәрі – Еуразиялық одақтың «саяси одақ» емес екендігін баса айтатын болды. Ресейлік «КоммерсантЪ» газетіне сұхбат берген Ерлан Ыдырысов та журналистің Еуразиялық одақ барысындағы жұмыстардың неге баяулай бастағаны жайлы сауалына: «Біздіңше, интеграциялық процестердің дамуы оған қатысушы барлық тараптардың ұлттық мүддесіне жауап беруі тиіс. Интеграция модернизацияны және БЭК-ке қатысушы елдердің экономикасын қосымша толықтыра түседі, біздің әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігімізді, халық өмірінің деңгейін өсіруге ықпал етуі тиіс» деген ол. Ресейлік тағы бір басылым оның Мәскеуде өткен «дөңгелек үстел» барысындағы әңгімесінен мынадай үзіндіні жариялаған: «Ыдырысов Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің күшіне енуі «жаппай интеграциялық бақытқа бас­тамайды» деп есептейді. Оның ойынша, үш мемлекеттің бұл мәселеде атқарар шаруалары қыруар. Сондай-ақ, бұл келісімге қол қоюмен мәселе аяқталмайды. Одан әрі интеграция жағдайында бар мүмкіндіктерді жүзеге асыру үшін жұмыс істеу қажет болады». Ерлан Ыдырысовтың сұхбаттарынан байқағанымыз, оның «саяси одақ» дегеннен гөрі, «экономикалық одақ» дегенді жиі қайталауы. Бұлай деудің де өзіндік қырлары жеткілікті. Ал оның басты себебі – ресейлік әріптестеріміздің бұдан сәл бұрынырақ интеграция мәселелеріне орай мемлекет үстінен қарайтын орган, яғни тәуелсіз мемлекеттің үстінен қарайтын Орталық құру және оны тездету идеясын ұсынуы дейді сарапшылар. Егер де бұл орган құрылса, Қазақстан кейбір сая­си мәселелерді өз бетінше шеше алмайтын болады. Осыдан бір жыл бұрын Ресей Мемлекеттік Думасының спикері Сергей Нарышкин Еуразиялық экономикалық одақтың Пар­ламенттік Ассамблеясын және соның өкілеттігі негізінде мемлекет үстінен қарайтын  органдарды құрудың уақыты жеткендігін табан асты сөз етеді. Бұл идеяға Қазақстан саясаттанушылары мен парламент мүшелерінің кезінде өре түрегеле қарсылық танытқаны мәлім. Ал сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ерлан Ыдырысов бұл жөнінде: «Біз интеграция барысында мемлекет үстінен қарайтын органдар негізінде ортақ қазынаның болатынын білеміз. Біздің Елбасымыз бейнелі түрде: «Алға қарай жүгірудің қажеті жоқ – бірінші қабаттың құрылысы аяқталмай жатып, екінші қабатты қалай тұрғызуға болады?» деген еді. Біздіңше, бұл біздің түсінікті де, қарапайым аргументіміз», – деді осы сапар барысында. Ерлан Әбілфайызұлы бұл ретте бір мәселені нақты түсінеді. Ол бірінші жақтан, жекеше түрде сөйлемейді. Яғни өз атынан емес, ел атынан сөйлеп үйренген.
«Бұған дейін айтқанымдай, қазақстандық сыртқы саясат негізінде елдің ұлттық мүддесіне басымдық беру принципі жатыр. Дәл осы көзқарас тұрғысынан, біз Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық процестерді және ондағы өзіміздің қатысуымызды бағалаймыз. БЭК (бірыңғай экономикалық кеңістік) және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ешқайсысының саяси егемендігі ешқашан да табанға тапталмауы тиіс. Еуроодақ солай пайда болған. Оның негізінде әріптестердің өзара толық еркіндігі мен тең дәрежелі құқығы ескерілген. Барлығын өлшеп, пішіп, экономикалық дамудың негізгі параметрлерін айқындау қажет. Меніңше, қазір мемлекет үстінен қарайтын органдар жайлы риториканы алға тартудың қажеті жоқ. Бар органдардың қызметін жетілдіруді мақсат ету керек», – дейді ол. БЭК және ЕЭО жасақтаудағы ең үлкен қорқыныштың бірі – осы мемлекет үстиінен қарайтын  органдар болатын. Мемлекет үстінен қарайтын  органдардың құрылуы – егемендіктің бір бөлшегін өзге, үстем елге ұстатудың алғашқы қадамдары еді. Сол себептен Қазақстан ортақ Еуразиялық Парламент Ассамблеясын құрудан және ұлтүсті органдарды жасақтаудан бас тарта тұрғанды жөн көреді. Ерлан Әбілфайызұлы бұл міндеттің болашаққа, келер ұрпаққа жүктелгенін меңзейді.
Астана Ресей және Беларусьпен иық тіресетін интеграцияны – экономикалық одақ деп қана түсінеді. Ерлан Ыдырысовқа жүктелген міндеттің бірі осы көзқарасты мәскеулік әріптестерімізге түсіндіру. Ерлан Ыдырысов бұл міндетті ойдағыдай атқарып қайтқан сыңайлы.

БІРТҰТАС ӘУЕ ҚОРҒАНЫСЫН ҚҰРУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Ыдырысовтың Мәскеу сапарынан кейін іле-шала Қазақстанға Ресей Қорғаныс министрі Шойгу ат басын тіреді. Негізгі мақсат – Бірыңғай өңірлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру туралы келісім туралы құжатқа қол қою. Бұл құжат алты жыл бойы келісіліп, бұған дейін Қазақстан тарапынан мүдделілік болмағандығы себепті жүзеге асырылмай қалған болатын. Сарапшылар «Ыдырысов Қазақстан мүддесін қорғап келді ме, жоқ осы келісімге айырбастап келді ме?» деген сауалдар қоя бастады. Бұл келісімге Қазақстан тарапының қол қоюы – Қазақстанның ұлттық мүддесін табанға таптау емес пе?
Осы аптада ресейлік саяси басылым – «Независимая газетада» Владимир Мухиннің «Казахстан меняет военный вектор. Астана удаляется от Москвы в сторону Брюсселя» атты мақала жарық көрді. Ерлан Ыдырысов Мәскеудегі сапарынан кейін бірден Брюссельге аттанып кеткен еді. Осы сапар барысында НАТО-ның Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссенмен кездесті. Тараптар бұл кездесуде «Қазақстанның НАТО-мен әріптестігі» жөнінде жеке бағдарламасын нақтылады. «Бұл бағдарлама бойынша, Шымкент әуежайына Ауғанстаннан әскери жүк тасымалдайтын НАТО ұшақтары қона бастамақ. Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан Шымкент бұдан былай Қырғызстандағы Манас әуежайының орнын алмастыратын жаңа транзиттік пункт болуы әбден мүмкін» делінеді мақалада. Алайда Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше ел ретінде өз аумағында шетел ұшақтарын қондыру үшін, аталған ұйымға мүше мемлекеттермен келісімге келуі тиіс. «Независимая газетаның» дерек көздері мұндай келісімнің болмағанын айтады. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің ұсынысы бойынша Қырғызстан таяу күндері Манас әуежайынан американдық әскери базаны шығаруды көздеп отыр. «Егер, Ресейдің бір одақтасы шетелдік әскери обьектіні жауып жатса, екіншісінің оны ашуы – өте біртүрлі көрінеді» делінеді аталған мақалада. Қазақстанда АҚШ-тың мұндай базалары бұған дейін де ашылған. Мысалы, 2009 жылдан Каспий теңізінде Ақтау портын транзит ретінде пайдаланып келеді. Ресми ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, бұл порт арқылы 15 мың контейнер тасымалданған. Оның негізгі құрамы – Солтүстік көлік жүйесі арқылы тасымалданған әскери жүк болған екен. Мақаланың аңысынан аңдағанымыз, Қазақстанның әскери техниканы өзге мемлекеттерден сатып алуы, Қазақстанның көп векторлы саясат ұстануы, Мәскеу мен Астана арасындағы өзара келісімдердің ақырына дейін жүзеге асырылмауы – Ресейдің шамына тиетін сияқты. Аталған мақалада: «Бірыңғай өңірлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесіне қол қойғанымыз – Қазақстан мен Ресейдің Орталық-Азия аймағында әскери қауіпсіздік мәселесін нығайтудың алғашқы қадамы. Алайда Қазақстан үшін Ресей әскери-техникалық донор болудан қалып барады. Бірақ, бұл Ресейдің есебінен жүзеге асырылып келеді. Ресей Қазақстанға жеңілдетілген бағамен қару сатады, ұлттық әскери мамандарды дайындауға көмектеседі, т.т. Бұл Мәскеудің Астананы әскери-одақтық қарым-қатынас негізінде ұстап отыру үшін төлеп отырған төлемі. Ресей әзірге Қазақстанның басқа әріптестермен әскери және әскери-техникалық байланыстарына көз жұма қарайды. Бұлар Мәскеу үшін геосаяси және әскери-экономикалық бәсекелестер» делінеді. Арнайы сарапшы ретінде тартылған Әскери ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті Эдуард Родюков: «Мәскеу Астанаға өзінің геосаяси және әскери мүд­делерін соңына дейін жүзеге асыру үшін міндет жүктеуі қажет еді», – деген пікір білдірген. Ресейдің Қорғаныс күштерінде көп жыл қызмет еткен генерал-майор Александр Костюхин: «Қазақстан үшін көп векторлы саясат әлі күнге дейін басты рөлге ие. Және ол әскери салада күні бүгінге дейін тепе-теңдікті ұстай білді. Дегенмен, Ресейден іргесін аулақ сала бастағаны байқалады» депті.
Қазақстандық сарапшылар Бірыңғай өңірлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің құрылуынан секемденіп жатса, ресейлік сарапшылар керісінше, Қазақстанның екіұшты саясат ұстанып отырғанын айыптайды. Осыған дейін әлемдік кейбір саясаттанушылар мен сарапшылар Қазақстанның көп векторлы саясатын бағдарсыз жүзген кемеге теңеп, жиі сынға алатын. Түсіне алмайтын. Кейінгі саяси оқиғаларға қарағанда, «бағдарсыз кеме» бағытын өзгерткен сияқты.

Бөріхан Нұрмұхамедов, саясаттанушы:
– Мен Ыдырысовтың бұл сапарының барысын егжей-тегжейлі біле бермеймін. БАҚ-та жарияланған материалдарға сүйеніп пікір айтуды жөн көріп отырмын. Осыдан бір жарым ай бұрынғы Т. Мұсабаевтың Парламенттегі мәлімдемесінен басталған бұл мәселе – екі ел арасында бір шиеленістің басталғанын байқатқандай болды. Ыдырысов осы мақсатпен Мәскеуге барды әрі осы проблеманы біржақты етті. Алайда, Ыдырысов Мәскеуден оралысымен, Қазақстанға Ресейдің Қорғаныс министрі Шойгу келді де, осыдан алты жыл бұрын келіссөздер басталған Бірыңғай өңірлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін құру туралы келісім-шартқа қол қойды. Бұл өте күрделі мәселе. Қазақстан осы жерде өз мүддесін қаншалықты қорғай алды? «Байқоңыр» мәселесінің ақырының осымен аяқталуы – біз үшін күмән тудырады. Ресей бұл тұрғыдан бізге қысым жасамады ма?
Қазір Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар белгілі бір сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Мәселе былтыр Еуразиялық одаққа көзқарастан басталды. Бұл мәселеде ресми Астананың көзқарасы ресми Мәскеуден өзгеше болды. Осыған орай қазақстандық сарапшылар, саясаттанушылар, депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер көзқарастарын ашық айтты. Демек, біз экономикалық интеграцияға дайынбыз, алайда, саяси интеграциядан бас тартамыз деген көзқарас айқындалды. Бұл – Путиннің 2011 жылғы «2015 жылы Еуразиялық одақ жасақталып бітеді» деген мәлімдемесіне қайшы келді. Путин былтырғы дәстүрлі Жолдауын Назарбаевтан екі күн бұрын жасады. Сол Жолдаудың тезисінде «Еуразиялық одақ» дегеннің орнына, «Еуразиялық экономикалық одақ» деген термин қолданды. Жалпы, қазір екі ел арасындағы қатынастың өтпелі кезеңі басталды. Ресей осы өтпелі кезеңде өзінің идеяларын жүзеге асыруды көздейді. Сол себепті де интеграциялық про­цестерді тым асығыс жүргізіп жатыр. Ал Қазақ­станның сыртқы саясаты бұл тұрғыдан қарқын ала бастады. Мәселе бұл ведомствоға Ерлан Ыдырысовтың келіп-кетуінде емес. Мәселе, бүгінгі сыртқы саясаттың белгілі бір кезеңге жетуінен.
Қазақстанның өзінің көп векторлық бағытында – Орталық Азия елдерінің одағы (ОАО) идеясын естен шығармаған жөн. Қазір біздің қарым-қатынастар Ресеймен, Қытаймен, Еуропа және АҚШ-пен қарқынды жүріліп жатыр да, ОАО идеясы қолға алынбай келеді. Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың өткен жылғы Қазақстанға сапарына сараптама жасап көретін болсақ, екі ел басшылары да бұған дейін өзара интеграция үшін ешқандай қадам жасамай келгендері үшін өкінді. Ерлан Ыдырысов осы бағытты дамыту үшін не істейді екен? Оның басты басымдықтарының ішінде бұл мәселе орын алды ма?
Министр бұған дейін Ұлыбритания мен АҚШ-та Төтенше және өкілетті елші қызметтерін атқарды. Америка мен Еуроодақ Қазақстанға ықпалын жүргізуді басты мақсаттарының бірі ретінде көреді. Америкада «Жаңа Жібек жолы» бағдарламасы жұмыс істейді. Біз осы ағымға еніп кетуден сақтануымыз керек.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі